КӨМБЕ (АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ ХАЛЕЛ ҒАББАСОВ ПЕН ОНЫҢ ТУЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР)

534

СОНАРЛАУ

Былтырғы жылдың жаз айы болатын. Астанадан белгілі Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы телефон шалып, хабарласты. Айтуынша, Үржарда Отыншы Әлжанұлының ескерткішін ашуға барған шарада Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның орынбасары, «Сарыарқа» газетінің редакторы, көрнекті Алаш қайраткері Халел Ғаббасовтың немере інісінен тарайтын туыс ұрпағын кездестіреді. Аты-жөні – Әділхасенұлы Берікбол қажы Баязит (суретте). Сойы – Тарақты. Алаштануда Х.Ғаббасовтың тегі «татар» немесе «естек» деп белгіленіп жүргендіктен, ол кісінің «Халелдің руы тарақты еді» дегені таң қалдырады. Ол бұл жаңалық Халел Ғаббасов ғұмырнамасының көмескі тұсына жарық сәуле шашатынын аңғарады да, дереу Семейде Халелтану тақырыбымен айналысып жүрген зерттеуші шәкірті Раиса Садықовамен хабарласып, ақсақалдың байланыс телефонын береді. Оның Халелтану тақырыбында дайындалып жатқан ғылыми монографиясының мазмұнына Берікбол қажы деректерін анық-қанығын талдай, саралай отырып енгізуді тапсырады. Әңгіменің соңында Дәкең: «Қазақтың дәстүрлі паспорты бойынша Берікбол ақсақал саған да алыс емес қой. Ақсақалдың жадындағы барлық деректерді, естеліктерді жазбаға түсіріп, Халел туралы деректі фильм жасау, кітап шығару қажет. Берікбол ақсақалдың көкірегінде сақталған көмбе-деректер бізге алтыннан да қымбат. Қымбат дүниенің шашауын қалдырмай жинап алу үшін сен де атсалыссаң қалай болады?» – деді.

Менің «мақұл, жақсы» деген жауабымды алғаннан кейін Дәкең ақсақалдың байланыс телефонын берді. Сөйтіп, Берікбол қажымен танысу, білісу мүмкіндігі туды. Алдымен біраз уақыт телефондатып, содан соң Семей облыстық телекомпаниясының көмегімен облыс орталығындағы ауруханада емделіп жатқан ақсақалдан видео-сұхбат алу мүмкіндігі, Халелтанушы Садықова Раиса қарындастың арқасында Ғаббас әулетіне қатысты фото деректермен танысу сәті түсті. Ақселеу Сейдімбектің інісі Асылхан Сейдімбек Берікбол қажыны Астанаға шақырып, қонақ етіп, ақсақалдың аузынан шыққан деректерді жазып алады: бірге жүріп Жаңаарқа жерін аралайды, ақсақал қажыны елмен таныстырып, ата-бабалар рухына тағзым етеді.

Осы мақалаға арқау болған мазмұн Берікбол Баязит ақсақалдың өз аузынан айтылған естеліктер мен Халел Ғаббасовтың қарындасынан тарайтын ұрпақтар қолында сақталған фотошежірелер арқылы кестеленді.

ӘУЛЕТ ШЕЖІРЕСІ

Берікбол Әділхасенұлы Баязитов – 1939 жылы (құжаты бойынша 1940 жылы) Қытайдың Шыңжан өлкесі Шағынтоғай деген ауылында Қазақстаннан Қытайға жан сауғалап келген қазақ отбасында дүниеге келген кісі. Әкесі Әділхасен Баязитұлы – Халел Ғаббасовпен бір атадан тарайтын немере ағайын.

Әділхасен Баязитұлының айтуынша, Ғаббастан – Ахметжан, Баязит дүниеге келеді. Ахметжаннан – Халел, Баязиттан – Әділхасен, Ғаббастың бір ағайыны Мақыдан – Араб туады. Сойы – Орта жүздегі Тарақты, оның ішінде – Әлі атасы. Халелдің өз кіндігінен екі ұл (Забен, Қадыр), бір қыз тарайды.

Берікбол ақсақалда Баязиттер әулетінің Қытайдан Қазақстанға өткеннен кейін түскен отбасылық фотосуреті сақталған. Фотода Берікболдың әкесі Әділхасен ақсақал және  туысқан-бауыр апайлары бейнеленген.

Зерттеуші Раиса Садықованың Халел Ғаббасовтың қарындасы Жәмкенің немересі Манелдің (бұл кісі 2016 жылдың күзінде қайтыс болған) айтуынша жазып алған шежірелік деректе Ғаббастың Батырша деген ұлынан Мұхаметжан туады. Мұхаметжан –Шыңғыстаудың Шаған болысындағы беделді адамдардың бірі. Қажылыққа барып, ел ішінде «Мақы» (Мақа) қажы деп танылған. Сол Мақы қажының 3 әйелінен 33 перзенті болады. Бәйбішесінен туған тұңғыш ұлы – Ахметжан. Ахметжаннан Халел туады. Мақының бір баласы – биология ғылымдарының докторы, академик Араб Ғаббасов.

Бір шежіре әке (Әділхасен Баязитұлы) дерегі бойынша, екіншісі Халелдің қарындастарынан тарайтын ұрпақтардың (жиендер) тарататын шежіресі. Ақсақал қай шежіренің дұрыс немесе бұрыстығына дау келтірмейді. Ақиқаты – Ғаббастан Ахметжанмен бірге туған Баязитұлы Әділхасен – Халел Ғаббасовтың жақын туысы, немере ағайыны.

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗАПЫРАНЫ

«Әкем Әділхасен (жұрт Көкен деп атаған), –дейді Берікбол қажы, – 1901 жылы дүниеге келеді. Ол үш жасқа толғанда әкесі Баязит Ғаббасұлы қайтыс болып, менің әкемді Халелдің әкесі Ахметжан қамқорлығына алып, бағып-қағады. Бір сөзбен айтқанда, әкем Халелдің үйінде өседі. Халел Ғаббасов ұсталған кезде, үкімет менің әкемді де қамауға алып, Қарағанды түрмесіне жабады. Түрмеден амалдап шыққаннан кейін оған сол өңірдегі Керей Төлеу Көбдіков деген белгілі ақын кісі: «Сенің ағаң Халелді атты, енді сені де атады. Сондықтан елден қаш, жан сауғала», – деп ақыл-кеңес береді. Әкем Қытайға қашады. Ол жаққа өткеннен кейін кеңес үкіметінің тыңшылары Қытай үкіметіне мұны «қауіпті адам» деп көрсетіп, әкем түрмеге жабылады. Түрмеде үш жыл отырады. Босап шыққанан кейін, сол жақта қалып мал шаруашылығымен айналысады. Халел ағам атылғаннан кейін Ғаббас тұқымының берекесі кетеді: Халелдің өз кіндігінен тараған балалардан ұрпақ қалмайды, әулеттің екінші бір бас көтерер тұлға Араб Ғаббасов Халелге жақын ағайын екендігін ашық айта алмай, «тілін тістеген» күйі (2001 жылы) дүниеден озды. Қытай қашып жүрегі шайлыққан әкеміз біздерге: «Тірі жүремін десеңдер, Халел Ғаббасовтың туысқанымын деп айтпаңдар», – деп өсиет қалдырады. Ғаббасовтар әулетінің Халелді көрген азаматтары зұлмат жылдардың ащы запыранын қайғы-шерлі кеудеде ұзақ жылдар бойы ұстап келді».

ЕЛГЕ ОРАЛУ

«1955 жылы Қытай мен КСРО шекарасы ашылған уақытта Әділхасен Баязитұлы бар малын сатып, одан түскен қаражатқа он екі қанатты киіз үй, киім-кешек, дүние-зат алып Қазақстанға қайта оралады. Сөйтіп, ол қазіргі тұрып жатқан жеріміз Үржар ауданының Қарақол деген ауылына орналасады, – деп әңгімесін жалғады Берікбол қажы, – Халелдің көзін көрген туыстары қорқып қалғандықтан ба, әлде Қытайға қашқанын жақтырмады ма, әйтеуір, әкемді салқын қарсы алады. Бұған әкем мойымай Халел ағаның туысқандарымен қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. Сөйтіп, 1957 жылы қасына мені алып Халелдің туған ұлы Қадырды және Мақыдан тарайтын ағайыны Араб Ғаббасовты іздеп Алматыға келеді. Қадыр Халелұлы қаладағы бір мекемеде бухгалтер болып қызмет жасайды екен. Соғысқа қатысып, бір қолын беріп қайтқан. Кемтар қолында протез бар. Жұбайы – нәсілі татар, сұлу жан екен. Оның артына еріп келген екі қызы болды. Ал Қадырдың өзінен бала болмады. Әкем оған: «Сен мына татар әйелден ажырас, қазақ әйел ал. Бала тапқыз, ұрпақ қалсын» деген ақыл айтты. Қадыр әкемнің сөзін жауапсыз қалдырды. Ақыры көп ұзамай, 60-жылдардың басында өзі дүниеден озып кетті. Сол кездесуде ол маған: «Менде Халел ағаң киген 4 костюм бар. Соның бірін ағаңның көзіндей көр», – деп, маған сыйға беріп, иығыма жапты. Әкесі Халел туралы ашылып сөйлемеді.

