ЗЫМЫРАП ӨТКЕН ОН ЖЫЛ

43
Төле би орта мектебі. 1 "Б" сыныбы. Шу қаласы. 1996 жыл.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда мереке-думанның көп болғанына не жетсін! Жалпы, мамыр айы – еліміз үшін мереке айы. Бірінен соң бірі келетін мерекелер шеруі 1-мамырдан басталып, 7-мамыр, 9-мамыр мерекелеріне ұласып, 25-мамырдағы соңғы қоңыраумен аяқталады. Бұлардан басқа, әр ұрпақ кезектесіп тойлайтын бір мереке бар – мектеп бітірушілердің 5, 10, 20, 30, 40 жылдық кездесулері. Әдетте көпшілік 5 жылдыққа аса көп мән бермейді, ал 10, 20, 30 жылдыққа көбі ерекше дайындалады. Біз Төле би мектебінің 2007 жылғы түлектері осы дәстүрден айнымай, бұйырса, алдағы 25-мамырда мектепте кездескелі отырмыз. Өйткені, мөлдір балалық шақты еске алып, сол кезге бір сәт қайта оралғың, қиялына ерік бергің келеді. Сыныптастарыңа деген бір ғаламат сағыныш кеудеңді кернейді.

Өз басым мектеп бітіргелі Гүлнәрды, Жазираны, Маралды көрген жоқпын. Иә, олар қайда жүр? Өзгерген бе? Тұрмысқа шықты ма? Қанша балалары бар? Міне, осы сұрақтардың жауабын білгім келеді. Менің де мектептен кейінгі тағдырым оларға қызық шығар. Он жылдыққа кездесудің мақсаты сол. Бұл асып-тасығандық емес. Кездесу арқылы мектепке деген сағынышты басу, ұстаздарға алғыс білдіру, өмірден өткен құрбы-құрдастарды (біздің сыныптан Саят Құрманбетов ауыр науқастан бақилық болды) еске алып, оларға құран бағыштау.

Осыдан тура 10 жыл бұрын 11 «Б» сыныбының 18 түлегі (12 қыз, 6 ұл) Жамбыл облысына қарасты Шу қаласындағы Төле би орта мектебінен түлеп ұшқан едiк. Ауылдың өзге балалары сияқты біздер де туған жердің саф ауасын жұтып, топырағын кешіп өстік.

Төле би орта мектебі. 2 “Б” сыныбы. Шу қаласы. 1997 жыл.

1996 жыл. Мектеп табалдырығын аттаған шағымыз кеше ғана сияқты еді. Арада 19 жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Алғаш қолымызға қалам ұстатып, «Әліппе» үйреткен алғашқы ұстазымыз Ұлбике Ысқақованың арайға толы мейірімді жүзі көз алдымызда әлі тұр (айта кету керек, 1-сыныпта екі сынып жетекшіміз ауысқандықтан, екінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін сынып жетекшіміз болған Ұлбике Ысқақованы алғашқы ұстазымыз санаймыз). Отыз баланы өз балаларындай мәпеледі, еркелетті. Бейне балапандарын ерткен ана қаздай, кіп-кішкентай бүлдіршіндерін жетектеп асханаға, спортзалға қаздай тізіліп кетіп бара жататынбыз…

Ұлбике тәтей (біз жақта мұғалімді осылай атайды) бастауышты бітіріп, қанаттары қатайып, бұғанағы бекіген шәкірттерін Математика пәнінің мұғалімі Оразкүл Қаратаеваға табыстады. Оразкүл тәтейдің мінезінің ерекшелігі, өте қатал әрі талапшыл еді. Бала кезде сынып жетекшіміздің бұл мінезін дұрыс түсінбей, құтылуға да асыққанымызды жасырмаймыз. Қазір отыздың төбесі көрінген шақта бұның «Тәртіпке бас иген құл болмайды» (Бауыржан Момышұлы) дегенге саятынын түсінеміз, әрине.

Біз жетінші сынып оқып жүргенде Оразкүл тәтей белгілі себептермен мектептен кетіп, оның орнына сынып жетекшілікке География пәнінің мұғалімі Эльмира Наурызбаева келді. Мінезі тік, артық-ауыс сөзді жарата бермейтін, турашылдығы тағы бар. Ақырын жүріп, анық басатын ұстазымыздың бұл мінезі қыртың-сыртыңы, сұйық жүрісі көбейген өтпелі жастағы жеткіншектерге ұнай қоймасы анық. Тура солай болды да. 11-сыныпты аяқтауға 8 ай ғана қалғанда 4 жыл сынып жетекшілік еткен ұстазымызды қатты ренжіттік. Енді қазір өткенді қазбалап қайтеміз?! Бұл жағдайды айтудың өзі ұят. Қатты ренжіткенімізді, балалық-шалалыққа салынғанымызды қазір түсінеміз. Кешірім сұраймыз. Сол жылы ұстаз көңіліне қаяу түсіргенімізге өкінсек те, уақытты кері айналдыра алмасымыз анық. Түсінігі мол жан ғой, бізді кешіргеніне сенейік.

