КӨЛІК ҚҰРАЛЫН ТІРКЕУ ЕРЕЖЕСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

9

ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің мәлімдеуінше, 26 мамырдан бастап көлік құралын тiркеу мен жүргізуші куәлігін алу ісі жеңілдейді. Бұдан былай көлікті қайта тіркеу кезіндегі есепке қою, көлік құралын тіркеу туралы куәлікке өзгеріс енгізу және бұрын тіркелген көлікті қайта тексеру шарасы болмайды. 

Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ауыстырып үлгергендер медициналық тексерістен өтпейді. Ал жүргізуші куәлігіне алғаш рет ие болғандар мен осы құжаттың қолдану мерзімін өткізіп алғандар медициналық тексеріске міндетті түрде жүгінеді.
Әкімшілік полицияның барлық тіркеу-емтихан бөліністері азаматтарды дүйсенбі күні (бұрын бұл күн техникалық күн болатын) де қабылдайды. Тіркеу-емтихан бөліністерінің жұмыс кестесі мынадай: дүйсенбі – жұма күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін), сенбі күні сағат 8.00-ден 16.00-ге дейін (түскі үзіліс сағат 12.00-ден 13.00-ге дейін).
Мұның барлығы ІІМ-нің 2014 жылдың 2 желтоқсанындағы №862 бұйрығына, сондай-ақ «Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 341 бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты қолданыстан алынып тасталады.
Тағы бір жағымды жаңалық көлік жүргізушілеріне жоғары сұранысқа ие (VIP) мемлекеттік нөмірлерден басқа сандық және әріптік белгілерді таңдау құқығы берілді. Енді олар 2,8 АЕК, яғни 6 734 теңге төлеп, мемлекеттік нөмірдің өздері қалаған сандары мен әріптерін меншіктей алады.
Айта кетейік, мемлекеттік нөмірлер тіркеу-емтихандық бөлімшелері мен арнайы ХҚКО-да ғана сатылады. Мұнда көлік жүргізушісі қалаған мемлекеттік нөмір әп-сәтте табылмаса, оған тапсырыс беруге болады.
ІІМ ӘПК-нің мәліметінше, тапсырыс берілген мемлекеттік нөмір көлік иелерінің қолына Алматы, Астана қалаларында 5 күнде, өңірлерде 15 күнде тиеді. Мемлекеттік нөмір жоғалса, ұрланса немесе жарамсыз болып қалса да осы мерзім аралығында қалпына келтіріледі. Бұрын жүргізушілер 30 күн күтетін. Мемлекеттік нөмірлер туралы барлық мәлімет тіркеу-емтихандық бөлімшелерінің ақпараттық стендтеріне орналастырылады, ал арнайы ХҚКО-да мемлекеттік нөмірге қатысты дерек терминалға енгізіледі. Өзіңізге қажетті ақпаратты осы жерлерден іздесеңіз, шаруаңыз көп ұзамай шешіледі.
Бұл ретте нақтылай кететін бір жайт, көлік мемлекеттік нөмір берілгеннен соң ғана тіркеледі. Көлік құралы елімізде бірінші рет тіркелсе, нөмірлік агрегаттардың есепке алу деректеріне сәйкестігін салыстыру үшін міндетті түрде тексеріледі. Бұл талап Қазақстандағы ресми дилерден сатып алынған көлік құралдарына ғана қолданылмайды. Яғни, елімізге шет мемлекеттерден, оның ішінде ЕАЭО елдерінен әкелінген темір тұлпарлар тексеруден өтпейінше есепке алынбайды.

Редакциядан: Көлік құралын тіркеудің жаңа ережесі мен алдағы шілде айынан бастап енгізілетін электронды құжат туралы толық мәліметтер «Qazaq» газетінің алдағы аптадағы №23 (920) санында жарияланады.