МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША БАСПАНА АЛУ ҮШІН ЖАЛАҚЫ ҚАНША БОЛУЫ КЕРЕК?

17

Ипотека нарығына жан біте бастады. Ал, бұған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы себепкер. Өйткені, дәл осы бағдарлама бойынша үй алушылар саны күрт көбейген екен. Сәйкесінше, еліміздегі ипотекалық қарыз қоржыны 1 триллион теңгеден асып, бұрын-соңды болмаған рекорд орнатып отыр. «Нұрлы жер» бойынша енді үлес құрылысқа да кепілдік берілетін болса, үй саудасы одан бетер қыза түседі. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады.
Екі жылдай орнынан жылжымай қалған ипотека нарығына өткен жылдың аяғында ғана жан біте бастады. Міне, көп ұзамай бұрын-соңды болмаған рекорд орнатып отыр. Ranking.kz порталының мәліметінше, маусым айында еліміздегі ипотекалық қарыз көлемі 1 триллион теңгеден асқан. Яғни, тек 1 айдың ішінде ол 1,4 пайызға көбейіпті. Бұған елордалықтардың қосқан «үлесі» зор. Астанада тек маусымдағы айлық өсім 4,8 миллиард теңгені құрады. Сөйтіп, ондағы жалпы ипотекалық қарыз 229 миллиард теңгеге жеткен.
Екінші орында Алматы қаласы тұр. Мұнда қарыз соммасы 3,3 миллиард теңгеге көбейіп, жалпы көлемі 300 миллиардтан асқан. Үштікке кіретін Ақтөбеде бір айда 885 миллион ипотекалық қарыз қосылып, жалпы сомма 53,5 миллиардтты құрапты. Жағдайға оң әсер еткен «Нұрлы жер» бағдарламасы екенін айтады мамандар.
Аталған бағдарлама бойынша жыл басынан бері 6,2 миллион шаршы метр аумақты қамтитын баспана пайдалануға беріліпті. Әрі жылдық үстемақысы да 10 пайыз. Бірақ, екінші деңгейлі банктердің бұл реттегі белсенділігі тым бәсең. Несиені -олды таратып жатқан тек мемлекеттік қаржы ұйымдары.
«Азаматтардан 1,9 миллиард теңге көлеміндегі соммаға өтініш түсті. Біз соның 1,7 миллиард теңгесін мақұлдадық. Негізі, бағдарлама бойынша 2017-2018 жылдары 120 миллиард теңгелік портфельді қамтуымыз керек. Біз қазір бастапқы кезеңде тұрмыз», – деп түсіндірді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Қажымұратұлы.
Ал, «Нұрлы жер» бойынша баспана алу үшін азаматтардың жалақысы кемі 140-150 мың болуы керек екен.
«140-150 мың теңге көлеміндегі жалақының 40 мыңын жинап отыру керек. Сөйтіп, кафе, мейрамхана дегенді ұмытқан жөн. 40 мыңнан құйса, оған мемлекеттік сыйақы мен банк беретін 2 пайыз қаржы қосылып, жыл соңына дейін 600 мың теңге жиналады. Ал 3 жылда 1 миллион 800 мың теңгеге жетеді», – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма басшысы Ләззат Ибрагимова.
Салынатын үйлердің сапасы да бұдан былай қатаң бақылауда болмақ. Оны тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалау жүзеге асырады. Ал, анықталған кемшілікті 2 жыл ішінде құрылыс компаниясы мойнына алуға міндетті.