Мәселе осылай болған соң, арыз жазып аты шыққан біздің 11 «Б» сыныбымызға қыздарға Еңбектен сабақ беретін, ұлдарға бейтаныс Жұмакүл Қожаева сынып жетекші болды. Мектепте балалардың бойындағы қабілетін тани білетін, оларға әрі дос, әрі ұстаз бола алатын нағыз педагог саналады.

Біз бітірген жылы Төле би мектебінің директоры Мүбарак Жинақбаева еді. Ол кісі өз мамандығына адал екенін, шәкірт оқытып, бала тәрбиелеу ісіне бар жан-тәнімен берілген кәсіби маман екенін кезінде дәлелдеді. Мүбарак Қасымқызы басқарған жылдары аудандағы ең үлкен мектеп саналатын білім ордасының шыққан биігі, алған асуы, жеткен жетістігі көп болды. Бір қызығы, ұстаз, директор ретінде де жүздеген түлектерді ұшырса да, қаншама жылдар өткеніне қарамастан, бәрінің фамилиясын білмесе де, есімін есте сақтаған. Міне, ұстаз! Бірнеше жыл Жамбыл облысының мәдениет саласын басқарған Мүбарак Қасымқызы таяуда Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Ендігі сөз кезегі сабақ берген өзге де ұстаздарға келіп тұр. Енді біз оқыған 11 жыл ішінде ұстаздардың қатары көп болды ғой. Кейбірі естен шықты. Тіпті, бәрінің атын атап, түсін түстеу мақсат та емес. Сондықтан, 11 сыныпта сабақ берген ұстаздарға ғана тоқталуды жөн санадық. Ол үшін 10 жылдан бері сандық түбінде жатқан күнделігімді қолға алдым. Мектептегі жылдар көлбеңдеп, кино лентасындай болып тізбектеліп көз алдымнан өтiп жатты, өтiп жатты!..

Қайбір жылдары мектебіміз математика пәнін тереңдетіп оқытатын гимназия болды. Сол тұста Математикадан сабақ берген сынып жетекшіміздің жұмыстан шығуына байланысты орнына Сейіткүл Мәдібекова келді. Жасы үлкен, тәжірибесі мол бұл кісіні мектебімізге директордың өзі арнайы шақырыпты. ҚР Білім беру ісінің үздігі. 7 мен 11 сынып аралығында күрделі пән Математиканың қыр-сырын үйретті. ҰБТ-дан Сабинадан басқамыз үш-төрттік баға алсақ та, әйтеуір, «Математика қиын, ашиды миым» деп жүріп бітірдік-ау мектепті…

Айман Шаншарова 5-11 сыныпта Қазақ тілі мен әдебиеттен бізге үздіксіз сабақ берді. Бала күнімнен журналистиканы сүйгендіктен бұл пәнге, оның ұстазына құрметім ерекше еді. Әдебиетке қатысты мектепішілік, ауданаралық жарыстардың бірінен қалмайтынмын. Бұған ұстазымның сіңірген еңбегі зор.

Тарих пәнінің мұғалімі Ақтолқын Асылбекованы айтпай кетуге және болмайды. Өйткені, өзі 11 «А» сыныбының сынып жетекшісі болса да, бізді бөле-жармай ҰБТ-ға жақсы дайындады. Мінезі қандай жайлы еді. Оқушылардың бәрі жақсы көретін. Оқушылармен тіл табысу, сабақты қызықты өткізу бұл ұстазымыздың қолынан келетін. Ұстаздың ұстазы!

Қазақта «Бес саусағынан бал тамған өнерлі адам» дейтін сөз бар. Бұл сөз Еңбек пәнінен сабақ берген Еркінғали Диқанбаевтай шеберге қарата айтылса керек. Сурет те салады, түрлі бұйымдар да жасайды. Ағайымыз бізді сонысымен баурап алды.

