ЛЕНИН МЕН СТАЛИНГЕ «АЛАШОРДАНЫҢ ТАЛАБЫН АЙТҚАН ҚАЙРАТКЕР»

29

Өткен ХХ ғасыр басында Қазақстан мен Орта Азиядан елі мен жерінің болашағы үшін шыбын жаны шырылдап атқа мінген, заманынан озық туған шын мәніндегі асыл бекзадалар шыққан еді. Қазақтан шыққан сол үркердей топтың мақсаттары да, көздеген мүдделері де жеке бастың қамы емес, елінің тәуелсіздігі болатын. Олар Тәуелсіздік үшін замана запыранын жұтып еді…

Халел Досмұхамедұлы отбасымен бірге. Воронеж қаласы. 1936 жыл
Халел Досмұхамедов ат. Атырау мемлекеттік университеті

Сол қоғамдағы зиялы, кемел де көркем күштің басында тұрған қайраткерлері-міздің бәрі шетінен қудаланды, әсіресе, билік басындағылар үшін олар «қауіпті адамдар» саналып, ату жазасына дейін кесілді.
Міне, сол жеке басқа табыну зұлматында жазықсыз кеткен шоғырдың бір өкілі, көрнекті қазақ оқымыстысы, 1883 жылы сәуірдің соңғы күндері қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген Халел Досмұхамедұлы болатын. Енді қайраткердің өмір жолындағы бел-белесті кезеңдеріне қысқаша тоқталып өтейік.
Қуғын-сүргін дәуірденақақтан өмірі қиылған Халел Досмұхамедұлының сегіз қырлылығын соңында қалдырған сансыз мұрасы арқылы аңғаруға болады. Ол – Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап насихаттаушы, шебер аудармашы, сондай-ақ Ұлттық Ғылым академиясын құрушылардың бірі. Яғни, 56 жасына дейін қыруар іс тындырып, көп еңбек жасап үлгерген қазақтың айтулысы, бірегейі. Дарыны асқан ол ана тілінен өзге латын, араб, парсы, түркі, орыс, неміс және француз тілдерін қажетті дәрежеде меңгеріп, сол тілдерде еркін оқып, сөйлеп, жаза білген.
Халел он балалы Досмұхамед әулетінде жетінші болып көрген перзенті, ұлдан (Хасен, Халел, Құлбайыс, Құлымжан) екіншісі еді. Кішкентай Халелдің зерек боп ержетуіне өскен ортасы тікелей ықпалын тигізген. Ауыл молдасынан хат танып, одан әрі жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқуын жалғастырады. Тайсойған құмының Сорқуыс атты мекенінде айналасына белгілі «Машақ ауылы» атты қоныс болған. Сол Машақ би – Досмұхамедтіңәкесі, Халелдің атасы еді. Сол себепті де Халел кейбір құжаттарында «Машақов» боп жазылған. Досмұхамедтіңүлкені – Дәулетүмбет (1848-1907) алғашқы оқыған азаматтың бірі, Үйшіктен орысша-қазақша училище ашқан.
Халқымыздың қайғы-мұңын көп жырлаған ақын Мұрат Мөңкеұлының (1843-1906) атақты «Оқудан қайтқан жігітке хат» деген өлеңі осы Дәулетүмбетке арналған. Осы оқыған ағасының нұсқауымен Халел 11 жасында (1894) Орал қаласындағы училищені, оны үздік аяқтап, Санк-Петербург Әскери-медициналық академиясына түседі. Міне, құмда өскен алаш ұлының өрлеу кезеңі осы кезден бастау алып, оның өміріндегі ең бір жарқын, сәулелі жылдары болатын. Академия қабырғасында өткізген алты жылы (1903-1909) Халелдің рухани дүние танымының өсіп-жетілуіне, ғылымға шындап ден қоюына зор ықпал етті.
1909 жылы Халел Досмұхамедұлы Әскери-медициналық академияны алтын медальмен қоса «үздік дәрежелі емші» атағымен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімге әскери міндетін өтеуге әуелі Пермь губерниясында, содан кейін ІІ-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер міндетін атқарады. Әскери борышын өтеп жүріп, Орал қалалық ауруханасында бір жылдық мамандандыру курсынан өтеді.
Халел туған халқының дәрігерлік көмекке мұқтаждығын көзбен көреді. Түрлі аурулардың қарапайым шараларын білмеудің ақыры елге үлкен қасірет әкеліп, орны толмастай өкінішке апаратынына куә болып, мұның алдын алуда бар күш-жігерін жұмсайды. Ел ішінде етек алған обаға қарсы күресіп, одан сақтанудың жолдарын атап көрсетті. Дегенмен, бұл мақсатты ісін жүзеге асыру үшін ол қалам күшін пайдаланудың керектігін ұқты.
Содан 1913 жылдан бастап әскери қызметтен қолы босап, Орал облысының Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасқан күннен-ақ Халел қолына қалам алып, баспасөзге араласа бастады. Ол осы сәттен «Орал», «Пікір», «Қазақ» газеттеріне мақалалар («Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында») жазып тұрды. «Қазақ» газетінде оның түрлі аурулардан сақтанудың шаралары, әр дерттің өзіне тән белгілері, емделудің жолдары мен қолданылатын дәрі-дәрмектің түрлері жөнінде егжей-тегжейлі мағлұматтар берген ондаған мақалалары жарық көрді.
Халел академияда оқыған жылдары – берісі Ресей, әрісі Еуропа тарихындағы аумалы-төкпелі, аласапыранды уақыт екені белгілі. Ол сол жылдар туралы кейін ОГПУ-дің тергеушісіне өз қолымен толтырған мәлімдемесінде: «Демократиялық күштер, оның ішінде студенттер қауымы да жиі-жиі наразылық білдіріп жататын. Қым-қиғаш студенттік өмірге араласумен қатар, саяси білімімді жетілдіруге кірістім. Әр түрлі саяси партиялардың бағдарламасымен, талап-тілектерімен таныстым. Мені және басқа қазақ студенттерін ешбір саяси партияның бағдарламасы қанағаттандырмады», – деп жазды. Оны, әсіресе, оңшылдардың ұлыорысшыл шовинизмі, бұратана халықтардың тағдырына немқұрайлы көзқарастары ашындырды. Ол осы жылдар туралы жергілікті «Пікір», «Уральский листок» газеттерінде патшалықта болып жатқан саяси толқулар мәнін халыққа түсіндіреді.
1917 жылы Орынбор қаласында «Жалпы қазақ-қырғыз сиезі» болып, желтоқсанның 5 мен 13-і аралығында өткен құрылтайға Халел арнайы шақырылады. Құрылтайда он түрлі мәселе қаралып, қазақ-қырғыз өлкелік автономиясы жарияланып, Алашорда өкіметі құрылды. Міне, Халел Досмұхамедұлы қазақ зиялысы ретінде «Алаш» партиясына кіріп, Алашорда өкіметінің мүшесі болады. Жанша (Жаһанша) Досмұхамедұлымен бірге Оралда Қазақ автономиясын орнату үшін Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысты.
Міне, осы бір тарихи кезеңде қым-қиғаш күрес сахнасына жұптарын жазбай Халел Досмұхамедұлы мен Жанша Досмұхамедұлы шығады. Әрине, кейбір авторлардың жазып жүргеніндей, ол екеуі ағалы-інілі, аталас жандар емес. Бірақ, тумаса да туғандай болып, көздері тірісінде-ақ «Екі дос» атанып, азапты да, қазаны да бірге көрген өмір бойы серіктес, қанаттас, достас болып өткені ақиқат шындық.
1918 жылдың наурызында Жанша мен Халел Досмұхамедұлылар Мәскеуде В.И.Ленин және Ұлт мәселелері жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталиннің қабылдауында болып, Алашорданың талаптарын айтты. Яғни, 1917 жылдың желтоқсанында Алашорда өкіметі өкізген алашордалықтар съезінің қаулысын табыс етеді.
Бұл тарихи оқиға туралы мына деректі келтіргеніміз жөн: «Буржуазиялық-ұлтшыл «Алашорда» өкіметінің өкілдері Халел мен Жанша Досмұхамедұлылар Қазақстанға буржуазиялық негізде автономия беруді талап етті» (В.И.Ленин. Биографическая хроника. Том 5. М., 1974. Стр. 352), «…ал олар Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік және сот жүргізу), өз әскері болу (халық милициясы) сияқты талаптарын, қазақтар көп шоғырланған жердің бәрін, ата қонысты қазаққа түгел қайтарып, бір орталыққа бағындыру және әр жерде кеңес комитеттері тұтқындаған алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек алу сияқты шұғыл шешімін табуы қажет мәселелерді өткір қойды. Соның кейбіріне қол да жеткізді. Атап айтқанда, түрмедегі Алаш қайраткерлерін босаттырды, орталық кеңес үкіметінен қаржы-қаражат алды. Ұлт істерімен айналысатын комиссариат жанынан қазақ бөлімін ашқызды. Десе де кеңес үкіметі екі жүзді саясат ұстанды: қаржылай көмекті көз қылып беруін бергенмен, екі досты Саратовта тұтқындап, ол ақшаларын алып қойды. Ал Алашорда басшыларына уәделі жауаптарын не жазбаша, не ауызша бермей, өз ойларын мысықтабандап іске асыра бастады» («Халел Досмұхамедұлы. Таңдамалы», «Ана тілі», 1998).
1918 жылдың мамырында Жымпитыда өткен съезде «Алашорданың» батыс бөлімшесі құрылады. Оған Жанша мен Халел Досмұхамедұлылар басшылық жасайды. Екі дос Ұлттық банк ашады, баспахана ұйымдастырады, «Еркін қазақ» газетін шығарады. Алайда 1920 жылдың наурызында Кеңес өкіметімен нәтижесіз күрестен кейін, «Алашорданың» батыс бөлімшесі таратылды. Екі досқа нағыз жау деп қараған көзқарас, пиғылдар осы кезде пайда болады және Күнбатыс бөлімінің белсенді басшылары халықтан оқшауландырылып, Ресейдің орталық губерниясына жіберіледі. Оның ішінде екі дос та бар еді.
Арада біраз уақыттан соң басқа да қазақ зиялылары тәрізді Халел Досмұхамедұлы да жаңа өкіметтің жұмысына тартылды. Халел 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болып қызметке тұрып, оған қосымша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметін қатар атқарды. Ал 1923 жылы Түркістан республикасы ғылыми комиссиясының және Баспа және ғылыми мекемелер жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы және мемлекеттік ғылыми баспаның бөлім жетекшісі міндетін де қосымша атқарып жүрді.
Ташкент қаласы Қазан төңкерісінен соң Түркістан автономиялы республикасының орталығы болғаны тарихтан мәлім. Бұған қосарымыз, Түркістанда қазақ зиялыларының бір шоғыры жемісті еңбектер атқарғаны да белгілі. Солардың ортасында Халел Досмұхамедұлының ойып алар орны ерен. Ол мұнда қазақ тіліндегі ғылыми терминдерді ретке келтіруге арналған еңбектерін жазды. Олардың арасында «Жаратылыстану», «Жануарлар» (1922 жылы Ташкентте 35000 данамен жарық көрген), «Адам организмі», «Адамның тән тіршілігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын қорғау» (1925) сияқты қазақ тіліндегі оқулықтар да бар.
«Халел басқарған қырғыз-қазақ білім комиссиясы 20 жылдары қазақ еліне ғылым мен білім тарату жолында игілікті жұмыстар атқарды. Сол кезде комиссия қазақ даласында көшпелі және тұрақты мектеп интернаттар ашу, оқу құралдарын шығару, мұғалімдер даярлауға және сан-салалы ғылым түрлерінің дамуына мұрындық болды» («Халел Досмұхамедұлы. Аламан», 1991). Сондай-ақ, ол анатомия мен ботаника тақырыптарына арналған «Денелеріміздің түзелуі мен жұмыс қылуы» (1924), «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуі туралы әңгімелер» (1924) атты атақты жаратылыстанушы Ю.Вагнердің танымдық еңбектерін ана тілімізге аударды. Және Х.Досмұхамедұлы басқарған обаға қарсы комиссия жұмысының нәтижесінде «Қазақ тұрғындары арасында обамен қалай күресу керек?» (1918-1924) деп аталатын үлкен кітабын жазды.
Халел Досмұхамедұлын лингвист дедік. Оған дәлел, «Қазақ тіліндегі сингорманизм заңдылығы» (1924) атты лингвистикалық зерттеу еңбегі де әмбебап ғалымның қаламынан туған. Оның фольклортану саласындағы еңбектерінен «Қазақ халық әдебиеті» очеркінің маңыздылығы сол, ол ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен.
Ол өзі жинаған материалдар негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Аламан» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) кітаптарының алғысөзі мен түсініктерін жазып, бастырып шығарды. Және «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал» кітапшасына (1923), «Қыз Жібек» (1923), «Кенесары-Наурызбай» (1923) жыр кітаптарына редакторлық етті.
1926-1930 жылдары Қазақ жоғары педагогика институты ректорының көмекшісі, Ташкенттегі пединституттың негізінде Қазақ мемлекеттік университеті ашылып (қаз. Абай атындағы ҚазҰПУ), Халел осы оқу орнының бірінші проректоры болып, 1927 жылы доцент, 1929 жылы профессор атағы берілді. Осы жылдары «Зоология» оқулығын (1926), «Шернияз шешен», «Жалаңтөс батырдың шежіресі» еңбектерін, қазақ халқының этнографиясы мен тарихына арналған бірқатар мақалалар жазды.
1930 жылдың қыркүйегінде Ф.И.Голощекиннің «тазалауының» екінші толқыны басталып, Халел Досмұхамедұлы осыған «ілігеді». «Бірінші толқынға» А.Байтұрсынұлы бастаған М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов сынды бірқатар арыстар іліккен болатын. 1932 жылдың 20 cәуірінде ОГПУ үштігінің шешімінен Ресейдің қаратопырақты аудандарының біріне жер аударылады. Айдауда жүргенде Воронеждегі Денсаулық қорғау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті.

Тобықтай түйін: Халқының рухани жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халел Досмұхамедұлын 1938 жылы 26 шілдеде үй ішімен айдауда жүрген Воронежден НКВД-ның тұтқынына алынады. Одан Мәскеуге, кейінірек Алматыға жеткізіліп, егер сол жылдары өз елін өзі қанқақсап қырғынға ұшыратқан Ішкі істер органдарының мәліметтеріне сенсек, 1939 жылы 24 сәуірде «әскери трибуналдың үкімімен атуға бұйырылады», ал 19 тамызда «түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болады».  Қайраткер тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып, ақталды. Ал, шығармашылық мұрасы алуан қырлы ғалым соңынан қыруар дүниелер қалдырды.

Қызжібек Әбдіғаниқызы,

“Qazaq” газеті