КӨМЕЙІНЕ БҰЛБҰЛ ҰЯЛАҒАН ӘНШІ

9

Қостанайдағы 36 жылдың ішінде талай дарын иелерімен жүздестім. Олар туралы тек қана жергілікті басылымдарда ғана емес, республикалық деңгейдегі баспасөз беттерінде де талай жаздым. Өнер тарландарымен түрлі концерттерде, басқа да басқосуларда жүздесіп, сырластым, олардың өздерінің өнерге келу жолдары жайлы баяндағандары да күні кешегідей есімде. Бүгінгі кейіпкерім – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дарынды әнші Арыстан Құрмановпен де облыс орталығындағы бір мерекеде кездескен болатынмын. Оның ешкімге ұқсамайтын айрықша дауысы өзімді бірден таңқалдырды.

ӘУЛИЕКӨЛДІҢ АТЫН ШЫҒАРҒАН АЗАМАТ

Жанымда тұрған азаматтардан сұрап едім, олар: «Сіз білмейтін бе едіңіз, бұл өзіміздің жезтаңдай әншіміз Арыстан ғой» деді. Содан кейін онымен жолығып, бір емін-еркін сөйлессем деген ой көкейімде тұрды.
Содан бері де қаншама жылдар өтті. Онымен кездесіп, жалпы қазақ эстрадасы, әншілік өнер жайлы талай рет әңгімелестім. Сонда байқағаным бауырым бірден шешіліп, ақтарылып кете қоймайды екен. Оны мен аз сөйлеп, көп іс тындыратын жігіттердің санатынан деп түсіндім.
Алғашқы таныстықтан кейін арамызда аға-інілік сыйластық қалыптасты. Көшеде кездессек, арқа-жарқа болып бұрыннан білетіндігімізді білдіріп, соңғы кездегі жаңалықтар жайлы да сұрасып жатамыз.
Арыстан да содан бері әншілік жағынан қаншама шыңдалды. Туған жерінің абырой-беделін көтеріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды.
Қостанай шаһарындағы небір ұлағатты да берері мол мейрамдар оның қатысуынсыз өтпейді десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, оның өзіндік қолтаңбасы және залға жиналған жұртшылықты бірден баурап алатын әдемі дауысы бар.
Бірде оған мен: «Арыстан бауырым, әрбір әншінің әу баста қолтығынан демеп, өнерін қолдайтын ұстаздары болады. Сол жөнінде айтып берсең» деген сауал қойдым.
Ол да көп күттірген жоқ. Жүзінде ерекше жылы шырай пайда болды. Шамасы, өзін өнерге баулыған тәлімгері есіне түсті ғой деймін. Бір сәт ойланып алып, әңгімесін одан әрі жалғастырды.
Оның тұңғыш рет бойындағы ән әлеміне деген ерекше құштарлығын байқаған Бақытжан Мұқашов деген азамат болатын. Бәкең табиғатынан жандүниесі көркем жан.
Өзі кәдімгі сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей асыл ағамыз. Оны да мен талай облыс орталығындағы өткізіліп тұратын жиындарда көріп, сырласқаным бар. Өйткені, оның есімі Қостанай өңірінің халқына әуесқой сазгер әрі тәлімгер ретінде бұрыннан таныс.

ЖАСТЫҚ ШАҚТЫҢ ШУАҚТЫ КҮНДЕРІ-АЙ!..

Арыстан да бірден мұндай талантты әнші, мәдениет саласының білікті ұйымдастырушысы, жиын-тойдың көркі болып қалыптасқан жоқ. Ол да талай кездескен қиындықтарды жеңіп, ән әлеміндегі өзінің сәтті жолын адал еңбек, маңдай термен жасады.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы өнерге деген құштарлығы Қостанай ауылшаруашылығы институтының студенті кезінде басталды. Өйткені, адам жас кезінде арманшыл, қиялшыл, табанды болып келеді емес пе?!
Дәл сол кезде облыс орталығында «Жастар» деп аталатын ансамбльдің дүрілдеп тұрған кезі болатын. Сондықтан да ол әншілік қабілетін барынша көрсетіп, жоғарыда есімі аталған Бақытжан ағамыздың назарына ілінді.
Осы өнер ұжымының құрамында Қостанай облысының абыройын асқақтатып, мерейін көтеруге барын салды. Уақыт өткен сайын шеберлігі шыңдалып, репертуары да байыды.
Әрбір ән – жеке әлем. Соны тыңдаушысына жеткізу үшін аянбай еңбек етті. Тұрақты түрде онымен жұмыс істеп, дауысының мүмкіншілігін тыңдармандарға жеткізді.
Тіпті, бұлар сонау Алатаудың баурайындағы әлемдегі ең сұлу қала Алматыға дейін барып, өздерінің тың шығармаларымен талғампаз қауымның да ыстық ықыласына бөленіп, ол жақтан қанаттанып оралды.
Осы шығармашылық сапарлар жас жігіттің бойындағы өзіне деген сенімін барынша нығайтты. Қостанайға келген соң да өзінің табиғи дарынын одан әрі ұштай түсті.
Әрине, ардақты ағасы әрі өнердегі ұстазы Бақытжан Мұқашевтың арқасында әншіліктің барлық қыры мен сырын үйренді. Сахнаның аса киелі екендігін түсінді.
Осындай қабілеттерін нығайтуға үлесін қосқан азаматты қалай ғана ұмытсын?! Әлі күнге дейін оны көрсе қуанып, сол өткен шақтарды еске алып, мәре-сәре болысады.
Одан мен алғашқы көпшіліктің алдында шырқаған әнін де сұраған едім. Ол екі сөзге келмей ерекше бір шабытпен баяндады. Арыстанның сол тұңғыш орындаған шығармасы «Бір бала» деп аталатын. Бұл туынды көпшілікке бұрыннан мәлім. Өйткені, өзі кішкентайынан тыңдаған жанның жүрегін тербеп, терең ойларға жетелейтін әнді құштарлықпен тыңдап өскен еді.
Соны әуелете шырқағанда өзі де ерекше шабыттанатын. Оның үстіне бұл туындыны орындағанда жиналған қауым әнші ұлдарына деген құрметін ұзақ қол шапалақтау арқылы сездіріп жататын. Сол кезде нағыз әнші үшін бағаны беретін жұртшылық екендігін айқын ұққан-ды.

АЛМАТЫҒА ӘНШІЛІК САПАР

Бәлкім, аға ұрпақтың осыдан көп жылдар бұрын қазақтың талантты ақыны әрі сазгер, «Алтайдың ар жағынан келген ару» деп аталатын әннің авторы Тынышбай Рахым ағамыз жүргізген телевизиялық «Кеш жарық» деп аталатын хабар есінде болар. Осы бағдарлама арқылы республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын қаншама дарындар халыққа кеңінен танылды. Солардың қатарында біздің қостанайлық жұлдызымыз Арыстан Құрманов та болды.
Өйткені, бұл хабар да мұның өміріндегі мәңгілік есте қаларлық оқиғалардың санатына жатады. Ол Алматы шаһарында ұйымдастырылатын. Дәл осы хабарда біздің Арыстан Ағыбай Мұқатаевтың лирикалық әнін гитарамен орындады.
Қазақ жігіті туындыны шырқағанда күллі қазақ елі ұйып тыңдады. Қазақстан жұртшылығы Қостанайда да осындай қабілетті жастар бар екендігіне көздері айқын жетті.
Одан бұрын да бұл өңірден қаншама біртуар әртістер, композиторлар шыққаны белгілі. Олардың бәрін бірдей аттарын атап, түстерін түстеп шығу да мүмкін емес.
Өнер де тұқым қуалайды. «Дарын иелері текті жерден шығады» десек орынды шығар. Өйткені, Құрмановтар әулетінде шаңырақтың иесі, яғни Арыстанның әкесі Сәлен ағамыз да ән айтатын. Сондықтан ол өз ортасының көркі әрі ажары еді.
Замандастары қолқалап қоймаған соң қалың жұртшылық жиналған жерде асқақтата шырқаған әндері көпке дейін жұртшылықтың есінен кетпейтін.
Ол аз десеңіз, кейіпкеріміздің атасы Жұмағали да қолына қазақтың қара домбырасын алып, ән салатын өнері бар еді. Атасы мен әкесі әлгіндей өнер десе ішкен асын жерге қоятын дарынды кісілер болғандықтан бұл да солардың жолын қуды деп айтуға толық негіз бар.
Жалпы, Арыстанның өскен ортасы, тәрбиеленген киелі жеріне де қысқаша тоқталып өтелік. Ол Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты бұрынғы «Мырзакөл» кеңшарының Қоскөл деп аталатын елді мекенінде дүниеге келді.
Кім баласының жаман болғанын қалайды?! Әке-шешесі осынау елгезек ұлдарының да елі мен жерін танымал ететін, намысты да жігерлі азамат болғандарын армандады.
Ауылда тұрған соң ата-анасынан көргенін істеді. Бейнетқор болып өсті. Содан кейін өнерге шексіз ғашық болды. Соның арқасында қаншама әншілер мен актерлерді жастайынан біліп, олардың шырқаған әндерінен тағылым алды.
Әке-шешесін жерге қаратпады. Бұрынғы Қостанай ауыл шаруашылығы институтынан басқа, Алматы шаһарындағы индустрия техникумы мен Қазақстан экономика, менеджмент және болжау институтын да аяқтады.

ТІРШІЛІКТЕГІ ТІРЕГІ

Бойындағы табиғи дарынынан да болар, әншілік тұрғыдан қарайтын болсақ, ол өз қатарынан қалған жоқ. Талантты жігіт үздіксіз ізденді. Ол нәтижесін де берді. Бұл күндері Арыстан Құрмановты тек Қостанай өңірінің халқы ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы жақсы біледі.
Ол репертуар жағына келгенде өте талғампаз. Әрбір орындайтын шығармасының мәтіні мен мазмұнына айрықша көңіл бөледі. Өйткені, жүректен шықпаған жүрекке жетпейтіндігін өткен жылдар әбден көрсетті.
Әрине, оның тыңдармандары да жеткілікті. Бірнеше композиторлармен тығыз байланыста жұмыс істеді. Олардың қатарында қазақ елінің мақтанышына айналған Кеңес Дүйсекеев, Марат Омаров және басқа да жергілікті сазгерлер бар.
Мәселен, марқұм Қайрат Нұрғазин мен Дәмер Қалқаевтың шығармаларын сүйсіне орындайды. Ал Дәмердің «Қостанайым» әні оның репертуарынан көп жылдардан бері түспей келе жатыр.
Қостанай қаласының туған күндерінде осы туындыны ерекше ықыласпен орындап, жиналған үлкенді-кішілі қауымның шынайы алғысына бөленгеніне талай рет тәнті болдық.
Ол жан-жақты әнші. Сондықтан да болар, әуезі ерекше бауырымыздың репертуарынан заманауи шығармаларды да көресіз. Мысалы, қазіргі таңда ол қазақ, орыс, түрік, ағылшын тіліндегі әндерді де нәшіне келтіріп шырқап жүр.
Арыстан өзінің алдындағы әріптестерінен де үлгі алады. Кезінде қазақ эстрадасының жұлдыздары Ақжол Мейірбеков, Бақтияр Тайлақбаев секілді ағаларынан да түйгені мол.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әннің хас шебері Бекболат Тілеуханов та оның сүйіп тыңдайтын өнер саңлақтарының бірі.
Дегенмен, өзінің жанұясы жайлы айтқанда да бойын ерекше бір мақтаныш сезімі билейтін секілді. Өйткені, оның ғұмырлық серігі, яғни жан-жары Несібелді келініміз шығармашылық адамының жандүниесін жете түсінеді. Әрі отағасының әншілікпен алаңсыз айналысуына қолынан келгенше барлық жағдайды жасайды.
Өнер адамының осындай қолдаушысы болғаны да бір ғанибет емес пе?! Несібелді келініміз бұл күндері ақ халатты абзал жан. Медицина саласында қызмет атқарып келе жатқанына да көп жылдардың жүзі болды.
Қос аққудай жарасқан ерлі-зайыптылар бір-бірін қас қабақтан түсініседі. Олардың қос ұлдары Рүстем мен Алмат та жастайынан тағылымды тәрбие алды.
Ата-анасы осы перзенттері тәуелсіз еліміздің нағыз тірегі, намысты, жігерлі азаматтар болса екен деп армандайды. Екеуі кішкентайларынан олардың ата салт-дәстүрімізге берік болуын қалап, қазақтың барлық әдет-ғұрыптарын бойларына сіңірді.
Арыстан Құрманов өз елінің нағыз патриоты. Ол туған жерінің гүлденуі мен абыройының асқақ болуын ойлап жүрген қайратты да қажырлы азамат.
Өзі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласын оқығанда бойын ерекше шабыт биледі. Сондықтан да болар, қазіргі таңда ән өнерін одан әрі ұштап, халқына рухани байлықты сыйлауға барын салып келеді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қостанай қаласы