Денешынықтыру пәнінен бізге Серік Құрамаев бесінші сыныптан он бірге дейін берді. Мектепке алғаш келгенде ол кісі жоғары оқу орнын жаңадан тәмәмдаған жігіт еді. Бойдақ-тын. Әлі есімде, жоғары сынып қыздарының көбі ағайымызға сырттай ғашық-тын. Ал, ағайымыз спортқа бейімі бар оқушыларды түрлі жарыстарға апарып, баптайтын еді.

Жақсы адам болып қалыптасуымызға жоғарыда аты аталған ұстаздармен бірге, Адолят Сапарова (Орыс тілі мен әдебиет), Балқия Есеева (Химия), Баян Жанкеева (Физика), Алмагүл Алдабергенова (Ағылшын), Дәурен Ақшабаев (Ағылшын), Ғабит Әбдіманапов (Алғышқы әскери дайындық), Айжан Тортаева (Информатика), Ғалия Төленова (Биология), Нәби Жұбатқанұлы сынды пән мұғалімдерінің де сіңірген еңбегі зор. Біз осындай ұлағатты ұстаздардан сабақ алғанымызды мақтан етеміз. Он жылдық қарсаңында аяулы ұстаздарымызға тағзым етеміз! Ғұмырларыңыз ұзақ, өмірлеріңіз шуақты, перзенттеріңіз адал, шәкірттеріңіз дарынды болсын! 2007-жылғы түлектердің Сіздерге айтар тілегі осы!

Кешегiге көз жүгiртiп, қимас сәттерiміздiң бiр парасын сөз етсем, менімен оқыған сыныптастарымның барлығының фамилиясы есімде. Әмина Байғожаева, Мейрамгүл Тұрғынтаева, Меруерт Туғанбаева, Мақсат Бакибаев, Гүлнәр Сұлтанова, Жазира Набатова, Меруерт Жанкеева, Маржан Мансұрова, Нұргүл Искакова, Әділхан Жазахан, Бағдат Мәдиев, Данияр Жанпейісов, Сабина Қыздарбекова, Марал Бақтыбаева, Динара Ахметова, Нағима Дүйсенбаева, Ерболат Әбішев, Саят Ахметжанов, тоғызыншы сыныптан кеткен Фархат Ахметжанов, Самат Көлбаев, Ерболат Тұрапов, Мәлік Мұхтаров, Айнұр Орынбаева, Жансая Ахметова, Ринат Сүйімбеков, Әлібек Аханов, Саламат, Нұржан Нұрбеков, Елдос Бегілдаевтар бар. Соңғыларының көбін мектептен кейін өз басым көрмедім.

Құдай-ау, бойдақтардың қатары сиреп қалды. Көбі өмірден өз теңдерін тапқан, алды бес балалы (Жанкеева), соңы бір балалы ата-ана. Бір заманда өздері портфелін сүйретіп, мұрынды бір тартып қойып, мектеп табалдырығын аттаған еді, бүгінде олардың балалары мектепке барды. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болса керек.

11 «Б» сыныбынан жоғары оқу орындарына түскендер де, өзге сыныптарға қарағанда, әлдеқайда көп болды. Он сегіз (тоғызыншы сыныптан кейін кеткендері тағы бар) баланың бүгінде бірі – экономист, бірі – дәрігер, бірі – мұғалім, бірі – теміржолшы, бірі – жеке кәсіпкер, енді біреулері – үй шаруасында, өмірден шын мәнінде өз орындарын тапты. Жігіттер жағы бір-бір шаңырақтың иесі болса, қыздар жағы бір-бір шаңырақтың киесі. Шүкір!

Сыныптастар арасынан мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бокстан Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстарда топты жарған Меруерт Туғанбаев оза шапты. Спортта жеткен жетістігі толайым. Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевқа (әлем чемпионы) тұрмысқа шыққан сыныптасымыз сүйікті жар, аяулы ана, жетістігі мол спортшы, сонымен қатар, заман талабына сай болып отырған кәсіпкер.

Соңғы қоңыраудың соғылуына санаулы күндер қалды. Біз, Төле би мектебінің 2007 жылғы түлектері осыдан 10 жыл бұрын өзіміз отырған мектеп партасына жайғасып, сол бір балғын балалық шағымызды еске алып, сабақ үстінде болған қызықты оқиғалар мен қағытпа қалжыңдарды айтып, бір желпініп аламыз-ау деген сенімдеміз.

Айтпақшы, бүгінде Қадыр Тұрсынұлы басқарып отырған біздің мектебіміз облыстағы іргелі білім ордаларының бірі екеніне марқайып жүрген жайымыз бар.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газетінің бас редакторы