КҮРМЕУІ КӨП КҮНШІЛДІК

66

«Қазақты құртатын – күншілизм!

Күншілизм құрымай, қазақ көгермейді».

Бауыржан Момышұлы

 

Ұлы Дала ұландарының қилы тағдырлары

Күншілдік – адамдардың арасын ажыратады, таланттардың жолын бөгейді, дарындылардың басын дауға қалдырады. Кезінде 24 жасында Кеңестік дәуірдің мәдениет  әлеміндегі корифейлері Станиславский мен Немирович-Данченко сынды 60-70-ке келген алыптардың қатарында  КСРО халық артисі атағын иеленген қазақтың күміс көмей бұлбұлы Күләш Байсейітованың осынау даңқын  көре алмай үстінен арыз жазып, оған 6 адам қол қойып, Қытайға концерттік сапармен бара жатқан жолынан қалдырғандар да болған. Күләштің өмірден ойда жоқта ерте кетуін тездеткен де осы бір күншілдік, көре алмаушылық еді дегенді айтады замандастары.

Қазақ өнерінің тарихына есімдері алтын әріппен жазылып қалған әншілер, композиторлар, сал-серілер Ақан Сері мен Біржан Сал, әсем әуені Париждің аспанында қалықтап, француздарды тамсандырған Әміре Қашаубаев, қазақ даласын әнімен тербеген Қали Байжанов, Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы, «Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп шырқаған Ғазиз ақын – бәрінің өмірі қайғылы аяқталған.

Әсіресе, Әміренің тағдыры адамның  сай-сүйегін сырқыратады. Алдымен оны кедейдің баласы деп көре алмаған Исабек бай. «Жоқ болса – бере алмайды, бар болса – көре алмайды» деген ғой атам қазақ.

1914 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жас әншілер конкурсында өнерпаздар арасында Қали Байжнов екеуі озып шығып, екеуіне де бірінші орын берілген. Әміренің атағы осыдан бастап шыға бастаған. Табиғи дауыс, ғажап үн. Жарқын Шәкәрімовтың зерттеуі бойынша осы кезде Әміреге Тарақтының қызы Оразке ғашық болады.

РСФСР халық ағарту комиссары Александр Луначарский Украина мен Қазақстаннан    Парижге жіберетін өнерпаздар іздегенде осы Әміреге тоқтаған. Атақты Тамара ханумның да жұлдызы  осы кезде жарқыраған. Мәскеу неге мұндай қадам жасады? Бұл Кеңес Одағында барлық ұлттар бірдей тең құқылы деп айту үшін, көрсету үшін. Сөйте тұра Әмірені Парижде орыс помещигінің киімімен шығарған. Осы жолы Әміреге екінші орын, күміс медаль берілген. Музыка зерттеушісі композитор Балнұр Қыдырбектің айтуынша, француздың атақты жазушыларының бірі Ромен Роллан оның өнеріне тәнті болған.

Осы сапарында Мұстафа Шоқаймен кездескені үшін НКВД оның соңына түскен. 1925 жылы Әміре Кеңес Одағының атынан Майндегі Франкфуртқа барғанда Мұстафа Шоқаймен тағы кездескені үшін  он жыл бойы осы органның қудалауына түскен. Бірақ та оны Александр Луначарский қолдап отырған. Ал 1933 жылы ол қайтыс болған соң Әмірені қудалау күшейе түсіп, ақырында 1934 жылы театрдан қуылған.

1934 жылы 7 қарашада Қазан Революциясының  кезекті жылдығын тойлауға байланысты Әміре «Қыз Жібек» операсында Қыз Жібектің ролін ойнаған Күләшпен бірге Төлегеннің ролін ойнауға тиіс болған. Осыдан бір күн бұрын, яғни 6 қарашада түнде оны  өліп жатқан жерінен тауып алған. Сөйтіп қазақ даласының ұлы әншісі Әміренің өлімі жұмбақ күйінде қалды.

Осыны сезгендей Әміре бір жолы Ахмет Жұбановқа: «Егер менімен бір нәрсе бола қалса, балаларыма көмектесерсің» деген екен. Әміренің екі қызы – Күлән мен Күләш. Әміре қайтыс болғанда әйелі Оразке екіқабат қалған. Ұл туған. Оның есімін Серке Қожамқұлов Әміржан деп қойған. Оразке 1950 жылы қайтыс болған.

Әміренің өмірін зерттеген Жарқын Шәкәрімов 1974 жылы Мәскеуден оның жазылып қалған дауысын   тауып әкеліп, туған халқына таныстырды.

«Айналайын халқымнан еркелеткен» деп бір өзіне ғана тән әуезді үнімен, әсем әнімен халқының құлақ құрышын қандырған   Роза Бағланованың да бұл өмірде көрген қысастықтары  аз болмаған. Мен мұны кезінде Роза Тәжібайқызының өз аузынан естіген едім.

* * *

Солардың қатарында  70-ші жылдары атағы әлем жұртшылығына жақсы таныс әнші Энрике Карузоның Отаны Италияның Милан қаласындағы «Ла Скала» опера театрында тағылымдамадан өтіп келген әйгілі күміс тенор Амангелді Сембин де бар еді. Осынау дарынның өнер жолындағы өмірі тым қысқа болды. Дүниені шарлап, өнеріне тәнті етіп келген ол отандық сахнада небары сегіз-ақ жыл ән салды. Оның дара дарынын көре алмаған күншілдер ақыры  түбіне жетіп тынды. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған, сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз» деп күйзелсе, ақын Күләш Ахметова:

Не болды? Қалай сөнді отың ішкі?

Қаладың қалай әнсіз отырысты?

Гауһарын табиғаттың жаныңдағы

Теңізге тастағаның өкінішті… – деп толғанған Амангелдіге арнаған өлеңінде. Мен Шер-ағаң мен Күләш Ахметованың бұл лебіздерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбайдың «Егемен Қазақстан» газетінде өткен жылдың маусым айында  жарияланған эссе-реквиемінен алып отырмын.

Иә, біз Амангелді Сембиндей дара тұлғадан ойда жоқта айрылып қалдық. Өкініш өзегімізді өртейді. Мен оны көшеде біртүрлі болып жүрген жерінен бір  рет көргенім бар. Сонда теледидардан ән шырқағанда дүйім жұртты аузына қаратып  жарқырап  тұратын  бауырымызды басқа бір кейіпте  көріп ішім удай ашыған-ды. Жанында екі жігіт болды.

Біз сол кезде Мәскеуде «Известия» газетінің ұлттар редакциясының  Қазақстан бөлімінде қызмет істейтін Сағат Жұмағазиев аға екеуміз көшеде әңгімелесіп келе жатқанбыз. Сағат аға да Амангелдіні бірден танып: «Қалқам-ау, мына бейсауат жүрісіңе жол болсын» деп ренжіп еді. Амангелді: «Тиісті жерге айта барыңыз» деп қысқа қайырды да жөніне кетті. Сағат аға: «Әттеген-ай, әттеген-ай, мына баламыздан айрылып қалған екенбіз ғой» деп ауыр күрсініп, санын соқты да қалды. Ал мен Амангелдінің неліктен әлгіндегідей сөздерді айтқанын ұға алмадым. Әлбетте, оның осылай деуінің  өзіндік бір себебі де болған шығар, кім білсін.

Амангелді Сембинді тура жолдан тайдырғандарды және ол үшін қандай құйтырқыларға барғандарды  аға буын өкілдері мен орта буын өкілдері жақсы біледі.  Бірақ дәл қазір ол мұндарлар өмірден озып кеткендіктен ескі жараның аузын тырнағылары келмейді. Тек Шер-ағаның «Бір кем дүние» кітабындағы  «…дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді» деген сөздері ойға орала береді.

Бір кездері қазақтың дара ақындарының бірі Қасым Аманжоловты:

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытамын,

Үйдегі әйелімді, жас баламды, – деп ширықтырған, ал одан кейін поэзия әлемінде жарық жұлдыз болып жарқыраған тағы бір дарынды:

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Бірақ та өлтіре алмас өлеңді ешкім! – деп торықтырған жандардың жиіркенішті іс-әрекеті де күншілдіктен, көре алмаушылықтан, іштарлықтан туған еді.

Ендігі жерде жазылмас жараға, айықпас дертке айналып бара жатқан, алға басқан адымымызды аштырмай аяқтан шалып қалатын осынау күншілдік деген бәлекеттің бүгінгі таңда да қылаң беріп отыратыны жайында сөз қозғап, бірер мысал келтірмекпін.

 

Дарындыны даттамас болар

Қазақтың қырғи тілді сатирик ақыны марқұм Шона Смаханұлының өз аузынан кезінде мынадай  бір әңгімені естігенім бар  еді.

Кеңес Одағы  атты отаршыл алып империяны 30 жылдай басқарған И.В.Сталиннің кезінде «халық жаулары» деген жаламен жазықсыздан жазықсыз атылып кеткен халқымыздың бетке ұстар ұл-қыздары, аяулы  арыстарымыз шетінен ақтала бастаған 50-ші жылдардың аяғына таман Қазақстан Жазушылар одағында өткен үлкен  жиындардың бірінде кезінде жыр алыбы атанған ұлы ақын Жамбылдың хатшысы міндетін кезек-кезек атқарған  ақындар жоқ жерден жік шығарып, бірі «Жамбылдың ана өлеңін  мен жазып едім», екіншісі «Мына өлеңі менікі» деп  «20-шы ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың жырларын «бөлісуге» кіріссе  керек. Бұған төзе алмаған Қазақстан Компартиясының сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдин ағамыз: «Тоқтатыңыздар бұл әңгімені. Жамбыл боламыз десеңіздер,  қазір ешкім сіздерге қой деп отырған жоқ», – деп тыйып тастаса керек.

Сонда  жаңадан көзге түсіп келе жатқан, жас талант деп ауызға іліне бастаған ақындардың бірі орнынан тұрыпты да: «Если Джамбул поэт, то я покину зал» деп шығып кетіпті.  Сол ақынның ақыры жақсы болмай,  ішімдікке салынып, өмірден жастай кетті деп естідім. Оны білген жандардың айтуынша, өте талантты, болашағынан үміт күттірер ақын болған екен. Кім білсін, бәлкім аруаққа тіл тигізгенінен  болар. Міне, тілі орысша шыққан осындайлар қазір де бой көрсетіп қалып жүр. Олар халқымыздың бетке ұстар асылдарын орыс тілінде шығатын  басылымдарда  қаралауда. Оқта-текте тіпті  ұлы Абайға да (Е.Курдаков), ұлы Жамбылға да (Е.Курманбаев)  тиісіп қояды.  Курдаков Абайды нашақор болған деп ғайбаттаса, Курманбаев тіпті Жамбыл деген ақын өмірде болмаған дегенге дейін барды (Очерки фальсификации казахской истории. Kultura.Az. 2009). Бұл, әрине, өз алдына бөлек әңгіме.

Менің айтпағым басқа. Сахараның сұңқары Сәкен Сейфуллин ағамыз кезінде «Бәрінен де батқаны, өз итіңнің қапқаны» деп налығанындай, соңғы кезде әдебиет пен өнер саласында  тасада тұрып тас ататындар пайда бола  бастады.

Осыдан бірер жыл бұрын халқымыздың біртуар ұлдарының бірі – батыр, сазгер, ақын әрі әнші Сегіз Серіге (Мұхаммед-Қанапияға) әлдекімдердің орынсыз соқтыққаны оқырмандардың есінде болар.  Оның атақты «Гауһартасын», «Мақпалын» және басқа әндерін жоққа шығаруға тырысып баққандар да болды. Бұған не деуге болады? Жауабы біреу – күншілдік!

* * *

Кеңес дәуірі кезінде ғылым жолына түскен бауырларымыздың біреуі докторлық диссертация қорғай қалса, Мәскеуге артынан бірнеше арыз ілесе кететін. Сөйтіп оны қорғатпай тастайтын. Содан диссертацияларын  көршілес республикаларға (көбіне бауырлас Қырғызстан мен Әзербайжанға) барып қорғауға мәжбүр болғандары да бар (Т.Қожакеев, Ө. Жолдасбеков).

Осы арада Бауыржан Момышұлына  тағы да жүгінуге тура келіп отыр. «Өтіріктің балын жалап күн көргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық»  деген еді ол кісі. Ендеше жан-жағымыздан анталап, біздің бүгінгі тірлігімізге сұқтана қарап, көз алартушылар көп болып тұрған, өз ішімізден шыққан алапес сатқындар мен салдақылар  туған халқының салт-дәстүрін мансұқ етіп, етектен тартып жатқан мына заманда Тәуелсіздік алған Отанын, еркіндікті аңсаған халқын шын сүйетін ұлтжанды азаматтар бір-бірімізді күстаналамай, күндемей, қайта жақсысын асырып, жаманын жасырып дегендей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір тудың астына топтала түсуіміз керек-ақ. Бізге жетіспей жатқаны осы жағы болып тұр.

* * *

 Барды бағалай білгенге не жетсін, шіркін! Соңғы кезде кейбір баспасөз беттерінде, телеарналарда, тіпті бір әріптесіміздің  баспадан шыққан кітабында Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, сенатор болған Нұрлан Оразалинге орынсыз тиісу белең  алуда. Сол материалдарды қарап отырсаңыз,  негізінен «жаптым жала, жақтым күйе»  екені көзге ұрып тұрады.

Осыдан бірнеше  ай бұрын «Жас Алаш» газетінде «Жазушылар одағына жаңа басшы керек» деп он шақты жазушының Президенттің атына  жолдаған хаты жарияланды. Жазушылар одағының бүгінгі тыныс-тіршілігінен аздап хабары бар адам мұның тырнақ астынан кір іздеу екенін айтпай-ақ бірден түсінеді. Бұған 440-тан астам жазушының «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ашық хаты»  дәлел. Бұл хаттың мазмұны әлгі оншақты жазушының пікірі 700-ден астам жазушының пікірі емес екенін айғақтайды.

Кейбір қандастарымыздың тыныш жүре алмай, ұрынарға қара таппай, орынсыз соқтығатыны, жөнсіз тиісетіні, буынсыз жерге пышақ ұрып, түртінектеп жүретіні  көңілге қаяу салады. Әрине, жалпақ жұртқа жағу мүмкін емес. Ол ешкімнің қолынан келмейтін шаруа. Десек те кейбіреулердің Ай мен Күннің аманында «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керін келтіріп, сын орнына сойыл ала жүгіретінін қайтерсің. Ондайлардың: «Мына мен өзім не бітірдім, не тындырдым, туған әдебиетім мен мәдениетіме  қандай үлес қостым осы?» – деп бір сәт ойланып, ортақ үйіміздің шаруасын қалай жақсартуға болатыны жайында ұтымды ойлар айтып, орынды ұсыныстар жасаудың орнына  біреуді күстаналап, «ішіп қойды, жеп қойды» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей айғайлап шыға келетіні тағы бар. Ал нағыз ішіп-жеп, елдің ризығына ауыз салып, қалтасын толтырып алып, шетелге қашып жатқандарда шаруасы да жоқ олардың. Ондайларды көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп жүре береді. Кейбір қандастарымыздың бар білетіні де, қолынан келетіні де – біреуді, онда да қатар жүрген қандастарын күндеу. Күндеп қана қоймайды, жоғары жаққа арыз айдап жатады. Ол арыздары тексеріледі, бірақ алып-жұлып бара жатқан ешнәрсе табылмайды. Тек біраз жұрттың жүйкесі жұқарады, уақыты зая кетеді.  Бар болғаны – осы.

Дәл қазір өз басым Нұрлан Оразалин біздің бүгінгі жағдайымызда осы қызметке бірден бір лайықты жан  деп есептеймін. Орысшасы да, қазақшасы да тең түскен тұлға. Тәжірибесі мол, білгені мен түйгені көп. Мұндай ерекшелік екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін қасиет. Ондай жандар бізде дәл қазір саусақпен санарлық дер едім.

Нұрлан  Мырқасымұлы Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты қызметін абыроймен атқарды. Ол қаламгерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, кітаптарын шығару, қаламақы мәселесі  және тағы басқа проблемаларды шешу жолдарын Үкіметтің алдына қоюда. Осы жолда оның ойларының  іске асып, мақсатына жетуіне тілектес болайық. Барымызды бағалай білейік, ағайын!

Жалпы, әрбір адам құпиясы мол  сыр сандық екенін алдыңғы толқын ағаларымыздың талайы айтып кеткен. Ал қазақтан шыққан тұңғыш астроном Ұлықбек: «Аспандағы Ай мен Күнді зерттегеннен гөрі қасыңда жүрген адамды танып білу қиын екен», – деген ғой. Ендеше біреу жайында кесімді пікір айту үшін оның ішкі жан дүниесіне үңіле де білу керек.

Осы орайда Нұрлан Оразалинмен қасиетті қара шаңырақ – Жазушылар одағында жиырма жылдан аса қызмет еткен, оның он алты жылында Нұрлан Оразалинмен қанаттасып қызмет атқарған Берік Шаханов: «Азаматтың адалдығын, кісілігін, кеңдігін, іскерлігін танып-білу үшін бұл аз уақыт емес» дей келе оның одақтағы атқарған қызметінің толымды жақтарына кеңінен тоқталады («Қазақ әдебиеті», 2014 жыл). Бұл Нұрлан Оразалинді жөн-жосықсыз ғайбаттағысы келетіндерге берілген нақты жауап.

Нұрлан Оразалиннің өзі бір өлеңінде «Періште боп келіп өмірге, пенде болып өтеміз» деп жазғанындай, мен мұны базбір әріптестеріміздің әлі де пендешіліктен, күншілдіктен арыла алмай келе жатқаны жанға батқан соң жазып отырған жайым бар.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Жазушылар одағының мүшесі