КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНЕ САЛЫНАТЫН БІРҚАТАР АЙЫППҰЛ ТӨМЕНДЕДІ

23

Парламент мәжілісінің депутаттары кейбір жол ережесін бұзуға қатысты жазаны жеңілдететін түзетулер жобасына жасаған ескертпелермен келісіп, мақұлдады.
Сенат әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бірсыпыра ескертпе жасап, мәжіліске қайтарған. Мәжіліс жобаға жасалған түзетулер оның концепциясын бұзбайтынын хабарлады.
Түзету жобасында жылдамдықты асырғаны үшін салынатын айыппұлды азайту қарастырылған. Қолданыстағы заң бойынша жылдамдықты сағатына 10 километрден 20 километрге дейін асырғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынса (бір АЕК – 2 269 теңге), түзетулер жобасында айыппұл мөлшерін 5 айлық есептік көрсеткішке дейін азайту қарастырылған.
Сонымен қатар, «жол қиылысы мен торабынан өту ережесін бұзғаны» үшін салынатын айыппұлды 10 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін азайту да қарастырылған. Қазіргі заң бойынша, жолдың қарсы бетіне шығып кеткені, оның ішінде айналып және бұрылып шығып кеткені үшін жүргізуші куәлігінен бір жылға дейін айырылатын болса, түзету жобасында бұл мерзімді алты айға дейін азайту қарастырылған.
Күндіз көлігінің шамын жақпағандарға ескерту жасалады, ереже бұзу тағы қайталанса 7 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Полицейлерге бағынбай, қарсылық танытқандар бюджетке 68 мың теңге аударуы тиіс. Ал ұсақ ереже бұзғандарға көбіне ескерту жасалады.
Айта кетейік, биылғы жылдың басында Қазақстан бас прокуратурасы айыппұлды көбейту жолда заң бұзушылықты азайтпайтынын айтып, айыппұл көлемін азайтуды ұсынған. Сондай-ақ, прокуратура елде тұрғындардың табысы азайғанын, ал кейбір айыппұлдар көлемі соңғы 15 жылда бірнеше есеге ұлғайтылғанын айтқан.