Қадыр Халелұлының үйінде бірнеше күн болып, одан Араб Мақыұлы Ғаббасовтың отбасына бардық. Араб Ғаббасов жеке жер үйде тұрады екен. Жұбайы – орыс. Әкем екеуі біраз шүйкелесіп, сөйлесті. Әкем Халел туралы әңгіме айтқысы келіп еді, ол оны қозғамауды сұрады. Мәскеудің Тимирязев атындағы институтын бітірген Арабтың студент шағында елге келгенде түсірген фотолары бар екен. Соны тамашаладық.

Араб Мақыұлы Ғаббасов әкеме біраз жыл қаражат жағынан көп көмек көрсететіп тұрады. Тіпті, Алматы жанындағы совхоздардың біріне көшіріп алмақ та болады. Әкем: «Біздің Араб әйелі орыс болғандықтан қуғын-сүргінен аман қалды», – деп отыратын. Академик Араб Ғаббасовтан да ұрпақ болмады.

1974 жылы әкеміз 73 жаста дүниеден өтті. Содан кейін Алматыдағы ағайындармен байланысымыз үзіліп қалды. Оның үстіне Халел ағамның ұрпақтарының барлығы орысша оқыған еді. Бұл да тұрмыстық тұрғыдан өз кедергісін тигізді. Біздер елде қалып қарапайым тіршілік кештік. Ауылда жүргізуші болып жұмыс жасадым. Зейнетке сол жұмыстан шықтым. Бір бауырым Баязитов Әділхасенұлы Ерзат қазіргі таңда Павлодар қаласында тұрады. Өз кіндігімнен алты бала өсіп-өнді. Қазір барлығы бала-шағалы. 2005 жылы Меккеге қажылыққа барып, мұсылмандық парызымды атқардым. Туған ауылымда өз қаражатыма мешіт және 300 орындық хатымхана ашып, Алланың мейрім-шапағатына шүкірлік етіп, жас кездегі бейнеттің зейнетін көріп жатқан жайымыз бар».

ФОТОДЕРЕКТЕР

Студент Арабтың 1929 жылы каникул кезінде өз қолымен түсірген фотолары Халелдің қарындасы Жәмкеден тарайтын ұрпақтың отбасылық альбомында сақталыпты. Онымен Халелтанушылар танысты, солар арқылы мен де көрдім. Фотосуреттің сыртында Арабтың өз қолымен жазған мәліметтер бар. Онда фотоның қай жылы, қай жерде түсірілгені, фотодағы кісілердің аты-жөні туралы орысша деректер бар. Фото суреттерде Халелдің жұбайы Рамия, баласы Қадыр және ағайын-туғандар бейнеленген.

Халелдің әйелі Рамия – текті жерден шыққан кісі, Тобықтының қызы. Одан Халел Забен және Қадыр атты екі ұл сүйеді. Забен отбасын құрмайды, соғыс жылдары қайтыс болады. Бертінгі кездегі Халелдің ұрпағы Қадырдан тоқтады.

Кезінде Араб Ғаббасов «Таңат» жайлауында Халелдің киіз үйін де сыртынан суретке түсірген. Бір фотода киіз үйге туырлық жабылған болса, екіншісінде іші бос киіз үйдің ағаш сүйегі (кереге, уық, шаңырақ) бейнеленіпті.

«Осы фотоларға қараған сайын, – дейді Берікбол ақсақал, – менің ішім алай-түлей болып, көңілім бұзылады. Маған киіз туырлығы сыпырылып, ағаш қаңқасымен тұрған үй Халел ағамның қасіретті тағдырын бейнелейтіндей көрінеді. Қазаққа қызмет істеген алып тұлғаның сол кездегі саяси қуғын-сүргіннің кесірінен артында ұрпағы-жалғасы болмай, «жалаңаш» күйде қалғаны жанымызға батады. Бірақ, амал не?»

АЛАШТЫҢ БЕКЗАТЫ

Алаштанушылар Халелдің замандастары оны «Алаштың бекзаты» деп құрметтейді екен. Адам бойына бекзаттық қасиет бір атадан пайда болмайды ғой. Ғаббас әулеті текті тұқымнан. Арғы аталары Қашақ – Құнанбайдың тұсында өмір сүріп, аға сұлтанмен жер дауында талай кездесіп, талас-тартысқа түскен кісі. Бергі атасы Дүйсенбай (Тышқанбай деп атайды) өте дәулетті кісі болған деседі. Ал Халелдің әкесі Ахметжан шаруаға пысық, саятшыл кісі болады. Бірде оқудан демалысқа келген Халел кейін қайтамын деген күннен кешігіп қалады. Бұл кезде әкесі аңда жүрген екен. Үйіне оралса, студент Халел кетпеген. Ашуланған әкесі «Қыз-қырқынның тойында жүрсің бе?» деп, күйіп-пісіп, сол күні пәуескеге мінгізіп, Халелді Семейге аттандырып жібереді.

«Халел әкесі Ахметжан сынды өте саятшыл кісі болған деп отыратын менің әкем. Оның «Ерейменнің Аққасқасы» деген қасқыр алатын керемет тазы иті болады. Алаштанушылар Халелдің саятшылдығы замандастарының арасында аңыздалып айтылып келгендігін айтады. Халел қызметте жүрген уақытында көптеген кісілерге қамқор болып, қаржылық көмек көрсеткен екен. Бірде Халелден Мұхтар Әуезов қарызға ақша алады. Халел Ғаббасов халық жауы атанып, атылған уақытта әлгі «ақша» М.Әуезовті біраз әуре-сарсаңға салады», – дейді Берікбол ақсақал.

ЖАҢҒЫРҒАН РУХ

«Еліміз азаттық алғаннан кейін жаңарды, жаңғырды. Халел ағамның есімі ел ортасына абыроймен қайта оралды. «Халелдің туысқанымын» деген сөзді мен былтыр 2016 жылы жаз айында Үржар ауданының орталығына Алашорда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжанның құрметіне қойылған ескерткіштің ашылуына орай Астанадан келген қонақтар алдында алғаш рет қозғадым. Қонақтардың арасында белгілі Алаштанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Тұрсын Жұртбайлар болды. Көп ұзамай Халел Ғаббасов туралы зерттеу жұмысын жүргізіп жүрген Семейлік қарындас Раиса Садықова, Ақселеу Сейдімбектің інісі Асылхан Сейдімбектер, ғалым Алмасбек Әбсадықтар хабарласып, Халел туралы деректер сұрай бастады. Бәрінің таң қалып, сұрайтыны бір нәрсе: Алаш зиялылары тәуелсіздік алғаннан бастап ақтала бастады. Сіз оның туысқаны екеніңізді неге осынша уақыт құпия ұстағансыз? Бұған менің тура жауабым жоқ. Мен бұл «құпияның» ұзақ сақталуын зұлматты жылдардың әулет тарихына салған қасіреті деп білемін…

Біздер Халел ағаның артынан жоқшы бола алмай, үрей мен сенімсіздік ауылының тұрақты «қонағы» болдық. Аллаға шүкір, Халел ағамның артында қазіргі жас толқын арасынан шыққан жоқшылары бар екен. Семейлік Садықова Раиса қызым Дихан Қамзабекұлының жетекшілігімен зерттеу жасап, кітап дайындадым десе, астаналық інім Сейдімбек Асылхан мен қостанайлық балам Алмасбек Әбсадық оны баспа бетінен шығаруға тірлік жасап жатыр екен. Осыған тәуба деймін», – деп қуанады Алаш қайраткері Халел мен оның ұрпақтары жайлы ғұмырнамалық деректер көмбесін ұзақ жылдар жадында сақтап келген Қажы Берікбол ақсақал.

Иншалла, ақсақалдың «шүкіршілігі» нақты өмірдегі шындыққа айналып, Халелтану жұмысы одан әрі жалғаса беретініне сеніміміз мол. Біздің сеніміміздің іргесін «Рухани жаңғыру» жолын жандандыра бастаған Қазақстанның бүгінгі шындығы бекіте түсері де анық.

Баязит Әділхасанұлы Берікбол ақсақалдың баяны негізінде хатқа түсірген әрі өңдеген Асылхан Сейдімбек және Алмасбек Әбсадық