МИЛЛИАРДЕР, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ, СУРЕТШІ… МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ТУРАЛЫ БЕС ДЕРЕК

156

Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деу де құлаққа сіңісті. Бұл сөздер әшейін қызылсөзге жел беруден туған нәрсе емес, белгілі бір негізге сүйенуден туындаған тұжырым. Ал, мұндай бағаға лайық Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга туралы әңгіме бөлек. Неге десеңіз, ол – президент, ол – спортшы, ол – суретші, ол – кәсіпкер, ол – саясаткер, ол – сүйікті жар, ол – асқар тау әке. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде Моңғолия  президенті Халтмаагийн Баттулга туралы 5 деректі оқырман назарына ұсынып отыр.

Халтмаагийн Баттулга – самбодан 1983 жылғы әлем чемпионы

Моңғол Халық Республикасының (МХР) бесінші президенті Халтмаагийн Баттулга 1963 жылы 3 наурызда ел астанасы Ұлан-Батырда дүниеге келді. Үйдің ортаншы перзенті, әпкесі мен інісі бар. № 34 орта мектебінің, көркемсурет училищесінің түлегі.
Еңбек жолын 1982 жылы Моңғолия бейнелеу өнері комитетінің суретшісі болып бастады. Әр жылдары самбо мен дзюдодан Моңғолия ұлттық құрама командасының мүшесі (1986-1989), «Женко» компаниясының бас директоры (1992-1997), Моңғолия Ұлы құрылтайының (парламент) депутаты (2004-2016), Моңғолияның көлік министрі (2008-2012), Моңғолияның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы министрі (2012-2017) болды. Ал, 2017 жылдан бері Моңғол Халық Республикасының президенті.
Моңғол, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Арақ ішпейді, темекі шекпейді.

Халтмаагийн Баттулганың үлкен қызы Намуун саясаткер болуды қалайды

Былтыр, 2017 жылдың 7 шілдесінде Моңғолияның президенттік сайлауында Демократиялық партияның үміткері Халт-маагийн Баттулга жеңіске жетті. Осылайша оппозиционер сайлаушылардың 50,61% (611 мың) дауысын жинап, Моңғолияның бесінші президенті болды.
Инаугурация салтанатында президент көк түсті моңғол шапанын киіп шықты. Моңғол халқы үшін көк түс – мәңгіліктің белгісі.
Президенттің шешесі Должинсүрэн инаугурацияда ұлына көк түсті хадаг (шарф) беріп, күміс кесемен сүт ұсынып: «Ұлым менің, өз халқыңа адал да сүйіспеншілікпен қызмет жаса!» – депті.
63 жылдан бері Моңғолияның әр жыл-дардағы президенттері қатаң күзеті бар Богдоуул тауының бөктеріндегі резиденцияда тұрып келген еді. Ал, Халтмаагийн Баттулга президентке тиесілі бұл резиденцияда тұрудан бас тартып, жұмыс орнына жақын жердегі шағын үйге қоныстанды. Осылайша, прези-дент 400 метр қашықтықтағы жұмыс орнына күнде жаяу барады.

Халтмаагийн Баттулга екінші әйелі Анжеликамен (ұлты – орыс) 4 егіздерді, яғни 4 ұлды тәрбиелеп отыр. Алғашқы некеден бір қызы бар. Президенттің экс-әйелі Энхтуя да кәсіпкерлікпен айналысады.
Президенттің үлкен қызы Намуун 2012 жылы тұрмысқа шықты. Демек, Халтмаагийн Баттулга да ата болып үлгерді.
Моңғолдың ақпарат құралдары Намуун әкесінің ізімен жүріп, саясатпен айналысатыны туралы жиі хабар таратады. Өйткені, былтыр сайлау кампаниясы кезінде ол үнемі әкесімен бірге жүрді. Сайлау бөлімшесінде дауыс бергенде де әкесімен бірге келді.

Халтмаагийн Баттулга – самбодан әлем чемпионы (1983), әлем біріншілігінің екі дүркін вице-чемпионы (1986, 1990), әлем кубогының жеңімпазы (1989).
2006 жылдан бері Моңғолия дзюдо федерациясының президенті. Моңғолияда самбо мен дзюдо сынды күрес түрлерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қайраткер. Спорттың дамуына өз қалтасынан 1 млрд тугрик (420 мың АҚШ доллары, – ред.) қаржы жұмсаған.
Президент тығыз жұмыс кестесіне қарамастан спортпен айналысуға уақыт табады, спорт залда күнде жаттығады.

55 жастағы Халтмаагийн Баттулга – кәсіпкер, миллиардер. Болашақ президент өзінің бизнесін 1990 жылы балалар киімін тігуден бастады.
Тоқсаныншы жылдары Моңғолияда мата арзан еді. Содан Моңғолияда тігілген балалар киімін бастапқыда Венгрияда, кейін Сингапурде сатты. Сол Сингапурде 600 долларға сатып алған бірнеше видеокамераны өз елінде 1 200 долларға сатып, жаңа бизнестің көзін тапты.
Моңғолиядағы барлық қонақ үй, такси қызметі және супермаркет желісіне иелік ететін президенттің байлығы бүгінде 1,2 млрд АҚШ долларына бағаланады. Осылайша, Халтмаагийн Баттулга – Моңғолиядағы ең бай үш адамның бірі.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін ұстаныммен өмір сүретін Халтмаагийн Баттулга спорттан бөлек басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Енді президент ретінде халықтың әлеуметтік мәселелерін реттеп, өзінің перзенттік парызын өтеп жүр.

Бүгінде Моңғолияда 117,8 мың қазақ бар, яғни Моңғолия халқының 3,9 пайызы қазақтар. Бұл моңғалдар-дан кейінгі екінші көрсеткіш. Қандас-тарымыздың басым бөлігі 3,1 млн халқы бар елдің батыс аймақтарында қоныстанған. Айталық, қазақтар Баян-Өлгей халқының 88,7 пайызын, Қобда халқының 11,5 пайызын құрайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, “Qazaq” газеті