ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ АЛДЫН АЛА ЕСЕПТЕУ ЖОЛДАРЫ

94

Астана қаласында «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің бэк-офистері ашылды, онда азаматтар өздерінің зейнетақы төлемдерін алдын ала есептей алатын болады.

Бэк-офистерге жүгінулерден бөлек қажетті құжаттарды zeinetker@goscorp.kz электрондық поштасына жолдауға болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнетақыны алдын ала есептеу және кеңес алу үшін еңбек кітапшасын, білімі туралы дипломын, әскери билетін, неке туралы куәлікті ұсыну қажет. Сондай-ақ, әйелдер үшін балаларының туу туралы куәліктері мен жеке куәліктері керек болады. Жұмыс өтілін растайтын құжаттар болмаған жағдайда, мұрағат анықтамасын, сот шешімін, оңалту туралы анықтаманы ұсынуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, осы пилоттық жобаны тестіден өткізу – мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсетуге алғашқы қадам.

Абылайхан Есенұлы пилоттық жобаның әзірше тек Астанада тестіден өтетінін, ал азаматтар тарапынан оң пікірлер болған жағдайда, ол Қазақстанның басқа да қалаларына таратылатынын айтты.

Зейнетақының алдын ала мөлшері көрсетілетін ақпаратты мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері өтініш электрондық поштаға түскеннен кейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға міндетті. Егер азамат корпорацияның бэк-офисіне жүгінген болса, онда ол мұны сол күні-ақ біледі. Зейнетке шығуына дейін көп дегенде 3 ай қалған азаматтар ғана алдын ала есептеу үшін өтініш білдіруге келе алады.