«МЕРКІ – ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ТАБИҒАТЫ ТАҢҒАЖАЙЫП ӨЛКЕ»

528

Экономикасы дамыған, әлеуеті өскен Жамбыл облысындағы іргелі ауданның бірі – Меркі ауданы. Көркімен көз тартып, көрген жанды ғаламат сезімге бөлейтін Алатаудың бөктерінде орналасқан ауданның бүгіні баянды, келешегі жарқын. Бұл ауданға өткен жылдан бері осында біраз жыл аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, бірқатар мемлекеттік қызмет сатысынан өткен Мейірхан Азатұлы Өмірбеков басшылық етіп келеді. «Ел мен жердің тағдыры басшылық тізгінін ұстаған жандарға тікелей байланысты» десек, бұл тұрғыдан алғанда аудандағы жақсы іс, жарқын бастамаларды аңғармау мүмкін емес. Ауданның бүгінгі келбетінен әкімнің жанды жұмысының нәтижесін көреміз. Әкімнің әлеумет үшін атқарған игі ісін саралап, ауданның даму жайына көз жеткізу, билік пен бұқара арасындағы байланысты сезіну мақсатында Меркі ауданының әкімі Мейірхан Азатұлын әңгімеге тартқан едік.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДЕН КӨП НӘРСЕ ТАЛАП ЕТІЛЕДІ»

– Мейірхан Азатұлы, өмірбаяныңызбен таныса отырып, еңбек жолыңызды қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінгі күнге жету үшін талай баспалдақтан өткеніңізді аңғардық. Мамандығыңыз – ұстаз. Бірнеше жыл мектепте мұғалім, директор болдыңыз. Жалпы ұстаздықтан шенеунікке айналуға не түрткі болды?

– Ақтоған  ауылында дүниеге келдім. Қарапайым отбасынан шықтым. Әкем де, анам да  қарапайым шаруа адамдары болды. Он ағайынды едік. Өзіңіз айтқандай, еңбек жолымды «Большевик» колхозында дәнекерлеуші, оператор болып бастадым. Одан кейін қызылша алқабында жаңбырлатқыш техникасын жүргіздім. Қызылша жұмыстарымен айналыстық. Мамандығым – тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі. Ақтоған ауылындағы мектепте  8 жыл ұстаз, артынан мектеп директоры болдым. Негізі мектептен мемлекеттік қызметке ауысу ойымда болған жоқ. Бір анығы, мен осы кезге дейін ешкімнен қызмет сұраған емеспін. Қай жұмыстарды табыстады, сол жұмыстарды өз деңгейінде атқаруға тырыстым. Оқырмандарды енді менің өмірбаяныммен толық таныстырмай-ақ қояйын, өзіңіз де жақсы танысқан екенсіз.

Дәл басшы болуды армандамасақ та, бір саланың мықты маманы болуды армандадық, соған ұмтылдық. Ал, қызмет бір адамның маңдайына біткен бағымен, нәсібімен келеді.

Енді негізгі сұрағыңызға оралайын, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік қызметке де үлкен талап  қойып, ұлттық комиссия тағайындап, «А» басқарушылық корпусын құрды. Мемлекеттік қызметте үлкен оңды өзгерістер болды. Осыған байланысты мен де бағымды сынап көріп, сыннан сүрінбей өттім. Былтыр Жамбыл облысының әкімі Кәрім Нәсбекұлының өкімімен Меркі ауданының әкімі болып тағайындалдым. Ауданның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың жағдайын көтеруге үлесімізді қосу үшін барымызды салып жүрміз.

–  Ал, жұмысыңыз қаншалықты нәтижелі? Бүгінгі мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек? Оған қойылар талап қандай? Осы тұрғыдан алғанда қызметіңізді адал атқарып жүрмін деп айта аласыз ба?

