МЕМЛЕКЕТ ІШІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТЕР

7

1991 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында «Темір ханшайым» аталып кеткен Ұлыбританияның 71-ші премьер-министрі Маргарет Тэтчердің (1925-2013): «Ресейдің ұлан-ғайыр аумағында бір ғана мемлекеттің өмір сүруі әділетсіз» – деп, Ресейдің жері мен оның халқы жөнінде айтқан пікірін қазір әркім өзінше бағалайды. Бір анығы, Ресей Федерациясының жер көлемі – 17,1 млн шаршы метр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ресей Федерациясына сол  Маргарет Тэтчердің отаны – Ұлыбританияның жетпісі бірдей сыйып кетеді. Тіпті, Еуропаның 43 мемлекетін қоссаңыз, Ресей Федерациясы жер көлемінің 65 пайызын ғана құрайды. Иә, біздің солтүстіктегі көршімізде Қырымды қосқанда Алтай, Башқұртстан, Мордовия, Татарстан, Хакасия, Шешенстан сияқты 22 республика бар. Осы республикалардың басым бөлігі ұзақ жылдардан бері өз егемендігін аңсап келеді. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Ресей Федерациясындағы тәуелсіздікке ұмтылған бірқатар автономиялық республикаларға тоқталады.

ЖЕРІНЕ ЖЕТПІС ҰЛЫБРИТАНИЯ СЫЙЫП КЕТЕТІН РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ

Қазіргі Ресей Федерациясының территориясы туралы қызықты мәліметтер көп.  Мәселен, бүкіл бір елдің аумағы 11 сағаттық белдеуге бөлінеді. Яғни, Ресей Федерациясының Калининград қаласында бозарып таң атқанда, қиыр шығыстағы Владивостокта кеш батады. Сонымен қатар, бұл елдің екі өңірінің (Сібір және Қиыр Шығыс федералдық округі) жері жоғарыда айтқан Еуропа құрлығынан да үлкен. Алайда, көрші ел жерінің 80 пайызын алып жатқан осы екі аймақта Жапония астанасы Токионың тұрғындарынан да аз халық тұрады (Токио тұрғындарының саны – 13,7 млн адам).

Міне, Ресей жерінің осындай үлкендігі үшін оған қай кезеңде болмасын әңгіме айтушылар көп болған. Оның үстіне мемлекеттік құрылымы – федерациялы республика. Сондықтан оның құрамында ондаған республика өмір сүріп келеді. Олардың тәуелсіздікке ұмтылу жолдары да әр кезеңде күшпен жанышталды. Өткен ғасырдың соңында Шешенстан, Дағыстан секілді республикалар талай мәрте өз тәуелсіздігін сұрады. Тіпті, Ресей мен Шешенстан арасында соғыс та болды. Кейіннен бұл жағдайлардың қалай аяқталғандығын көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Рас, Ресейдің федерациялы мемлекет екендігін білетін сыртқы күштер де қаншама жыл оны ыдырату мақсатындағы астыртын жұмыстарын жалғастырып келеді. Алайда, оған қарап отырған Кремль жоқ. Қол астындағы республикаларға азаттық бермек тұрмақ, 2014 жылы Мәскеу Қырымды өз құрамына күштеп қосып алды. Тіпті, айдың-күннің аманында Қырымнан айырылып қалған Украинаның шығысындағы Луганск, Донецк облыстары қазір Киевтің бас ауруына айналды. 2014 жылдан бері сыртқы күштердің (мысалы, Кремльдің) ықпалындағы және солардың астыртын қолдауына ие болып отырған Луганск пен Донецк облыстары Украинадан бөлініп, өз тәуелсіздіктерін жариялап үлгерді. Қазір саяси картада әлемдік қауымдастық мойындамаған Луганск халық республикасы мен Донецк халық республикасы пайда болды.

БАШҚҰРТТАР АЗАТТЫҚ АЛУҒА НЕГЕ АСЫҚПАЙДЫ?

Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан секілді экономкалық әл-ауқаты жоғары тағы бір ел – Башқұртстан Республикасы. Татарстанмен көршілес жатқан бұл мұсылман елінің де Ресей өңірлері арасында экономикасы жөнінен 5-орын алатындығын айта кетуіміз керек.

Башқұртстан өзінің тамаша табиғатымен де ерекше көзге түседі. Бұл елде 12 000 көл мен 2 700-ден астам өзен бар. Ел территориясының 40 пайыздан астам жерін орман алып жатыр.

Башқұрстанның энергетика мен өндіріс саласы да жыл өткен сайын өркен жайып келеді. Елде туризмді дамытуға болатын ерекше аймақтардың бар екендігі белгілі.

Башқұрт жерінде мұнай қоры мен табиғи газ және көмірдің үлкен алабы да бар. Ал, астанасы Уфа – ресейлік қалалар арасында қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Ресей жеріндегі бизнеске ең қолайлы қала саналады.

Осындай мол мүмкіндікті тиімді пайдаланса, Башқұрстанның да алда алар асуы көп болмақшы. Бірақ, бұл елдегі белсенді топ өкілдерінен әзірге Татарстандағыдай тәуелсіздік жолындағы толқыныс байқалмайды. Ел өз бетінше өмір сүріп жатыр. Мұндағы ірі компаниялар іс жүзінде Башқұртстан елінікі болғанымен, оның басында Ресейдің алпауыттары тұр.

4 миллион халық мекендеген Башқұртстан үшін де тәуелсіз ел ретінде өмір сүруге мол мүмкіндіктің бар екендігі жасырын емес. Алайда, башқұрттар тарапынан тәуелсіздік бағытындағы нақты қадамдар жасалмаса да, қазір бұл тақырыптағы әңгімелер алыстағы Түркияда жиі айтыла бастады. Ол бірінші кезекте Мәскеудің боданында қалған түркі тілдес елдерге қатысты жағдай.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ТАТАРСТАН

Соңғы уақытта кейбір ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Татарстан Республикасының тәуелсіздік жолындағы ұмтылысын жиі жариялап жүр. Оның үстіне Мәскеу мен Қазан арасында Татарстан Республикасының мәртебесі жөнінде келісім бар. Бұл Ресей Федерациясы құрамындағы басқа ешқандай елде жоқ жағдай. Аталған келісім бойынша Татарстан Республикасы кейбір мемлекеттік маңызды мәселелерде бірқатар артықшылықтарға ие. Мәселен, Татарстан толыққанды тәуелсіздік алмаса да, Ресей Федерациясынан бөлініп шықпаса да, 1990 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік туралы декларациясын, ал 1992 жылы 30 қарашада Конституциясын қабылдады. Ата заңында татар тілінің орыс тілімен бірдей мемлекеттік мәртебесі тайға таңба басқандай айқын көрсетілді.

Күні кеше Кремль ендігі жерде Татарстанмен ешқандай келісім жасамайтындығын жариялапты. Бұл бодандықтың құрсауындағы мемлекеттің бұдан ары ешқайда жылжи алмайтындығын көрсетеді.

Татарстан екі жүз жыл бұрын Ресейдің құрамына күштеп кіргізіліп, бүгінде екі ғасыр бойы өз тәуелсіздігін ала алмай келеді. Әйтпесе, бұл елдің мүмкіндігі өте жоғары.

Сарапшылардың айтуынша, 3,8 миллионнан астам халық тұратын Татарстанның жеке мемлекет ретінде өз күнін өзі көріп кетуіне жағдайы бар. Өйткені, қазір Татарстан Республикасы Ресей Федерациясының өңірлері арасында экономикалық әл-ауқаты жөнінен 6-орында келеді.

Елдегі мұнай қоры 1 млрд. тоннаны құрайды. Қазірдің өзінде Татарстан территориясында 127 барланған мұнай қорының орындары бар. Татарстан тек мұнай қорымен ғана емес, өзінің үлкен көмір алабымен де мақтана алады. Елде 109 көмір кенішінің болуы да көп нәрсені аңғартса керек.

Екі мыңға жуық мешіті бар бұл мұсылман елінің басты байлығы ретінде суды да айтсақ болады. Мәселен, бүкіл батыс Еуропадағы ең ірі өзендер – Волга мен Кама татар жерін басып өтеді. Бұл өзендер елдегі ағын су мәселесінің шешілуіне өз септігін тигізеді.

Татарстан Республикасындағы осындай мүмкіндікті білетін жергілікті белсенді топ өкілдерінің тәуелсіздікке ұмтылу жолы да тегін емес екендігі түсінікті. Себебі, Татарстан – өзін-өзі толық асырай алатындай жағдайдағы мемлекет. Ол Ресей Федерациясының өзге де субъектілері мен автономиялық республикалары секілді дотацияда отырған жоқ. Ол жалпы ішкі өнім бойынша тек елдің еуропалық бөлігіндегі Ленинград, Мәскеу облыстары мен Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларын ғана алдына салады. Демек, Татарстан өзінің 3,8 миллион халқымен жеке мемлекет болса, оның жағдайы Қырғызстан немесе Тәжікстан секілді ортаазиялық елдерден де мықты болар еді. Алайда, бұл Ресей билігінің жоғарғы эшелонынан ешқашан қолдау таппайтыны айтпаса да түсінікті.

Рас, бұл тақырыпта талай әңгіме көтерілгенімен, жауап біреу ғана: Татарстан – алып империяның құрамдас бөлігі. Бір жағынан Ресей Федерациясының Татарстан секілді экономикалық әл-ауқаты жоғары елді уысынан шығармай ұстауы да аса тиімді. Өйткені, бүгін Татарстанға ерекше мәртебе берсе, ертең экономикасы жақсарған өзге де автономиялық республикалар бастапқыда ерекше мәртебе, кейіннен тәуелсіздік сұрауы да ғажап емес.

РЕСЕЙДІҢ ҚҰРАМЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ ХАЛҚЫ ТҮРКІ ТЕКТЕС РЕСПУБЛИКАЛАРҒА ТҮРКИЯ НЕГЕ ҚАРАЙЛАЙДЫ?

Ұзақ жылдардан бері Еуропалық Одаққа кіруді көксеген Түркия Республикасы шын мәнісінде былтыр одан күдер үзді. Өйткені, «бүгін-ертең» деп әбден әуре-сарсаңға салған Еуропалық Одақ басшылығынан Анкара да шаршады. Себебі де түсінікті. Еуропалық Одақ елдері Түркиядан қауіптенеді. Оған жылы қабақ танытып, түрлі деңгейлердегі кездесулерде жылы сөйлегенімен, ақыр соңында оны мүшелікке қабылдағысы келмейді.

Рас, Түркия Республикасы – аймақтағы алып держава. Ол Еуропалық интеграцияға қол созған жағдайда, көптеген әлемдік істер оның қатысуымен шешілуі тиіс болады. Тек өз мүдделері үшін шешім қабылдап үйреніп қалған Батыс елдері бұл тұрғыда мәселені ушықтырғысы келмейді. Бұл – бір. Екіншіден, бірқатар шектеулерге қарамастан Еуропаның басым елі (әсіресе, Германия) қазір түріктеніп барады. Егер, Түркия Еуропалық Одаққа енген жағдайда, Анкара бұрынғыдан да күшейе түседі.

Түріктер енді қандай қадамға баруы мүмкін? Әлбетте, 1299-1922 жылдары өмір сүрген Осман империясының заңды мұрагері саналатын Түркия қазір аймақтық держава болса, олар да әлемдік державаға айналғысы келеді. Ол үшін сол Түркиядан басталған үлкен аймақты түркі тілдес халықтарының басын біріктіру керек. Әрине, бұл әзірге саясаткерлердің пиғылы ғана. Осындай идеялар жүзеге асса, Түркия Орталық Азия мен Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Қарашай-Черкес, Тува, Саха (Якутия) жерінде тұратын түркі тілдес халықтардың басын біріктіріп, әлемдегі 165 миллионан астам түркі тілдес халықтарының алып державасы орын алған болар еді. Әрине, бұл қазіргідей текетірес заманында кез келген күшпен күресуге, оған қарсы тұруға үлкен мүмкіндік туғызған болар еді. Әйтпесе, қазіргі түркі тілдес халықтарының ешқайсысы әскері мен күші жағынан алпауыттарға төтеп бере алмайтын жағдайда тұр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН:  Әрине, Ресей Федерациясының құрамындағы қандай автономиялық республика болмасын өз бетінше күнін көріп, өз тәуелсіздігін аңсайтындығы белгілі. Алайда, Михаил Горбачевтің бір жылда посткеңестік 15 республиканы таратып жібергеннен кейін енді Кремль бұл мәселені қатаң назарында ұстайды. Бірнеше рет тәуелсіздік сұраған Шешенстанмен бір келісімге келді. Қазір Грозный азаттық туралы жақ ашпайды. Тіпті, Рамзан Қадыров Владимир Путинге шаң жуытпайды. Кремльдің Татарстанға қарсы ұстанған саясаты да белгілі. Ал, өзге өңірлер дәл осындай мүмкіндік сұраса, оған да қатысты жауаптың табылатындығы түсінікті. Бастысы, Ресей Федерациясы қазір өзінің құрамындағы елдерге қатысты Батыстың да, Түркияның да саясатын жақсы түсінеді. Дегенмен, өз құрамындағы 22 автономиялық республиканы уысынан шығармауға барын салады.

Айбол ҚAРАШЕВ, “Qazaq” газеті