«КЕЛДІҢ БЕ, ҚҰЛЫНДАРЫМ?!»

11

Иісі қазаққа мәлім Ұлытаудан киелі Торғай даласына қарай төрт өзен ағады. Солардың бірі – Жыланшық бергі екі-үш ғасыр төңірегінде пайда болған өзен емес. Оның тарихы тым әріде жатыр. Кезінде оны Жошы ұлысының бектері мен бекзадалары мекендеді. Одан бері де Торғайдағы Қосымнан тарайтын Қыпшақ тайпасының жаз жайлауы, қыс қыстауы болды. Міне, енді осы төрт өзеннің алабында «Ерте, ерте, ертеде құландар мекен еткен еді» деп көнекөз қариялар әңгіме айтатын.

Атағы әлемге аян Шыңғыс қаһанның бәйбішесі Бөрте сұлудан туған Жошы баһадүрді құлан теуіп өлтіргені жайлы аңыз да осы Ұлытау бөктерінде болған ғой. Оған Ұлытаудың бір сілеміндегі «Жошы хан мазары», «Алаша хан мазары» куәлік еткендей емес пе? Ендеше, құландардың қазақ даласындағы тәу мекені осы Сарыарқа еді ғой деуге негіз де жоқ емес сияқты. Бірақ, бұл жануардың осы ата мекенінде жойылып кетуіне не себеп болды? Қаһарына мінген Шыңғыс қаһанның нояндары қырып тастады ма? Әлде аң түгел адамды қудалап бірін Қытайға, бірін Моғолстанға, енді бірін Ауған асырып жіберген кешегі Қызыл империя кінәлі ме?! Бұл біз үшін шешімі табылмайтын жұмбақ. Дегенмен, еліміз егемендік алған ширек ғасырдан кейін құландар Торғай даласына қайта әкелінгені жайлы біз «Қазақ» газетінде өткен жылы жазғанбыз. Ендігі әңгіме сол жануарлардың қазіргі жай-күйі туралы болмақ.

Көзі қарақты оқырмандар біледі, осыдан 30-40 жылдай бұрын Алматы облысындағы «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи қорығына бір үйір құлан арнайы жіберілген болатын. Содан бері олар өсіп-өніп, бұл күнде саны 4 мыңға жетіп қалыпты. Құлан тумысынан күшті, табиғаттың қатал сынына төзімді, ұры-қары мен ит-құстан аман болса, бірсыдырғы өсімтал түлік.

«Оқымысты ғалымдар да, көне көз қариялар да құланның атамекені осы Ұлытау бөктері екенін айтады. Содан да болар оларды осы жаққа да жіберіп, сынақтап көру ұйғарылған ғой. Сол себептен өткен жылы Торғай даласындағы «Алтын дала» табиғи резерватына 9 құлан жіберілген-ді. Олар қазір дін аман, қомданып семіріп алды. Төрт биесі буаз, мамыр айында құлындайды деп күтілуде. Бұл қазақтың нағыз бие байлап, көктемгі бал қымызды сапыратын кезі. Құландардың құлындау кезеңін де осы уақытқа икемдеген ғой», – дейді «Алтын дала» табиғи резерватының басшысы Батырхан Сәдуақасов.

Жыланшық бойында өзге өңірлермен салыстырғанда қыс 1-1,5 ай кеш түсіп, көктем осынша кезеңде ерте келеді. Және мұнда атақты Аққұм, Айырқұм бар. Құм арасының шөбі қыста ашық жатады. Қар түскеннің өзінде ол қатпай, үлпілдеп көбік қар болып тұрады. Құлан да, қой да оны тұяғымен оңай ашып жей береді. Құм ішінің табиғаты қызық: Торғайдағы Қошалақ, Аққұм, Тосын деп аталатын осы құмды жерлерде ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранда құм іші ашық жып-жылы болып тұрады. Содан да Кеңестік кезеңде Тосын құмын 100 мың бас қой отары жайлайтын.

Жыланшық жер телімінің мемлекеттік аға инспекторы Сейітжан Нұржановтың айтуы бойынша, құландарды бұл жаққа әкелмес бұрын дайындық жұмыстары жүргізіліпті. Арнайы екі бекет жасалған, біреуінің көлемі 55 гектар, екіншісі 25 гектар. Бұл алқаптар мықты темір тормен қоршалған. Қоршау ішінде, табиғи жайылымда, алдын ала дайындалған пішенде жеткілікті көрінеді. Әу бастан Жыланшық бойының жері құнарлы, табиғи шөптерге бай, су көздері де жеткілікті. Былтыр әкелген кезде құландар арық болыпты. Қоршауға жіберіліп, табиғи құнарлы шөп жегеннен кейін бірер ай көлемінде жедел қоң жинап, семіріп алған. Қазір Жыланшық жер телімінде 50-ден астам маман жұмыс істейді. Олар алты бекетке бөлінген, әрқайсысының нақтыланған төл міндеті бар. Жануарлардың денсаулығын бақылауға жете көңіл бөлінеді. Ветеринарлық жұмыс дұрыс жолға қойылған. Қызметкерлерге еркін жүріп тұру үшін арнайы автокөлік бөлінген. Биыл тағы да 16 құлан, келесі жылы тағы осынша құлан алынады. Меже таяудағы 10-15 жылда құландар санын кемінде 1,5-2 мыңға жеткізу екен. Наурыздың ортасы ауа құландар қоршаудан шығарылып, далаға еркін жіберілетін көрінеді. Бұл кезеңде Жыланшық бойында күн жылынып, құмдақ жердегі шөп атаулы бүр жарып жайқала бастайды. Міне, сонда құландар шын еркіндікті сезініп, сайын далада жұлдыздай ағар-ау.

Жалпы, бұл аймақта техниканың жүріс-тұрысы азайып, дала табиғаты қорғауға алынғалы аң мен құс көбейіп, жер түлеп түрлене бастаған. Миллиондаған жылдар бұрынғы динозаврлардың бізге жеткен мүскіні өгіз кесіртке де, кенгурудың келбетіне ұқсайтын баласын қалтасына салып жүретін қосаяқ та бұл құмдақ далада жиі кездеседі. Дала дуадағы, итала қаз, бөдене мен ұлар, борсық пен қарсақ, түлкі мен қоян кез келген тобылғы мен көденің түбінен атылып шығады. Енді оған дала сән салтанатының бір көрінісі құландардың келіп қосылуы аймаққа ерекше өң беріп, келешекте алыс жақыннан келетін туристермен өзіміздің қызық құмар ұландардың сүйікті орнына айналар деп ойлаймыз.

Қаланың ызың-шуы көп, қым-қуыт жанталасқан тіршілігінен кейін тып-тыныш сайын далаға келіп бозторғайдың шырылы мен арқаның самал желді саф ауасымен тыныстау жаныңды жадыратып, жүрегіңді қуанышқа бөлері сөзсіз ғой. Әрине, ол үшін бұл аймақта инфрақұрылымды жедел жақсартса, жол жөнделсе, келгенде тұратын қонақ үйлер, асханалар, автотұрақтар салынса, техникалық қызмет көрсететін станциялар мен май құю бекеттері тұрғызылса, келушілер сейіл құратын сән салтанатты ер тоқымы бар сымбатты мініс аттары әзірленсе, қонақтар мен бірнеше тілде еркін сөйлесе алатын менеджерлер даярланса, резерват ішінде тек қана атпен жүруге рұқсат етілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Тобықтай түйін: Тарихтың сан қатпар қыртысынан бері құлаққа сіңісті болған Ұлы Торғай даласының бір бөлшегі Ұлытау бөктеріндегі Жыланшық өңірі қазір қасат қар жамылған бұйығы қалпында томаға тұйық жатыр. Жай жатқан жоқ, «Келдің бе, құландарым?!» деп қуанып жатыр.

Серік ШАЙМАН,

«Qazaq» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі