КОНСТАНТИН КУКСИН: «КӨШПЕНДІЛЕР МӘДЕНИЕТІ ҚҰРАҚ КӨРПЕ СИЯҚТЫ…»

96

Осыдан он бес жыл бұрын Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында қарапайым География пәнінің мұғалімі Константин Куксин мектеп ауласына киіз үй тігіп, көшпенділер мәдениетіне арналған кішігірім мұражай ашқан еді. Қазіргі таңда ол Ресей астанасының ірі этнографиялық мұражайларының біріне айналды. Оның мұражайында көшпенділер тұрғын үйлерінің 30 түрімен таныса аласыз. Айталық, киіз үйлер, обалар, шатырлар және Орталық Азия, Тибет, Солтүстік Африка, Америка, Ресейдің Қиыр Солтүстігінің көптеген тұрғын үй түрлерін табуға болады. Бұл жердегі барлық экспонаттар – түпнұсқалар немесе саяхат кезінде қолға түскен бұйымдар болып табылады. Мұражайдың басқа мұражайлардан ерекшелігі сол – онда тарихи жәдігерлерді қолмен ұстап көруге рұқсат етіледі. Келген қонақтарға көшпенді халықтардың қолөнерінен өтетін мастер-классқа қатысуға, бауырсақтан дәм татып, садақтан оқ атуға және тақырыптық дәрістер тыңдап, рухани байып қайтуға мүмкіндік бар. Араға он жыл салып тағы бір энтузиаст ашық аспан астында көшпенділердің өмірін көз алдыңызға келтіретін этносаябақтың іргесін қалады. Ата-бабасы ежелден отырықшы тұрмыс кешкен бұл орыс ұлтының азаматтары неліктен көшпенділер мәдениетіне қызықты? Сонау Мәскеу төріндегі Көшпенділер мәдениеті мұражайы мен этносаябақтың мақсаты не? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын табу мақсатында көшпенділер мәдениетін насихаттаушы, саяхатшы, зерттеуші, этнограф, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі, ақын, бірнеше кітаптардың авторы Константин Куксинді «Ашық әңгімеге» шақырдық.

«МӘСКЕУДЕГІ МҰРАЖАЙДЫҢ БАСТАУЫ КИІЗ ҮЙ БОЛДЫ»

– Константин, Сіздің мұражайыңыз жеке меншік пе, әлде мемлекетке қарай ма?

– Мұражай Мәскеуде мектеп аумағында орналасқан және қалалық білім бөлімімен тікелей байланыс орнатқан. Айта кететіні, мұражай жеке өзімдікі. Бұл жерде мен бүкіл әлемнен жинаған жәдігерлерімді халықтың назарына ұсына аламын. Ал мектеп бізді күзетпен, тағы да басқа ұсақ-түйектермен қамтамасыз етеді. Жылына орта есеппен мұражайды 40 мың адам тамашалайды. Мәскеудің әрбір оныншы тұрғыны бізде қонақта болды деуге негіз бар, бұл 17 миллион халқы бар қала үшін жаман көрсеткіш емес.

– Көшпенділер мәдениеті Сізді несімен баурап алғаны біз үшін қызық болып отыр…

– Туыстарым Өскеменде тұрады. Анам Алматы қаласында дүниеге келген, ал әжем өмірін сол қалада өткізген, мен болсам жыл сайын Алматыға барып тұрамын. «Несімен баурап алды?» деген сұраққа келсек, осыдан 15 жыл бұрын спортшы ретінде мен Моңғолияда болған едім. Бұл елге ғашық болдым. Моңғолдар, чукчалар, тағы да басқа халықтар туралы адамдардың ойында жаңсақ пікірлер қалыптасып қалғаны көңілге келетіні өтірік емес. Осы жаңсақ пікірлердің барлығына тоқтау қоюға, адамдардың көзін ашуға, олардың шын мәнінде қандай халық екенін бүкіл әлемге паш етуге шешім қабылдадым. Сонымен, киіз үйлерді алып келіп, мектеп аумағына орналастырдым да, көшпенділер тарихы мен мәдениеті туралы айта бастадым. Қазіргі уақытта мұражай Мәскеу қаласындағы ірі этнографиялық мұражайлардың біріне айналды.

 

«БОЛГАР АЗАМАТЫ ЭКСКУРСИЯНЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖҮРГІЗЕДІ»

– Ал мұражайда Қазақстан мәдениетін еске түсіретін экспонаттарды кездестіре аламыз ба?

– Қазақтар және олардың мәдениеті туралы көп айтамыз. Айта кететін жайт, бізде экскурсия жетекшілерінің арасында болгар азаматы бар. Оның жары – қазақ қызы, қателеспесем Ұлы жүзден шыққан. Өзі болгарлық болса да, экскурсияны қазақ тілінде де жүргізе алады. Сонымен қатар, бізде қазақтар, қырғыздар, түркімендер, тағы басқа түркі халықтары жайлы толық мәлімет алуға болатын «Орталық Азия көшпенділері» деп аталатын курс жүргіземіз. Біз мұражайда жұмысты келген қонақтардың жас ерекшелігіне байланысты жүргіземіз. Жас алшақтығы әртүрлі қонақтар келеді. Оның ішінде бүлдіршіндер де болады. Ал оларға жоғарыда айтып өткен халықтардың ұқсастығы, айырмашылығы, мәдениеті туралы құрғақ сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес. Осындай жағдайда біз сахналандырылған қойылымдар қойып береміз. Түркі халықтарының мәдениетімен шәй ішеміз. Осылай тиімдірек. Бірақ, экскурсия кезінде ересек қонақтарымызға  түркі халықтарының мәдениеті, тарихы туралы айтып берсеңіз жетіп жатыр.

– Орталық Азиядан қонақтар көп келе ме?

– Келеді, әрине. Айта кеткенді жөн көріп отырмын, қазақтар өте сирек келеді. Қырғыздар көп келіп тұрады. Күні кеше ғана бір қырғыз азаматы мұражайға бас сұқты. Кетерінде Тәжікстанмен шекаралас жатқан ауылына саяхаттауға шақырды. Кейде моңғолдар, тувалықтар да келіп тұрады. Ал ең белсенді диаспора ретінде буряттарды атар едім.

– «Түркі халықтары туралы қалыптасқан жаңсақ пікірлерге тоқтау қоямын» деп айтып қалдыңыз. Көздеген мақсатыңызға жете алдыңыз ба?

– Бұл өте көп уақытты, қажырлы еңбекті қажет ететінін ескерген дұрыс. Соған қарамастан, ғасырлар бойы біздің қоғамдағы көшпенділер туралы қалыптасқан жаңсақ пікірлерді өзгертуге барымызды саламыз.  Мен тек қана мұражайда жұмыс жасамаймын, сонымен қатар, радио, телеарна эфирлеріне жиі шығамын. Кітаптар жазамын. Мейрамдарда мыңдаған адамдар жиналатын жерге де барамыз. Көшпенділер мәдениетімен толықтай танысқан менің шәкірттерім чукчаларды, қазақтарды көре қалса, саусақтарын шошайтып: «қытайлар» деп айналып өтпейді. Мүмкін барлығы бірдей түсіне бермес, біздің ең басты үйреткіміз келетіні – сыртқы бейнесі саған ұқсамайтын болса да, оны сыйлау, ол да дәл сен секілді адам. Айтпағымыз, ондай адамдарға шыдау керек деген сөз емес, сенің мәдениетіңе ұқсамайтын мәдениетке дұрыс қарау, сыйластықпен қарау. Біздің мақсатымыз айқын. Ал мен айқын мақсат адастырмайтынына сенемін.

 

«БІР ҚАРИЯ ДОМБЫРА МЕН ҚОБЫЗДЫ ҮЙРЕТТІ»

– Жеке өз тәжірибеңізде көшпенділер туралы қалыптасқан қандай жаңсақ пікірлерді түзетуге көбірек күш жұмсалды?

– Ең бірінші моңғолдар туралы қалыптасқан жаңсақ пікір – «олар жабайы халық». Иә, моңғолдар арасында жауыздар да болған. Олардың мақсаты дамуды, халық өмірінің алға қарай жылжуын болдырмау еді. Бірақ, бір адам жаман екен деп, барлығына топырақ шашу дұрыс емес қой. Моңғол империясы өте үлкен держава болғаны бәрімізге де аян, не десек те, өз уақытында олар жер бетінің бестен бір бөлігін алып жатты емес пе? Өзіңіз ойлап қараңызшы, жабайы халықтың қолынан осындай нәрсе келер ме еді? Келесі жаңсақ пікір – Қиыр Солтүстіктің халқы мен чукчалар жайлы. Чукчалар – Солтүстіктегі басқа халықтарға қарағанда жауынгер халық. Олар аңшылыққа да бейімделген, жеңіл қайықтармен кит аулай біледі. Мен олармен біраз уақыт өмір сүріп көргенмін, өте қызық халық.

Одан кейін сығандар жайлы қате пікірлер: «олардың барлығы дерлік ұры немесе анаша сатумен айналысады». Әрине, барлығы дәл бұлай емес! Сығандардың ішінде қылмыстық топтар бар екенін жоққа шығара алмаймын, бірақ дәл осындай қылмыстық топтар орыстардың да, қазақтардың да, украиндықтардың да ішінде барын мойындағанымыз жөн. Ал сығандардың 90%-ы – көшпелі қолөнершілер.

– Сіз түзеуге тырысқан қазақ халқы жайлы қандай да бір жаңсақ пікірлер бар ма?

– «Қазақ халқында поэзия атымен болған емес, ақындар – тұрақсыз, жеңіл-желпі адамдар» деген сияқты пікірлерді кездестіруге болады. Бұл пікірдің қате екеніне көздерін жеткізу үшін қонақтар арасында арнайы жарыс ұйымдастырамыз. Жарыстың шарты – сол уақытта суырып-салып өлең шығару, яғни айтысу. Суырып-салма – ақындықтың ең биік шыңы деп есептеймін. Осы уақытқа дейін айтысқа, өлең шығаруға атүсті қарап  күлген кейбір адамдар екі сөзді ұйқастыра алмай жатады. Негізі қазақтар жайлы жаңсақ пікірлер жоқтың қасы. Себебі, Кеңес Одағы тарағаннан бері  экономикаларыңыз тез дамыды емес пе, сол себепті айта берер ештеңе жоқ.

– Домбырада керемет ойнайды екенсіз, қайдан үйренгеніңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Керемет дегеніміз артық болар, жаман емес деп бағалағанымыз дұрысырақ шығар. Домбыра шертуді Қырғызстанда үйренген болатынмын. Бір қария маған қобызды, одан кейін домбыраны үйретті. Негізінен музыкалық білімім бар – сырнайшымын. Домбырадан кейін гитарада ойнауды үйренуім қиын болмады. Экскурсия кезінде домбырада ойнап жүріп, ертегілер айтамын. Мен әлемді аралап жүріп, Қиыр Солтүстіктегі бұғы бағушыларға Сахара көшпенділері жайлы, Сахара көшпенділеріне – қазақтар мен қырғыздар жайлы әңгімелеп беремін. Бір сөзбен айтқанда, кезбе әңгімешімін. Сонымен бірге, мәдениеттер арасындағы «делдалмын» десем артық кеткенім болмас…

– Қазір жеке домбыраңыз бар ма?

– Иә, Орталық Қазақстанда жүргенімде бір кезбе музыканттан сатып алған домбырам бар. Бұл бірнеше жыл бұрын болатын, біздің пойызымыздың жанында сатып жүр екен. Бірақ, қаншама уақыт өтсе де әлі ескірмеді, өте жақсы аспап екен.

– Сіздің қазақ мәдениетін зерттеу үшін Батыс Моңғолия мен Батыс Қытайға барғаныңыз жайлы баспа беттерінен оқыған едік…

– Мен Оңтүстік Қазақстанда, Балқаш маңында жұмыс істегенмін. Сол уақыттарда Қытайдан, Моңғолиядан келген қазақтармен тілдескен болатынмын. Олар сол жақта көшпенді өмір сүрген, бірақ, көшпенді мәдениеті толық сақталмаған. Адамдар көшпенді өмір сүреді, есесіне ұлттық киімдері жоқ, көптеген салт-дәстүрлер ұмытылған. Әрі қарай, Батыс Моңғолия мен Синьцзянға (Ұйғыр автономиялық ауданы, – авт.) экспедиция ұйымдастырдық. Бұл өте қызық болды. Мен XIX ғасырдағы Қазақстанды көзіммен көрдім, киіз үйлер пешсіз жылытылады, адамдар ұлттық киімдермен жүреді, ең бастысы, ислам діні таза сақталған. Бұл бір басқа әлем іспеттес. Одан кейін біраз жылдар бойы тек қазақтардың мәдениетін зерттеумен айналыстым. Осының арқасында қазақ достар да таптым. Моңғолияда қазақтар – диаспора, егер олардың басқалардан ерекшелеп тұратын салт-дәстүрлері болмаса, олар баяғыда моңғолдардың салт-дәстүрімен бір қазанда қайнап кетер еді.

– Айтпақшы, Сіз экскурсияға шығарда өзіңізбен бірге мәскеулік оқушыларды қосып алады екенсіз. Бұл туралы не айта аласыз?

– Біріншіден, олар жоғары сынып оқушылары. Бірінші Мәскеуге жақын жерлерде боламыз, уақыт өте алыс жерлерге саяхаттауға шыға бастаймыз. Қазақстанның жартылай шөлейтті жерлеріне жеткен балалар өте көп сынақтардан өтеді, өскенде тіптен ТЖМ-де жұмыс істей алады. Арнайы дайындықтан өтпеген баланы мен өзіммен бірге алып жүрмеймін, себебі, олар маған белгілі бір уақыт аралығындағы тапсырылған аманат қой. Балалар басқа мәдениет өкілдері қалай өмір сүретінін көреді, біздің қалай жұмыс жасайтынымызға куә болады, бөгде адамдардың үйіне кіруді, оларға өзінің көкейіндегі сұрақтарды қоюды үйренеді. Барлығын да осы сала бойынша жетік меңгертіп шығару менің мақсатым емес, бірақ болашақта шәкіртім қандай мамандық иесі болса да, басқа мәдениетке деген сыйластықты, құрметті сақтап қалады, өзінен кейінгіге үйретеді. Басқаны сыйлап үйренгенде ғана мемлекетті жарқын болашақ күтеді.

– Мұражайыңызда сонымен қатар африкалықтардың да мәдениеті таныстырылады екен. Бұл мәдениеттердің қаншалықты айырмашылығы бар?

– «Көшпенді көшпендіні жақсы түсінеді» десек, тауып айтқанымыз болар. Себебі, уақыт бір орында тұрмайтынын жақсы білеміз. Туарегтер мен жартылай шөлейтті аймақтарда тұратын қазақтар бір-бірін жақсы түсінеді. Иә, оларда қыс мезгілі ешқашан болмайды, ал жазда барлығы бір-біріне ұқсас. Мәдениеті ешбір халыққа ұқсамайтын африкалық көшпенділер бар. Олар – афарлар және аты аңызға айналған масай халқы. Көшпенділер мәдениетін құрақ көрпеге теңеймін, әр бөлігі бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі болғанымен, барлығының түбі бір мәдениет қой.

 

«ЭТНОСАЯБАҚТА ҚЫМЫЗДЫҢ, ШҰБАТТЫҢ ДӘМІН ТАТУҒА БОЛАДЫ»

– Көшпенділердің тұрғын үйлерін Мәскеудің құбылмалы ауа-райында қалай сақтайсыз?

– Негізінен, ең алғашқы экспонат – моңғолдардың киіз үйі болатын. Мәскеудің құбылмалы климаты туралы ойланбастан, киіз үйді мектеп ауласына тұрғызып қойдым. Уақыт өте киіз үйім шіри бастады, ішінен жағымсыз иіс те шықты, су ақты. Осының бәріне қарап, мен климаты басқа жерде көшпенділердің үйін сол күйінде сақтауға болатынын түсіндім. Ал қазақтың киіз үйлеріне қосымша құрылғылардың керегі жоқ. Атап өтетін бір нәрсе, жазда барлық үйлерде салқынырақ болу үшін ауа баптағыштар қосылып тұрады, қыста электрлі жылытқыш пештер қосып қоямыз.

Африкалық көшпенділердің тұрғын үйлері өте нәзік болып келеді. Кәдімгі шатырлар ғой. Сол үшін оларға «көрінбейтін» темір жақтаулар қоямыз, тек кейбір қонақтар ғана байқайды. Жақтаулар қалың қар жауғанда шатырдың құлап қалмауын қамтамасыз етеді. Жасыратын ештеңе жоқ, маңдай термен, ерен еңбекпен ізденген, тәжірибеден өткізген дүниелеріммен қуана-қуана бөлісемін. Қазіргі таңда менің осы әдістерім бойынша Мәскеу маңындағы «Кочевник» этносаябағы жұмыс жасайды.

«Кочевник» этносаябағы Мәскеуде осыдан бес жыл бұрын ашылған болатын. Ашық аспан астындағы бұл саябақ көшпенді халықтың салт-дәстүрімен таныстырады. Ол жақта сіз қымыздың, шұбаттың дәмін тата аласыз. Сонымен қатар, кәдесыйлар сатып ала аласыз, түйелерге, қойларға шөп беріп, тағы да басқа таңсық дүниелермен танысуға мүмкіндігіңіз бар.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті