МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

25

Қазақстан бүгінгі таңда кәсiби мемлекеттiк қызметтің сапалы, жаңа кезеңiн қалыптастыруда. Қазақстандық жаңа модельде мемлекеттiк қызметтi кәсiбилендiруге бағытталған институционалдық шаралар бекiтiлген. Оған Елбасымен ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы негіз болады.  Ұлт жоспарын орындау мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң күшіне енді, бірқатар заңға тәуелді актілер қабылданды. Басты ерекшелік – мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық  моделі мемлекеттік орган қызметшілері арасында басшылық бос лауазымға ішкі конкурспен, ал төменгі лауазымдарға тек жалпы конкурс арқылы ғана тағайындауды көздейді. Яғни, мемлекеттік қызметке түсу төменгі лауазымдардан басталып, жоғары лауазымдарға тағайындалу біртіндеп мансаптық жылжу арқылы жүзеге асырылады.

1-қадам. Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс.

2-қадам. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

3-қадам. Қазақстан республикасының  мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру. Үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу.

4-қадам. 3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі (тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау).

5-қадам. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру.

6-қадам. Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемлекеттік қызметкерлер үшін – жеке жылдық жоспарларды орындау; мемлекеттік органдар үшін – стратегиялық жоспарларды орындау; министрлер және әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту; үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикаторлар.

7-қадам. Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу

8-қадам. Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру.

9-қадам. Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру.

10-қадам. Мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу. «Б» корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидатын нығайту.

11-қадам. Шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу. Оларды тағайындау ерекше талаптар және лауазымдардың жеке кестесі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл қадам мемлекеттік қызметті ашық және бәсекеге қабілетті жүйе етеді.

12-қадам. Жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін жасау. Этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу.

13-қадам. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру.

14-қадам. Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау.

15-қадам. Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу, кәсіби талаптарды күшейту және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу.

(Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі

«100 нақты қадамының» бірінші «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тармағынан)

Төменгі лауазымдарға жарияланатын жалпы конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметші болу үшін үміткерлер бірнеше іріктеу сатыларынан өтуі керек. Оның бастапқысы Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден басталады. Бұл бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық іріктеудің алғашқы әрі маңызды сатысы.

Тестілеу компьютерде, арнайы жабдықталған залда дұрыс жауапты таңдау арқылы жүргізіледі. Әкімшілік қызметке орналасу үшін тапсырылатын тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Түсінікті болу үшін әр бағдарламаға қысқаша тоқталып өтейін.

Тестілеудің бірінші бағдарламасы, облыс деңгейін алатын болсақ, облыстық департамент, инспекция, басқармалардың басшылары мен олардың орынбасарларының, аудандық, қалалық аумақтық басқармалардың басшыларының, аудан немесе қала әкімінің орынбасарларының, аппарат жетекшілерінің, облыс әкімі аппаратының, облыстық мәслихаттың және тексеру комиссиясының басшы лауазымдарына орналасу үшін тапсырылады.

Екінші бағдарлама бойынша тестілеу облыстық департаменттердің ішіндегі басқарма басшыларынан бастап жетекші мамандарына дейінгі лауазымдарға, аудандық немесе қалалық аумақтық басқармалар басшыларының орынбасарларынан бастап бас мамандарына дейінгі лауазымдарға, облыс әкімі аппаратының, облыстық мәслихаттың және тексеру комиссиясының бас мамандары мен жетекші мамандары лауазымдарына, облыстық басқармалардың бөлім басшыларынан бастап жетекші мамандарына дейінгі лауазымдарға, қалалық немесе аудандық әкім аппараттарының бөлім басшыларына, аудандық, қалалық дербес бөлім басшыларынан бастап сектор меңгерушілеріне дейінгі лауазымдарға, ауылдық, селолық округ әкімдерінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының  лауазымдарына түсу үшін тапсырылады.

Аудандық  немесе  қалалық  аумақтық  басқармалардың жетекші мамандары, қалалық немесе аудандық әкім аппараттарының бас мамандары мен жетекші мамандары, аудандық, қалалық дербес бөлімдердің бас мамандары мен жетекші мамандары, ауылдық, селолық округ әкімі аппараттарының бас мамандары мен жетекші мамандары лауазымдарына орналасу үшін үшінші бағдарлама бойынша тестілеу тапсыру қажет.

Заңдар тізімі, тестілеудің ұзақтығы және сұрақтар саны тестілеу бағдарламасына сәйкес әртүрлі болады. Мысалы, тестілеудің бірінші бағдарламасына жазылсаңыз, онда 10 нормативтік құқықтық акті бойынша тестілеу тапсыру қажет. Оның ішінде Конституция, Президент, Үкімет, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Әкімшілік рәсімдер, Құқықтық актілер, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңдары және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі бар.

Әр заң бойынша 15 сұрақтан және Ар-намыс кодексі бойынша 10 сұрақ беріледі, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беру керек және жалпы дұрыс жауаптардың саны 102 балдан төмен болмауы қажет. Бұл бағдарлама бойынша тестілеуге 115 минут уақыт беріледі.

Екінші бағдарлама бойынша Конституция, Президент, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Әкімшілік рәсімдер, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Бұл бағдарлама бойынша да әр заңнан 15 сұрақтан және Ар-намыс кодексі бойынша 10 сұрақ беріледі. Бірақ, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 78 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақыты 105 минутты құрайды.

Үшінші бағдарламаға жазылған болсаңыз Конституция, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Бұл жағдайда да әр заңнан 15 сұрақтан және Ар-намыс кодексі бойынша 10 сұрақ беріледі. Олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 50 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеуге 85 минут уақыт беріледі.

Жоғарыда көрсетілген тестілеу бағдарламалары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу үшін тестілеуге қатысушыларға арналған. Ал, құқық қорғау органдарына түсетіндер үшін тестілеу бағдарламалары өзгеше. Мысалы, құқық қорғау органдарына түсуге үміткерлер жұмысқа орналасатын лауазымдарына қарай төрт бағдарлама бойынша тестілеу тапсырады.

Бірінші бағдарламада Конституция, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі, Құқық қорғау қызметі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 95 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеуге 110 минут уақыт беріледі.

Екінші бағдарламаға жазылған жағдайда 8 нормативтік құқықтық акті бойынша тестілеу тапсыру қажет. Олардың қатарында Конституция, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Құқық қорғау қызметі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 63 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақыты – 90 минут.

Үшінші бағдарламаға сәйкес Конституция, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 21 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақыты 40 минутты құрайды.

Төртінші бағдарлама бойынша Конституция, Қазақстан Республикасының Президенті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Құқық қорғау қызметі туралы Заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру көзделген. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 35 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақыты – 60 минут.

Тестілеуді бірінші ретте тапсыра алмай қалған жағдайда қайта тестілеуге бір айдан кейін келуге болады.

Тестілеуге жазылу үшін «электрондық үкімет» (egov.kz) немесе Мемлекеттік корпорацияға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) жүгіну арқылы тестілеу бағдарламасын таңдап, тест тапсыру уақыты мен күнін белгілеп, өтініш берсеңіз жеткілікті.

Мемлекеттік корпорацияға және тестілеуге барғанда өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды алуды ұмытпаңыз.

Тестілеудің оң нәтижесіне ие болсаңыз, 20 минут ішінде жеке басыңыздың қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге өтуге жіберілесіз. Бұл – конкурстық іріктеудің екінші сатысы.

Тестілеудің бұл түрінде үміткерлердің келесідей жеке қасиеттерінің даму деңгейі анықталады: бастамашылдық, адамдармен тіл табысу, аналитикалық, ұйымдастырушылық, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік.

Соңғы саты – әңгімелесу. Ол бос орынға конкурс жариялаған мемлекеттік органда өтеді. Өзіңізді комиссия мүшелері алдында еркін ұстап, ұтымды жағынан көріне біліңіз, оларды алдыңызға қойған міндеттерді орындауға барлық қажетті кәсіби және жеке қасиеттеріңіздің бар екеніне сендіріңіз.

Әрине, мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені, бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Егер өз таңдауыңызды жасап, өз өміріңізді мемлекеттік қызметпен байланыстырып, мемлекеттік қызметші болуға бел байласаңыз, мемлекеттік органдармен жарияланып жатқан конкурстарға қатысыңыз.

Тобықтай түйін: Өткізіліп жатқан конкурстар туралы хабарландырулар әкімшілік бос лауазымдары бар мемлекеттік органдардың және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (www.kyzmet.gov.kz) сайтында жарияланады. Ал, құқық қорғау органына жұмысқа тұруға ниет білдіргендер жарияланған конкурстар туралы мәліметті құқық қорғау органдарының сайтынан немесе соларға тікелей жүгіну арқылы біле аласыздар.

Талант БАҚБЕРГЕНҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша

департаменті басшысының орынбасары