МИКРОНЕСИЕ: ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КӨРСЕТІЛГЕН КӨМЕК

7

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыруды айтқан болатын. Президенттің кәсіпкерлікке деген бұл қолдауы көптен бері алақанын ысқылап, «Өз кәсібімді бастауым керек еді» деп жүрген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болғаны сөзсіз.

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7 200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша
20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын
62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді.

(Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеу-меттік бастамасы»
атты халыққа үндеуінен)

ШАҒЫН НЕСИЕ АЛАТЫНДАРДЫҢ САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТАДЫ

Шағын бизнес – дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде ерекше рөл атқарады. Тіпті, шағын және орта бизнес кей елдерде ішкі жалпы өнімінің 50-60 пайызы-на дейінгі үлесін иеленеді.
Жеңілдетілген несие беру – жеке кәсіпкерлікті өркендетуге ықпал ететін ең тиімді тетіктердің бірі. Ол бұған дейін де беріліп келген болатын. Алайда өткен жылы жалпы көлемі 32 миллиард теңге болатын 7 мыңнан астам шағын несие ұсынылғаны, соған қарамастан одан бөлек 5 мыңнан астам адам өз істерін бастауға қажетті несиеге қол жеткізе алмағаны назарға алынып отыр. Осыны ескергендіктен де Елбасы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды.
Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарына қосылуды көздейтін Қазақстан алдағы уақытта аталған шағын және орта бизнесті дамытуға ниетті.

КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ

Бүгінде Елбасы Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені белгілі. Бұл орайда Шымкентті мемлекеттің үшінші қаласына, кәсіпкерлік, сауда орталығына, тұрғындарға жайлы әрі қонақтарға ең қызықты заманауи мегаполиске айналдыру міндеті қойылған. Осы аталған үдеден шығу үшін Шымкент қаласы тұрғындарының көп мүмкіндігі бар: кәсіпкерлік даму үстінде, шағын және орта кәсіпкерлік саны артып келеді, тұрғындардың жартысына жуығы жеке меншік секторда қызмет етеді. Шымшаһарда ел экономикасына әсер ететін көптеген кәсіпорындар, жылыжайлар табысты жұмыс істеуде. Мұнда адамның өмір сүруіне қажетті азық-түліктің барлық түрі өсіріледі. Сондай-ақ фармацевтика, тоқыма, жеңіл өнеркәсіп саласында ілгерілеушілік бар.
Президент тапсырмасы бойынша қазіргі таңда Шымкентте нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыру аясында атқарылып жатқан игі істер аз емес. Соған тоқталайық.
Шымкенттегі Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, шағын кәсіпті дамыту бойынша қалада 2018 жылдың қаңтар айынан бері, яғни жыл басынан қазірге дейін 290 адамға сертификат берілген. Оның ішінде 64 азамат кәсібін дамытып, өркендету үшін 829 млн теңге көлемінде микронесие алыпты.
Оларды нақты нәтижемен айту үшін цифрларға сөз берейікші:
– 11% немесе 7 азамат (ірі мал бордақылау);
– 47% немесе 30 азамат (қызмет көрсету саласы);
– 17% немесе 11 азамат (өнеркәсіп);
– 3% немесе 2 азамат (білім);
– 20,5% немесе 13 азамат (сауда-саттық);
– 1,5% немесе 1 азамат (құрылыс).
Жалпы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, 2018 жылғы 10 тамызға дейін еліміз бойынша бір жылдық жоспар негізінде 4 948 адам (35,3%) микронесие алған (жылдық жоспар 14 мың), ол қаржының көлемі – 22 244 млн теңге.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Асқар Әбубәкіров: «Шымкенттің мегаполиске айналуы – ең алдымен бизнеске берілген үлкен мүмкіндік, бұл мүмкіндікті пайдалану керек», – деп есептейді. Бұл орайда өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бизнестің жұмыс істеуіне оң жағдай тудыру үшін барынша күш салып келеді. Ең алдымен бизнес-ортаға түсетін әкімшілік қысымды азайтуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, тексеруді азайту, бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіруге қол жетті. 2017 жылы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлердің қорғалған құқығы мен заңды мүддесінің жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге жеткен.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруда өңірлік палата кеңес беру, оқыту, құқық қорғау, жобаларды сүйемелдеу, жүзеге асыру жұмыстарын атқаруда ауқымды жұмыстар атқаруда. Былтыр 5 598 кәсіпкерге кеңес беру көмегі көрсетілді, 655 бизнес-жоба дайындалған. Бизнес-мектеп оқыту курсынан өңірдің 1 786 тұрғыны өткен. Оның басым бөлігі Шымкент қаласына тиесілі.

ШЫМКЕНТКЕ ШЕТЕЛДЕН ДЕ ТАПСЫРЫС МОЛ

Мемлекеттен шағын несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпорындар Шымкентте де жетерлік. Соның бірі – «АГФ групп». Бұл кәсіпорын төсек жаймаларын шығаратын ірі өндіріс орнының бірі. Фабрика Шымкенттегі «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақта орналасқан. Бұл компанияның өнімдері бүгінде тек елімізде ғана емес, шетелге де танымал бола бастады.
«АГФ групп» компаниясы 2010 жылы құрылған. Компания алғашында мектеп формасынан бастап, москитті торға дейін түрлі өнімдер шығаратын. 2015 жылы шведтік IKEA компаниясымен келісімшарт жасасты. Халықаралық нарыққа шығу үшін тауардың сапасы жоғары, ал бағасы бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін компания өндірісті автоматтандырып, жапон және түрік жабдықтарын сатып алды.
Қазір кәсіпорын әр ауысымда 10 мың дайын өнім шығарады. Ал өндіріс қарқыны 2017 жылдан басталып, бүгінде 5 есеге артты. Бұған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша жылына 6%-бен алынған несиенің арқасында қол жетті. 2018 жылы Kazakh Export серіктестігімен «Tengri Bank»-тен екінші несие алынды.
Өндірісте Пәкістан, Үндістан, Түркия және Қытай секілді елдерден BCI халықаралық стандарты бойынша сертификатталған шикізат қана сатып алынады. 2015 жылы компания шведтік «IKEA» компаниясы үшін бар тауардың 90%-ын экспорттады. Ал 2018 жылдан бастап «ТАС» түрік бренді үшін экспорт жасады. 2017 жылдан бастап компания ARUA және SUAVE деп тіркелген жекеменшік сауда белгісімен ішкі нарыққа үй текстилін шығара бастады. Барлық тауар экологиялық жағынан тазалығымен, еуропалық мөлшерімен және жоғары сапасымен ерекшеленеді. Компанияда 250 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда «АКФ групп» – әлемдік IKEA бренді үшін төсек жаймаларын дайындайтын Қазақстандағы тұңғыш және жалғыз компания.

ТӘУЛІГІНЕ 6 ТОННА ШҰЖЫҚ ПЕН ТӘТТІ ТАҒАМДАР ӨНДІРЕДІ

Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы шеңберінде Шымкентте табысын еселеп, тұрақты жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың бірі – «Сыдықов Т.К.» жылыжайы. «Нұртас» шағынауданында орналасқан жылы-жайдың иесі Талғат Сыдықов мемлекеттік қаржылай көмек есебінен төмен пайыздық несиеге 5 млн теңге алып, өз бизнесінің өндірістік қуаттылығын арттырған.
«Екі жыл бұрын «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы мемлекеттен несие алып, жылыжайда кәсібімді бастадым. Жылыжайымыз 9 соттық жер. Негізінен қияр, қызанақ егеміз. Оны Шымкенттегі базарларға өткіземіз. Құдайға шүкір, өнімімізге деген сұраныс жоғары. Екі жыл ішінде алған 5 млн теңге несиемнің 3,2 млн-ын қайтарып үлгердім. Енді қала әкімдігі тарапынан жер берілсе, кәсібімізді кеңейтер едік», – дейді шаруашылық иесі.
Шымкентте жұмыс істейтін тағы бір белгілі кәсіпорын – «Қарқын-2030» ЖШС туралы білесіз бе? Бұл кәсіпорын «Нәрлен» маркасы арқылы сиыр етінен, жылқы және тауық етінен шұжық өнімдерін шығаратын зауыт. Тәулігіне 6 тонна шұжық пен тәтті тағамдар өндіреді. Өткен жылы компания «Қазақстанның Халық банкі» АҚ банк-серіктестігі, «Даму-Өндіріс» бағдарламасының қатысушысы аталды. Қарыз қаражаты инвестицияға және айналыс қаражатын толықтыруға бағытталды.
Кәсіпорынның қызметі 2009 жылдан басталды. Осы уақыт ішінде компания өзін жоғары сапалы, өте дәмді тауар өндіруші ретінде көрсете білді, себебі тауарлары нарықта сұранысқа ие. Қазақстанның көптеген өңірлерінің тұтынушылары «Нәрлен» тауарларын тұрақты пайдаланады. Негізгі тұтынушылары – Шымкент, Алматы, Тараз, Атырау аймақтарынан. Соңғы кездері Ресей қалалары – Кемеров, Барнаул тұрғындары да қызығушылық танытуда.
Компания өзі жеке ірі қара малын асырайды, жеке жайылымы бар, бұл өз кезегінде өндірісті балғын етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның тауарлары әлемге танымал заманауи неміс және австриялық жабдықтарда дайындалады. Бұл жабдықтарды сатып алу жылына 6%-дық мемлекеттік несие арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар, барлық санитарлық нормаларға сай, «Халал» тәртібіне сай келетін малды салтпен сою орны, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханасы бар. Зауытта 100-ге жуық адам еңбек етеді. Күніне мұнда 4-6 тонна шұжық өнімдері шығарылады, болашақта тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім, шұжықтың 80 түрін шығару жоспарланып отыр.

«БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА» АЯСЫНДА ШАҒЫН НЕСИЕ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

Жоғарыда «Бес әлеуметтік бастама» аясында бірқатар жеңілдік қарастырылғанын айтып өттік. Елбасы бастамасында айтылған шағын несие берудің талаптары мен жолдары қандай? Аз-кем ақпарат бере кетейік.
Кәсiпкер 8 мың АЕК мөлшерiне дейiн, яғни 18 млн теңгеге несие ала алады. Берiлетiн мерзiмi – 5 жылға дейiн. Ал, ауыл шаруашылығын дамытатын кәсiпкерлерге мерзiм 7 жылға дейiн ұзартылады. Несие мөлшерлемесi 6 пайыздан аспайды. Бизнесiн жаңа бастап жатқан азаматтардың қаржысының 85 пайызын, ал бизнесiн одан әрi дамытатын азаматтар қаражатының 50 пайызын мемлекет кепiлдендiредi.
Биыл Қазақстан тұрғындарына 14 мың шағын несие беру көзделген, оның 11 мыңы – ауылдық жердегі тұрғын-дарға берілетін болса, қалған 3 мыңын – қалалар мен моноқала тұрғындары алады.
«Нарықта 3 жылдан астам жұмыс істеген кәсіпкерлерге шағын несие берілмейді. Мұнда жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және кәсіпкерлікті жаңадан бастаған үміткерлерді, фрилансерлерді қаржыландыруға басымдық беріледі», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Жеңісбек Дулатов.
Министрлік өкілі ауыл тұрғындары өнімін өткізу үшін ірі өңдеуші компаниялармен келісімшарт бекітуде көмек көрсетілетінін айтады.
«Ауылдық жерлерде дайын өнімді сататын нарық аз, тұрғындар тауарды қайда сататынын білмейді. Сондықтан, зәкірлік ауыл шаруашылық кооперациялары үшін 10 миллиард теңге қарастырылған. Қаржыландыру ірі өңдеу компанияларымен келісімшартқа қол қою нәтижесінде жүзеге асырылады», – дейді Жеңісбек Дулатов.
Шағын несиелеудің шекті көлемдеріне тоқталсақ, ауыл тұрғындары үшін 6 млн теңгеге дейін, зәкірлік кооперациялар үшін 12 млн теңгеге дейін несие беріледі. Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау тұрғындары үшін несие көлемі – 19 млн теңгеден, ал өзге қала тұрғындары үшін – 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Қаржыландыру жылына 6%-ға дейінгі мөлшермен 7 жылға дейін созылады.
«Шағын несие алғысы келгендер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдарына бара алады. Әрі қарай «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша ең кемі 25 күн оқуы тиіс. Оқыту соңында үміткер тест тапсырып, арнайы сертификат алады. Ықтимал қатысушы оқып жатқанда ҰКҚ қызметкерлері несие алуға қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі. Қаржы институты өтінімді 2 апта қарайды», – деп түсіндіреді министрлік өкілі.

Тобықтай түйін: Шымкентте жыл сайын жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп келеді. Бұған қаладағы кәсіпкерлер мен кәсіпорындар санының артуы себеп болып отырғаны анық. Бүгінде Шымкентте «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Аталған аймақтарға 58,5 млрд теңге инвестиция салынып, 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды. Тағы бір қуанышты жаңалық, 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд теңге инвестиция салынып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Шымкенттің агро-индустрия саласында да қуатты орталық болуға қауқары бар. Бұл ретте таяу болашақта Шымшаһарда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша агроөнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға агро-индустриалдық аймақ құру жоспарлануда. Онда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес орталық және қонақүй орналасатын болады. Шымкент – халқы миллионнан астам, кәсіпкерлікке қолайлы, еңбек ресурстары бай шаһар. Бір сөзбен айтқанда, Шымқала республикадағы экономикалық әлеуеті жағынан қуатты орталықтардың біріне айналып келе жатыр деуге болады.

Сәбит ТАСТАНБЕК,
«Шымкент келбеті» газеті Бас редакторының орынбасары