КӨЛІКТІҢ VIP НӨМІРЛЕРІНІҢ ЖАҢА БАҒАСЫ ҚАНДАЙ?

5

Жаңа жылдан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Өзгерістердің бірі – көліктің тартымды көрінетін мемлекеттік нөмірлері үшін салынатын мемлекеттік баж салығы мөлшерінің көтерілуі болып табылады.
Автокөліктердің мемлекеттік нөмірі 1 қаңтардан бастап 6,7 мың теңге (немесе 2,8 АЕК) тұрады. Биылғы жылы айлық есептік көрсеткіш 2 405 теңге болғанын айта кету керек. Яғни, автокөлігіңізге 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 секілді нөмірлерді таққыңыз келсе, 57 АЕК немесе 137 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал дәл осы нөмірлердің бірыңғай әріптермен көрінетін түрін құптай көрсеңіз, оны 114 АЕК (274 мың теңге) төлеп ала аласыз.
Жекелеген 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 нөмірлерінің бағасы 137 АЕК немесе 329 мың теңге тұрады. Дәл осы нөмірлер бірыңғай әріптермен берілетін бағасы 466 мың теңгеге (194 АЕК) барады. Ал 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлерін таңдағысы келген қазақстандықтарға қалтасынан 548 340 теңге (228 АЕК) шығаруға тура келеді. Осынау ең тартымды нөмірлерді бірыңғай әріптермен алғысы келгендер қосымша тағы 137 мың теңге төлеуі керек. Демек, сіз көлігіңізге ең көрікті нөмірді 685 мың теңгеге (285 АЕК) сатып ала аласыз. Ал әртүрлі санды, бірақ әріптері бірдей нөмірлердің құны – 57 АЕК (137 мың теңге).