ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

112

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттық тіліне айналдырады».

(ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауынан)

Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі болады. Бүгінгі күнге дейін тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Әрине, ұлт үшін маңызды әрі өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа елдердің тәжірибесін салыстыра отырып жасалса жөн.
Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалатынына сенім мол.
Иә, латын әліпбиіне көшуде бастапқы жұмыстар атқарылып отыр. Жалпы, Қазақстанда қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе көнеден көтеріліп келе жатқан дүние емес екені бесенеден белгілі. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғалы бүгінгі күнге дейін өзекті күйде талқыланып келеді. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жиі айтып келеді. Былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы идеяға қайта тоқталып, осы идеяны жүзеге асыруға қатысты нақты жоспарларды айқын көрсеткендігін айтып кетуге болады.
Бүгінде оңтүстік өңірінде латын әліпбиіне көшу мәселесі кеңінен талқыланып жатқаны жасырын емес. Бірі қолдаса, екіншісі қарсы пікір білдіріп, пікірталас болып жатқаны да ақиқат. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуіміз қажет. Оған қоса, өз тілінің болашағын ойлаған әрбір азамат, тілге жанашыр зиялы қауым да латын әліпбиіне көшуді көздейді.
Жалпы, тіл жанашыры ретінде де, Елбасы саясатын қолдайтын, қуаттайтын тіл тағдыры мен ұлт тағдырына белсенділік танытып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониясында қызмет атқаратын 300-дей өнер майталмандары латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын дөңгелек үстелде айтты.

Нұрсат Бейсеқожаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ш. Қалдаяқов
атындағы облыстық  филармония директоры:

– Жалпы, латын әліпбиіне көшу болашаққа батыл қадам жасау, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасы Н. Назарбаевтың тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Латын әліпбиіне көшу сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын әрі қарай кеңейте түсуге зор мүмкіндік тудырары да сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу сатысы – бұл біздің ұлттық мүддеге арналған керемет бағдарлама.

Гүлбала Әбуова, ҚР Мәдениет қайраткері, өнертанушы:

– Жұртшылық кирилл, яғни орыс әліпбиіне үйреніп кеткені шындық. Бірақ, біз бір нәрсеге көңіл бөлуіміз қажет, ол – қате жібермей, сауатты жазу мәселесі. Латынға көшу алдымен тіл тазалығын айқындайды, мәселен, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады.

Қорыта айтқанда, қазіргі әліпбиімізге байланысты жазуымызда орын алған қиындықтарды түзетіп, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы. Сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет.

Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық
филармониясының Баспасөз қызметі