– Мемлекеттік қызметте жүргеніме он алты жылдан асты. Осы жылдарда қолымнан келгенінше халыққа қызмет етуге тырыстым. Мемлекеттік қызметкерлерден көп нәрсе талап етіледі. Елбасы  мемлекеттік қызметкердің жұмысын жаңаша үйлестіру, халыққа адал қызмет атқару сынды талаптар қоюда. Осы тұрғыдан алғанда қолымнан келгенше нәтижелі жұмыс атқаруға тырысамын. Өз қызметіме өзім баға бергенім артықтау болар, еңбегімді халық бағалайды.

«ІСТІҢ КӨЗІН ТАБА БІЛСЕ, ТӘУЕКЕЛІ КӨП КӘСІПТЕН ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ»

– Әкім болғаныңызға бір жылдың көлемі ғана болды. Бірақ, ауданның тыныс-тіршілігін бір кісідей білесіз. Жоғарыда өзіңіз айтқандай, мемлекеттік қызметте жүрген 16 жылда  туған ауданыңыздың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрсіз. Жалпы Президент алға қойған тапсырмалар ауданда қалай жүзеге асып жатыр?

– Жалпы Меркі өңірі мал баққанға, егін егуге таптырмас құт мекен. Шөбі шүйгін, қысы жұмсақ. Соған сәйкес, біздің аудан ауылшаруашылық дақылдарын өсірумен және сол өнімдерді өңдеумен айналысады. Ауылшаруашылық саласы бойынша ауданымыз 2015, 2016 жылдары облыста алдыңғы орыннан көрінді. Ағымдағы жылдың І-тоқсанында да  үздік көрсеткішке ие болдық.

Халықпен жұмыс істесек, олардың көзін ашсақ, қай салада да жақсы дамуға қол жеткізуге болады. Мысал ретінде айтайын, қант қызылшасын өсіру жұмысы ауданымызда жүйелі жолға қойылған. Оның үстіне қазір елімізде қантқа сұраныс жоғары. Ал, қант қызылшасын өсіруге қолайлы өлке болғандықтан, аудан өзінің осы ерекшелігін  ұтымды пайдалануы керек. Облыс басшысы да ауданға қант қызылшасы дақылын көптеп өсіруді, өңдеуді міндеттеді. Әлбетте, бұл дақыл – көп еңбек пен ерекше күтімді қажет ететін өсімдік. Қызылша дақылы егілетін алқаптар күз кезінде сүдігер жыртудан басталады. Алқап қыс бойы бар ылғалды бойына сақтап, қосымша ылғал жинайды. Көктем құрғақ болса, қыс бойы жинаған ылғал құрғақшылықты сездірмейді. Себу жұмыстары ерте көктемде басталады. Тәжірибе көрсеткендей, мерзімінен кеш себілген дақыл әр гектардан 30-40 центнерден өнім жоғалтады. Шаруаларға «Қызылша ек, қызылша ек» деп айта бергенімізбен, оның нәтижесі төмен болады. Қарқынды жұмыс жүруі үшін бұл дақылдың шығыны мен табысы қандай болады? Мол өнім алу үшін не істеу керек? Міне, осы сауалдар төңірегінде ойласып, халыққа дұрыстап түсіндіру керек. Бұл мақсатта біз бұны көп зерделедік. Былтыр ауданда сол қызылшаны егіп, мол өнім алған шаруашылықтар болды. Айталық, біздегі Бондаренконың шаруа қожалығы қант қызылшасынан 900 центнерге дейін өнім алды. 900 центнерлік өнім дегеніңіз, шығынды шегеріп тастағанда, мемлекеттен алған субсидиясы бар, шамамен  1 гектардың табысының өзі 1 миллион теңгеден асып кетті. Міне, істің көзін таба білсе, тәуекелі көп кәсіптен көл көсір пайда болатынына халықтың көзін жеткізу керек. Біз ауылшаруашылық дақылдарының технологиялық картасын жасап, оны шаруаларға ұсындық. «Сіз арпа, бидай  немесе қызылша ексеңіз, осыншама табыс табасыз» деп халыққа түсіндіріп жатырмыз. Өйткені, ата кәсіпте тәуекел көп, тек қол қусырып отыруға болмайды. Оның үстіне біздің ауданда қант зауыты бар.  Яғни, өнімді өткізуде мәселе болмауға тиісті. Бұл – бір. Екіншіден, бұған мемлекеттің субсидиясын қосыңыз.

