КҮНДЕЙ ЖАРҚЫРАҒАН КҮЛТЕГІН

13

Әлемге әйгілі тұлға Күлтегінді жарыққа шығару жолында жан аямай өлшеусіз еңбек еткен абыз-ұстаз Мырзекең – Мырзатай Жолдасбеков туралы айту, зерттеу ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз. 

Иә, бекзат ағаның өнегелі өмірі мен тағылымы, еліне сіңірген еңбегі халқына белгілі. Ал, Құдай берген, Тәңір өзі сыйлаған, Жаратқан ие өзі жар болған тұлғаның бойындағы тылсым әлем әлі сыр ашылмаған жұмбақ-құпия екен. Адам бойында Алла Тағала дарытқан кие қасиет болады, бірақ пенделер оны білмейді. Қазіргі өркениет тілінде немесе ұғымында оны «харизма» дейді. Бұл дүние қатар әлеммен көзге көрінбей тылсым байланысып жатыр. Көзге көрініп, құлаққа естілмейтін, жанға сезілмейтін өмір таңғажайыбын «ой-көзі» жетілген сезгір, сұңғылалар ғана түйсік арқылы тани алады. Сөйтіп, олар жоқтан бар жасайды.
Бұдан он екі ғасыр бұрын өткен тарихты, өшкен жазуды, ұмытылған оқиғаны және көне тілді қазіргі көркем тілге айналдыру бұл ғылымда құбылыс болса керек. Ғылымда құбылыс болған Мырзекеңнің теңдесі жоқ Күлтегін туралы еңбегі. Тәңірлік наным бойынша «Құдай рухты» Күлтегінді әлемге әйгілеу жолында еткен өлшеусіз еңбегі, ізденісі, кедергілерден өтіп, кереметті кемеңгерлігімен дәлелдеуі асыра айтқандық емес, шындық. Таңғалдыратын Тәңір тылсымы, тастағы жазудың құпиясы, аруақ меңзеуі Мырзекеңнің ғылым әлемінде көзге ұрып тұр.
Белгілі қаламгер Болат Бодаубайдың «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты былтыр баспадан шыққан сыр-сұхбат кітабын оқып, әңгімені өзіме қатты ұнаған және қайран қалдырған «Күлтегін» тарауынан бастағаным тегін емес. Өйткені, 70-ші жылдары КазГУ-де оқып жүрген кезімізде «Орхон ескерткіштері» деп баспасөзде жиі жазылатын тосын, бұрын айтылмаған көне жәдігерлер жөніндегі мақала, зерттеулерді тарихқа құмар студенттер қызыға оқитын. Ол кезде аталған жазу-жәдігер, өліп-тірілген өркениет белгісі асыл құндылық екенін білген жоқпыз.
Еуропаға белгілі, бірақ өмірге келген жері дала-сахарадағы Алаш қазаққа беймәлім рухани қазына, теңдесі жоқ құндылықтың қасиетін білмеппіз. Ұстаз-абыздың меңзеуі бойынша зерттеуге кірісіп, бәрін ұмытып, зерделі ой түйіп, өлгенді тірілтіп, көмілгенді «көрден шығарып», азап-машақатты басынан кешірген Мырзекең еңбегі ерлікпен пара-пар еді.
Жоғарыда айтқан сыр-сұхбат ғұмырнамалық кітапта Күлтегін авторы әңгімені өзіне жол сілтеген академик Әлкей Марғұлан мен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің осы тақырыпта ой қозғауынан бастайды. Ұстаздарына деген махаббаты, олардың кісілік келбеті, еңбектеріне деген құрмет және олардың данышпандық қасиеттері Мырзекеңді қашанда қанаттандырып отырғаны естелік сұхбатта ерекше айтылады.

КҮЛТЕГІН – КИЕ КҮШ

Ғылымға деген қабілеті мен туа біткен дарын қасиетінің арқасында 60-шы жылдары аспирантурада қалған Мырзекеңді Күлтегін, Білге-қаған, Тоныкөк ескерткіш-жырлары қатты қызықтырады. Берілгені соншалық аспирантураның екі жылы түгелімен соған кетеді. Әсіресе, бұл дүниеде қолданыста жоқ ескі жазуларды оқу, түсіну және меңгеру оңай болмаған. Сондықтан Мырзекең сұхбат кітаптың «Күлтегін» тарауында былай дейді: «Ескі жазуларды меңгеру оңай болған жоқ, жүйке де тозды, шашым да ағарды, көзде талды». Аруақ бабасы Күлтегіннің елі үшін күндіз тыным таппағаны, түнде ұйықтамағаны сияқты Мырзекең де ғылым жолында тынығудың не екенін білмесе керек. Дейтұрғанмен отыздағы орда бұзар шағында қиындыққа мойымаған. Мақсатына жету үшін машақат көріп, кедергілерді жеңе білгені жеңіске жеткізген.
Мырзекеңнің бойындағы алапат рухани күш, қанындағы қасиет, жан әлеміндегі нұр мен қуат және көрінбейтін «төл аруақтың» жебеуі соңында Күлтегін құдіретінің мойындалуына әкелді. Қасиетті кітаптарда алдымен дыбыс-рух, тіл-әуез, сезім-сана, ой-қиял жаралған дейді. Будда дінінде ұмытылған рухты, қасиетті киені, өлген тілді көне уағыз, мінәжат арқылы тірілтуге болатыны жөнінде айтылады. Бұл өте қиын және тылсым әлем. Еврейлер өздерінің жұрнағы қалған көне тілін тірілтіп алды. Ал, ғалым Мырзекең қолданыста жоқ көне түркі тілінің ежелгі әуез нұсқаларына, әріп-таңбаларына жан бітірді. Біз еврейлердің ақыл-ойына табынып, тілін тірілткен оларды дана халық дейміз. Ал, тастағы көне түркі тіліне жан бітіріп, оны өмірге әкелген ғұлама ғалым Мырзекеңнің «рухани қаһарман» екеніне өреміз жетпейді.
Сонау керағар кеңестік дәуірде Күлтегін тақырыбын қаузап, тұңғиық түбіне бойлап, түркі жер жаһаның елең еткізіп, жаңалық ашқан Мырзекең туралы академик Ә.Марғұлан, профессор Б.Кенжебаев және ақын Ә.Тәжібаевтар оның еңбегін майдандағы ерлікпен тең деп текке айтпаса керек. Мырзекең бәрін ысырып қойып, «Күлтегін құдіретін» қаузап үздіксіз осы тақырыпта еңбек еткенде мүмкін аты әлемге мәшһүр екінші Күлтегін болар ма еді деген ойда қаласыз. Күлтегін рухы біздің тәуелсіздігімізді бақылап, қорғап, мәңгілікті меңзеп тұрған кие күш сияқты елестейді өзіме. Адам тіршілігі денедегі қан мен тердің тылсым қуаты мен қозғалысынан тұрады. Мырзекеңнің зерттеп, тірілтуіндегі «қызыл қанымды ағызып, қара терімді төктім» деген қанатты сөз қаһармандық қасиетке байланысты бұрын-соңды айтылмаған тылсым тіркес қой. Әңгімеге арқау болған тұлға бойында Ерлік пен Қаһармандық қатар тұр.
Адамның азан шақырып қойған аты көп нәрсені аңғартады және тылсымды сездіріп білдіреді. Өзі аспирант кезінде құдіретіне ес-түссіз берілген «Күлтегін» сөзінің мағынасын Мырзекең былай түсіндіреді: «Күлтегін» сөзі «күлік» (ұлы) және «тегін» (ханзада) деген екі сөзден тұрады» дейді. Бұл жерде «күлік» деген сөздің «атақты», «ұлы» деген мағына беретініне өзім кәміл сенемін. Атақты «Манас» жырында «албан күлік» атты сәйгүліктер мен тұлпарлар жөнінде көп айтылады. Яғни, «ұлы», «атақты» синоним сөздер. Олай болса «күлік» деген қазір көп айтылмайтын сөздің түпкі мағынасын Мырзекең өте білгірлікпен ғылыми айналымға түсірген.
1758 жылы Қытайға елшілікке барған Әлмерек бидің ұрпағы Мұсылманбайдың «аспан асты» патшасына сыйлаған арғымақтары «Албан күлік» тұлпарлар болатын. «Әз-Тәуке және Әлмерек» атты тарихи эссе кітапта бұл жөнінде егжей-тегжейлі жазылған.
«Заман-Қазақстан» газетінде редактор болған Болат Бодаубайдың Мырзекеңмен сыр-сұхбат кітабын оқыған соң «Күлтегін» тарауын неге екені белгісіз қайта-қайта оқуға тура келді. Сөйтіп, өзімше ой толғап жазуға бұл еңбек себеп болды.
«Тоқетерін айтқанда, «түрік қағанатын» құрған, үш ғасыр әлемді өзіне қаратқан, дүниенің төрт бұрышын алған, үш ғасыр салтанат құрған Бумын қаған да, Естемей қаған да, Елтерік (Құтылық) қаған да, қаһарман Тоныкөк те, айбынды Күлтегін де – бәрі біздің бабаларымыз. Тарихтың шындығы осы. Мен мұны дәлелдедім» деп Мырзекеңнің шынайы шындық арқылы, жан-дүниесінің тебіренісі мен ерен еңбегінің жемісі арқылы ағынан жарылғаны – ақиқатқа көз жеткізеді.

