КЕЗІНДЕ КРЕМЛЬДІҢ ТӨРІНДЕ ОТЫРҒАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

24

Еліміздің дамуына ерен еңбегімен ерекше үлес қосқан қазақтың қайсар қызы, даңқты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева өз өмірінің 35 жылын егіс алқабында өткізді. Қазақ қызының ерен еңбегі жоғары бағаланып, оған 1975 жылы Жоғарғы Кеңестің Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. XX ғасырдың екінші жартысында Кеңес Одағының барлық елінде қазақтың механизатор қызы ретінде кеңінен танылған еңбекқор жан бірнеше істің басын бір арнаға тоғыстыра білді. Оның алып техниканы ұршықша игерген кәсіби шеберлігі барша жұртқа үлгі болды. Тракторшы қыздың тындырған толағай тірлігі тарих беттерінде алтын әріппен жазылды.

АСА СЫЙЛЫ ЖАН ЕДІ

Бұрын мен Кәмшат Байғазықызын тек қана ұлтымыздың қыздарының арасынан шыққан механизатор ретінде ғана білетінмін. Сол кездері қазақ отбасылары дүниеге келген  перзенттеріне Кәмшат деп есім қоятын. Сол Кәмшаттар да қазір бір-бір үйдің ұйытқысы болып отыр.

Жылдар өте берді. Мен де Алматыдағы оқуымды аяқтаған соң дәм-тұз бұйырып, Қостанайға келдім. Облыстық қазақ газетінде жұмыс істеп, осы өңірдегі талай тұлғалармен араласып, олар менің туған бауырларымдай болып кетті.

Сол кезеңдері де Кәмшат апамыз жайлы түйгенім аз болған жоқ. Оның аты дүркіреп, есімі бүкіл Одаққа танылды. Осы ұлтымыздың атын шығарған апамыз Қостанай қаласына біржола қоныс аударған соң оның үйінде болып, сұхбат алған едім.

Аталған кездері республикаға кеңінен тарайтын «Ана тілі» газеті мен таралымы мол «Жұлдыздар отбасы» журналы маған ол туралы көлемді сұхбат жазу жөнінде өтініш жасап еді. Сол себептен қазақтың аяулы қызына телефон соғып, алдын ала келістім.

Трубканы көтерген апамыз: «Айналайын, газеттен жазғандарыңды оқып жүрмін. Ертең келе ғой», – деді. Мен де дәл уақытында шаңырағына жеттім. Есікті Кәмшат апаның өзі ашты.

Содан үлкен үйдің екінші қабатына көтеріліп, ұзақ уақыт сөйлестік. Сонда байқағаным, ол қаншама атақ-даңққа ие болып, Кремльдің төрінде депутат ретінде отырса да өте қарапайым, әрбір сөзін жүрекке жететіндей етіп, әдемілеп айтады екен.

Оның менің алдыма қойған суреттері мен өзі жайлы жазылған кітап, газет-журналдардың қиындыларын көріп, атақты механизатордың өте мағыналы да кейінгі жастарға үлгі болатындай ғұмыр кешіп  жатқандығына қатты қуандым.

Содан бері арамыздағы апалы-інілідей сыйластық жалғасты. Кейде ол кісі қонақта болса да телефонды көтеріп, біздің мақала жазсақ деген тілегімізге екі сөзге келмей келісімін беріп жататын. «Саған сенемін ғой, қалқам» дейтін.

Міне, осы аяулы кісі былтыр қараша айында дүниеден өтті. Облыстық мешітке қара құрым халық жиналып, оны соңғы сапарға шығарып салды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ол туралы жылы лебізін білдіріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жедел хатын оқыды.

Содан бері де 10 ай өте шықты. Кәмшат апамыздың жарқын бейнесі исі қазақтың жүрегінде мәңгілік сақталатындығына өз басым кәміл сенемін. Себебі, ол осындай құрметке де, ілтипатқа да әбден лайықты тұлға-тын.

АУЫЛДА ТУЫП, ЕҢБЕКҚОР БОЛЫП ӨСТІ

Бірде онымен әңгімелескен кезімде өзінің сонау балалық кезінен бастап қазіргі өміріне дейін басынан өткен жайларды, өскен ортасы, адамдармен арадағы ізгі қарым-қатынастары жайлы да баяндаған еді.

Адал еңбегімен бүкіл әлемді мойындатқан мейірбан Кәмшат Байғазықызы Қостанайдан Петропавлға қатынайтын үлкен жолдың бойындағы Ұзынкөл ауданына қарасты Демьянов елді мекенінде туып-өсті.

Әкесі Байғазы заңгер еді. Ол осы сүйкімді қызынан үлкен үміт күтетін. Ал анасы Зүбәйза мұны ерекше жақсы көретін. Алайда оның ғұмыры тым қысқа болды. Бұл енді есін жиып келе жатқан кезде кенеттен дүниеден өтті. Ал шаңырақтың иесі Байғазы ағамыз 71 жасында бақилық болды. Осы әулетте екі бала тәрбиеленді. Ағасы Мэлс сонау бір жылдары суға кетіп, мәңгілік көз жұмды. Ол ата-анасы мен бауыры жайлы әңгімелегенде жүзінен мұң көрініп, терең ойда қалатын-ды.

Аталған өзінен үлкен ағасының әйелі күйеуінің ғұмырын жалғастыратын үш баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ел қатарына қосты. Бұл күндері олардың бәрі де бала-шағалы.

Камшат апа жайлы сөз болғанда оның Құдай қосқан қосағы Темірбек аға да еріксіз еске түседі. Ол да жігіттің нағыз сұлтаны болатын. Екеуі танысып, көңілдері жарасқан соң күллі қазаққа есімі белгілі тұңғыш «Қалың мал» романын жазған педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің кіндік қаны тамған жері Ақсуат ауылына келін болып түсті.

Ол ә дегеннен, осындағы үлкенді-кішілі қауымның жылы лебізіне ие болып, бір әулеттің мақтанышына айналды. Өзінің жібектей мінезі, инабаттылығы, тілалғыштығы, сезімталдығы арқасында ауылға тез арада тастай батып, судай сіңіп кетті.

Ауылдағы ақжаулықты аналарымыз: «Шіркін, келін болса, Кәмшаттай болсын, жастайынан отбасында жақсы тәрбие алғандығы көрініп тұр. Біздің Темірбектің бағы бар екен» десетін.

Шынында да солай болды. Олар осы ауылда біршама уақыт ғұмыр кешкен соң отағасы Темекеңнің қызмет бабына байланысты сол Ақсуатпен іргелес жатқан Меңдіқара ауданының «Харьков» кеңшарына қоныс аударды.

Осында жүріп, механизатор ретінде бүкіл Одаққа танылды. Әйел затына бұл мамандықты игеру де оңай емес. Оның алдында кеңшарда жүргенде елді мекендегі механизаторлық курсты тәмәмдаған-ды.

Оның жұбайы Темірбек ағаға деген құрметі ерекше. Үнемі сөзін отағасынан бастайтын. «Социалистік Еңбек Ері атанып, халықтың құрметіне бөленуім тек қана күйеуімнің арқасы» дейтін. Тіпті, оның алдында қарыздар екенін айтатын.

Рас, әйел адамға үйде де шаруа шаш-етектен. Ол аз десеңіз, бала-шағаның тәлім-тәрбиесі бар емес пе?! Қазақ болған соң қонақ та келмей тұрмайды. Осының бәріне де үлгеруге тура келді.

Қоңыр күзде жер жыртса, көктемде егін септі. Күзде комбайын штурвалына отырып, астық орды. Науқанды шақта жұмысқа ерте кетіп, түннің біруағында оралып жүрді. Осының бәріне де Құдай қосқан қосағы өзінің игі ықпалын тигізгені даусыз.