«Сыпатай батыр» ЖШС  былтыр 200 гектар қызылша екті. 500 центнерден жоғары өнім алды. Өте жақсы табыс тауып отыр. Былтырғы жылы біз 740 гектарға қызылша ексек, биыл бұл көрсеткіш 2000 гектарға жетті. Бұйырса, биыл былтырға қарағанда 2-3 есе артық өнім алуды жоспарлап отырмыз.

«АСЫЛДАНДЫРУҒА КӨШПЕЙІНШЕ, ШАРУАШЫЛЫҚТА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҚИЫН»

– Ал Меркі ауданында қант зауытынан басқа қандай зауыттар, өндіріс ошақтары бар?

– Ауданда бүгінде сүт өңдейтін екі зауыт жұмыс істеп тұрса, алдағы күндері балық өңдейтін, мұнай өңдейтін зауыттар іске қосылмақшы. Осы тұста айта кетейін, біздің сүт өнімдеріміз нарықта шетелдік өнімдермен бәсекелес болуы үшін оның тиімді жолын табуымыз керек. Облыс әкімінің қолдауымен ауданда «Меркі өнімдері» кооперативі құрылды. Оның 47 мүшесі бар. Қант қызылшасы туралы жоғарыда айтқанымдай, біз халыққа сүт өндірудің табысы мен шығынын түсіндіруіміз керек. Мысал ретінде айтайын, бұрын 10-15 литр сүт беретін сиыр ұстайтын болсақ, қазір одан 2 есе артық сүт беретін асыл тұқымды сиырларды өсіруді қолға алып жатырмыз.

– Сөзіңіз аузыңызда, ал сол сиырларды қайдан аласыздар, әлде асыл тұқымды сиырларды будандастырасыздар ма?

– «Бахор» шаруа қожалығы Ресейден сүтті деген 100-ден астам сиыр сатып әкелді. Қазір асыл тұқымды сиырлар жерсініп, алғашқы төл беріп те үлгерді. Енді мен сізге қарапайым тілмен былай жеткізіп көрейін, «Бахордың» Ресейден сатып алған асыл тұқымды бір сиыры  күніне 23 литр сүт береді. Оны 100 теңгеден қабылдағанның өзінде 2300 теңге болады. 2300 теңгенің 300 теңгесі бір түк шөбіне, 400 теңгесі жеміне, 100 теңгесі ақысына кетеді, яғни шығын 800 теңге десек, қалған 1500 теңге бір сиырдан бір күнде түскен табыс болып шығады. Бұл көрсеткішті 30 күнге (бір айға) көбейтсеңіз, бір сиырдан айына 45 мың теңге, 100 сиырдан 4,5 млн. теңге табыс түседі. Ал, «Бахорда» жүзден астам сиыр бар. Демек, Ресейден сатып алынған асыл тұқымды 100 сиыр өзін ақтайды, ал пайда көп. Енді осы сиырлардан асыл тұқымды мал алу үшін қолдан ұрықтандыру жұмыстары жолға қойылып келеді. Егерде біз сүттің бағасын төмендетеміз дейтін болсақ, біріншіден, жаңа технологияда оны өңдеу керек, екіншіден, сүтті көп беретін асыл тұқымды сиырларды алуымыз керек. Өткенде бізді Байсеркеге (Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» холдингін айтып отыр, – ред.) облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлының өзі бастап апарды. Асыл тұқымды сиыр өсіруінің мол тәжірибесімен танысып қайттық. Сонда жекелеген бір сиырдың  70 литрден жоғары сүт беретініне куә болдық. Міне, үйренетін тұсымыз осы.

– Ал, сол асыл тұқымды сиырларды баптау жағы қалай? Мысалы, Өзіңіз айтып отырған сол «Байсеркеде» сиырларға ерекше күтім жасайды, етті, сүтті болуы үшін сиырдың тұяқтарын егейді. Шетелде тәжірибеден өткен мамандары тағы бар…

– Әңгімемізге арқау болып отырған «Бахор» шаруа қожалығы өзінің мал дәрігерін Қырғызстанға, Ресейге жіберіп тәжірибе алмасса, басшысы Б.Хасанбаев Францияға барып, біліктілігін арттырып қайтты. Ол жақта сүтті өндірудің озық жолдарын көрді.

Біздің ауданда ауыл, мал шаруашылығында алға жылжушылық бар. Және де бұл салада жетістікке жетеміз дейтін болсақ, егін, мал шаруашылығы болсын,  жоғары репродукциялық өнім беретін тұқымдарды егуге, асыл тұқымды мал санын арттыруға күш салуымыз керек. Қазір осындай асылдандыруға көшпейінше, ауыл, мал шаруашылығында үлкен жетістікке жету қиын.

– Мейірхан Азатұлы, «Меркі – жердің көркі» дейміз. Табиғаты тамаша, тарихы терең өңірдің туризм саласын дамытуға қандай шаралар қолға алынып жатыр? Кезінде әйгілі болған «Меркі» шипажайының бүгінгі аяқ алысы қалай?

– Меркі – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын бұлақтар тау етегін гүл-бәйшешекке толтырып, сылдырай төмен ағады. Меркінің бір құпиялылығын тарихы тереңдігінен байқауға болады. Өйткені, «Меркі»  сөзінің өзі, біз білеміз, ол көптеген ғасырлар бойы сыры ашылмай келе жатқан ұғым.

Ал Меркі жеріндегі ортағасырлық Аспара қаласы туралы ерекше айтқан жөн. Аспара қаласы Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жердегі Андас батыр ауылында орын тепкен. Табиғаты ғажап. Алатаудан құлайтын өзен қаланы сыртқы жаудан қорғауға қызмет істегені де анық. Аты орта ғасырдың қалаларының қатарында аталатын Аспара туралы аңыз да, жыр да көп. Қазірдің өзінде қаланың орнында қалған топырақ үйінділерінің ауқымдылығы кімді болса да таңдандырады. Үйінділердің кейбір жерлерінің биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Археологиялық зерттеулер жүргізген ғалымдар көптеген құнды материалдар тапқан. Осыдан 1-2 жыл бұрын қазылды. Бұл келешекте қаражат бөлініп, арнайы зерттелетін орын болғалы тұр. Бүлініп кетпеу үшін қайтадан жауып қойдық.

«Меркі» шипажайы жылдан жылға өзінің жұмысын жандандырып, құлашын сермеп, қанатын кең жайып келеді. Ішкі, сыртқы тәртібінде де оң өзгерістер бар, абаттандыру жұмыстары да қолға алынған. Келушілерге қолайлы жағдай жасалған.  «Меркі» шипажайына қазір барсаңыз, бос орын таппайсыз. Демек, сұраныс жоғары.

Бұдан бөлек, «Ақниет» емдеу-сауықтыру шипажайы ашылған. Елдің түкпір-түкпірінен ем алуға келіп жатқандар көп. Оның радон суы арқылы жүргізілетін ем-дом сүйек-буын, жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегіп жүргендерге де пайдалы екені даусыз. Таудың «Сандық»  деп аталатын аумағында табиғаттың бай тарихына зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде Меркі жеріне келушілердің демалыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында көптеген демалыс орындары ашылып жатыр. Былтыр «Тұран» демалыс аймағы, «ММ Меркі» сауда орталығы жұмысын бастады.

– «Тұранда» былтыр болдық, көңілден шықты…

– Сол жер биыл кеңейтілді. Енді барсаңыз, оң өзгерістерді байқайсыз. «Тұранның» бергі жағында «Көккөл» дейтін демалыс орталығы бар. Оның жанынан да жаңадан ғимараттар салынып жатыр.

Былтыр қанша адамның ол жақтарға демалуға баратынын білу үшін өзім барып көретінмін. Сенбі, жексенбі күндері қарасаңыз, тау аумағына екі мыңға дейін азаматтар барады екен. Қолжетімді баға, қолайлы жағдай жасауды дамыта беруіміз керек.

«ҰЛТТЫҚ КОДТЫ САҚТАУ – ҰЛТТЫ САҚТАУ»

– Мейірхан Азатұлы, ауасы таза, жері шұрайлы, суы балдай Меркі өңірі  таланттарға, айтулы тұлғаларға кенде емес. Туған өлкеден түлеп ұшқан көптеген ғалымдар, қоғам қайраткерлері ел-жұртының абыройын асқақтатып, туған жерінің мерейін тасытып, еліміздің гүлденуіне үлестерін қосты, қосып та жүр.  Ал солармен тығыз байланыс, қарым-қатынас бар ма?

– Өте жақсы сұрақ, маңызды сұрақ. Мен осы азаматтардың барлығымен қарым-қатынас жасауға тырысып жүрмін. Биыл жетпіс жасқа толған Меркінің тумасы Гүлжан Әспетованы (Қазақстанның халық әртісі, – ред.) туған елге шақырып, құрмет көрсетіп, «Меркі ауданының Құрметті азаматы» атағын бердік. Меркіден осындай өнерден өз орындарын тапқан өнерлі жандар көп шыққан. Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, т.б. Бұл кісілер наурыз айында өз концерттерін берді. Жерлестерінің ыстық ықыластарына бөленді. Кеше ғана Меркінің тумасы Ахметова Лидия Абылғазықызын 80 жасқа толу құрметіне ауданда өткізілген «Қымызмұрындық» іс-шарасына шақырып құрмет көрсеттік. Қазақ халқы «Қыздың қабағында құт тұрады» дейді, сондықтан қызды ренжітпеу керек. Қыздың қабағы ашық болып, қыз күлімдесе сол отбасына, елге құт дариды деген сөзді жадымыздан шығармай қызға, анаға құрмет әрқашан жоғары болу керек. Ойтал ауылында дүниеге келген Намазалы Омашев (филология ғылымының докторы, профессор, – ред.) ағамыз көктемде бірнеше іс-шараларымызға қатысты. Осы жердің тумасы Мұсабек Әлімбеков (қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, – ред.) біздің ортамызда болып, үлкен іс-шараларға қатысып, ауданның азаматтарымен кездесіп, еңбек жолында жинаған тәжірибесімен бөлісті.

Менің ойымша, елінің елеулі, халқының қалаулы бұл ұл-қыздарын туған елге шақырып, өскелең ұрпақпен жүздестіріп, олардың өткен өмір жолдарынан тәлім алатындай іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырсақ, бір шаруаның орындалғаны болары сөзсіз.

Мемлекет басшымыздың өзі қазақ қоғамында рухани жаңғыруды қолға алатын сәттің келгенін дәл анықтап мақала жазды ғой. Сол себептен мен осыны қатты ойлап жүрмін. Біз  ұлттық кодымызды ұмытпауымыз керек. Өйткені, ұлттық кодты сақтау – ұлтты сақтау. Сондықтан да, біз жастарға өзіміздің тарихымызды, дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді дәріптесек, рухани жаңару сол емес пе?!

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби айтқандай, жақсы біліммен қатар, тәрбие де беруіміз керек. Жіпсіз байлап жатқан интернет заманында жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға барымызды салсақ, ұтарымыз көп болады. «Оқы, оқы» дегенмен, кітапты ешкім оқи бермейді. Жастарға кітап оқытудың жолын қарастырған жөн. Кезінде Иранда бала тәрбиелеу үшін он мың жол батырлардың жырларын жаттатады екен.  Міне, қолға алатын шаруа осы.

Бұрнағы күндері Махамбет оқуларына келген бір жігіт Махамбеттің барлық өлеңдерін жатқа айтты. Осындай азаматтар ертең ұлттың мүддесін қорғайды, жоғын жоқтайды, намысын қолдан бермейді.

– Мейірхан Азатұлы, қанша дегенмен негізгі мамандығыңыз ұстаз ғой, сондықтан бала тәрбиесі туралы айтып отырғаныңыз орынды. Ал, ауданда үш ауысыммен оқитын мектептер бар ма?

– Ауданда үш ауысымда оқитын мектеп жоқ.

– Ал, балабақша жеткілікті ме?

– Балабақша жетіспеушілігі бойынша облыстағы ең төменгі көрсеткіш біздің ауданға тиесілі. Биылғы жылға 800-ден астам баланы қосымша балабақшамен қамтамасыз ету үшін жоспар құрдық. Оны 3-4 бағытта іске асырамыз. Біріншісі, жекеменшік-әріптестік бағытында 400-ден астам баланы қамтамасыз ету. Қазір бірнеше кәсіпкермен сөйлестік, келісімге келдік. Осылайша жекеменшік, мемлекеттік әріптестік бағыттарында жұмыс жасап жатырмыз.

Жалпы, балабақша мәселесіне салғырт қарауға болмайды. Өйткені, балабақшада білім берудің алғашқы әріптері үйретіліп, қарым-қатынас жасаудың мәдениетті жолдары қалыптаса бастайды. Қазір барлық отбасында бірдей балаға қарайтын мүмкіншілік жоқ. Қарайтын ата-апасы болса жақсы, бірақ көбінде әкесі де, шешесі де жұмыста, бала үйде қараусыз қалады. Ондай балалар теріс тәрбие жолына түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан да, біз халыққа осыны жеткізуіміз керек. Ата-ана баласын балабақшаға берген соң, ол мекемелер де бала тәрбиесіне баса мән берулері тиіс. Біз осылайша балалардың бәрін балабақшамен қамтып, дұрыс тәрбиенің жолын бастайтын болсақ, жақсы азаматтар өсіп шығады. Бұл тек қана пайыз (процент), көрсеткіш қуушылық емес, бұның осындай үлкен бір тәрбиелік мәні бар. Соған біз қатты мән беріп отырмыз. Балабақшаның саны да, сапасы да болуға тиіс.

«АТА-АНАНЫҢ АЛДЫНДА ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗДЫ ТОЛЫҚ ӨТЕУ МҮМКІН ЕМЕС»

– Меркі ауданының білім сапасы қандай?

– Ауданның білім деңгейін жақсарту үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Мен мектеп басшыларымен, ұстаздарымен бірнеше рет кездестім. Аудандық бюджеттен биылғы жылы 3 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы үздік білім көрсеткішін көрсеткен үш мектепке беріледі. Ал, ең нашар көрсеткішке ие болған үшеуіне шара қолданамыз. Жекелеген ұстаздарды да ескерусіз қалдырмаймыз. Өсеміз десек, жақсыны қолдау керек, үлгі ету керек.

Елбасы біздің санамыз алдыда жүру керектігін айтты. Елдің өркениетті елдермен терезесі тең, әлемдік сахнада өз орны бар ел болуы халықтың санасына тікелей байланысты. Ал саналы болуды балабақша, мектептегі ұрпақтан бастау керек. Баланы дұрыс тәрбиелеп, жақсы білім беріп, еңбекке баулу керек. Біздің мемлекетіміздің байлығы жердің астында емес, жердің үстінде. Ол адамдардың санасында. Біз осыған қатты мән беріп жатырмыз. Өзім ұстаз болғаннан кейін бұл саланың қыр-сырын бір адамдай жақсы білемін деп ойлаймын. Ұстаздардың бәріне «Оқушыларға жақсы білім мен тәрбие беріңіздер» деп айтып жатырмыз. Көбінде біздің берген тәрбиеміздің қандай болғаны байқалмайды. 20-30 жылдан кейін баланың қандай тәрбие алғаны біліне бастайды. Сол кезде опық жейтін ата-аналар көп болады. Ең жаман нәрсе сол. Кез-келген жұмысты, кемшілікті түзете аласың, ал сенің балаң 20-30 жасқа толғанда оны қайтадан түзетуің мүмкін бе? Бар гәп – сонда.

Дүниежүзі  ғалымдары  адамның жасын ұзартудың жолын іздестіріп жатыр ғой, бірақ мен ойлаймын, адамның жасын ұзартатын нәрсе, көбінде оның өсірген ұрпақтарына байланысты. Егер ата-ана жақсы бала тәрбиелесе, ұрпағы өзінің орнын тапса, қоғамға пайдасын тигізсе, жақсы отбасын құрса, ол ата-ананың да көңілі орнында болады. Ертең оның да ертерек тізесі бүгілмейді, маңдайына әжім түспейді.

– Ата-ана демекші, ал Сіз ата-анаңыздың алдында қарызыңыз бен парызыңызды өтей алдыңыз ба?

– Ата-ананың алдында парыз бен қарызды  толық өтеу мүмкін емес. Тек айтарым,  олардың атына кір келтірмесем, еліме адал еңбек етсем, ол ата-анамның алдындағы бәрін өтемесем де, бір міндетімді өтегенім. Жалпы әке мен шешенің абыройы баласының еңбегімен не жоғары көтеріледі, не төмен түседі ғой. Ал енді балалары дұрыс тәрбиеленбей қалса, сол бәленбай жылғы істеген еңбектің бәрін жоққа шығарып, төмен түсіретін де жағдайлар болады. Бірақ, мен қолымнан келгенше ата-анама сөз келтірмеуге тырысып жүрмін.

– Ал әкеңіз Сіздің қанша жасыңызда бақилық болды?

– Қырыққа жақындаған жасымда әкем Азат қайтыс болды. Әкем туралы көп ойлаймын. Сонда мынандай нәрсе еске түседі. Ол кісі маған ешқашан қолын тигізбепті. Сондай-ақ, ерекше бір мейіріммен бетімнен сүйгені де есімде жоқ. Мүмкін кішкентай кезімде болған шығар…

– Сөзіңіз аузыңызда, мүмкін бұл әкеңіздің Сізді босаңсып кетпесін дегені шығар. Ол да тәрбиенің бір түрі ғой…

– Дұрыс айтасыз, бұл да тәрбиенің бір түрі. Әкем елдің көзінше ешқашан маған мақтау сөз айтқан емес. Бірақ, әкемнің маған риза болғандығын оның күнделікті тірлігінен, көзқарасынан байқайсың ғой. Бір жолы байқаусызда өзінің бір жолдасына: «Осы балам қанша қызмет істеді, бірақ ешкімнен жаман сөзді естіген емеспін. Әйтеуір, қай жұмысты табыстаса да, адал атқарып жүр. Соған қуанамын» деп айтқанын құлағым шалып қалды.

Әкем туралы айтқанда, анам Әшіркүлді айтпай кету жарамас. Ол кісі биыл 80-ге толды. Алла ғұмыр берсін!

Бір анадан: «Қай балаңды қатты жақсы көресің?» – деп сұрағанда, сонда ана: «Ауырған баламды жазылғанша, шығып кеткен баламды  оралғанша, кіші баламды өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін», – деп жауап беріпті. Сондықтан да, егерде сіз сол кісілерден тараған балалардың біреуі қиыншылық көріп жатқанын көре тұра жәрдемдеспесеңіз, онда ол баланың ата-ананың алдында бір қиыншылық туғызғаны болып саналады. Ал егерде сіз сол баланың жағдайын сұрап, көмек беріп жатсаңыз, әке-шешеңнің ризалығы пайда болады. Демек, бала егер шынымен де әке-шешенің ризалығын аламын дейтін болса, әке-шешеге жақсылық көрсетуі керек. Ол кісілердің өзіне соншалықты көп нәрсе керек те емес. Сол өзінен тараған ұрпақтары ынтымағын, бірлігін сақтап, бір-бірімен араздаспаса, қиыншылыққа ұшыраған жағдайда жанынан табылса, ата-ананың да көңілі орнында, ғұмыр жасы ұзақ, бақытты болады.

– Дұрыс екен. Ал Сіздің қанша бауырыңыз бар?

– Қазір сегізбіз. Мен ер баладан біріншімін – тұңғышымын. Менің алдымда төрт қыз бар.

– Демек, Сіз көптен күткен ұл болдыңыз. Ендеше Сізге артылған жауапкершілік зор болды. Осы жауапкершілік қасиеті жеткен жетістігіңізге себеп болды ма?

– Енді ойлап қарасам, осы күнге дейін жеткен жетістігімнің ең негізгісі – әке-шешемнің еңбегі. Сол кісілердің берген дұрыс тәрбиесі, қанша қиналып жүрсе де барлығымызды оқытқандығы. Бауырға қамқор болу үшін де балаға солай тәрбие беру керек қой. Сол кісілердің тәрбиесімен өз балаларымды да тәрбиелеп жатырмын. Балаларыма: «Мен бауырларыма қалай қарап жүрмін, бауырларым да маған солай қарайды. Сол себептен сендер де осылай ынтымақты жарастырып жүрулерің керек», – деп отырамын. Көрдіңіз бе, бұл – ұрпақ жалғастығы. Жаңағы ұлттық код деген осыдан шығады. Сондықтан да, мұндай нәрсе насихатталу керек, айтылу керек.

– Елге белгілі азаматтың халық алдында беделді болуы, өнімді алаңсыз еңбек етуі оның отбасына да тікелей байланысты ғой. Жарыңыз, балаларыңыз туралы айта отырсаңыз…

– Жұбайымның да мамандығы – ұстаз. Сол Ақтоған ауылындағы мектепте жұмысты бірге бастағанбыз. Бүгінге дейін сол мектепте жұмыс істейді. Екі ұл, бір қызымыз бар. Ұлымның үлкені өзімнің жолымменен тарих пәнінің мұғалімі болды. Қазір ауданда жұмыс істеп жатыр. Екінші ұлым ҚазҰУ-дың Радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша білім алды. Бүгінде мемлекеттік қызметте – ауылдық округте бас маман. Ал қызымыз 8-сыныпты үздік бітірді. Өзі домбыра сыныбына қатысады. Пианиноны да жақсы меңгеріп келе жатыр. Ағылшын тілін жетік біледі.

– Сізге қояр соңғы сұрағым: аудандағы ең өзекті мәселелерді атай аласыз ба?

– Өзекті мәселелердің бірі – Халықты жұмыспен қамту, елдің ынтымағын сақтау, т.б. жоғарыда айтқан балабақша мәселесі. Қайталап айтамын, бала тәрбиесінен артық өзекті еш нәрсе жоқ.  Әр бір отбасының да, мемлекетіміздің де абыройы, болашағы да білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіруде. Келесі бір өзекті мәселе – кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер беру мәселесін шешуіміз керек. Олар қаржы сұрап тұрған жоқ, бізден тек үй көтеруге жер сұрап тұр. Қазіргі талап бойынша, үй салуға мемлекеттен берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізілуі керек. Сондықтан біз аталған мәселені шешу үшін биыл 121 гектар жерді дайындау үстіндеміз. Сметалық құжаты бітті, қазір сараптамада (экспертиза) жатыр. Осы сараптама үшінші тоқсанда бітсе, біз құзырлы орындарға шығып, тиісті қаражаттарды алып, келесі жылы кезекте тұрған 1000-нан аса азаматқа сол жерлерді бере бастаймыз.

– 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетіне сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті