КИМ ЧЕН ЫН ОҚ ӨТПЕЙТІН ПОЙЫЗБЕН ҚЫТАЙҒА НЕГЕ БАРДЫ?

51

Түрі, тілі, ділі бір болғанымен, бүгінде корей ұлты екіге бөлінген мемлекет. Корей түбегінің оңтүстігінде – Корея Республикасы, ал солтүстігінде – Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) орналасқан. Екінші елдің бейресми атауы – Солтүстік Корея. Солтүстігінде Қытай және Ресеймен шектеседі. 25 миллион халқы бар. Астанасы – Пхеньян. Конституция бойынша, социалистік ел. Билік Еңбек партиясының қолында, яғни біздің тілмен айтқанда, Солтүстік Кореяның президенті – 36 жастағы Ким Чен Ын (партия төрағасы).

Міне, Солтүстік Кореяның негізін қалаған Ким Ир Сеннің (1912-1994) немересі, елдің екінші көшбасшысы Ким Чен Ирдің (1942-2011) ұлы Ким Чен Ын әкесінің қазасынан кейін билікке келгеннен бері көп ата жауларының бірі АҚШ-пен ашық айқасып, әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алды. Дегенмен, отызында орда бұзған жабық елдің басшысы биылғы жылы адам танымастай өзгеріп шыға келді. Мысалы, Солтүстік Корея спортшыларын, жанкүйерлерін ағымдағы жылы 9-25 ақпанда Пхенчхан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатыстырды. Ким Чен Ынның «тосын сыйы» мұнымен бітпеді. Солтүстік Корея басшысы АҚШ және Оңтүстік Кореямен бейбіт келісім жасасып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатқысы келетінін хабарлады. Соған сәйкес, Ким Чен Ынның сәуір айының соңында Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен, ал мамыр айының басында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесулері күтіліп отырғанда, ойламаған жерден күні кеше (25-27 наурыз) Ким Чен Ын әкесінен қалған оқ өтпейтін пойызбен Пекинге барып, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіпті.
Иә, мұнымен 36 жастағы саясаткердің «тосын сыйы» бітпейтін түрі бар.

КСРО МЕН АҚШ КОРЕЯНЫ ҚАЛАЙ ЕКІГЕ БӨЛДІ?

Күні кешеге дейін 41 жыл бойы немістер екіге бөлінді, сол заман тілімен айтсақ, 1949-1990 жылдардағы капиталистік Федералдық Германия және социалистік Демократиялық Германия. Біріншісі – НАТО құрамында, екіншісі – Варшава келісім жағында болды. Соғыс өрті тұтана қалса, екі жақтың да оттығының ұшында тұрған екі неміс бір-бірін өлтіретін еді. Кезінде Вьетнам жұрты да екіге бөлінді: солтүстік – социалистік, оңтүстік – капиталистік. Дегенмен, бүгінде сол Германия да, Вьетнам да біртұтас елге айналды. Ал, жарты ғасырдан бері бір-біріне ата жау болып келе жатқан корей халқының бүгінде «екі жарты – бір бүтін» елге айналуы мүмкін еместей көрінеді. Бұл туралы 105 жылдық тарихы бар «Қазақ» газетінде былтыр кеңінен жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан оны қайталаудың жөні жоқ, дегенмен Кореяның қалай екіге бөлінгеніне қысқаша тоқталсақ артық болмас.
1910-1945 жылдар аралығында Корея Жапонияның боданында болды. Ал 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның жеңіліс тапқаны белгілі. Яғни, сол жылдың тамызында Германияның одақтасы болған Жапониядан Кореяны азат етуге екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ білек сыбана кіріседі. Біріншісі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен Кореяға «көмек қолын» созып, жапон басқыншыларын қуып шығады. Осылайша Корея екіге бөлініп, солтүстік – КСРО-ның, оңтүстік – АҚШ-тың бақылауына өтеді.
Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен, Оңтүстік Кореяны басқаруға капиталистік көзқарастағы Ли Сын Ман тағайындалады. КСРО мен АҚШ-тың келісімі бойынша, уақытша басқару мерзімі аяқталғаннан кейін екі тарапты (солтүстік пен оңтүстікті, – ред.) қайта біріктіру көзделеді. Бірақ, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түседі. Масқара болғанда, 1948 жылы 15 тамызда Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) құрылады. Осылайша, КСРО мен АҚШ-тың кесірінен екіге бөлінген корейлер бір-бірімен соғысты бастайды.
КСРО және Қытайдың қолдауымен Солтүстік Корея әскері қуатты күшке ие болды. Содан Ким Ир Сен Иосиф Сталиннен (Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы, – ред.) Ли Сын Ман басқаратын Оңтүстік Корея билігін басып алуға көмектесуін өтінеді. Көп ойланбастан Сталин Ким Ир Сеннің өтінішін жерге тастамайды. КСРО мен Қытайдың қолдауымен Ким Ир Сен ата жауы болған Ли Сын Ман билігіне шабуыл жасап, Оңтүстік Кореяның 90 пайыз жерін басып алады. Алайда Ким Ир Сен жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмайды.
Корей түбегінде АҚШ ықпалының болмағанын қалаған Қытай Кеңес Одағына жақтас болса, АҚШ-қа Ұлыбритания, БҰҰ бітімгершілік күштері мен НАТО блогы қолдау көрсетеді.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін Солтүстік Корея Кеңес Одағының қолдауынсыз қалады. Соған сәйкес, Ким Ир Сен Оңтүстік Кореядан бас тартуға мәжбүр болады.
1950 жылы 25 маусымда басталған Корей соғысы 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасты, ал соғыстың бітімі туралы ресми келіссөз әлі күнге дейін жасалмаған. Корей соғысының зардабы орасан зор болды. Түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5-6 миллион адамның қаза тапқанын көрсетеді.
Иә, Кореяның кезінде қайта бірікпеуіне КСРО мен АҚШ-тың өз мүдделерін корей ұлтының тағдырынан биік қоюлары себеп болды. Өйткені, қос держава Кореяны өз жақтастарының басқаруын қалады. Ал бұл жағдайда корей ұлтының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» мүмкін емес еді.
Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, коммунист корейлер мен демократ корейлердің басы бірігер емес, бір-бірін ата жаудай көреді. Өйткені, осы жылдар аралығында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея басшылығы бір-біріне қарама-қайшы идеологияны жүргізіп келді. Оңтүстік Корея антикоммунистік, ал КХДР антикапиталистік саясатты қатаң ұстанды. Соны халықтың санасына әбден сіңірді. Соның салдарынан бір ұлттың екі көзқарастағы ұрпағы пайда болды. Оңтүстік Кореяның бүгінгі жастары үшін Солтүстік Корея басқыншы (оккупант) ел.

ПХЕНЬЯН МЕН ПЕКИННІҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

Рас, үнемі тістене сөйлеп, Вашингтон мен Сеулге сес көрсетуден жалықпайтын Ким Чен Ын бұл жолы әлем халқына дипломатиялық «тосын сый» жасады. Солтүстік Корея басшысы тұңғыш рет өз елінен сыртқа шықты. Атап айтқанда, марқұм әкесінің оқ өтпейтін пойызымен 25 наурыз күні Қытайға бейресми сапармен барыпты. Ким Чен Ын мен оның әйелі бастап барған солтүстіккореялық делегацияны Пекинде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин күтіп алыпты.
Бір қызығы, бұл екі күндік ресми кездесуді әлемдік қауымдастық 28 наурыз күні бір-ақ білді. Өйткені, аталған кездесу туралы Пекин де, Пхеньян да жақ ашқан жоқ. Дегенмен, Қытайға Солтүстік Кореядан маңызды біреудің келе жатқандығы бұрын айтылды. Сол кезде екі елдің шекарасында орналасқан Даньдун қаласының темір жол бекеті ойламаған жерден жабылып, қытайлық құқық қорғаушылардың қоршауына алынды. Тіпті, түрлі бағыттағы пойыздардың жүрісі уақытша тоқтатылды. Сөйтсе, басқа емес, Қытайға Ким Чен Ынның өзі келіпті.
Соңғы жылдары Пекин мен Пхеньян қарым-қатынасына айтарлықтай сызат түскені рас. Оның үстіне Си Цзиньпин мен Ким Чен Ын бір-біріне жылы қабақ таныта қоймайтын. Сондықтан, Ким Чен Ынның Пекинге келуі қытайлықтардың үш ұйықтаса да түстеріне кірмейтін.
Даньдун темір жол бекетіне Солтүстік Кореядан келіп тоқтаған пойыздың ішінен қытайлықтар Ким Чен Ирдің қазасынан кейін (2011) «оқ өтпейтін пойыздың тұрақты жолаушысы» атанған кіші Кимнің қарындасы Ким Ё Чжоннің түсетінін күтті. Алайда атақты пойыздың ішінен Ким Чен Ынның өзі (әйелімен, делегаттармен бірге) шықты.
Ким Чен Ын қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен Пекинде кездесті. Тіпті, Солтүстік Кореяның басшысы мен бірінші ханымына Қытай басшысы құрмет көрсетіп, ақ дастархан жайды. Екі күндік (27 наурыз) ресми сапардан кейін солтүстіккореялық делегация өз елдеріне қайтты.
28 наурыз күні ғана КХДР мен ҚХР-дың бұқаралық ақпарат құралдары ресми мәлімдеме таратты. Ресми ақпаратқа сенсек, 25-27 наурыз күндері Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын, оның әйелі Ли Соль Чжу және көмекшілері алғаш рет Қытайда бейресми сапармен болды. Пекинде Ким мен Си келіссөздер жүргізген, жұбайларымен бірге түстенген, артынан банкетке қатысқан. Корей түбегіндегі жағдай, қос елдің арасындағы ынтымақтастық сөз болған. Ресми ақпарат солай дейді, ал бұдан басқа ешқандай ақпарат жоқ.
Бір анығы, ғаламторда тараған суреттерден Ким Чен Ын мен Си Цзиньпиннің жүздерінен жылулықты байқаймыз. Қол алысып, құшақтасып қауышқан қос елдің басшысы. Қастарында гүлдей жайнаған бірінші ханымдар. Қонақтардың құрметіне жайылған ақ дастархан. Әшейінде күлуді білмейтін, сұсты жүзді Ким Чен Ын дән риза. Соған қарағанда Солтүстік Корея басшысының бейресми сапары сәтті өткен, көңілінен шыққан. Ал, әлемдік қауымдастық үшін жабық есікте өткен келіссөздерде нақты қандай мәселелердің көтерілгені жұмбақ күйінде қалды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл сапар арқылы Пхеньян Вашингтонның барлық жағынан бәсекелесі саналатын Пекиннің қолдауына ие болғысы келеді. Ал, Мун Чжэ Ин және Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отырған Ким Чен Ынға Си Цзиньпиннің қолдауы ауадай қажет.
Өз кезегінде Пекин де Пхеньянмен келіссөздер жүргізудің пайдалы екенін түсініп отыр. Біріншіден, аспан асты еліне көрші жатқан Корей түбегіндегі соғыстың керегі жоқ, сондықтан бейбіт келіссөздердің болғанын қалайды. Екіншіден, өңірдің басты ойыншысы ретінде Пхеньяннің Вашингтон және Сеулмен кездесуін Пекинде өткізуге мүдделі. Өйткені, сол тарихи кездесу Қытайда өтетін болса, үйдің қожайыны ретінде сөзі жүре алады.
Ким Чен Ын мен Си Цзиньпин арасындағы әңгіме Солтүстік Корея басшысының АҚШ пен Оңтүстік Корея президенттерімен жоспарланып отырған келіссөздер туралы болғанына ешкімнің таласы жоқ. Бұл мәселеде Оңтүстік Кореяға әдеттегідей АҚШ қорған болса, енді Солтүстік Кореяның сөзін Қытай сөйлейтін болады. Сондықтан Ким Чен Ын сол кездесулер туралы Си Цзиньпинмен ақылдасты.
Иә, Мун Чжэ Ин және Дональд Трамп екеуімен Ким Чен Ынның нақты қашан, қайда жолығатыны әзірге белгісіз. Оңтүстік Корея, АҚШ басшыларының Пхеньянға барулары мүмкін емес, ал диктатор саналатын Солтүстік Корея басшысының Сеулге аяқ басуы өте қауіпті. Демек, бұл тарихи кездесудің Қытай жерінде өткені алдымен Ким Чен Ын үшін керек. Ал, жоғарыда айтқанымыздай, Си Цзиньпин ата жаулардың бір-бірімен кездесуін аспан асты елінде өткізуге мүдделі. Өйткені, Қытай «алтын көпір» болу арқылы аймақтағы маңызды ойыншы екенін әлемге дәлелдей түседі.
Жарайды, Пекиннің ұстанымы түсінікті дейік, ал енді ата жаулардың жоспарланып отырған кездесулері қаншалықты маңызды екеніне қысқаша тоқталайық.
Пхеньян әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алды. Бірақ, жабық елге айналды. Ешкіммен сауда-саттық жасамайды. Ал, бұл нарық уақытында кез келген елдің экономикасын тұңғиыққа батырады. Ким Чен Ын «Біздің елде бәрі жақсы» деп әлемге айқайлағанымен, Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирге табынатын, Құдайға сенбейтін, яғни атеистік қоғамда өмір сүріп жатқан солтүстіккореялықтардың басым бөлігі кедей тұрады. Демек, Пхеньян Сеул мен Вашингтонның тілін табуға, осылайша салынған экономикалық санкциялардың санын азайтуға тырысады. Пхеньяннің бұнысына Сеул көнсе де, сенсе де, Вашингтон ата жауынан ядролық қарудан бас тартуын талап етеді. Ал, бұған Пхеньяннің көнетініне сену тағы қиын.
Вашингтон Пхеньянға қатысты өз райынан қайтпайды. Неге десеңіз, жақында Ақ үй қожайыны өзінің көмекшілерін өзгертті. Трамптың су жаңа көмекшілері бұрыннан Солтүстік Корея басшысын суқандары сүймейді. Олар кезінде Пхеньян жұртқа қоқан-лоқы көрсетуін тоқтатпаса, Солтүстік Кореяны жер бетінен жойып жіберетіндігін мәлімдеген еді.
Әрине, жоспарланып отырған кездесулердің нәтижесі қалай болатынына қарамастан Пхеньян Пекинге арқа сүйейді. Өйткені, Пекин өз көршісін Вашингтонның бомбалауына жол бермейді. Жол бермеуге де тиісті.
Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Пхеньян бүгінде сауатты саясат ұстанып отыр. Ким Чен Ынның атасы да, әкесі де ХХ ғасырда сондай саясатты ұстанған. Яғни, кезінде Ким Ир Сен де, Ким Чен Ир де Оңтүстік Кореямен соғысып жатқанда КСРО-мен достасып, алып империяның қолдауына ие болды. Әйтпесе, азулы АҚШ-тың алақандай Солтүстік Кореяны бір күнде жер бетінен жойып жіберуге шамасы жетер еді. Қазір КСРО жоқ, оның мұрагері Ресейдің өзі түрлі санкциядан көз ашпай отыр. Сондықтан, Пхеньян әлемде ойып тұрып орнын алған, сөзі өтетін Қытайдай державамен жақсы қатынас орнатудың маңыздылығын жақсы түсінеді.
Оңтүстік Корея сарапшыларының пікірінше, Ким Чен Ын Дональд Трамп, Мун Чжэ Инмен кездеспей тұрып, жақын арада тағы бір көршісі Ресейге жол тартуы мүмкін. Өйткені, Солтүстік Кореяға одақтастар дәл қазір ауадай қажет. Ал, Вашингтон мен Мәскеудің арасы бұрыннан дұрыс емес. Демек, Владимир Путин де Ким Чен Ынмен байланыс орнатуға қарсы болмайды.
Кунмин университетінің (Оңтүстік Корея) профессоры Андрей Ланьковтің пікірінше, Ким Чен Ын Пекинге барған бейресми сапарында үш мақсатты көздеді.
Біріншіден, бір-бірімен бәсекелес саналатын ҚХР мен АҚШ арасына от салу.
Екіншіден, 2017 жылдан бері Пхеньянға Пекин салған санкцияның салқыны қатты тиіп жатыр. Сол санкцияны азайту басты мақсат болды.
Үшіншіден, Ким Чен Ын Си Цзиньпиннен Дональд Трампты Солтүстік Кореяға соғыс ашу райынан қайтаруды сұрады.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ МЕН АҚШ НЕ ДЕЙДІ?

Ким Чен Ын мен Си Цзиньпин арасындағы бейресми кездесу туралы Сеул өз пікірін білдірді.
«Оңтүстік Корея үкіметі Ким Чен Ын мен Си Цзиньпиннің кездесуі Корей түбегіндегі жағдайдың жақсаруына септігін тигізетініне сенеді» деген мәлімдеме жасады Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігі.
АҚШ Президенті Дональд Трамп бұл кездесудің сәтті өткенін ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің оған хабарлағанын мәлімдеді.
«Кеше кешкісін Қытай басшысы Си Цзиньпиннен Ким Чен Ынмен кездесуі жақсы өткені, Ким (Солтүстік Корея басшысын меңзеп отыр, – ред.) менімен кездесуді күтіп отырғаны туралы хабарлама алдым», – деп жазды Дональд Трамп өзінің Twitter парақшасында.
Дегенмен, Ақ үй қожайыны Пхеньянға салынған санкциялардың еш тоқтамауы керектігін атап өтті.
«Пхеньянмен келіссөз жүргізу мүмкін еместігі, Корей түбегіндегі мәселенің еш шешілмейтіндігі біраз жылдар бойы айтылып келді. Міне, Ким Чен Ынге өз халқы және адамзат үшін дұрыс шешім қабылдауына әсер етуімізге тамаша мүмкіндік бар. Мен екеуіміздің кездесуімізді тағатсыздана күтіп отырмын», – деді АҚШ-тың 45-ші президенті.

Тобықтай түйін: Қазіргі жағдайда екіге бөлінген корей халқының тұтастығы туралы айтудың өзі артық болса керек. Ал әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алған Пхеньян райынан қайтар емес. Былтыр КХДР Гуам аралын (Тынық мұхитындағы АҚШ-тың жері, – ред.) баллистикалық зымыранмен атқылайтынын, АҚШ-тың айбатынан еш сескенбейтінін мәлімдеді. Ақ үй басшысы Дональд Трамп та өз кезегінде Солтүстік Кореяға зымыранмен жауап беретінін хабарлады. Алда-жалда Ким Чен Ын Гуамды нысанаға алса, АҚШ-тың да қол қусырып қарап отырмайтыны белгілі. Оқиға мұндай жағдайда өрбісе, Корея түбегінде қайта соғыс өрті лап етуі ықтимал. Бұл соғыс Солтүстік Кореяға да, оның айналасындағы Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапонияға да, сонау алыстағы Батыс елдеріне де (әсіресе, АҚШ) абырой әкелмейтіні анық. Мұны ресми Пхеньян да, әлем державаларының басшылары да жақсы түсінеді. Сондықтан биылғы жаңа жылдық құттықтау сөзінде ядролық қарудың түймешегі ылғи да қолында жүретінін, өз елін бейбіт және ядролық держава мемлекет санайтынын ашық айтқан Ким Чен Ын АҚШ, Оңтүстік Кореямен де келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді. Пхеньянның бұл қадамы әлем елдерімен байланысты реттеудің бір жолы ма, әлде қулыққа негізделген қитұрқы саясат па, оған уақыт төреші. 

Жасұлан Мәуленұлы, “Qazaq” газеті