Депутат болып сайланып, тек өңірдің ғана емес, күллі еліміздің атын дүниежүзіне асқақтатты. Мәскеуге Жоғарғы Кеңестің сессияларына кеткен кезде отағасы оған тілекші болып, үйдегі, түздегі шаруаның бәрін бір өзі дөңгелетіп отырды.

Темекең Кәмшатты өте сыйлады. Балалары, яғни ұлдары мен қыздарына да асқар таудай әке болды. Сол азаматынан айырылған кезде апамыз қатты қайғырды. Оның орнын ешкім де толтыра алмайтын еді.

Шындығы керек, механизатор мамандығын жұрттың бәрі бірдей ұната бермейтіндігі де белгілі. Сондықтан одан біздің әріптестеріміз сұхбат алған кездері: «Сіз жас кезіңізде осы ер-азаматтарға тән кәсіпті армандадыңыз ба?» деп сұрайтын. Мұндайда данқты механизатордың жауабы да дайын. Өйткені, тракторды тізгіндегеніне ешқашан да өкінген емес. Алайда жас кезінде аяулы анасы жиі ауыратындықтан оның беті жүзіне қарап отырып: «Анашым, мен өскенде дәрігер боламын, сөйтіп, қаншама сырқатқа ұшыраған жандарды қуанышқа бөлеймін», – дейтін.

Дегенмен, кейін өсе келе ойы өзгеріп, өздеріңіз білетіндей темір тұлпарды игерді. Әу баста «МТЗ-5» тракторын жүргізсе, бертін келе «К-700» секілді алып тракторлардың рөліне отырды.

Жоғарыда айтқанымдай, комбайнның да тілін меңгеріп, оны ұршықша үйіретін болды. Адал еңбек қашан да өзінің нәтижесін береді. 1973 жылы Ростов облысында өткен Бүкілодақтық байқауда жүлделі орынға көтерілді.

Шынында да, маңдай теріңді төгіп, жұмыс істей білсең, атақ-абыройдың өзі сені іздеп табады екен. Арада үш жыл өткен соң КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, мерейі үстем болды. Сол кезден бастап оның есімі күллі дүниежүзіне жайылды десек артық айтпағандық болар.

Кәмшат Байғазықызын жұртшылық КСРО Жоғарғы Кеңесі ұлттар кеңесі төрағасының орынбасары, халық қалаулысы ретінде де ерекше бағалады. Ленин орденімен марапатталды. Кешегі Одақтағы ең жоғары марапат болып табылатын Социалистік Еңбек Ері атанып, басқа да ордендер мен медальдарға ие болды. Олардың бәрін оқырман қауым білетіндіктен моншақтай тізбелеп жатпадық.

ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВПЕН СЫЙЛАСТЫ

КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде қатарынан үш рет сайланды. Сол сапарларында қаншама көрнекті тұлғалармен араласты. Олардың көбісімен өзі дүниеден өткенше сыйласты.

Кәмшат апамыз үшін ұзақ жылдар бойы елімізді басқарған, қазақтың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың орны бөлек еді. Сонау бір жылдары онымен де кездесіп, пікірлескен. Көрнекті тұлғаның азаматтық қасиеттері бұған ерекше әсер қалдыратын.

Осы әңгімеміздің басында сүйікті апамыздың үлгілі келін болғандығын босқа айтқан жоқпын. Өйткені, ол енесін кәдімгі баласындай аялады. Тіпті, тырнағына дейін алып беретін.

Оның үйінде бір болғанымда ақ жаулықты анамызға туған қызындай қарап, ілтипат көрсетіп отырғанына өз басым куә болдым. Сол кезде менің таңданысымды байқаған ол: «Оразалы інім, үлкен кісі үйдің берекесі ғой. Кезінде жұмыс басты болып жүргенімде осы енем өз анамдай болып, мені қолдап, жақсылығымды асырып, кемшілігім болса байқатқан жоқ. Сондықтан да кейінгі сіңілілеріме ата-енелеріңді сыйлаңдар, оларға қамқорлық жасаңдар, күйеуіңді сүйсең  қарттарды да құрметтеу сендердің парыздарың дер едім», – деді.

