МАҚПАЛ ЖҮНІСОВА: «МЕНІҢ ӨМІРІМ ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨП»

147

Адамдар, менің мәңгі бір ғана серігім бар,

Өлең дейтін жетімек елігім бар.

Сендер жүрген жолменен жүргенім жоқ,

Ешкімде жоқ ерекше өмірім бар, – деп өмірін әннен, әнді өмірінен бөліп қарамайтын қазақтың ерке қызы балабақшадан, ауыл клубының сахнасынан әншілік жолын бастап, Халық әртісі дәрежесіне жетті. Небәрі 11 жасында Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне келіп, білім алған қазақтың қаршадай қара қызы бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленген әйгілі әнші. Бойындағы дарынымен ғана емес, ақжарқын мінезімен, шынайы күлкісімен, қарапайымдылығымен халықтың жүрегінен орын алған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісованың «Сахна сыртындағы сырын» оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ТЫҢДАРМАНДАРЫМА ҰСЫНҒАНЫМНАН ҰСЫНАРЫМ КӨП ӘЛІ»

 – Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеге гастрольдік сапармен келгеніңізде сұхбаттасып едік. Ән-сапарларыңызды, жалпы шығармашылық жұмыстарыңызды қанша уақыт бұрын жоспарлап қоясыз және тек соған сүйеніп әрекет етесіз бе?

– Жоқ. Кейде алдын ала жоспарлап қойған жұмыстардың өзі жүзеге аспай қалады. Сондықтан бірнеше жыл бұрын концерттерімнің күнін белгілеймін деп айта алмаймын. Бәрі шабытқа, көңіл күйге байланысты ғой. Бірақ, аймақтарда жыл сайын шығармашылық кештерімді өткізе бермеуге тырысамын. Тыңдарманды жалықтырып алуға тағы болмайды. Ал қайта-қайта шақырып, ел жақтағы ұйымдастырушылардың өздері тілек білдіріп жатса, ешкімнің бетін қайтармаймын.

Репертуарға әндерді қосқанда да солай. Өзіме сазы мен сөзі қатты ұнап жатса, бірден студияға қарай жүгіремін. Ел жаңа әнімді естісе екен деймін. Жалпы, жақсы әндер жазылып жатыр. Оның бәріне клип түсіру мүмкін емес болғандықтан, осындай жер-жердегі концерттерімде орындап жүрмін.

– Қазір сахнадағы әріптестеріңіздің арасында өзі жайында кино түсіріп, кітап жазу сәнге айналды. Мақпал Жүнісованың көркем туындысын көрермендер таяу болашақта көре ала ма?

– Ондайдан Құдай сақтасын (күліп)! Онсыз да халық бәрін біліп, бақылап отыр ғой. Кімнің не істеп жүргені, қай әншінің шынымен шығармашылықпен айналысатыны дүйім жұртшылыққа мәлім. Интернет деген жақсы болды, қас-қағымда сенің тыныс-тіршілігің төңірегінде хабар береді.

Меніңше, өзім туралы кино түсіруге, болмаса кітап жазуға әлі ерте. Тыңдармандарыма ұсынғанымнан ұсынарым көп. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, күрделі әндерді орындағым келеді. Менің шығармашылық «потенциалым» сарқылған жоқ, шүкір.

Бәлкім, зейнетке шыққаннан соң, бұл туралы ойланып көрермін. Обалы не керек, қаншама киногерлер, жазушылар мұндай ұсынысты талай білдірген. Олар менің өмір жолымның ерекше екенін айтып, тағдырым, өнерім жөнінде әлгіндей дүниелерді жарыққа шығарғысы келді. Мен келісімімді бермедім.

– Шынында, Сіз тосын һәм қызықты оқиға-ларға жиі тап болатын әншілердің бірісіз…

– Жас ақын Жамбылдың концертіндегі (2016 жылдың 30 қарашасында Алматы шаһарының 1000 жылдығына арналған жас ақын Жамбыл Дүйсеновтің «Алматым – бақ мекенім» атты шығармашылық кешінде әнші сахнада құлап қалған еді, – ред.) жағдайды меңзеп отырсаң, оның өзі ойламаған жерден болды. Әннің ырғағынан қалыспай, билеп тұрғанмын, бір кезде бір жақ аяғымнан біреу қатты соғып жібергендей болды да, сахнада тұрған жерімнен жерге «топ ете қалдым». Сахнаның сыртында тұрғандарға әрі-бері қараймын, ешқайсысының демеп, көтеріп жіберетін түрі жоқ. Амалсыздан лезде биік өкшелі туфлиімді шешіп тастап, ұшып тұра келдім. Сол мезетте тобығым сынған шығар деп ойлап едім, абырой болғанда еш жеріме зақым келмепті. Тұзым жеңіл ме, сондай жағдайлар аяқ астынан орын алып тұрады, қайтейін. Бірақ, сахнада бұлай құлап қалуым бірінші рет болды.

Қазақ десең, өзіңе тиеді. Әлгі оқиғадан кейін біреулер «Жүнісова сахнаға арақ ішіп шығыпты» деп қауесет таратыпты… Үлкен сахнада жүргеніме, міне, 36 жылдан асыпты, осы аралықта «ұрттап» шығып, халықтың алдында бірде-бір рет ән салғаным жоқ. Бәрін Алла көріп тұр ғой… Мейлі, кейбіреулер мені ішкіш қылып көрсеткісі келсе, өздері білсін. Ешкімнің алдында ақталмаймын. Мен жоғалтатын дүниемді әлдеқашан жоғалтқанмын.

Иә, жұрт қатарлы мерекелерде, отырыстарда анда-санда шарап ішетінімді жасырмаймын. Ол қылмыс па? Мен ешқашан өзгелерге «судан таза, сүттен ақпын» деген емеспін.

«САХНАНЫҢ ӨЗІНДІК МӘДЕНИЕТІ БОЛУЫ КЕРЕК»

– Қазақ эстрадасы күн санап жаңа есімдер-мен толығуда. Осы орайда аты шулы «91» тобына қатысты көзқарасыңыз қандай?

– Шыны керек, ол жігіттердің әндерін тыңдап көрмеппін. Десе де, Қазақстанда соларға қатысты шу болып жатқанын естідім. Шашын түрлі түске бояйтынын, киіну стилі де басқа екенін өнердегі іні-сіңлілерімнің әңгімесінен құлағым шалды. Әйтпесе, менде теледидар көріп отыратын уақыт тапшы. Осындай гастрольдік сапарлар, телевизиялық түсірілімдер, одан өзге шығып тұратын тойларым бар. Біздікі бітпейтін бір қарбалас қой.

Бір ғана айтарым, сахнаның өзіндік мәдениеті болуы керек. Мысалы, біз, аға буын өкілдері ашық-шашық киінсек, жастар әлгіндей болса, оның соңы жақсылыққа апармайды. Өзіміздің қаракөздеріміз болғандықтан, сахнаға табиғи қалпымен шыққанын қалар едім. Жастықтың өзі әдемі емес пе? Ешкімге жеккөрінішті болмай, қазақы әдептен аттамаса екен деймін. Көпшілік әндерінің сапасы жаман емес, жігіттердің музыкалық сауаты бар дейді. Демек, «91» тобы сыртқы көрінісін жөндесе, бәрі өз орнына келеді.

– Ал кейінгі буыннан кімге көңіліңіз толады? Халық әртісі ретінде кімді атап өтер едіңіз?

– Димашты атауға болатын шығар. Қазірде ол елдің аузында жүр ғой. Қытайдағы байқауда бәріміз жеңіске жеткенін тіледік. Ол баланың дауысының ерекшелігі  эстрададан бұрын классикаға келеді. Маған, әсіресе, оның төменгі дауыста айтқаны ұнайды. Талантты жасқа тек ақ жол дейміз. Сосын шетелге кететін болса, тек қазақ әндерін насихаттау керек деп ойлаймын. Әрине, жүз пайыз ана тілінде ешкім оны шырқата қоймас. Шақырушы тарап өз талап-тілегін қояды ғой. Дей тұрғанмен, амалын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әндерім эфирден алынып тасталып, «қуғында» жүрген кезімде мені Түркияға жұмыс істеуге шақырған. Сондағы байқаудың біріне әділқазы болып барғанымда, егде жастағы профессор «бізге келсеңіз, барлық жағдайыңызды жасаймыз» деп ұсынысын айтты. Бірақ, шартына сәйкес, орындайтын әндерімнің 70 пайызы түрік тілінде болуы керек екен. Бұны естіген бойда, әлбетте, бас тарттым. Мен шығармашылықтағы еркіндігімді ештеңеге айырбастамайтын адаммын. Біреудің нұсқауымен жүруге о бастан-ақ қарсымын. Рас, кейде өзге тілдегі романстарды орындайтыным бар. Репертуарымдағы орысша әндердің саны 25-ке жуықтайды. Оның өзі ортаға байланысты, сұранысқа қарай айтылады. Жалпы, әндерімнің 99 пайызы қазақша ғой.

«ЗӘКЕҢНІҢ ТІРІ КЕЗІНДЕ БОЛМАҒАН ОҚҚАҒАРДЫҢ ҚАЗІР КЕРЕГІ ШАМАЛЫ»

– Басқа-басқа, Сіздің тойдағы «гонорары-ңыз» айтарлықтай шығар…

– Ең азы – 1 мың АҚШ доллары. Онда да қатты қысылып, жағдайы болмай тұрғанда ғана келісемін. Егер таныс адам болса, кейде қазақы көңілмен 5-6 әнімді тегін-ақ шырқап кететінім бар. Бәрі де адамның қалтасына қарай шешіледі десем болады.

– Бүгінге дейін ең қомақты табысыңыздың қанша екенін білсек.

– Бізде атымтай жомарттар ілуде біреу. Көпшілігі еліміздегі әншілерден гөрі, ақшасын шетелден келген «жұлдыздарға» ұстатуға құмар.

Тойда өнер көрсетіп, ең көп қаражатты осыдан бірнеше жыл бұрын алғанмын. Алматыда болған бір тойда 10 мың АҚШ долларын ұстатты.

– Мақпал Жүнісованың жанынан мұндайда оққағары табыла ма?

– Ондай адам Зәкеңнің тірі кезінде де болмаған, айналайын. Ол кезде болмаған оққағардың қазір керегі де шамалы. Ажал келсе, ешнәрсеге қарамайды.

Отағасым кезінде: «Саған көлік жүргізіп не керек?!» деп рұқсатын бермеген еді. Қанша жылдан бері менімен жұмыс істеп келе жатқан көлік жүргізушім бар. Сол екеуміз бүкіл шаруаны тындырамыз. Кешке тойға да барамыз, келесі күні ертемен шығып, үйге азық-түлік те аламыз.

Жалпы, ақша қалай келеді, солай тез жұмсалып кетеді. Қаржы жинап, оны «кассада» сақтауға мүлде ебім жоқ. Оған қоса, отбасымызда тоғыз ағайындымыз, бауырларым, олардың балалары бар… «Мақпал тәте» деп келіп тұрғанда, көңілін қимайды екенсің… Біздің көрген қиындығымызды солар өткермесінші деген ой ғой.

Іні-сіңлілерімнің балалары есейгенде бизнесмен атанады деген үміттемін. «Сондай кезде «мына кемпірді қайдан көрдім?..» деп танымай қалмаңдар, қартайған шағымда қызым екеумізге көмектесуді ұмытпаңдар» деп айтып қоямын (рахаттана күлді).

– Жалпы, өзіңізге де ерекше кірпияздықпен қарайтыныңызды құлағым шалған-ды…

– Енді ақшаны тауып жатқан соң, өзімнен ештеңені аямайтыным рас. Концерттерге жарқырап шыққанға не жетсін?! Отандық маңдайалды дизайнерлерге тапсырыс беріп, қалауымдағы көйлекті тіктіріп, бұл жағынан осалдық танытпауға тырысамын.

Бабым соншалықты қатты демегеніммен, бет күтіміне айрықша мән беремін. Пластикалық операцияны жасай қойғаным жоқ. Десе де, түрлі «процедураларды» жасатамын, қымбат кремдерді жағамын. Арнаулы мамандарға жолығамын. Анау-мынау заттарды қолданудан аулақпын. Басқа бәлендей ештеңе істемеймін.

Өнер адамы болған соң, ылғи бір қалыпта жүрген дұрыс қой. Көшеге нан алуға шықсаң да, боянбай, айнаға қарамай аттап басуға болмайды. Әйтпесе, «Масқара, мына Мақпалға не болған?» демей ме халық? Оларға біз әрдайым экрандағыдай әп-әдемі түрімізбен көрінуіміз қажет. Басқасын қарапайым жұртшылық онша қабылдай алмайды.

– Бәрібір де осынша жаста бұлай ширақ болу мүмкін емес сияқты…

– Табиғатымнан көңілді адаммын ғой, ылғи күліп жүремін. Соның әсері бар болар, кім білсін?!

Айтпақшы, сосын міндетті түрде күн сайын түс ауа терезелерді қараңғылап, 1-2 сағат ұйықтап аламын. Содан ба, түнге дейін сергек боп жүремін.

Табиғи өнімдерді тұтынамын. Сүт, айран, тары-талқан дегенді отбасымызбен жақсы көреміз (күліп). Ауылдың дәмі бөлек қой.

– Ал сырыңызды кімге ақтарасыз? Жақын достарыңыз бар ма?

– Ақтоты Райымқұлова есімді жалғыз құрбым бар, оның өзімен анда-санда ғана кездесеміз. Қолымыз тимейді. Негізінен, бар мұңымды анама айтамын. Көзімнің жеткені, шешемнен артық мені түсінетін жан кемде-кем. Несін айтайын, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді, соны біреумен бөліскенге не жетсін?! Алайда, аталған екі адамға ғана жан сырымды жеткіземін, қалғанына жұмбақ жанмын…

– Сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айтамыз!

Әңгімелескен:  Айбек ТАСҚАЛИЕВ, «QAZAQ» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі