«ЗЕҢГІ БАБА ТҮЛІГІНІҢ ЕТТІ ӘРІ СҮТТІ БОЛУЫ ҮШІН ОҒАН «ПЕДИКЮР» ЖАСАЛАДЫ»

88

Естімеген елде көп. Сиырға «педикюр» жасалатынын естідіңіз бе? Естімесеңіз айтайық, бұл тәжірибе Еуропада кеңінен қолданылады екен, ал солтүстіктегі көршіміз – Ресей Федерациясына жаңадан енгізіліп жатқанға ұқсайды. Бұл туралы Талғар ауданында (Алматы облысы) орналасқан «Амиран Агро» сүт фермасының қызметкері, ортопед мал дәрігері Ержан Бейімбетов «Qazaq» газетінің редакциясында қонақта болғанда айтты. 

 
СИЫРҒА «ПЕДИКЮР» НЕГЕ ЖАСАЛАДЫ?

Сиырға «педикюр» жасау, яғни Зеңгі баба түлігінің тұяғын егеу не үшін қажет? Редакциямызда қонақта болған Ержан Орынбекұлына қойылған алғашқы сұрақ осы болды.
«Ең алдымен сиырларға «педикюр» сән үшін жасалмайтынын айтқым келеді. Оның тұяғын егеудің бірнеше себебі бар, – деп әңгімесін бастады Ержан Орынбекұлы, – Тұяғының тегіс болмауынан сиыр ақсаңдап жүреді, ал бұл түрлі ауруларға алып келеді немесе тайғанақтап құлап, денсаулығына нұқсан келеді. Ал ауырған малдан шығын – 15-20 пайызды құрайды. Бұл – бір. Екіншіден, сиыр түзу жүрмегендіктен салмақ жоғалтады, яғни «педикюр» жасалған еуропалық сиырларға қарағанда біздің сиырлардан ет пен сүт аз алынады. Шамамен сауылатын сиырлар 25-40 пайызға дейін сүтті аз береді. Үшіншіден, тұяғы тегіс болмағандықтан сиырдың нақты салмағын білу мүмкін емес».
Расында да, Еуро Одақ зерттеушілерінің пікірінше, сиырдың ақсаңдап жүруінен Еуропа елдері жылына 1 млрд еуро шығынға ұшырайды. Мәселен, «педикюр» жасалмаған сиырлар жылына 360 пен 1 500 литр аралығында сүтті аз береді екен. Енді ойлап қараңыз, ауыл-аймақта 10 литр сүт беретін сиырды іздеп табу қиын. Ал еуропалық сиырлар үшін бұл қалыпты жағдай. Өйткені, «кәрі құрлықта» сиырларға «педикюр» жасау тәжірибесі бұрыннан бар. Сиырдың салмақты, яғни етті көп беруі үшін де бұл тәжірибе таптырмас құрал. Сондықтан да, Ержан Орынбекұлының айтып отырғаны орынды, демек бұл тәжірибе Қазақстанда да кеңінен қолданылуы керек.

ҚАЗАҚСТАНДА МАМАН БАР МА?

Елімізде сиырлардың тұяғын егейтін арнайы мамандар бар, бірақ көп емес, саусақпен санарлық қана десе де болады. Соның бірі – Ержан Бейімбетов. Ол ауыз толтырып мақтауға тұрарлық «Амиран Агро» сүт фермасында қызмет жасайды, ортопед мал дәрігері.
Еуропадан келген тәжірибе бүгінде көрші Ресейдің бірқатар аймақтарында енгізілген. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегі Ержан Орынбекұлы 2014 жылы Ресейдің Липецк облысында орналасқан ірі фермада біліктілігін арттырып, тәжірибеден өтіп келді.
«Сиырдың сүтті де етті болуы оның күтімі мен баптауына тікелей байланысты екенін жоғарыда айттым. Сауын сиырларды сауу ғана емес, «Амиран Агро» сүт зауытында оның жем-шөбін дайындау, баптау да жақсы жолға қойылған. Бүгінде біз сиырларға «педикюр» жасап келеміз», – деп атап өтті Ержан Орынбекұлы.
Ортопед мал дәрігерінің айтуынша, тұяғы егеліп, күтіп бапталмаған сиырдың салмағы едәуір жалған шығып, шаруа қожалықтарының шырайын алады екен. Тұяғы тезінен тазаланып, егеліп бапталған сиырдың салмақ көрсеткіші анық болған соң ет өткізу барысындағы жоспары ойдағыдай жүзеге асып отырады. Бұдан шығатын қорытынды – сиыр тұяғы теңдеспей, сиыр сүті өңдеспейді.

СИЫРҒА «ПЕДИКЮР» ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?

Аталған сауалды Ержан Орынбекұлына қоюға асықтық. Неге десеңіз, жұртшылық үшін бұл қызық болса керек. Ал ең маңыздысы – шаруа қожалықтары сиырдың етті әрі сүтті болуы үшін бұны білгендері артық етпес.
Ресейде голландиялық маман Менно Илеммамен кеңесіп, сиыр тұяғын түрлі тәсілмен тазалап емдеу әдісін жетік меңгеріп келген Ержан Орынбекұлының айтуына қарағанда, сиыр тұяғын егеудің атауы өте күрделі көрінгенмен қызметі аса ауыр еместігін ескерген жөн. Сол себепті сиыр тұяғын жылына екі мәрте егеп қалпына келтіру – орташа стандартқа сәйкес сиыр тұяғының 7-8 см тұрақтылығына әкеледі.
Қажетті құралдар да назардан қалыс қалмады: электрлі егеу құрылғысы, кемпірауыз бен қосауыз қолдана білсеңіз, өзіңіздің өлшеміңіз үшін құрылыс сызғышы және кішігірм тазалауға арналған арнайы саймандар қажетіңізге жарайды.
«Бұл әдісті көршілес елдердің қолданысқа енгізгеніне небәрі оншақты жылдың көлемі болса да өзіндік жемісін беруде, біздегі отандық ірі фермалар осы әдіске түбегейелі көшсе, өткен жылдардағы ірі сиыр шығындарына ұқсас мал ауруларының алдын алуға үлкен мүмкіндік туады», – деді Ержан Орынбекұлы.

Тобықтай түйін: Ержан Орынбекұлының айтуынша, сауынды сиырдың сүттілігін сапырып, сары майын маңғаздана өндірудің негізгі кепілі – сиыр тұяғын егеу. Негізінен тұяғын егеп, баптау сиырдың ежелден етек алып келе жатқан буын ауруларының алдын алып қана қоймай, жайылымдағы жайсыздықтарды, керексіз кедергілерді сезіндірмеуге, қоқыстармен жұғатын жұқпалы індеттерді болдырмауға мүмкіндік береді. Зеңгі баба түлігінің кербез де кірпияз мінезін ескерсек, оның жүріп-тұруындағы қолайсыздығы да қомақты сүт беруіне кедергі келтіреді. Тіпті, фермаларда сиыр тұяғын егеп қана қоймай, оның артық-кем тұсын теңшеп, тазалап, қажетсіз қырын қыршып алып, қажетті жерге протездер салып та өңдейді екен. Оған қоса сауынды сиырларды сауу   баяу әуендермен массаж жасау арқылы жүзеге асатын көрінеді. Бұл біздер үшін күлкілі болғанымен, Еуропада жағдай тап солай. Нәтиже көп: олардың сиырлары салмақты келеді, сүтті 10 литрден кем бермейді. Сондықтан да, Еуропада енгізіліп, Ресейде қола алынған бұл тәжірибені Қазақстанда да енгізбеске болмайды.

Жауапты редактор:

Гүлмаржан Қосжанова