Ол еңбекте алдыңғы шепте болғанымен, үйдегі өзінің аналық парызын да ешқашан ұмытқан емес. Күйеуіне әйелдік жолымен құрмет көрсетіп, ешқашан жолын кеспеді. Көпшіліктің алдында оның мәртебесін көтеріп: «Өмірде қолым бірдеңеге жетсе, бәрі де осы Темірбегімнің арқасы», – деп отыратын.

Әйелдің бақыты – ұрпақ сүю, аяулы ана атану. Кәмшат Байғазықызы мұндай қуанышты да бастан кешті. Өмірге екі ұл және екі қыз әкелді. Сөйтіп, әулеттерінің шаттығы бұрынғыдан да шалқи түсті.

Құдайға шүкір, қазақ «Не ексең, соны орасың» демей ме?! Перзенттерін жастайынан еңбекке баулып, қазақ халқына тән бүкіл асыл қасиеттерді олардың бойларына сіңіруге тырысты. Мәселен, үлкен ұлы Сырым қазіргі таңда Қостанай қалалық салық комитетін басқарады. Асқар болса кәсіпкер, Гүлжан мен Гүлшат та білікті мамандар. Бәрі де анасын ардақтап, бір  сөздерін екі етпей, дүниеден өткенше қамқорлықтарын жасады.

Ол осы перзенттерінен  бірнеше немере және шөбере сүйді. Олардың бәрі де жұмыстағы табыстарымен, жоғары оқу орындарындағы жақсы үлгерімдерімен асыл әжелерін үнемі бақытқа кенелтті. Солардың игі қадамдары үшін  бұл шексіз қуанып, төбесі көкке бір елі жетпей қалатын.

Осы немерелерінің бірінің есімін Елбасының құрметіне Нұрсұлтан деп қойды. Осы Нұрсұлтан да бұл күндері жігіт болып қалды. Мемлекет басшысы да Кәмшат Байғазықызын ерекше құрмет тұтты. Әрбір мереке сайын оның атынан бұған  шынайы лебізін білдірген құттықтау хаттары келіп тұратын.

Кәмшат апамыз дүниеден өткенше елі мен халқына адал қызмет етті. Оның бойындағы қамқорлық пен жетім-жесірге, жоқ-жітікке деген ыстық ілтипаты бөлек-ті. Сонау бір жылдары ата-анасы қайтыс болған бір ұл баланы өзінің қамқорлығына алып, оған туған анасындай қарады. Бұл жігіт те өсе келе Кәмшат апасын ұятқа қалдырмай, өмірден өз орнын табуға тырысқан-ды. Алдымен Қостанай заң институтын ойдағыдай тәмәмдады. Содан кейін бір  аудандық ішкі істер бөліміне өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрды.

Осы туған баласындай болып кеткен азамат үйленгенде, Кәмшат апа қандай қуанды десеңізші. Оның бақытты сәтіне ортақтасып, өзінің шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірген-ді.

Тобықтай түйін: Міне, біздің Кәмшат апамыз осындай тек қана адам баласына болсын деп тұратын аяулы кісі-тін. Ол туралы кезінде талай қаламгерлер туындылар жазды. Оның ішінде Фариза Оңғарсынованың көпке белгілі кітабы және жергілікті дарынды жазушы Сәлім Меңдібаевтың мөлдірете жазған шығармасы да бар. Егер Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева арамызда болғанында өткен 15 қыркүйекте 75 жасқа толар еді. Оның жетпеген ғұмырын өмірін жалғастырушы ұрпақтарына берсін!

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қостанай қаласы