КРИШТИАНУ РОНАЛДУҒА ҚАЗАҚТЫҢ ШАПАНЫН КІМ ТІКТІ?

33

Әлемге танымал 33 жастағы футболшы Криштиану Роналдуға шапан тіккен маңғыстаулық дизайнер, «Нұр-Шах» сән үйінің иесі және Маңғыстау облысының дизайнерлері қауымдастығының президенті Нұржамал Нұрпейісова тапсырыстың қалай түскенін және орындалуы туралы айтты.
Дизайнердің сөзіне қарағанда, тапсырыс берушілер алдымен шапанның эскизін сұратқан. Сондықтан дизайнер лезде іске кірісіп, эскиз салатын жергілікті және Ресейдегі суретшілерімен байланысқа шығады. Үздігін таңдап, көңілінен шыққан ұлттық киімнің 10 түрлі сызбасын тапсырыс берушілерге жолдайды. Ал, олардың басты талабы – шапанның артында Қазақстанның туында бейнеленген күн мен қыранның болуы.
Сән үйінің ұжымы тапсырысты екі ай бойы тігіпті. Осы уақытта Маңғыстаудың бас дизайнері бар уақытын тапсырыстың сәтті шығуына бөлген. Әсіресе, шапанға қажет заттарды өзі іздеп, тіпті тігілуін жіті қадағалаған. Сондықтан бұл тапсырыстың аса ерекше екенін айтады. Криштиануға шапанды тапсырған сәтте дизайнер Дубайда болыпты.
Айта кетейік, өткен айда «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдуға Женевада (Швейцария) қазақтың шапанын кигізіп, сый-құрмет көрсеткен еді.