ЗЫМЫРАННЫҢ ЫҚТИМАЛ ЗАРДАБЫ

5

Біздің баяғыдағы қара шалдар мақал-мәтелді, қанатты ұшқыр, уытты сөздерді қымыз ішіп, қызара-бөрітіп отырып еріккеннен шығара салмағаны белгілі. Әр сөздің мән-мағынасы, астары, сабеп-салдары бар. Әрине, естір құлақ, естігенді есте тұтып нәтиже шығарар бас болса. Әркімде де бас бар-ау! Бір кем дүние, кейде соның іші ми емес, сылдырлаған су ма деп қаласың!

«Ресейдің  «Роскосмос»  мекемесі   зымыран-ның қалдықтары құлайтын жер сұрапты.  Сұрағанда да Торғайдың кең даласын саусағымен нұқып көрсетіпті» деген суық сөз сумаң еткелі төрт-бес жылдың жүзі болған. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» екен. Ақыры сыпсың сөз шындыққа  айналды.  Жанкелдин  ауданындағы Ақшығанақ ауылдық  округіне қарасты 40 мың гектар жерді «Раскосмосқа» беретін болды. Ол жер Ақтөбемен шектес аймақтағы баяғы Шақшақ Жәнібектің қыс қыстауы, жаз жайлауы болған атақты Тосын құмы еді. Онда емдік, малға жемдік шөптің сан-алуан түрі өсетін. Енді ауыр техниканың табанында тапталып, әдіре қала ма?

Атам қазақтың бір мақалында «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» делінетін. Не деген астарлы, мағыналы сөз?! Айтып ауыз жиғанша «сол қарсақ» тағы «Жанкелдин ауданының Ақкөл-Қарасу ауылдарының жеріннен зымыран қоқыстарын құлайтын 76 мың гектар жерді үш жылға жалға бер, мен оның өтеуіне жыл сайын 151 млн теңге өтемақы төлеймін» деп аузын арандай ашты. Облыс тарағаннан кейін басым бөлігі жан-жаққа көшіп кеткен ауданның жұртында қалған азғантай халық тағы шу ете қалды.

Қош, болар іс болды, жер берілді. Бұрын зымыран қалдықтарды заңсыз құлайтын болса, енді заңды түрде парашютпен түскен қонақ құсап төбеңде қалықтап жүретін болды. Ендігі іс-әрекет содан қорғану, мейілінше залалсыз тіршілік жасау. Малды, жанды, аң мен құсты, жерді өзегін үзіп жібермей өмір сүруге бейімдеу. Үкімет тарапынан берілетін қорғаныс шараларын барынша тиімді пайдалану.

Халық неден қорқады, неден сескенеді? Енді соған келейік. «Байқоңыр» ғарыш айлағы Жанкелдин ауданының Қызылорда жақ бетінде қатты ысқырсаң ысқырығың жететін жерде тұр. Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде малшылар адасып кетіп, жабық аймақтың жерінде талай ұсталған. Орталық айлақтан ұшқан кез-келген ракета Торғай, Қызылорда жерін ғана емес, Қарағанды, Ақтөбе, мына жағы Ақмола облысының да жерін ластайды. Ауа-райына  күрт өзгеріс енгізеді. Әсіресе, мұны түз тағысы, киіктер тез сезінеді. Жаны нәзік сезімтал жануар, Амангелді, Жанкелдин аудандарының аумағында талай рет қырылып қалған.

Екіншіден, осы аймаққа «Алтын дала» резерваты Ырғыз-Торғай қорығы, Наурызым қорығы бар. Ол жерлердің фаунасы мен флорасы бұзылмай ма? Таяуда жерсіндіру үшін осы аймаққа он шақты құлан жіберілді деп естідік. «Қызыл кітапқа» енген бұл жануарды енді зиянды сұйықтың ащы түтінімен уласақ, ол жер бетінен мүлде жойылып кетпей ме? Торғай қолаты арқылы Сібірден жылы жаққа ұшатын жыл құстарының жолы да осы аймақта жатыр. Олардың тағдыры не болады?  Халық арасында «Ертең әлсіз ана, белсіз еркек дүниеге келеді, аурушаң бала туады» деген үрей де жоқ емес. Оны кім теріс дер? Семей қасыретін деректі фильмнен көріп өскен жас ұрпақ «бүйтіп қор болғанша жалған дүние қош» деп, шалт мінез танытпасына кім кепіл?!

Осындай, осындай үрейлі ой, қауіп-қатер әркімнің ойында тұр. Ендігі міндет жергілікті әкімшілік осыны мейілінше сейілтуге жұмыс істеуі керек. Залалсыздандыру үшін атқарылатын әр шаруа тиянақты, сауатты, зор жауапкершілікпен жүргізілсе дейсің. Зақымданғаны үшін берілетін қаражат әркімнің қалтасында кетпей, игілікке, адамға қызмет етуге жұмсалса имандылық болар еді.

 Серік Шайман,

«Qazaq» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі