КОРЕЯ ЕКІГЕ ҚАЛАЙ БӨЛІНДІ?

163
Солтүстіккореялықтардың басым бөлігі Құдайға сенбейді, яғни атеистер. Олар Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирге табынады

Күні кешеге дейін 41 жыл бойы немістер екіге бөлінді, сол заман тілімен айтсақ, 1949-1990 жылдардағы капиталистік Федералдық Германия және социалистік Демократиялық Германия. Біріншісі – НАТО құрамында, екіншісі – Варшава пактісі жағында болды. Соғыс өрті тұтана қалса, екі жақтың да оттығының ұшында тұрған екі неміс бірін-бірі өлтіретін еді. Кезінде Вьетнам жұрты да екіге бөлінді: солтүстік – социалистік, оңтүстік – капиталистік. Дегенмен, бүгінде сол Германия да, Вьетнам да біртұтас ел. Ал, жарты ғасырдан бері бір-біріне ата жау болып келе жатқан корей халқы «екі жарты – бір бүтін» елге айнала ма? Жалпы, Корея екіге қалай бөлінді? «Qazaq» газеті бүгінгі санында осы сұрақтардың жауабын іздеп көрген еді. Сонымен…

Солтүстік Кореяның тізгіні социалистік елдің негізін қалаған
Ким Ир Сеннің немересі, елдің екінші көшбасшысы Ким Чен Ирдің ұлы 33 жастағы Ким Чен Ынның қолында

КОРЕЯНЫ ЕКІГЕ БӨЛГЕН КСРО МЕН АҚШ

1910-1945 жылдар аралығында Корея Жапонияның боданында болды. Ал 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның жеңіліс тапқаны белгілі. Яғни, сол жылдың тамызында Германияның одақтасы болған Жапониядан Кореяны азат етуге екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ білек сыбана кіріседі. Бірі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен Кореяға «көмек қолын» созып, жапон басқыншыларын қуып шығады. Осылайша Корея екіге бөлініп, солтүстік – КСРО-ның, оңтүстік – АҚШ-тың бақылауына өтеді.
Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен, Оңтүстік Кореяны басқаруға капиталистік көзқарастағы Ли Сын Ман тағайындалды. КСРО мен АҚШ-тың келісімі бойынша, уақытша басқару мерзімі аяқталғаннан кейін екі тарапты (солтүстік пен оңтүстікті, – ред.) қайта біріктіру көзделді. Бірақ, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түсті. Масқара болғанда, 1948 жылы 15 тамызда Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) құрылды. Осылайша КСРО мен АҚШ-тың кесірінен екіге бөлінген корейлер бір-бірімен соғысып кетті.
КСРО және Қытайдың қолдауымен Солтүстік Корея әскері қуатты күшке ие болды. Содан Ким Ир Сен Иосиф Сталинге (Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы, – ред.) Ли Сын Ман басқаратын Оңтүстік Корея билігін басып алуға көмектесуін өтінеді. Көп ойланбастан Сталин Ким Ир Сеннің өтінішін жерге тастамайды. КСРО мен Қытайдың қолдауымен Ким Ир Сен ата жауы болған Ли Сын Ман билігіне шабуыл жасап, Оңтүстік Кореяның 90 пайыз жерін басып алады. Алайда Ким Ир Сен жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмайды.
Корей түбегінде АҚШ ықпалының болмағанын қалаған Қытай Кеңес Одағына жақтас болса, АҚШ-қа Ұлыбритания, БҰҰ бітімгершілік күштері мен НАТО блогы қолдау көрсетті.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін Солтүстік Корея Кеңес Одағының қолдауынсыз қалады. Соған сәйкес, Ким Ир Сен Оңтүстік Кореядан бас тартуға мәжбүр болады.
1950 жылы 25 маусымда басталған Корей соғысы 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасты, ал соғыстың бітімі туралы ресми келіссөз әлі күнге дейін жасалмаған. Корей соғысының зардабы орасан зор болды. Түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5-6 миллион адамның қаза тапқанын көрсетеді.
Иә, Кореяның кезінде қайта бірікпеуіне КСРО мен АҚШ-тың өз мүдделерін корей ұлтының тағдырынан биік қоюлары себеп болды. Өйткені, қос держава Кореяны өз жақтастарының басқаруын қалады. Ал бұл жағдайда корей ұлтының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» мүмкін емес еді.
Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, коммунист корейлер мен демократ корейлердің басы бірігер емес, бір-бірін ата жаудай көреді. Өйткені, осы жылдар аралығында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея басшылығы бір-біріне қарама-қайшы идеологияны жүргізіп келді. Оңтүстік Корея антикоммунистік, ал КХДР антикапиталистік саясатты қатаң ұстанды. Соны халықтың санасына әбден сіңірді. Соның салдарынан бір ұлттың екі көзқарастағы ұрпағы пайда болды. Оңтүстік Кореяның бүгінгі жастары үшін Солтүстік Корея басқыншы (оккупант) жауыз ел.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ VS СОЛТҮСТІК КОРЕЯ: ҚАЙСЫСЫ МЫҚТЫ?

Түрі, тілі, ділі бір болғанымен бүгінде корей ұлты екіге бөлінген мемлекет.
Корея Республикасы – Корей түбегінің оңтүстігінде орналасқан Шығыс Азиядағы мемлекет. Бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын мемлекеттің бейресми атауы – Оңтүстік Корея. Халқы – 52 млн адам. Астанасы – Сеул. Президенті – Мун Чжэ Ин (2017 жылы 10 мамырда сайланды, – ред.).
Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) – Корей түбегінің солтүстігінде орналасқан Шығыс Азиядағы мемлекет. Елдің бейресми атауы – Солтүстік Корея. Солтүстігінде Қытай және Ресеймен шектеседі. Халқы – 25 млн адам. Астанасы – Пхеньян. Конституция бойынша, КХДР – Чучхе идеясын басшылыққа алған егеменді социалистік мемлекет. Билік Еңбек партиясының қолында, яғни біздің тілмен айтқанда, Солтүстік Кореяның президенті 33 жастағы Ким Чен Ын (партия төрағасы). Ол – Солтүстік Кореяның негізін қалаған Ким Ир Сеннің (1912-1994) немересі, елдің екінші көшбасшысы Ким Чен Ирдің (1942-2011) екінші ұлы.
1950-ші жылдары Ким Ир Сеннің кезінде негізгі азық-түлік пен тұтыну тауарлары арнайы карточкалармен таратылған. Дегенмен, 90-шы жылдары Кеңес Одағының көмегі тоқтағаннан кейін Солтүстік Корея экономикалық дағдарысқа ұшырады. Бұл социалистік елде ашаршылық 1995 жылы басталып, тек 2000 жылдары аяқталды. Әр түрлі мәліметтерге сәйкес, ашаршылық кезінде бір миллионға жуық адам қайтыс болыпты.
Қос елдің дамуына келсек, тағы да сол, КСРО ықпалында болған Солтүстік Корея артта қалды. Билігі әскери авторитаризм болғандықтан, өмірлері жанталаса қаруланумен, ықтимал соғысқа дайындалумен өтіп жатыр. Ал АҚШ-тың ықпалында болған Оңтүстік Корея демократиялық жолға түсіп, қарыштап дамып, өркениетті елге айналды.

Тобықтай түйін: Қазіргі жағдайда екіге бөлінген корей халқының тұтастығы туралы айтудың өзі артық болса керек. Ал әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алған Солтүстік Корея райынан қайтар емес. Бұрнағы күндері КХДР Гуам аралын (Тынық мұхитындағы АҚШ-тың жері, – ред.) баллистикалық зымыранмен атқылайтынын, АҚШ-тың айбатынан еш сескенбейтінін мәлімдеді. Ақ үй басшысы Дональд Трамп та өз кезегінде Солтүстік Кореяға зымыранмен жауап беретінін хабарлады. Алда-жалда Ким Чен Ын Гуамды нысанаға алса, АҚШ-тың да қол қусырып отырмайтыны белгілі. Оқиға мұндай жағдайда өрбісе, Корея түбегінде қайта соғыс өрті лап етуі ықтимал.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, “Qazaq” газеті