КИНОАУДАРМА ЖӘНЕ ДУБЛЯЖ

23

Күнделікті көріп, көзіміз үйренген дүниелердің біз білмейтін қыр-сыры көп. Мысалы, үлкен экраннан тамашалайтын киноөнімдер дайын қалпында бізге ұсынылады. Бүгін «кино» атты алып әлемнің бір ғана бөлшегі киноаударма және дубляж жайлы сөз қозғамақпыз. Сонымен қоса, дубляждың біз білмейтін құпияларына қанығу мақсатында белгілі дублер-актер Азамат Шарғынды әңгімеге тартып көрдік…

КИНОАУДАРМА НЕСІМЕН МАҢЫЗДЫ?

Отандық қазақ тіліндегі фильмдерді түсіру бір бөлек те, шетелдік өнімдерді, әсіресе, әлемдік кино нарықты жаулап алып, прокатқа шығатын фильмдер мен сериалдарды қазақ тіліне аудару бір бөлек. Әлемге әйгілі кинорежиссер Чарли Чаплин өз фильмдерін әдейі «тілсіз», «үнсіз» жасағанын біреу білсе, біреу білмейді. Дегенмен, фильмге тіл бітуі киноның стилистикасына, көркемдік тәсілдеріне көп өзгеріс енгізді, кейіпкерлерді сипаттаудағы, сондай-ақ өмір құбылыстарын бейнелеудегі оның шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашты.
Баяғыда бір атамыз теледидардан кино көріп отырып, «Ленин қазақшаға судай екен ғой» деп таңдайын қағыпты. Әзілге құрылса да, бұл тамсаныс кезінде көптеген фильмдерді өте сапалы деңгейде қазақшалай білген «Қазақфильмнің» дубляжына берілген жоғары баға. Ал қазіргі таңда, елімізде дубляж саласы қарқынды дамып келеді. «Қазақстан» ұлттық арнасы бастаған жекелеген телеарналарда дубляж саласының сапасын көтеруге талпынуда.
Сонымен, киноаударма мен дубляж арасында қандай байланыс бар? Әлде екеуі де бір ұғымды білдіре ме? Алдымен, осы сұраққа жауап іздейміз.
Қай халықтың тарихына көз салып қарасақ та, ол өзінің мәдени, рухани байлығын ең басты екі негізден алып дамып отырған. Бірі – өзінің ішкі мүмкіндіктері болса, екіншісі – өзге жұрттың мәдени байлығын игеру. Осылай әр халық өзге елдің рухани дүниесімен сусындай отырып, өз мәдениетін өркендеткен. Осындай игі істің жандануына аударма айрықша қызмет атқарды. Халықтар арасындағы әлеуметтік, экономикалық, рухани, ғылыми, мәдени қарым-қатынастың алмасу, айырбастау, ел танудың құралы болған аударманың кино өнерінде де алатын орны айрықша. Кинодағы аударма оның мақсаты мен жұмыстың ерекшелігіне қарай синхронды және жазбаша жасалады. Бұл мол тәжірибе мен білімді қажет ететін күрделі үдеріс. Кино мәтінінің өзіндік көркемдік ерекшеліктері мол. Ондағы монологтар мен диалогтар арқылы көрермен жүрегіне жол табу үшін бейнелі көріністі ақпараттау образ, көңіл-күй, эмоциялар сөз арқылы жақсы, ұғымды әрі орынды жеткені дұрыс.
Көркем фильмдер аудармасында ережеге сай, аудармашыға студияда монтажды қағаз, яғни диалогтар жазбасы және фильм түсірілген кассета беріледі. Ол бұл мәтінді аударып, аударманы фильмнен шығатын репликаларымен қоса синхронды түрде дыбыстауы қажет.
Киноаудармадағы басты қиындықтың бірі – фильмдегі кейіпкерлер аударма тілімен сөйлемейді. Сондықтан аудармашы тек мәтінге ғана емес, бейнекөрініске, ондағы айтылған әрбір сөз артикуляциясына, кейіпкердің іс-қимылдарына мән беріп, сөздер мен сөйлемдердің дәл немесе мағыналық, балама аудармаларын табуы қажет. Ал балама табу аудармашының шығармашылық шеберлігіне, сөз табу жүйесіне, сөздік қорының байлығына байланысты.
Толық кинофильмді аудару үшін үлкен шығармашылық топ қажет. Олар: кино мәтінінің аудармашысы, дублер-актер, режиссер, дубляждың дыбыс операторы, редактор, монтаждаушы. Бұлардың әрқайсысы кино аудармасының сапасына өз ықпалдарын тигізбей қоймайды. Өйткені, кино мәтінінің аудармасы қанша жақсы болғанымен, киноаударманы дайындауға қатысушылардың біреуі өз ісін жөнді атқармаса аударманың сапасы төмендейді. Кинофильмді аудару барысында үлкен жүк қашан да режиссерге және дублер-актерлерге түседі.
Егер дублер-актерлер рольдегі актерлердің деңгейінде орындай алмаса немесе дыбыс операторлары қажетті деңгейде жаза алмаса, жоғары сапалы аппаратуралармен студия цехы жабдықталмаса, қандай жақсы болмасын диалогтардың аудармасы дубляжда мүлдем көрінбей қалады. Ал талантты дублерлерсіз толыққанды фильмнің аудармасы болуы мүмкін емес. Дубляждың режиссері әр фильмде кездесетін жаңа образға тән дублерлерді орынды таңдай білуі керек.

ДУБЛЯЖ ЖӘНЕ ҚОСАНЖАР ДЫБЫСТАР

Сонымен, кино аудармасының бірнеше түрі бар. Олар: субтитрлеу, кадр сыртынан түсінік беру, дикторлық орындау, дубляж жасау. Осылардың ішінен қазіргі кезде кеңірек қолданылатын, бізге теледидар арқылы мәлім дубляж жасау әдісі жайлы сөз қозғаймыз. Қазақстанда дубляж жасау ісі алғаш 1940 жылы қолға алынып, одан кейінгі жылдары аса қарқынды дамыды.
Дубляж жасау − дыбыс жазу техникасының ерекше түрі. Кино аударманың ең көп тараған әрі күрделі түрі – дубляж. Дубляж «doublage» француз тілінен аударғанда «қосарлану» деген мағынаны білдіреді.
Дубляж – бар сырын тереңіне жасырған тұңғиық әлем. Оның техникалық және шығармашылық бөлімдері бар. Шығармашылық бөлімнің ішіндегі аударма саласының өзі бір төбе. Былайша айтқанда, аудармашылар тобы мен әртістер тобы және техникалық мамандар тобы жұмыс істейтін көпқырлы арнайы бөлім.
Аудармашылар аударып береді, ал редакторлар өңдейді, режиссерлер ауызға түсіріп, емеурінге келтіру жағын реттейді. Ары қарай дыбыс актерлары сезімдік бояуын жеткізе отырып дыбыстауы керек.
Дубляж жасау барысында «қосанжар дауыстарға» кезігуіңіз мүмкін. Мәселен, табиғаттың дыбыстары, желдің соққаны, шөптің сыбдыры, адамның жүрген дыбыстары. Дубляж маманы бұларды да үйлестіре білуі керек.
Дубляж жұмысы екі сатыдан тұрады. Әуелі аудармашы фильмдегі сөздерді ондағы бейнемен синхронды етіп аударып шығады. Ол фильмде ойнап жүрген актердің ауыз, ерін қимылына сәйкес және дәл мағынасына сәйкестендіріп ана тіліне аударады. Актердің еріндерінің және неше рет қосылғандығына дейін (б, в, п, ф, м – дауыссыз дыбыстары айтылған кезде) есепке алынады. Ол сонымен қатар фильмдегі барлық компоненттерге мән беруі керек.
Идея, стиль, кейіпкерлер мінезіне көңіл аудара отырып, тек артикуляциясын емес, актерлердің іс-қимыл, қылықтарын бәрін қамтуға тырысады. Сондықтан фильм аудармасын түпнұсқа тілі мен аударма тілін жетік білетін әдеби аудармашы жасағаны дұрыс.
Осындай ерекшеліктері сақталған аударма дайын болған соң, дубляждың екінші – шешуші кезеңі басталады. Әр рольді дубляж жасауға дайындалған актерлер, дубляж режиссері, аудармашы, дыбыс операторымен бірге бірнеше рет көреді.
Мақсаты – фильмде ойнаған актерлердің сөйлеу мәнерімен танысу, оның айтқан сөздерінің дәлдігіне аудармашымен бірге көз жеткізу. Содан соң барып аударылған актер сөзі пленкаға жазылады. Тек жоғары кәсіби деңгейде жасалған дубляж көрермен жүрегіне жол тауып, өз тілінде түсірілген түпнұсқа фильмді көріп отырғандай ой тудыруы мүмкін.
Дубляждау кейіпкер тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді көрсетпеуге септігін тигізеді. Яғни, кез келген өзге елдің фильмін қазақша сөйлетуге дубляждың құдіреті жетеді. Дубляж кезінде түпнұсқаның аудиожолы естілмейтіндіктен, көрермен байқамайтындай етіп, кейбір репликаларды ауыстыруға болады.
Дубляждың тілі – қарапайым сөйлеу тілі. Оның ішінде әскердің сөзі бар, қарақшының сөзі бар, дәрігердің сөзі бар, лауазымды тұлғалардың да сөзі кездеседі. Аудармашылар осының барлығын өз мағынасындағы бояуын бере отырып аударуы, ал дыбыс актері оны түсініп айтуы керек. Әуелі дыбысталатын сөздің мағынасын дұрыстап түсініп, алдын-ала дайындықтан соң дыбыс актерлері іске кіріседі. Қазір бізде арнайы дубляж саласына тәрбиелейтін орын жоқ. Ал өзге елдерде дубляж саласына айрықша көңіл бөлініп, жеке мектептерде мамандарды дайындайды.

ДУБЛЯЖ: КЕШЕ МЕН БҮГІН

Дубляж маманының үні экран алдындағы көрерменнің, жалпы әрбір адамның құлағына нақты әрі жағымды естілуі тиіс. Әдетте, кинодағы барлық кейіпкерлердің әрқайсысына жеке-жеке дубляж маманын беру мүмкін емес. Сондықтан бір адам бірнеше кейіпкердің дауысын дыбыстай білуі керек. Сонда ғана ол нағыз дубляжшы бола алады. Ол үшін режиссерлер әртістерге бағыт бере отырып, жұмыс істеуі керек. Дыбыс режиссерлері қосанжар дыбысты мұқият тыңдап, актерлердің дауыс ерекшеліктеріне қарай дыбыстарды бөлуі қажет. Сонда әр дублер-актерге қанша кейіпкердің дауысы берілетіні нақтыланады. Кез келген сала кәсібилікті талап ететіні белгілі. Сондықтан, нағыз дубляж маманы қолға алған өнім кәсібиліктің шыңын бағындырары сөзсіз.
Шығармашылық жұмыс барысында дублер-актерге көп жүк артылатындықтан, ол кәсіби дайындығы бар, әдеби шығармалармен таныс, драматургия заңдылықтарын білетін, кино өндірісі, мәдениет тарихымен таныс болғаны дұрыс. Дублер-актер бірнеше тілдерді меңгерген болса құба-құп. Әрине, ол кино мәтінін аудармайды, бұл кәсіби аудармашылардың жұмысы. Бірақ, экранда орындалып жатқан диалогтарды тыңдау, ондағы мағынаны ашатын әрбір сөз интонациясын байқап, түсіну үшін тіл білу қажеттілік болып саналады.
Дубляж маманының мақсаты – эмоциялық түрленудің бай қорын ұтымды, әрі орынды қолдана білу, ол үшін фильмнің түпнұсқадағы тілін түсініп қана қоймай, оны аудармада мағынасынан ауытқымай жеткізуі тиіс. Осы талаптардың мәресіне жетіп, дубляж саласында өнімді еңбек етіп жүрген актерлеріміз бар. Солардың ішінде оқ бойы озық тұрған, өз ісінің маманы – Азамат Шарғын есімі елге таныс. Азамат дублер-актер ғана емес, театр және кино актері. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін қағиданы ұстанған ол ең алғаш 2006 жылы дубляж әлеміне еніп, дубляждағы еңбек жолын «Қазақстан» арнасында көрсетіле бастаған сериалдарды дыбыстаудан бастайды. Дубляж режиссері Т.Қамшыбай талапты әрі талантты маманға сенім артады. Тіпті, бар-жоғы бір аптаның ішінде Азамат басты кейіпкерлерді дубляждауға кіріседі. Актер бала кезінен көріп өскен «Бандыны қуған Хамит», «Менің атым – Қожа» сынды фильмдерді дыбыстаған дубляж мамандары Ф.Шәріпова, Е.Жайсанбаев, А.Смайылов секілді алтын дауыс иелерінің осы саладағы еңбегі ерек екенін айтады. Бүгінгі мамандар сол алдынғы арбаның соңынан еріп, жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысып жатқандығын да жасырмады.
Азамат Шарғын: «Негізінен, дыбыстау және дубляж болып екіге бөлінеді. Сериалдарды, фильмдерді дубляждауда кейіпкердің эмоциясын дауыс арқылы нақты жеткізіп қана қоймай, қимыл-әрекетіне, мимикасына да мән беріледі. Сонымен қатар, «Қазақфильмде» көркем фильмдерді дыбыстаймыз. Онда мәтінді кейіпкердің ыңғайына қарай «тегістеу» керек. Яғни, аудармашылар оның аузы мен сенің аузың сәйкес келетіндей етіп аударып береді. Дубляж саласы сонысымен қиын әрі қызықты», – деп ағынан жарылды.
Театр, кино және дубляж актері бейнесі мен үні арқылы көрермен құрметіне бөленіп үлгерген. Оның қайталанбас образдары кино-қоржынында мәңгі сақталатынына сенеміз.
Дубляж саласының маманы болу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Өйткені, актер мәтінді түсініп, тебіреніспен оқып қана қоймай, тіл тазалығына, дауыс ырғағына да мән беруі тиіс. Дубляждың осындай талаптары барын ескерсек Азамат Шарғын актерлік шеберлігі мен ішкі қуаты астасқан, дауыс ырғағындағы өзгешелігі мен кейіпкерін сезінуі бөлек болмыс иесі!

Тобықтай түйін: Қазақ дубляжының тарихында алтын әріппен жазылған мамандардың қайталанбас үні әлі де құлағымызда. Киноаударма саласы бойынша фильмді аудару барысында қызмет жасайтын шығармашылық топтың әрқайсысы өз ісін мұқият атқарып, режиссер мен дублер-актердің ымырасы ғана емес, бүкіл ұжымның бірлікке құрылған еңбегінің нәтижесінде кез келген кинотуындыны өз ана тілімізде сөйлете аламыз. Иә, көгілдір экранның ар жағында біз білмейтін талай сыр жатыр…

Әлия Іңкәрбек, “Qazaq” газеті