МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ АЙЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

39

 

2017 жылы Қазақстандағы 98,9 мың мемлекеттік қызметкердің айлығына жұмсалатын шығын 1,32 триллион теңгені құрайды екен. «QAZAQ» газеті төменде мемлекеттік қызметкерлердің қанша айлық алатынын жариялап отыр. Инфографикада мемлекеттік қызметкерлердің минималды жалақылары көрсетілген. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлердің айлықтары көрсетілген мәліметтерден де төмен болуы ықтимал, себебі, біраз мекемелер өздерінің қызметкерлерінің айлық табыстары туралы мәлімет беруден бас тартты.

ӘКІМШІЛІКТЕГІ АЙЛЫҚ. Ең аз жалақы алатын өңір – Қызылорда облысының әкімшілік басшылары екен. Дәл осы өңірдің ауылдық әкімшілік қызметкерлерінің айлық табыстары да 48 мың теңге, яғни төмен жалақылар қатарында. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік қызметкерлерінің жалақылары 95 мың теңге, бұл әлдеқайда көңілге қонымды болып табылады. Ал енді мемлекетке 20 жылдан артық қызмет еткен аймақ әкімдері айына 1 миллион теңге көлемінде жалақы алады. Сондай-ақ, Алматы және Астана қалалары әкімдерінің айлықтары да миллион теңгеге жуықтайды.

МИНИСТРЛІКТЕГІ АЙЛЫҚ. Министрліктегілер әкімшіліктегі қызметкерлерге қарағанда көбірек айлық алады. Сонымен, кез-келген министрліктегі сарапшының айлық табысы 104 мыңнан басталып, 140 мыңға дейін жетеді. Ал максималды айлық 140 мың теңгені алу үшін шенеуніктің креслосында 17 жылдан артық отыруы қажет екен. Министрліктегі бас сарапшының айлық табысы – 186 мың теңгені құрайды. Бүкіл өмірін мемлекеттік қызметке арнаған басқарма басшыларының айлық табысы 208 мың теңге. Ал департамент директорының айлық табысы 391 мың теңге. Ескерте кететін жәйт, келтірілген барлық соммаларда салықтар есептелмеген.

Бізге түскен мәліметтерге сәйкес, ең төмен жалақы – Мәдениет министрлігінде. Ондағы мемлекеттік қызметкерлердің айлығы – 154 мың теңге. Енді Білім министрлігіне келер болсақ: вице-министрдің айлық табысы – 631 мың теңге. Жауапты хатшының айлық табысы – 685 мың теңге. Министрлердікі – 895 мың теңге. Ал 17 жылдан астам мемлекет қамы үшін еңбек еткен министрлердің айлығы – 1 млн 191 мың теңге.

ПРОКУРАТУРАДАҒЫ АЙЛЫҚ. Еліміздегі Бас прокуратураның басшылығының айлық табыстары өте қомақты. 685 155 теңге мен 1 392 537 теңгенің аралығында. 76 мың мен 160 мың теңгенің аралығындағы айлықты аудандардағы қадағалау органдарының қызметкерлері алса, әр аймақтағы аталмыш қызметкерлер 87 мың теңге мен 241 мың теңге аралығында айлық алады.

АЙЛЫҚТЫ ЖАРИЯҒА ЖАР САЛМАЙТЫНДАР. БАҚ өкілдерінің бұл ресми сұрағына мүлдем міз бақпаған бірден-бір мекеме – ҚР Қаржы министрлігі. Ал Батыс Қазақстан облысының әкімшілігі уақыт керектігін айтқан.

«Әкімшіліктегі қызметкерлердің айлық табысы туралы ресми сұрақтарыңызға жауап беру үшін тағы бір субъектіден осы турасында мәлімет алу және қосымша жұмыстар жүргізу қажет деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының әкімшілік аппараты», – делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар, өздерінің басшылары мен қызметкерлерінің айлық табыстары туралы жарияға жар салудан бас тартқан мекемелер қатары мыналар: Ақмола облысының әкімшілігі; Ауылшаруашылығы министрлігі; Білім министрлігі; Әділет министрлігі және Энергетика министрлігі.

ҚР Қорғаныс министрлігі еліміздің егемендігін қорғап қана қоймай, сонымен бірге, генералдарының да айлық табыстарын қызғыштай қориды екен. Себебі, бұл құпия мәлімет және де жарияға жар салуға қатаң тыйым салынған деседі.

Өздерінің айлық табыстарын құпия ұстайтын тек Қорғаныс министрлігі ғана емес, сонымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі; Ұлттық қауіпсіздік комитеті; Сыртқы істер министрлігі.

Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті