МАҢЫЗЫ ЗОР МҰРАЖАЙ

68

Халқымыздың ардақты ұлы, армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қордың аясынан мұражай ашылды. Әрине, мұражай болғанда қандай? Әдемі. Болашағы бар. Біз мұражайды аралау барысында осындай ой түйдік.

Бұл көрме емес. Көрме белгілі бір уақытқа дейін тұрады. Халық келіп көреді, сосын туындыларды жинап алып кетеді. Ал қордың аясында ашылған бұл мұражайдың жөні бөлек. Өнерге, ұлт мәдениетіне жанашыр жандар көп қазір. «Марсель групп» компаниясының президенті Махмұт Ыбырайханұлы бұл мұражайды өз офисінің үшінші қабатынан ашқан. Бұл істі ұлт руханиятына жасалған қамқорлық деп түсіну керек. Әдетте жалға беріп отырып-ақ қаржы табуға болады. Ал Махмұт Нәлібаев өнерге немқұрайлы қарайтын жан емес. Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қор ашып, қаншама кітаптар шығарды, демеушілік жасады. Енді міне мұражай жұмысын бастады.

Мұражайды ашуға маусым айынан бастап дайындық жұмыстары жүрді. Офистің үшінші қабаты босатылып, бәрі реттелді.

– Мұражай бірнеше бөлімге бөлінген. Атап айтар болсақ, бірінші зал Мемлекет басшысы, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Онда тәуелсіздік алған қазақ елінің қалыптасу тарихындағы Елбасының ерен еңбегі атап көрсетілген. Сонымен қатар қазақ елінің батырлары туралы да деректер жетерлік. Екінші зал Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовке арналған. Онда Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің суреттері, архивтік құжаттары, ол жайындағы естелік кітаптар мен халықпен кездесулері баян етілген. Онан кейінгі зал Мұстафа Шоқайдың өміріне арналған. Мұнда қызым екеуміздің ұлы қайраткерлерге арнап салған туындыларымыз қойылды. Сонымен қатар Мұстафа туралы БАҚ-қа жарияланған мақалалар жинағы берілген. Шоқайға арналған кітаптар да келушілердің қызығушылығын туғызып, мұражай жайында мол мағлұматтар береді, – дейді Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Әбілқасым Сәрсенбаев.

Мұнда келген адамдар Елбасының тәуелсіз қазақ мемлекетін құрудағы ролімен танысып, мол деректерге қанығады, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетов туралы мол деректер алады. Сондай-ақ жұртшылық қазақ батырлары, елімізге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың ғана емес, осы көрмеге демеушілік жасап отырған «Марсель групп» компаниясының шығарған өнімдерімен де таныса алады.

Мұражай ашудағы мақсат не? Бүгінгі туындыларды болашаққа аманат етіп қалдыру. Бұл тек бастамасы ғана. Профессор Әбілқасым Сәрсенбаев өнерге жанашырлық танытып, мұражай ашқан азамат Махмұт Ыбырайханұлына алғысының шексіз екендігін білдіреді. Қамқор азамат Махмұт Әбекеңнің «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» атты кітабын үш тілде, «Мұстафа Шоқай көзімен» атты шығармашылық туындыларын бес тілде шығарып берді. Еуропада дүрілдетіп Әбекең мен қызы Айжанның көрмесін өткізді. Бар шығынды Махмұт Ыбырайханұлының өзі көтерді. Францияның Ножан қаласында өткен көрмеге қала мэрінің орынбасары, сондай-ақ Орталық Азия мен Қазақстан мәдениеті мен әдебиетін зерттеуші ғалым, абайтанушы Альберт Фишлер келді. Көрменің ашылғанын естімей қалғандар да кейін хабарласып, өкінішін білдіріп жатты. Әбекең үш және бес тілді жинақ етіп бастырылған туындыларын Еуропа кітапханаларына тарту етті. Қазақ өнерін бағалаған Махмұттай азаматтың арқасында ұлттық туындылардың кереметтілігі мен Шоқайдай дананың таланттылығын Еуропа тағы бір рет мойындады. Бұл бір ғана емес, Әбілқасым Сәрсенбаевтың көрмелері бұған дейін туған жері Шиеліде, Астанада, Түркияда және тағы басқа қалаларда аталып өтті.

Қазір Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қор мұражайында Шоқайға арнап салынған Әбекеңнің 25 туындысы ғана тұр. Қалғандары өзінің шеберханасында. Жалпы, Әбекең Шоқайдың қайраткерлігіне арнап 200-ден астам сурет салған.

Ал бүгінгі мұражайдың ашылуын үлкен істің басталуы деп түсіну керек.

– Қазақ өнері мен ұлт руханиятын қастерлеу – басты парызымыз. Сондықтан негізгі міндетіміз – қазақтың атын шығарған және ел тәуелсіздігі жолында үлкен еңбек сіңірген қайраткерлердің есімін кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыру. Бұл жолдағы жұмыс жалғасын таба береді, – дейді қор төрағасы Махмұт Ыбырайханұлы.

Мұражайдың ашылғанынан жұртшылық енді хабардар бола бастады. Келем деушілерге әрқашан есік ашық. Кіру тегін. Бұл жобаның өмірі ұзақ болатынына сенім мол.

– Бұл жерге тек өнерсүйер қауым ғана келмейді. Бұл жан-жақты қызмет көрсететін мұражай. Мысалы, Қастеев мұражайында тек ұлы суретшінің ғана туындылары тұрған жоқ қой. Сол сияқты біздің мұражайда да ұлт тұлғаларына қатысты тарихи жәдігерлер көбейеді. Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қордың мұражайы да сондай жан-жақты дерек бере алатын орталыққа айналуы тиіс. Алдағы уақытта өз туындыларын бермек болып отырған ағайындар мен ғалымдарымыз бар. Болашақта мұның барлығы да көрмеге қойылады. Ғасырлардан бүгінге жеткен батырлар жырының аудио жазбасы да мұнда қойылған. Қазіргі уақытта Мұстафа Шоқайдың туған жерімен байланыс жасап жатырмыз. Сағадат батырдың да, мұражайға қатысты басқа да азаматтардың пайдаланған заттары қойылады. Қысқасы, келген адам мұражайдан үлкен ғибрат алып қайтуы тиіс, – дейді профессор Әбілқасым Сәрсенбаев.

Қазір мұражайға келушілердің қарасы молайды. Бұл жерге өнерді түсінетін адам ғана бас сұғады десек, ол қате. Офиске келген адам міндетті түрде мұражайға келіп, мұндағы туындылармен танысады. Жақында Мәскеуден, Швейцариядан, Қытайдан келгендер ризашылығын білдірді. Венгриядан келіп, телеарнаға түсіріп, Махмұт Ыбырайханұлынан сұхбат алып кетті. Қысқаша айтқанда, жұмыс бабымен келгендердің барлығы да өздеріне рухани азық алады, тарихи мағлұматтарға қанығады, сонымен қатар компанияның өнімдерімен жан-жақты танысып қайтады.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

(«Айқын» газеті, 2015 жыл).