«МАРСЕЛЬ» СУЫНЫҢ МӨЛДІР ТАМШЫЛАРЫ

26

Ежелден ата-бабаларымыз суды тіршілік көзі деп бекер санамаған. Өйткені, адам баласының күнделікті тіршілігі сумен байланысты. Сусыз өмір де жоқ. Су болмаса, тіршілік атаулының бәрі өмір сүре алмайды. Жаратқанның  адамзатқа берген несібесін ысырапсыз, есепсіз пайдалануының салдары түрлі проблемаларға әкеп соқтыруда. Бүгінде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты қажеттілік болып табылады. Әртүрлі жұқпалы аурулардың басым көпшілігі ауа, тамақ, ауыз су арқылы жұғатынын ескерсек, бұл проблеманың шын мәнінде қаншалықты өзекті екенін байқайсыз.

Күнделікті пайдаланып жүрген судың адам баласы үшін қаншалықты пайдасы бар. Біз оны білеміз бе? Бүгінгідей түрлі экологиялық апаттардың, ауаның ластануының кесірі адамзаттың ішкі организмінің бұзылуына әкеліп соғуда. Біз бұл мәселеден қайтсек құтыламыз? Ол үшін бізге минералды таза сулар мен табиғи бұлақтың қайнарлары қажет. Бұлақ суынан нәр алып, адамның иммунитетін көтеру арқылы түрлі табиғи апаттарға күресуге мүмкіндік туады. Өйткені, Алла тағала адамды жаратқанда, өзінің сүйікті құлына азық боларлық өсімдіктерді, аң-құстарды және де шипалық құндылықтары бар өсімдіктер мен минералдарды қоса жаратқан. Әрі жер бетіндегі барлық тіршілік көзі ретінде суды әкелген. Қазақстанның байлығы көп. Оның ең үлкен байлығы – табиғи құнарлы минералды сулары. Елімізде табиғи сулар шығаратын зауыттар жоқ емес. Олардың арасында «Марсель-судың» да орны бөлек.

«Марсель-су» компаниясы 2003 жылы құрылды. Бұл «Марсель-Петролеум» компаниясының еншілес бөлігі. Ал «Марсель-Петролеум»  компаниясы мұнай-газ нарығында он бес жылдан бері қызмет етіп келеді. Оның негізінде бірнеше жобалар жүзеге асырылды.  Соның бірі – минералды су. Су компаниясы 2003 жылы құрылғанымен, нарыққа бір жылдан кейін шыға бастады. 2004 жылы мемлекеттік тендерге қатысып, сол жылы зауыт құрылысын бастап кетеді. Зауыт заманауи талапқа сай. Бүгінде «Марсель-судың» бірнеше түрі бар. Ол газбен де, газсыз да өндіріледі. Осылайша, нарыққа енген минералды су алғашқы қадамдарын бастайды. Аталмыш компанияның басшысы Махмұт Нәлібаев мырза минералды суды өндіруге алғашында көп көңіл бөле қоймағанын айтады. Сол себепті де, минералды судың ішкі нарықта таралуына көп мүмкіндік бола қоймапты. Зауыт ашылып, минералды судың тарала бастағанына жеті-сегіз жыл өтсе де, ел іші оны айтарлықтай біле қойған жоқ. Өйткені, «Марсель-судың» аты көпшілік үшін беймәлім еді. Бұл су 970 метр тереңдіктен шығып отыр. Оның қалыпты температурасы 43-45 градус. «Марсель-судың» құрамынан барлық минералдарды табуға болады. Әрі ол судың адам ағзасын емдейтін қасиеті де бар. Асқазан, өт-бауыр ауруларын емдеуге пайдалануға болады. «Біздің су құбырларымызға бар-жоғы 7-8 жыл болды. Мұның пайдасы да, емдік қасиеті де бабында тұр», – дейді Махмұт Нәлібаев мырза.

«Марсель-судың» танымал болмауының да өзіндік сыры бар. Өйткені, аталмыш компания өз суын жарнамалауды құп көрмеген екен бүгінге дейін. Бұл судың қасиетін біреу білсе, біреу білмейтіні де сондықтан. Бүгінде «Марсель-суы» елімізде ғана емес, әлемдік нарықта да өз қадамын бастаған. Аталмыш компания минералды суды таныту үшін Үндістанның да нарығына шығыпты. «Қазір Мумбайда біздің суларымыз тұр. Зәмзәм суы деп жатамыз ғой. Бұл судың құнары да керемет деп айтар едім», –  дейді компания басшысы.

Кез-келген  судың кереметін білу үшін оның дәмін татқан дұрыс. Түрлі минералдарды бойына сіңірген «Марсельді» де ең абзалы ішіп көрген жөн. Сонда ғана оның қадір-қасиетін сезінесіз.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне «Марсель-суы» қарқынды таралып келеді. Бұл судың емдік қасиеті ерекше дейтініміздің де өзіндік сыры бар. Бұл судың асқазан қыжылын басуға септігі мол.  Әрі несеп-жыныс жүйесі ауруларын, зат ауысымының бұзылуы кеселдерінің алдын-алу үшін созылмалы ішек ауруларында және улануларда да минералды пайдаланған абзал.

Судың құрамын зерттеген неміс мамандары оның айрықша қасиетке ие екенін айтады. Қазір бұл суды неміс халқы өз елдеріне тасымалдауда. Шынайы минералды «Марсель-су» германдық өндірістің жаңа құрылғысына құйылады. Алынатын минералды судың қайнар бұлағы – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапланбек өңірі.

Алдағы уақытта «Марсель-су» шығып жатқан Қапланбектен үлкен емдеу сауықтыру орталығын ашу да жоспарда тұр. Бұл жобаның құрылысы қыркүйек айынан бастап, жолға қойылатын болады. «Зауыт маңындағы жерлерді сатып алдық. Жергілікті тұрғындардың арасында  кедергі жасағандар өте көп болды. Біраз уақыт рұқсат бермей, әуре-сарсаңға да салды. Қиындықтарға қарамастан, тәуекелге бет бұрдық. Құдайға шүкір, сауықтыру орталығының жұмысы басталатын күн де алыс емес», – дейді Махмұт мырза.

Қазір «Марсель-су» еліміздің тұтынушы нарығына шыққан. Судың құрамымен жергілікті халық жақсы таныс. Суды пайдаланушылар қатары бірте-бірте артып келеді.  «Марсель-судың» минералды құрамына қанық жұртшылық оның сапасының да жоғары екеніне көз жеткізген.

Тіршілік көзі саналатын судың таза әрі табиғи болғаны қажет. Табиғи нәрі бойына сіңген таза  суды күнделікті пайдаланғанға не жетсін?!

Гүлзина БЕКТАС

(«Түркістан» газеті, 2013 жыл).