«ИЛЛЮСТРАЦИЯМЕН 300-ДЕН АСТАМ СУРЕТ САЛДЫМ»

26

Графикалық дизайн – кең ауқымды, жан-жақты, өз ішінен әртүрлі тармақтарға бөлінген сала. Қазіргі заманда ең тапшы, ең қажетті мамандықтың бірі. Ал көздің жауын алатын түрлі-түсті жұмыстар графикалық редактордың көмегімен жүзеге асады. Жалпы айтқанда, иллюстратор – суретші және графикалық редакторларды пайдалана отырып, иллюстрациялар сызатын маман.

Иллюстратор болсаң, дизайнды да қатар алып жүресің. Оған комикстер салу, логолар жасау, әртүрлі тақырыптарға байланысты суреттер салу, кейіпкерлер құрастыру кіреді.
Біз тек бір графикалық редактормен жұмыс істемейміз. Жұмыс барысына қарай әртүрлі графикалық редакторларды қолданамыз. Мәселен, иллюстрация салуға, лого жасауға иллюстратор графикалық редакторын, ал расторлы кескіндермен жұмыс істегенде фотошопты пайдалансақ, әртүрлі полиграфиялық және сыртқы жарнаманың жұмыстарына Corel Draw-мен жұмыс істеймін. Ал жұмыстың ұзақтығы мен күрделілігі әр кезде әртүрлі. Сызуға орташа есеппен үш сағаттай уақыт кетеді. Себебі, онда ұсақ элементтер көп. Кескіннің сапалы шығуы уақыттың ұзақтығына байланысты.
Өзімнің суретімді салдым. Қазір сол суреттерімді көрсем, еріксіз күлкі үйіріледі. Тәжірибе суретті үзбей салып, қолды үйреткеннен кейін келеді. Жаттығу үшін өтініш айтқан барлық адамның суретін сала беретінмін. «Иллюстратор боламын» деген ойыма жақындарым қарсы болды. Себебі, бұл сала елімізде дұрыс дамымаған, әлі ешкім білмейді. «Суретшілердің көлеңкесінде қалып қоясың» деген пікірді де естідім. Алайда, иллюстратордың ерекшелігі – суретті графикалық бағдарламамен салуында.
Ғаламтор бар жерде иллюстрация да сұранысқа ие. Шетелде жарнамалар анимация түрінде жасалады. Бастапқыда бұл біздің қоғамға жат сияқты көрінгенімен, бірте-бірте қолданысқа еніп келе жатыр. Осы уақытта дейін иллюстрациямен 300-ден астам сурет салдым.
Басты арманым – мультипликатор болу. Сол үшін тағы бір шет елде оқып, білімім мен біліктілігімді жетілдіргім келеді. Суреттерімді көргендер «мультфильмге сұранып тұр екен» дейді. Онысы рас. Болашақта қазақ анимациясына өзіндік үлесімді қоссам деймін. Қазақтың ақын-жазушылары мен спортшыларының суретін салған ұнайды.
Сосын ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарымыз бар. Қол күрес, асық және тағы басқа. Ойын үстіндегі балалардың суретін салып, оны ғаламторда жариялаймын. Аңшылық та – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қолына бүркітін қондырған қарияның суреті бар.