МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҚАНДАЙ ҚОСЫМШАЛАР АРҚЫЛЫ АЛАДЫ?

3

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы медициналық қызмет көрсету толықтай электронды форматқа көшіріледі. Яғни, емханалар мен ауруханалар қағазбастылықтан біржола құтылады. Осылайша, дәрігердің де, науқастың да жұмысы айтарлықтай жеңілдейді. Ең бастысы алтыннан да қымбат уақыт үнемделеді. Әрбір науқас туралы ақпараттың бәрі бір жүйеде жинақталып тұрады. Және ол бәріне де қолжетімді болады. Бұл туралы abctv.kz порталы жазды.
2018 жылдың басында елімізде «Қағазсыз аурухана» пилоттық жобасы басталған болатын. Бүгінде аталған жобаға сәйкес, барлық өңір бойынша жоспарланған 710 денсаулық сақтау ұйымының 667-сінде (94%), 184 амбулаторлық-емханалық көмек көрсету ұйымының 181-інде (98%) медициналық құжаттар электронды форматта жүргізіледі. Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен медициналық құжаттардың 121 тіркеу және есеп беру формасы бар. Бүгінде соның 63-і электронды форматқа ауысқан екен.
Министрліктің ақпаратына сенсек, дәл қазіргі уақытта ел тұрғындары 19 мобильді қосымшаны пайдалана алады. Айталық, DamuMed – дәрігердің қабылдауына жазылу үшін қажетті қосымша; Dariger Pro – клиникалық хаттамалар сақталатын база; HealthBook – диагностикалық қызметтер топтастырылған жүйе (қосымша арқылы қажетті емхананы, дәрігерді таңдауға мүмкіндік бар); «103 контроль» – диспетчерлік орталықты автоматтандырудың бағдарламалық кешені; FMS – халықтық бақылау (қосымшаның көмегімен емханалар мен ауруханалардың жұмысына баға беруге болады); Health City – мемлекеттік органдар мен халықтың интерактивті байланысына негізделген қосымша; «Менің жүктілігім» – жүкті әйелдерге арналған қосымша; Egov мобильді қосымшасы; «Oncoscreen» – қатерлі ісік ауруын диагностикалауға арналған қосымша; «Посоветуй врача.kz» – тұрғындар дәрігерлер мен медициналық ұйымдар туралы пікірлер қалдыра алады; By MedElement Co – түрлі аурулар бойынша дәрігердің анықтамалығы; алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған SOS мобильді қосымшасы; CDL OLYMP Kazakhstan – «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасының мобильді қосымшасы; «Көмек 103» – алғашқы медициналық қызмет көрсету бригадасының жұмысын автоматтандыруға арналған қосымша; 103apteka.kz – интернет-дәріхана; 103.kz – қажетті дәріні іздеуге арналған қосымша; «Достармед А» – «Достармед А» жеке клиникасының мобильді қосымшасы; «Патронажды мейірбике» – ана мен балаға көмек қажет болса, осы қосымшаның көмегімен мейірбике шақыруға болады; сәбилерді күтуге арналған мобильді қосымша.