КӨП ҚОҚЫСТАН ШЫҒАТЫН КӨП АҚШАНЫҢ «ИІСІ»

17
Garbage At The Deonar Landfill Site As Trash Mountain Rising in Mumbai Swamps Modi 21st Century Vision...Boys play as cows graze through garbage at the Deonar landfill site in Mumbai, India, on Wednesday, March 11, 2015. Mumbai is running out of space for its waste, and Deonar, Asia's oldest and largest dumpsite, is bursting. Each day, more than 500 trucks line up along a two-lane dirt road in an eastern suburb, waiting to add to a mountain of refuse tall enough to submerge the White House twice over. Photographer: Dhiraj Singh/Bloomberg

Бүгінгі таңда өркениет жолына бет алған әлем елдері қоқысқа қарсы күрестің түрлі Амалдарын қарастырып жатыр. Бірқатар батыс Еуропа елдері полиэтиленді құтыларды шығарудан бас тартса, енді бірі қоқысты түрлі заманауи жолдармен өңдеуге бет алған. Алғашқылары жер бетін басып бара жатқан полиэтиленді бұйымдардан біржола бас тартып, біржарамды пакет, шөлмек, стақан және тағы да басқа тұрмысқа қажетті бұйымдарды қағаздан жасауға көшті. Ал кейінгілері қоқысты қайта өңдеп, одан барынша пайдалы зат шығаруға арналған озық үлгідегі зауыттарды іске қоса бастады. Сондай елдің бірі – Мексика.

Мехико – қос Америка құрлығындағы (Латын Америкасы мен Солтүстік Америка) ең ірі қала. Мексика астанасында 9 миллион, ал онымен іргелес жатқан елді мекендерде 21 миллион халық тұрады. Ал, кәрі құрлық (Еуропа) пен АҚШ халқы жылдан жылға қартайып бара жатса, керісінше Мехико халқының үштен бірін 15 жасқа дейінгілер құрайды. Демек, алдағы 10-15 жылда мехикандықтардың саны арта түседі. Біз бұл мәліметтерді арнайы келтіріп отырмыз, өйткені халық көп жерде тазалық мәселесі алдан шығатыны жасырын емес.

БҰҰ-ның таратқан мәліметіне сенсек, бір Мехико тұрғыны күніне 1,2 келі қоқыс тастайды. Яғни, қаладан күніне 12,5 мың тонна қоқыс шығарылады. Бұл қоқыстардың қайда тасталатыны үлкен мәселе. Демек, алып қоқыстарды тастайтын алып орын керек. Алдағы уақытта қала халқының саны артатынын ескерсек, мәселе күрделене түседі.

1985 жылы қалалық билік бұл мәселені шешкендей болды. Полигонның жанынан қоқыс қалдықтарын тастайтын арнайы алаң бөлінді. Тазалық компаниялары қала қоқыстарын осы жерге ғана тастауға міндеттелді. Ал бұл полигон Bordo Poniente (Батыс жақ) атауына ие болды.

Аз уақытта алып шаһардың алып қоқыстары полигонға сыймайтын жағдайға жетті. Ал полигонға сыймаған қоқыс сыртқа шықты. Өртенген қоқыс онсыз да ауасы лас қаланы көк түтінге орады. Айлап жауатын жаңбыр, ылғалды субтропикалық климат жағдайды одан да бетер ушықтыра түсті. Осылайша таудай қоқыстар полигон маңындағы елді мекендер мен алып шаһарға экологиялық қауіп төндіре бастады.

Содан жергілікті билік 1992 жылдары Bordo Poniente полигонын жабуға ниет етеді. Бірақ, полигон жабылса, қала қоқыстарының қайда тасталатыны белгісіз еді. Сондықтан бұл мәселеде өзінің қауқарсыздығын мойындаған қала билігі полигон мәселесін қозғамай, «жабулы қазан» күйінде қалдырды.

Қоқысты қанша көмсе де, оның иісі шығатыны белгілі. Қоқыс мәселесі алғаш көтерілген 25 жылдан кейін Bordo Poniente аумағы 370 гектарға артып, қоқыс көлемі 70 миллион тонна болды. Таудай болған қоқыстардың биіктігі 17 метрге жетті. Бұл көрсеткішпен Bordo Poniente әлемдегі ең үлкен қоқыс тастайтын орын ретінде Гиннестің  рекордтар кітабына енді.

2008 жылы Мексика билігі Bordo Poniente-ні жабу жөнінде шешім шығарады. Бірақ, қоқыс тастайтын жерді белгілеген жоқ. Осының салдарынан федералдық пен қалалық билік арасында келіспеушілік орын алды. Келіспеушіліктің арты сотқа ұласты. Сотта Мехико мэрі (қала басшысы) Марсело Эбрарда ел билігін жеңіп шықты. Осылайша сот қаулысы полигон «ғұмырын» ұзартты.

Қалалық билікке қарағанда ел билігінің «қолы ұзын». Сот қаулысы қалалық биліктің пайдасына шешілсе де, қашанда «айтқаны айдай» келетін федералдық билік өз дегеніне жетті, келесі жылы Bordo Poniente ақыры жабылды. Алайда мәселе өткір күйінде қалды. Қараусыз қалған полигонға жұмыссыздар ағылды. Жерді қазып, қоқыс қалдықтарын сыртқа шығарып, қолдануға болатын киімдер мен заттарды кәдеге жаратты. Электр жабдықтары мен электр тоқ сымдарын өртеп, одан шыққан түсті металдарды сатты. Жағдай осылай болғаннан кейін Мексика үкіметі 2010 жылы Bordo Poniente полигонындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге тендер жариялады. Конкурсты BMLMX энергетикалық компаниясы жеңіп алды. Келісімшарттың мерзімі – 25 жыл. Құны – 2 миллиард доллар. Елдің бұл қыруар қаржысы бірер жылда толығымен өтелді.

Үкіметпен отырған келісімшарт бойынша аталған компанияның мақсаты тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, инновациялық технологияларды қолдана отырып, содан қосымша энергия көзін өндіріп, жылу шығару қалдықтардан биогаз алу, сол арқылы табиғи ресурстарды үнемдеу болып табылады. Мысалы, биогаз жылу электр орталығына (ТЭЦ) түседі. Электр қуатын Мехико билігі қаланы жарықтандыруға төмен бағада сатып алады. Осылайша ел билігі ұзақ жылдан бері Мехиконың бас ауруына айналған қоқыс мәселесін оңтайлы шешті. Осылайша қоқысты бизнеске айналдырған Мексика үкіметі «бір оқпен екі қоянды атып алуға» болатынын көрсетті.

Біз мұхиттың арғы жағында орналасқан алыстағы Мексиканы босқа айтып отырғанымыз жоқ. Неге десеңіз, қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу мәселесі Қазақстанда да өзекті. Соңғы 20 жылда қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу туралы онға жуық жоба қолға алынды. Бұл бастаманың соңы не болғандығы туралы мағлұмат беретін адам таппадық. Көбі аяқсыз қалғанға ұқсайды. Соның салдарынан елде қоқысты кәдеге жарату ісі алға басар емес.

Рас, Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын зауыттар салынды, салынып жатқандары да аз емес. Бірақ, Мексикадағыдай көп қоқыстан көп ақшаның «иісі» шығып жатқан жоқ. Бәрі де жергілікті әкімдіктен қаржыландырылады. Шығын шаш етектен, ал пайда жоқ. Сондықтан оны реттеуге тұтастай бір бағдарлама, жаңа жоба қажет.

Тобықтай түйін. Қоқыстан барынша қажетті ресурстар алу – қоқыс, қалдықты өңдеудің кешенді түрі. Мұндайды естімеген біздерге бұл бір ғажайып ертегідей көрінері анық. Дегенмен, мексикандықтар бұл тарапта жемісті еңбек етуді қолға алды. Өйткені, қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату, жою  мен қайта өңдеу мәселесі шешілмей, елдегі қалдықтар көлемін азайту мүмкін емес. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар ашу. Біздің  түйгеніміз осы. Қалғаны  уақыттың және құзырлы орындардың еншісінде.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті