ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ

895

Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінде  «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдау өтті.

Парламенттік тыңдау барысында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынды.«Жаңа  жазбаны қабылдау бір белгіні екіншісіне ауыстыра салу емес. Бұл әліппенің алдыңғы нұсқаларында жіберілген  шалалықтарды жою. Осыған байланысты, біздің көзқарасымыз бойынша, жаңа әліпбиді жасап, оны енгізуде орфографиялық жаңа ережелерді қабылдау қажет. Ұсынылып отырған нұсқада латын әліпбиінің төл белгілері ғана бар. Диакратиктер қазақ тіліндегі өзіне тән дыбыстарды сақтауға кепіл бола алмайды. Мәселен, смарфтондар мен өзге де жазба құралдары бізге түрлі елден келеді, онда латынның 26 ғана әрпі бар. Диакритикалық белшілерді жаңа латын әліпбиіне енгізетін болса, оларды сирек қолданатындықтан, қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыстарынан айырылып қалуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде, әсіресе, жастардың арасында «ә» әрпін «а»-ға, «қ» әрпін «к»-ға ауыстырып қолдану кең таралған, ал кейбірі тіпті «ғ», «ң», «ү», «ұ» сияқты әріптерді елемейтін болған», – деді Ербол Ердембекұлы.

Филологтың айтуынша, әлемнің жетекші елдері қолданып жүрген әліпби Қазақстанға енгізілер болса, мақсатқа жету қиын болмақ. Сондықтан диграфтарды қолдану арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтап қалуға болады.Отырыста Ербол Тілешов қазақтың төл дыбыстарын латын әліпбиінде қолданылу барысын түсіндіріп өтті.

«Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқаларын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды. Ал орыс тілінен енген ц, ф, х, в секілді әріптер де латын әліпбиінде қолданыс табады», – деп түсіндірді Ербол Ердембекұлы.
Ал «ц», «в», «ф» сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстарды мүлдем алып тастау туралы ұсыныс болған.

«Тура осындай мәселе 1920 жылдары әліпби тақырыбы көтерілгенде айтылған болатын. Жат дыбыстарды кіргіземіз бе, жоқ па, осы мәселе қаралды. Аxмет Байтұрсынұлының әліпбиге қатысты еңбектерін мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Мысалы, білімпаздар съезінде Аxмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сақталуына аз да болса ақысы бар «һ» дыбысы жайында айтқан болатын. Өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса сөздер бар дейді. Яғни, Аxаң бастаған зиялылар егер сөздік қорымызда олардың орныққан белгілі бір сөздік қоры болса, ондай дыбысты сақтау қажет деп санайды. Біз де осы принципке келісіп отырмыз. Сондықтан жаңа әліпби нұсқасында осындай дыбыстарға орын бердік», – деп атап көрсетті Ербол Тілешов.

Айта кетейік, диграф – екі әріппен таңбаланатын дыбыс.