ТҰЛПАР ТҰЛҒА

«Адамды адам еткен еңбек» деген Маркстің мәтел-қағидасында даналық бар. «Еншім еңбек, демеушім партия болды» дейді данышпан Димекең. Мырзекеңнің де ұлы ұстанымы еңбек, ал ізденіс, ғылым жолындағы рухани демеушісі Бейсенбай Кенжебаев бастаған сол кездің марқасқалары екен. Жүйрікті тай күнінен танып, тұлпар болатынын құнан кезінен білетін ат сыншылары сияқты Бейсекең Мырзекеңді сақа жігіт кезінде біліп, оған үміт артады. Ұлы ілім жолына салады және жолын ашады.
Ал, Мырзекең даңқты ұстазы жайында бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтады. Оның кескін-келбеті мен көзге көрінбейтін рухын қатар суреттейді. «Бойын жасырған тұлпардай еді Бейсекең» деп ұстазын бір сәт есінен шығармайды. Ғылым саласында Бейсекең ағысқа қарсы жүзген ғұлама ғой. Автор ғалымның еңбегіне деген сол кезде селқостықтың да болғанын жасырмайды. Ұстазы туралы айта келіп: «Б. Кенжебаевтың бес томдығы әдебиет тарихында М.Әуезов, Ә.Марғұландардың еңбектерімен қатар тұратын құнды мұра деп есептеймін» деп ойын түйіндейді.
Ғылым әлемінде Күлтегін арқылы жарық жұлдыздай жарқыраған, ұлы ғалымдардың назарына ілінген, тұлғасына ілім рухы сай Мырзекең соңында Талдықорған педагогикалық институтына ректор болып тағайындалады. Мырзекеңнің басшы, азамат және ілім-білім қайраткері болып қалыптасуы осы өңірден басталады. Талдықорғандағы жастығының жалындаған жылдарын, еңбектен басқаны білмеген күндері мен айларын, жақсы адамдармен танысқан сәттерін, елмен араласып, жұртпен қауышқан кездерін Мырзекең ғашық болғандай сағынады. Сыр-сұхбат кітапта ғалым қайраткер емес ақындарша тебіренеді. Мұнда Мырзекең шәкірттердің әкесі, оларға дәріс оқитын оқытушылардың басшысы әрі ұстазы болып қызметін жалғастырады. Алдымен пединституттың материалдық-техникалық базасын түбегейлі жаңартуға кіріседі. Оқу-тәрбие жұмысын жаңаша қолға алады. Астана емес облыс орталығындағы оқу орнын КСРО-ға белгілі пединститутқа айналдырады.
Мырзекең сол кезде Қазақстанға ғана емес, Одаққа да белгілі ректор басшылардың бірі болды. Қасиетті Жетісу жерінде тасы өрге өрлеп, бақ жұлдызы жанды. Соңында ҚР Оқу министрі болып осы салада шырқау биікке көтерлді. Бұл 80-ші жылдардың соңы болатын. Мырзекеңнің ұлы Димекеңмен, оның сайыпқыран шәкірті, қазіргі Елбасымен етене жақын араласып, емен-жарқын сөйлесіп, сыр бөлісетін бақытты сәттері Талдықорғаннан басталады. Өмірінде өшпестей болып қалған осы өлкедегі оның әр күні қызыққа, тағылым мен өнегеге толы еді. Өзі зерттеген Күлтегін рухы қолдаған болар – ел-жұрттың ерекше ықыласына бөленді.
«Жұлдыз», кейін «Ақиқат» журналдарында қызмет еткен жылдары мен Мырзекең еңбек еткен Талдықорған қаласында көп болдым. Ол кісі жүрген Алматы-Талдықорған күре жолымен көп жүрдім. Кейін Димекең аты берілген Қонаев даңғылында менің бір жақсы досым тұрды.
Мырзекең аяғының ізі, табанының табы қалған пединститутта, «обком» партияның ғимаратында және «Күлтегін-көке» кезінде өмірге келген Ілияс Жансүгіров мұражайында талай болдым. Мұражайға келген бір күні осы мәдениет ордасында болған Димекеңнің және оның қасында тұрған Мырзекеңнің суретін көрдім. Димекеңнің арнайы жазып, қол қойған қолтаңбасы көзіме оттай басылды.

