«ИНВАТАКСИ» – ҚАМКӨҢІЛДЕР КӨМЕКШІСІ

8

«Инватакси» қызметі Балқаш қаласында 2008 жылдан бері жүзеге асып келеді. Соның арқасында қамкөңілдер межелі жерге тегін қатынап жүр. Елбасы биылғы Қазақстан халыққа арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөліп, қамқорлық көрсету – өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз екенін айта келе, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс екенін жеткізген еді.

Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде жүріп-тұруына ыңғайлы көлік – «Инватакси» халық игілігіне жарап тұр. Мүгедектер арбасына таңылған адамның қоғамдық көлікпен жүріп-тұруы қиын екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда, бұл мәселе шешімін тауып, жұмыс жолға қойылған. Атап айтқанда, «Инватакси» қызметіне тіркелген мүмкіндігі шектеулі жандар игілікті іске дән риза. Олар барған бағыттары бойынша арнайы жол парағы толтырылып, «Инватакси» қызметін пайдаланғаны жайында дәлелдеме ретінде қол қояды. Диспетчерлердің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар телефонға хабарласып, өздерінің аты-жөнін айтып, қайда баратындарын баяндайды. Жүргізушілер егер бос болса, 10 минут ішінде айтқан мекенжайға барады. Қажетті орындарына жеткізіп салады екен.

Үкіметтің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлығының бір парасы осындай. Олар қай кезде, қай жаққа барамын десе де көлігі дайын. Тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған азаматтарға қоғамдық көлікпен жүруге жағдай жасаған «Балқаш қаласы мүгедектер қоғамының» төрағасы Клара Жақыпбаева «Инватакси» қызметін пайдаланушылар санының артқандығын айтады.

«Елбасының Жолдауынан соң көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарға бірқатар мүмкіндік туды. «Инватакси» әлеуметтік жобасы 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2017 жылдың өзінде 5 250 рет тегін қызмет көрсетті. Мұндай көмекті өзге де мүгедектер, ҰОС ардагерлері, І, ІІ топтағы 16 жасқа дейінгі балалар пайдалана алады. Биылғы жылдың тамызына дейін 1 627 адамға қызмет көрсетті. Осы жылы 220 адамнан өтініш қабылданды. Тұрғындар бізге келіп жеке куәлік пен оның көшірмесін, мүмкіндігі шектеулі жан екендігін дәлелдейтін анықтама мен мекенжайы анықтамасын өткізу керек. Өтініш жазғаннан кейін олардың барлығын базаға енгіземіз. Ережеге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандар айына 4 рет тегін такси шақырта алады. Таңғы 9-дан бастап кешкі 18.00-ге дейін», – деп түсіндірді Клара Жақыпбаева.

Аталмыш әлеуметтік жобаны кейіннен естіп тіркеліп жатқандар бар көрінеді. Қазіргі уақытта «Инватакси» – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асуда.

Нұрдос КӘРІМ, Қарағанды облысы