МОҢҒОЛИЯ ҚАЗАҚТАРЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

77

2015 жылғы халық санағының қорытындысына сенсек, Моңғолияда 117,8 мың қазақ бар. Осылайша, Моңғолия халқының 3,9 пайызын қазақтар құрап отыр (бұл моңғалдардан кейінгі екінші көрсеткіш). Қандастарымыздың басым бөлігі 3,1 млн халқы бар елдің батыс аймақтарында қоныстанған. Айталық, Баян-Өлгей халқының 88,7 пайызын, Қобда халқының 11,5 пайызын құрайды. Әрине, Моңғолия қазақтарының тұрмыс-тіршілігіне кеңінен тоқталар болсақ әңгіме тым ұзарады. Сондықтан 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында Моңғолия астанасына жаңа атау берген Тұрар Рысқұловқа, сол елде лауазымды қызмет атқарған қазақтарға, Моңғолияның 1939-1952 жылдардағы Үкімет басшысы Хорлогийн Чойбалсанның қазақтар туралы айтқан пікіріне тоқталады.

МОҢҒОЛИЯ АСТАНАСЫНА АТАУ БЕРГЕН ҚАЗАҚ

Негізі сонау 1639 жылы қаланған қазіргі Моңғолия астанасы бастапқыда Ұрға (Сарай) аталған. 1778 жылы қала Их-Хурээ (Үлкен монастырь) атауына ие болды. 1911 жылы моңғолдар Цин империясынан (Қытай) өз тәуелсіздігін алды. Сол жылы Их-Хурээ қаласы елдің астанасы болып жарияланып, атауы Нийслэл хурээге (Астаналық монастырь) өзгерді. Ал, 1924 жылы Моңғол Халық Республикасы құрылғаннан кейін ел астанасының қазіргі атауын берген қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов (1894-1938) екенін біреу білсе, біреу білмес.
1924 жылы болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор Тұрар Рысқұлов Коминтерннің өкілетті өкілі болып Моңғолияға барады. Қасында Қазақстаннан барған тағы бір делегат Тауданбек Дәуітбай бар.
Рас, Тұрар Рысқұлов жаңадан құрылған Моңғол Халық Республикасының өркендеп кетуі жолында біраз еңбек сіңірді. Республиканың Конституциясын жазуда үлкен рөл атқарды. Мәселен, 1924 жылы 26 қарашада Ұлы Хуралдың бірінші отырысы өтіп, моңғол тарихындағы алғашқы конституция қабылданды. Осы отырыста астананың атын өзгерту жайында мәселе көтерілді. Нийслэл хурээ аталып келген астанаға заманға сай ат тағайындау керек болды. Сөйтіп бұның шешімін табу үшін елдің лауазымды тұлғалары жаңа атауларды дауысқа салды.
Көпшілік қаланы Батор-Хото (Батыр қаласы) деп атауды ұсынды, яғни Шыңғыс ханның қаласы дегенге келтірмек болды. Сол кезде мінберге шығып, сөз алған Тұрар Рысқұлов: «Рас, Шыңғыс хан халықтың батыры, бірақ ол жаулаушы. Ендігі Халықтық Моңғолияның жаулаушылық мақсаты жоқ. Ол азаттыққа ұмтылып, төңкерістік жолмен дамығысы келеді. Сондықтан қала атын «Улан-Батор Хото» қоялық. «Ұлан» сөзі (моңғолша – қызыл) төңкерістік рух беріп, моңғол халқының тәуелсіздік жолында күш-жігерін танытып тұрады. Қызыл-Батыр қаласы жасасын!» – деп, ұсыныс тастайды.
Содан Тұрардың тапқырлығына тәнті болған барлығы бұл атауды бірауыздан қабылдайды. Қала атауы қайтіп өзгертілмейді. Кейіннен ел демократиялық бағытқа көшкен кезде де ел астанасы Ұлан-Батыр атанып тұра береді. Яғни, Тұрар Рысқұлов Моңғолия астанасына келісті ат ойлап тапқан еді.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН БЕСІНШІ МИНИСТР

Моңғолия Парламентінің 2017 жылғы 18 қазандағы кезекті отырысында депутаттардың 87,5 пайыз дауысына ие болған Бәделхан Қабдісіләмұлы Құрылыс, қала құрылымы министрі қызметіне сайланды. Осылайша, қандасымыз Моңғолияда 21 жылдан кейін министр қызметіне тағайындалған бесінші қазақ атанды.
Еңбек жолын 1976 жылы Ұлан-Батыр қаласындағы Автобус базасының инженері болып бастаған Бәделхан Қабдісіләмұлы 1978-1988 жылдары Баян-Өлгей аймағының Авто басқару органының бас инженері, директоры, 1991-2000 жылдары «Өркен», «Жол» компанияларының директоры, 2000-2005 жылдары Баян-Өлгей аймағының әкімі, 2008-2015 жылдары Моңғолия Парламентінің депутаты, 2015-2016 жылдары Сайханбилэгтің Үкіметінде Өнеркәсіп вице-министрі қызметтерін атқарды.
Әр жылдары министр болған қандастарымыздың ізін жалғап, бесінші рет моңғол жұртында министрлік қызметке тағайындалған Бәделхан Қабдісіләмұлын өткен жылы Моңғолияның бесінші президенті Халтмаагийн Баттулга қабылдап, оған аталған саланың ақсап тұрған жұмыстарын сеніп тапсырған еді.

МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ МИНИСТРЛЕРІ. ОЛАР КІМДЕР?

1962 жылдан бері Моңғолияда бес бірдей қазақ азаматы министр болған екен. Енді соларға қысқаша тоқталайық.
Моңғолия қазақтары арасынан алғашқы болып 1962-1965 жылдары, 1968-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының Құрылыс, құрылыс материалдары және өнеркәсіп министрі қызметін Тілейхан Орынұлы атқарған. Құрылыс саласында сіңірген еңбегі, өзіндік қолтаңбасы қалған. Ұлан-Батыр қаласындағы Құрылыс Политехникалық колледжі Тілейхан Орынұлының есімімен аталады.
1980-1987 жылдары Геология, тау-кен министрі, 1987-1991 жылдары Табиғат қорғау министрі қызметін Мәулет Ұтқанұлы атқарған. Налайхан шахтасының дамуына зор үлес қосып, жаңа техника, технологиялық жаңарту енгізгені үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған.
Моңғолияның тоталитарлық жүйеден нарықтық жүйеге ауысу кезеңі, яғни 1991-1992 жылдары Моңғолияның Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін Зардыхан Қинаятұлы атқарған.
1992-1996 жылдары Моңғолияның Көлік коммуникация және инфрақұрылым министрі қызметін Сандалхан Раздықұлы атқарған. Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгейден екі мәрте сайланған.
Айта кетейік, бұған дейін Моңғолияда 9 қандасымыз вице-министр лауазымында болған еді. Айталық, Тегісшіл Адрисаұлы – Геология, тау кен өнеркәсіп вице-министрі, Зұха Жапарұлы – Құрылыс вице-министрі, Төлеубай Нығарбайұлы – Құрылыс вице-министрі, Ахмет Жұпбайұлы – Мәдениет вице-министрі, Құсайын Қалқымаұлы – Жеңіл және азық түлік өнеркәсіп вице-министрі, Болат Ажханұлы – Табиғат қорғау вице-министрі, Күләнда Шонайқызы – Білім және ғылым вице-министрі, Сәуле Жәнімханқызы – Азық түлік, ауыл шаруашылық және жеңіл өнеркәсіп вице-министрі, Ержан Қабышайұлы – Жол көлік вице-министрі, Бәделхан Қабдісіләмұлы – Өнеркәсіп вице-министрі қызметтерін абыроймен атқарды.

МОҢҒОЛИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ ПІКІРІ

Моңғолияның 1939-1952 жылдардағы Үкімет басшысы Хорлогийн Чойбалсан (1895-1952) қазақтың салт-дәстүрін, ұлттың ұлы қасиеттерін тізбектеп айтып, қазақтардың негізгі ерекшеліктері жайлы пікір қалдырған. Айтқандарын тілмаштарға түртіп алуын да талап еткен екен. Сонымен, көзі тірісінде Сталин сияқты культ-тұлғаға айналған Хорлогийн Чойбалсанның қазақтар жайлы айтқан кейбір пікіріне тоқталайық:
– Қазақ – ежелден еңбек сүйген халық. Олар қолға алған ісін тындырмай қоймайды;
– Қазақ халқы талапкер, әр нәрсені тез үйренеді, тез игереді. Оқуға барған қазақ азаматтары бір-екі жылда моңғол тілі мен жазуын үйреніп, моңғол тілінде оқып, білім алып шығып жатыр. Мына отырған Қаби, Жеңісхан, Әжікендер сол сөзіме дәлел;
– Қазақ халқы – мал шаруашылығының өнімін жақсы пайдаланып келе жатқан халық. Олар тек малдың сүтімен көп түрлі тағамдар жасайтынын мен өз көзіммен көрдім;
– Қазақ халқы ою-өрнекке, тоқымаға, кестеге шебер. Қай үйге барсаң да әшекейлі түскиіз, алаша басқұр тұрады. Бұл – дамыта беретін өнер;
– Қазақ халқы – тазалықты мирас етіп келе жатқан халық. Қандай үйге барсаң да қонаққа арналған көрпе-жастық жинаулы тұрады. Үй іштері жинақы, ыдыс-аяқтары таза, қол жумай тамақ ішпейді;
– Қазақ халқы – көп жасайтын халық. Олар темекі тартуды, арақ ішуді әдет етпеген. Тамақты баптап ішеді;
– Жасы үлкенді құрметтеу – қазақ халқының жақсы дәстүрінің бірі. Олар қарт адамдарды аттан түсіріп, атын байлайды, есік ашып, үйге кіргізеді, төрге отырғызады;
– Қазақ халқында аңшылық – кәсіптің бір саласына айналған. Бүркіт салу арқылы көп табыс табады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан кәсіп;
– Қазақ – сауықшыл халық. Оларда айтыс, өлең айту, домбыра тарту, сыбызғы шерту машыққа айналған. Біз мұны жаңа дәуірге сай мейлінше дамытуымыз керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, “Qazaq” газеті