ҚЫСЫМ НЕМЕСЕ «ПАРТБИЛЕТ»

Облысқа жаңа басшы Сақан Құсайынов келгенде бірінші хатшы тарапынан Мырзекең қысастық көріп, қиянатты бастан кешіреді. Қаһарына мінген хатшы бірде кабинетіне шақырып алып, қызметтен босату үшін: «Мұнда партбилетіңді тастап кет», – дейді. «Менің партбилетімді сіз алмайсыз, керек болса Қонаевтың өзі алады», – деп өзінің жазықсыз екенін дәлелдейді. Соңында облысқа іс-сапармен ол кезде Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, мән-жайымен танысқан соң обком хатшысы сабасына түседі. Мырзекең кек сақтамай бұл келеңсіз оқиғаны ұмытады. Сақан зейнетке шығып, көзі көрмей дертке шалдығады. Жақында ғана министр болған Мырзекең бұл жағдайды естіп, телефон арқылы хабарласқанда Сақан еңкілдеп жылайды. «Артық кеткен жерім болса кешір», – деп ағат кеткеніне өкінеді.
Осы жерде Мырзекеңнің кешірімшілдігі Димекеңе ұқсайды. Үстінен Мәскеуге орынсыз арыз жазғандарды Димекең «Қателік кімде болмайды?!» – деп кешіріп отырған. Жамандық жасағандарға Димекең керісінше жақсылық жасап, ешқашан кек сақтамағаны әлі күнге дейін қайран қалдырады.
Мырзекеңнің Димекеңді «Ақылдың кені, данышпан» деп әрқашан еске алып жүретінін білемін. Бір жылдары кемеңгердің жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Димекеңнің «киелі кісі», «әулие», «данышпан» екенін тылсым күштері арқылы дәлелдеп Мырзекеңе хат жаздым. Өмірбаяндық мақтау мен мадақтау емес. Бір күні Шырынбек деген жігіт телефон соқты. Мырзекеңнің хатты оқып риза болғанын айтты. Реті келсе Д.Қонаев жайындағы кітаптың жарыққа шығуына көмектесетінін айтқанда қуанғаннан төбем көкке екі елі жетпеді. Мәселе бұл жерде өзім «Күлтегін көке» деп отырған Мырзекеңнің меселімді қайтармай, сағымды сындырмай, хатқа мұқият мән берген сергектігі мен кісілік кемеңгерлігінде болып отыр. Ұлы Димекеңді ұлықтауға байланысты Әбіш Кекілбаевтан бастап, белгілі қоғам қайраткерлері мен депутаттардың, әкімдердің біразына хат жазған едім. Ешқайсысынан жауап келген жоқ. Тіпті, телефон арқылы лебіз білдірмеді. Жалғыз Мырзекеңнен ғана көмекшісі арқылы жауап келді.
Етене жақын араласпасам да сырттай жақсы білетін тұлғаға деген сүйіспеншілік осы хат жауабынан басталды. Міне, сондықтан былтыр арнайы іздеп барып, соңғы шыққан кітабымды сыйладым. «Әз-Тәуке және Әлмерек» атты оқырман сұранысы бойынша үшінші рет жарық көрген кітабының бас кейіпкері Әлмерек абыз жөнінде Мырзекең біледі екен. «Ол атақты албан Әлмерек қой» деп бір қайырды.

ҚАЙРАТКЕРДІҢ ҚАСИЕТІ

Естелік сұхбатта Мырзекеңді әңгімеге тартатын Болат Бодаубай Димекең мен Горбачевтың арасындағы айқасқа себеп болған бір оқиғаны жақсы келтіреді. Горбачев өлкелік партия комитетінің хатшысы болып тұрған кезінде Ленинді көрген қарашай ұлтының қариясы өз ұлтының тағдырына байланысты Мәскеуге хат жазады. Бас хатшы шағым хаттың анық-қанығын тексеру үшін мұны Димекеңе тапсырады. Сөйтіп, соңында Горбачев Мәскеуге келіп Политбюрода таяқ жейді. Мендібас патшаның Димекеңе деген кектенуі осыдан басталса керек.
Жалпы Димекең мен Горбачевтың арасындағы мылтықсыз майдан, айқас әлі түбегейлі зерттелмей жатқан бір жұмбақ тарих. Белгілі саясаткерлер неге екені белгісіз дәл осы тақырып жөнінде тіс жармайды. Горбачевтың Димекеңді алдымен партиядан шығарып, барлық атақ-даңқынан айырып, үш рет Еңбек Ері марапатын тәрк етіп, соңында ескерткішін құлатуды мақсат еткені шындық еді. Күрес, айқаста Құдай Қонаевты қолдап, Горбачев соңында масқара болып тақтан тайды. АҚШ ғалымы Марта Оклот екі жылға жуық созылған Горбачев пен Қонаевтың арасындағы текетірес, майдан, шайқастың сырын ашады. Сөйтіп, жеңістің Қонаев жағында болғанын дәлелдейді. Мырзекең «Тәңір құдіретті көсем» деп меңзеген Күлтегіннің рухы да Димекеңді қолдаған шығар. Өйткені Күлтегін, Тоныкөк, Білге-қаған Мырзекеңнің пайымдауынша Қара жер, Аспан жаралғандағы біздің түп ата-тегіміз ғой.
Кітап кейіпкері, «Күлтегін көке» Димекеңе қарап бой түзеген, өнеге алып үйренген. Біраз белгілі қоғам қайраткерлері жайында толғанады. Әсіресе, Талдықорған «обкомының» бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаевпен ағалы-інідей болғаны жөнінде әсерлі баяндайды. Сақан Құсаиновпен шекісіп-бекіскенін жоғарыда айттық. Талдықорғандағы өзіне дейінгі ректор Л.Рүстемов туралы, сол кездегі оқу министрі Қ.Балахметов жайында жақсы әңгімелейді. Атақты академик Ө.Жолдасбековтың ағалық қамқорлығын тілмен айтып жеткізе алмайды. Аталған атақты ағалардың бәрін көрдім. Олардың ішінде оқу министрі Қ.Балахметовпен жиналыс мәслихаттарда, алқа-отырыстарында талай жүздесіп, әңгімелерін тыңдадым. Ол кісі қарапайым болатын.
Қызмет бабында атақты тұлғалармен емен-жарқын сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрып, дәмдес болғанының әсерінен болар – Мырзекең біз білмейтін көп жайлардың сырын ашып, мәселенің астарына үңіледі. Тек Талдықорған, Алматы емес, сонау Мәскеудегі ағарту саласының ақылмандары мен академиктері жөнінде Мырзекең мол мағлұмат береді.
Біз атеистік қоғамда қасиетті діннің киесін білмей ер жеттік. Жаратушы ие құдай тағаланың 99 қасиетті есімінің бар екенінен мақұрым болдық. Сондықтан тоғыз саны қазақ ұғымында айрықша нышан, киелі сан. Белгілі қаламгердің сыр-сұхбат романы тоғыз тараудан тұрады. Әр тараудың аты затына сай мазмұнды да үйлесімді әрі бәрі тауып қойылған. «Кең дүние, құшағыңды аш, мен келемін», «Нұрлы шаңырақ», «Бойын жасырған тұлпардай еді Бейсекең», «Күлтегін біздің бабамыз», «Баспана машақаты» деп жалғаса береді. Мырзекеңнің сәби, балалық, студенттік шағынан бастап, орда бұзар отызына дейінгі өмір жолы кейіпкердің өзінің айтуы бойынша әсерлі жалғасады. Әсіресе, аяулы анасы мен әкесіндей болған Кенен ақын жайында кейіпкер толғанысы еріксіз тебірентеді.
«Күлтегін біздің бабамыз. Біз көктүрік Күлтегіннің ұрпақ – зәузаттарымыз». Мырзекең мұны бұдан 45 жыл бұрын болжап айтқан еді. Соңында сәуегейлік ойы шындыққа айналып салтанат құрды. Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы ой мен оқиғаны, дерек пен қисынды керемет үйлестіріп былай толғады:
Екеніміз шын болса
Ертүріктің ұрпағы,
Бізге қымбат көктастың ұшып
түскен ұнтағы.
Құдіретін әз тұтып
Күлтегіндей киенің,
Ұл жасасын ұлтының
бола білген ұлтаны.
Бұл жыр 2001 жылы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ашылу салтанатында оқылып, киелі Күлтегін рухы жаңа Елорда – Астанада жаңғырды.
«Құдай қолда, аруақ оңда» дейді қазақ. Сөйтіп, Жаратқан-Ие қазаққа жар болып Алаш еліне Тәңір нұры төгілді. 80-ші жылдардың соңында сыртқа кеткен тайқазан Түркістанға келіп, ырыс-береке, құт-рыздықтың жолы ашылса, ал Астанада он екі ғасырдан кейін қайта тірілген Күлтегін рухы ұрпақтарын рухтандырды, бірлікке үндеді. Өкініштісі қасиетті кітаптарда айтылатын мұндай тосын тәңір тылсымын адамдар сезбейді, білмейді. Димекең сияқты «ой-көзі» барлар ғана бағамдай алады.

Тобықтай түйін: Бағзы заманда ұлы бейнесі күндей жарқыраған, ақыл-ой, ержүректігі аңызға айналған тұлғаны «ұйқысынан тұрғызған» Мырзекеңді еріксіз әулие ғұлама деп айтуға мәжбүрсіз. Әулиелерде Жаратқан-Ие өзі қойған жанама ат болады. Мен Мырзекеңді өзім көрегендігіне, кемеңгерлігіне, тасқа тіл бітірген кие қасиетіне байланысты ішімнен «Күлтегін кісі» дейтінмін. Қазір мұны ашық айтып отырмын. Тауып айтқан екенмін. Димекең қасиетіне қатысты тәңір тылсымын меңзеп ол кісіге текке хат жазбасам керек. Кейін жөн сұрасқанда тегім Күлтегіндердің жалғасы Әлмерек екенін жасырған жоқпын. Әлмеректің бір ұлының аты Әубәкір еді. Оның бойындағы әкеден дарыған әулиелік қасиетке байланысты Әубәкірдің атын атаудан именіп, «Қаракісі» деп кеткен ғой. «Қара» деген сөздің ежелгі ауыспалы мағынасы «мықты», «қасиетті» деген ұғым беретіні түсінікті. Олай болса Күлтегінді күндей жарқыратқан еңбегі үшін Мырзекеңе «Күлтегін кісі» деп осылай ат қойғаным ерсі емес, әбден жарасады. «Еңбегі сіңген», «Еңбек ері» деген екінің бірі алатын ат-атақтан «Күлтегін кісі» деген орайлы ат есім әлдеқайда жоғары тұр. Ол – Көктәңір ғарышпен қауышып тұр. Мәңгілік өмір дегеніміз осы емес пе?!

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы