МЫҢЖЫЛДЫҚ ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

11

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында өткен жаңғырулар кезеңінде Қазақстанның жеткен толайым табыстары мен жетістіктері ұшан-теңіз. Елбасы айтқандай, 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең.

Қазақстан Республикасы Тәуел-сіздігінің    ширек    ғасыры  –  Еуразия жүрегіндегі Ұлы Далада жазылған мыңжылдық тарихтың жаңа дәуірі болды. Осы жетістіктердің барлығының негізінде халқымыздың тату-тәтті өмір сүруі мен бірлігі және Елбасының ерен еңбегі жатыр. Кезінде француз ұлтының көшін бастаған тұлға Шарль де Голльдің «Мен Шарль де Голль емес, мен Франциямын» деген сөзі еске түседі. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгідей ғалам таныған мемлекет болып қалыптасуын, жеткен барлық жетістіктерімізді, еліміздің жаңғыру кезеңдерін Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың есімінсіз елестету мүмкін емес. Бұл әрдайым тарихи шындық болып қала бермек.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында да Елбасы «Уақыт тоқтаусыз зымырап өте шығады. Жаңаша сапалы дамуға деген құлшыныс – ұлтымыздың жақын онжылдықтағы басты идеясы», – деген болатын. Расында, қазір әлем жылдам қарқынмен дамуда. Жаңа технологиялар мен демократиялық үрдістердің үздіксіз алға жылжуы Қазақстан сияқты дамушы мемлекеттерге жаңа талаптар қоюда. Алпауыттар арпалысқан заманда, Төртінші техникалық революция табалдырықтан аяқ басып отырғанда көптен қалмау, озық ойды, озық технологияны, озық тәжірибені пайдалана отырып, қарқынды дамуды қолға алу керектігін Елбасы айқын анықтап, негізгі бес басымдықты белгілеп берді.

Жолдауда негізгі басымдықтың бірі экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына беріліп отыр. Мұның негізгі өзекті міндеті Қазақстанда ІТ технологияларды дамыту.

Біз жаһандану заманында өмір сүріп отырмыз. Осы жаһандану үрдісінің негізінде жатқан басты факторлардың бірі – әлемдегі электронды технологиялардың қарқынды дамуы болып саналады. Кезінде Ыбырай Алтынсарин айтқан «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деген дәуірге келдік. ІТ технологиялардың дамуы құрлықтар арасындағы алшақтықты жойып, әлемді интернет кеңістігінде топтастырып отыр. Бұл ақпарат алмасу, ғылым мен білім жетістіктерін таратып, игеру мәселелерінде өмірімізге дендеп еніп, енді басқа да салаларды толық қамтымақ. Мәселен, жапондар қазір электрондық роботтарға тұлғалық дәреже беру мәселесін талқылап жатыр. Бұл болашақта адам еңбегін техника, роботтар алмастыратын жаңа дәуір келе жатыр деген сөз. Сонда «адамдардың орны қалай болмақ, бұған біз дайынбыз ба» деген сұрақтар алдымыздан шығады.

ІТ технологияларды қоғамдық өмірдің барлық салаларына жаппай енгізу, экономикалық қатынастардың құрылымын өзгертпек. Біз сол мүмкіндіктерді пайдалы жүзеге асыруға дайын болуымыз керек. Осы орайда Елбасы Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» арнайы бағдарламасын әзірлеуді  тапсырды.  «Цифрлы Қазақстан» идеясы үшінші жаңғырудың басты факторы болмақ.

Қазір әлемде мойындалған, өндірісте өзін-өзі ақтаған көптеген инновациялық технологиялар бар. Елбасының айтып отырғаны, ең алдымен, әлемдегі сол озық технологиялардың барлығын өз елімізге әкеліп енгізу. Ондай озық тәжірибе елімізде жоқ емес, инновациялық технологияларды ұдайы енгізе отырып, өндірісті өркендетіп жатқан кәсіпорындар баршылық.

Мәселен, біз бұған Кентау трансформатор зауытына барғанда көз жеткіздік. Кентау трансформатор    зауыты     Италияда,  Германияда шығарылған қондырғылармен жабдықталған. Өндіріске жоғары жаңа технологияларды енгізуге баса назар аударуды кәсіпорын соңғы жылдары мықтап қолға алған. Соның арқасында трансформатор  зауытының өндірген өнім көлемі соңғы 20 жылда 140 есеге артқан. Бүгінде аталмыш зауыттың филиалы Орал қаласында жұмыс істеуде. Қазір Орал трансформатор зауыты шығаратын өнімнің 95 пайызы экспортқа бағытталған.

Президент бастамаларының өзектілігі, оның өміршеңдігі осылайша іс жүзінде дәлелденіп отыр. Осындай нақты мысалдарға қарай отырып, Елбасының жаңа, инновациялық технологияларды енгізуге баса назар аударуының сырын ұғынасың. Егер елдегі кәсіпорындардың, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібіндегі зауыт-фабрикалардың барлығы осылардан үлгі алып, жаңа технологияларды кеңінен қолданса, ел экономикасы алға жылжитыны сөзсіз.

Жолдауда бірінші басымдықтағы міндеттер жайлы айта келе, Елбасы ауыл шаруашылығына арнайы тоқталған. Бұл әбден пісіп-жетілген тақырып дегім келеді. Президент «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің маңызы зор», – деп атап өтті.

Жасыратыны жоқ, біз ауыл шаруашылығының өнім өндіру мүмкіндіктерін әлі күнге дейін толық пайдалана алмай отырмыз. Президент оған қатысты «экономиканың жаңа драйвері» дегенді тегін айтып отырған жоқ. Себебі, бүгінгі әлем алдындағы туындап отырған ең маңызды жаһандық мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі болып саналады.

Қазақстан аумағы 180 млн га жайылым жерді қамтиды. Әлемдегі ең ірі мал етін импорттайтын мемлекеттер қатарындағы Ресей және Қытаймен шекаралас орналасқан. Қазақстанның осы екі мемлекетке қара мал етін экспорттау мүмкіндігі, сарапшылардың қорытындысы бойынша 5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл астық экспортынан түсетін қаржыдан әлдеқайда артық. Соның бір саласы ретінде еліміздегі ет өнімдерін өндіру мен саудалауға қатысты нарыққа барлау жасасақ, бұл саладағы табысымыздан гөрі мүмкіндіктеріміздің мол екендігіне көз жеткізе түсеміз.

Дүние жүзінде көптеген мемлекеттер мал шаруашылығын дамытуды қолға алып, әлемдік ет экспортына қожалық етіп отыр. Сондықтан, ежелгі дәстүрлі кәсіптің тізгінін өз қолымызға алатын кез келді. Себебі, ет өзгеге де, өзімізге де қажет. Әзірше, әлемдік нарыққа бармай-ақ, іргедегі көршіміз, кедендік одақтастар арасынан Ресей Федерациясын алып қарайық. Мысалы, бір ғана Мәскеудің 11,5 млн тұрғыны жыл сайын 1,33 млн тонна ет өнімдерін тұтынады екен. Егер медициналық өлшемге салғанда бір адам жылына 75 кило ет жеуі тиіс болса, ежелден жақсы өмір сүруге дағдыланған мәскеуліктер үшін бұл сұраныс 82 килодан айналған. Жалпы, Ресейдің статистикалық деректеріне сүйенсек, ішкі сұраныс тек ірі қараның етіне жылына 2 млн тоннаға жетеғабыл екен, мұның сыртында құс етіне де сұраныс 1 млн тоннаға жуықтап қалған. Демек, жоғарыда айтылған деректерден Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін, оның ішінде мал шаруашылығы үшін үлкен нарыққа жұмыс істеудің мүмкіндігі туып отырғандығы көрінеді.

Өкінішке қарай, еліміздегі мал шаруашылығының қазіргі жағдайы өз деңгейінде емес. Соңғы бес жылда ірі қара малдың саны төмендеген, 100 аналыққа есептегенде құлын алу – 13,6%-ға, бұзау – 6,9%-ға, қозы – 2,2%-ға азайған. Өндірістік көрсеткіштердің төмен болуының негізгі себебі ұсақ тауарлы шаруашылықтардың мүмкіндігін пайдаланбауда деп ойлаймын.

Елімізде өндірілетін сүт өнімінің 82%-ы, еттің – 64%-ы  үй  жағдайында  өндіріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтағы ірі қара малдың үлесі – 65%-ды, қой мен ешкі – 61%-ды, жылқы 54%-ды құрайды. Десе де, ауылдағы мал өнімдерін өткізу, сақтау, қайта өңдеу шаралары өте төмен. Бүгінгі таңда Қазақстанда жылқылардың 98%-ы өнім алу мақсатында бағылып, жылына 93 000 тонна жылқы еті өндіріледі. Бірақ, оның шаруалар үшін пайдасы мардымсыз, бей-берекет деп айтуға болады.

Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу үшін шағын қосалқы шаруашылықтарды кооперациялаумен бірге, тауар өндірушілер үшін сервистік, сатып алу, несиелеу инфрақұрылымдарын құруға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Бұл орайда Жолдауда Президент «Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз» дей келіп, «бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет», – деп Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Бұл аса маңызды шешім болды.

Егер шаруа қожалықтары кооперативтерге бірігіп, өнімді тасымалдау мен тиісті сауда орнына жеткізуді жылдамдататын инфрақұрылым қалыптасса, онда өнім өндірушіге де, өнімді өңдеп нарыққа шығарушыға да қолайлы жағдай туар еді. Президенттің тапсырмасы жүзеге асатын болса, ауыл шаруашылығы саласына үлкен серпіліс берері анық. Жолдауда мұнымен қоса, жерді пайдалану тиімділігін арттыру, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 млн гектарға жеткізу қажеттілігі жайлы да айтылған. Мұны жүзеге асырсақ, жаңғырудың үшінші кезеңінде ауыл шаруашылығы секторының бойына қан жүгіретін болады.

Биыл еліміз астық жинауда үлкен көрсеткіштерге қол жеткізіп, астықтың жалпы жиыны 23,1 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артық. Біздің астық экспорттау әлеуетіміз жоғары. Бірақ, оның көбісі шет елге шикізат күйінде кетіп жатыр. Елбасы Жолдауында «Астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз» деп өте дұрыс айтып отыр. Сондықтан біз өнімдерімізді тек шикізат ретінде өндіріп қана қоймай, оны өңдеп, дайын тауарға айналдыратын құрылым қалыптастыруымыз керек.

Қазір елімізде диірмендердің көбі жұмыс істемей тұр. Аграрлық кәсіпорындар астықты тікелей сатуға дағдыланған. Ал Өзбекстанның Қазақстанмен шекарасында ондаған диірмен салынған. Қазақстаннан сатып алған астықты өздері ұнға айналдырып, әрі қарай сатуда. Бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді бақылайтын, сол саясатты жүргізетін ұйым да жоқ. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі осы бағыттағы басқармада 7-8 ғана маман жұмыс істейді. Статистика органдарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу туралы арнайы есеп те жүргізілмейді.

Қазақстандағы аграрлық сектордың мүмкіндіктері шексіз, тек осы салада мемлекет, қоғам, адамдар тарапынан бірлескен, сауатты, сапалы іс-шаралар керек. Бізге агросекторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру үшін ауыл шаруашылығы ғылымын да мықтап қолға алу маңызды. Елбасы өзінің Жолдауында «Өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек» деп Үкіметке міндет қойып отыр.

Ауыл шаруашылығын ғылыми негізде жетілдіру елімізде мүлдем жоқ емес, мұны мықтап қолға алып отырған кәсіпорындар да бар. Біз солардың санын арттыруымыз керек. Мәселен, Шығыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі агрокәсіпорын «Астана-Бизнес» ЖШС сиырдың жергілікті қара ала бас тұқымын асылдандырып, олардың әр басынан 6 500 литр сүт алуда. Мұндай нәтижеге жету үшін шаруашылық 9 ғалымды жұмысқа алып, олардың ізденуіне, ғылыми-зерттеу жүргізуіне барлық жағдайын жасап берген. Яғни, алыс шетелден біздің климатымызға, жер жағдайымызға бейімделмеген мыңдаған «асыл тұқымды» мал алып келіп, елді әуреге салғаннан гөрі өзіміздің жергілікті мал басын жетілдіру, оның өнімділігін арттыру әлдеқайда тиімді екені айдан анық. Сондай-ақ, Алматы облысындағы «Байсерке» шаруашылығы ғылыми инновацияны өзі өндіріп отырған өнім көлемін арттыруда тиімді пайдаланып отыр. Онда өсімдіктану мен егін шаруашылығының белді мамандары, ғылыми-зерттеу институтының академиктері түрлі зерттеулер жүргізіп, оны шаруашылықта пайдалануы арқылы гектарына 50 центнерге дейін бидай алуға қол жеткізуде. Бұл егін шаруашылығы тарихындағы ең ірі көрсеткіш.

Елімізде ғылымды, инновацияны өнім өндіруде тиімді, нәтижелі пайдаланатын осындай кәсіпорындар мен шаруашылықтар көбейсе, экономикамызға жаңаша серпін беретіні сөзсіз.

Жолдаудағы маңызды басымдықтардың тағы бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Елімізде бұл міндет алдыңғы жаңғыру кезеңдерінде де жан-жақты қолға алынып келген болатын. Бұл – әлемдегі дамыған алпауыт елдердің жүріп өткен тәжірибесімен дәлелденген тиімді жол. Осыған байланысты өз Жолдауында Президент 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі бизнестің үлесін 50%-ға жеткізу межесін қойып отыр. Қазір бұл көрсеткіш бізде 25,5%-ды құрап, дамыған елдердегі ең төменгі көрсеткіштен 2 есеге, жоғары көрсеткіштен 3 есеге дейін аз. Мәселен, бұл Германияда – 55%, Данияда – 61%, Италияда 68%-ды құрайды.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін бар жағдайды жасап келеді. Тек соңғы үш жылда бизнесті қолдау үшін 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Орта және шағын кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді тексеруге бірнеше рет мораторий жарияланды. Нәтижесінде кәсіпкерлік саласы заңсыз, жосықсыз тексерулерден құтылды, бизнестің жұмысы да, қаржы жағдайы да реттеліп, бір жүйеге түсе бастады. Бірақ, «бизнестің тынысы кеңейді» деп айтуға әлі ерте, кедергілер әлі де баршылық. Әсіресе, бұл екінші деңгейдегі банктерге тікелей байланысты. Бүгінгі таңда еліміздегі 40-қа жуық банктердің негізгі мақсаты кәсіпкерлікті қолдау емес, олар арқылы пайда табу болып отыр. Жай кәсіпкердің, әсіресе, ауыл тұрғынының банктерден несие алуы тіпті де мүмкін емес. Қойылатын талаптар ауыл еңбеккері түгілі қала тұрғыны үшін өте ауыр, қағазбастылық көп, банктер бюрократтық машинаға айналған. Елде болған кездесулер кезінде тұрғындар кейбір банк талаптарының миға қонбайтынын айтады. Мысалы, кәсіпкер несие алу үшін 40-тан астам құжат жинайды екен. Олардың ішінде мекенжайы  туралы анықтамадан бастап, фирма құрылтайшыларының жалақысы туралы анықтамаға дейін бар.

Ең сорақысы, жаңадан ашылғалы тұрған кәсіпорынның соңғы бір жылдағы табысы туралы негіздеме тапсыру керек екен. Өзі енді ашылғалы тұрған кәсіпорынның жылдық табысы қайдан болады? Банктер кепілдікке қойылатын нысанның бағасын да өздері шығарады, ал бөлетін қарыздың көлемін сол кепілдіктің құнынан екі-үш есе төмен қояды. Несиелердің пайыздық мөлшері кемінде 20-25%-ды құрайды. Оған қоса есепшот ашуға, қызмет көрсетуге, ақша аударуға қоятын банктердің басқа да пайыздары бар. Осының барлығын кәсіпкерлікке жасалынған қиянат деп айтуға болады. Әсіресе, ауыл тұрғындарының бұл несиелерді алуға қолы жетпейді. Олардың кепілдікке қоятын мүлкін банктер алмайды да. Сол себептен несие портфеліндегі ауыл азаматтарының үлесі 10%-дан да аспайды.

Ұлттық банктің берген мәліметі бойынша, екінші деңгейдегі банктердің орта және шағын бизнеске 7 айда берген несиесі 4,7 триллион теңгені құрапты. Ол Республикалық бюджеттің барлық кіріс бөлігінен артық қаражат. Сонда жыл сайын бір мемлекеттің табысынан көп несиелендіріліп отырған кәсіпкерлік неге дамымайды деген сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, банктердің несие портфелі нақты экономикаға жұмыс істеп жатқан жоқ. Олардың көбісі уақытша ғана берілетін, артынан түскен қаражат есебінен жауып тастай салатын экспресс-несиелер сияқты. Болмаса жылдап құтыла алмай келе жатқан созылмалы несиелер.

Бүгінгі таңда көптеген банктер Ұлттық қордың қаржысын пайдаланып, өздерінің көрсеткіштерін жақсартып отыр. Осы қаржылар есебінен пайыздық мөлшерін субсидиялау арқылы несие портфелінің көлемін ұлғайтқан. Ал банктердің меншікті қаражаттарынан бөлген несиелер ішінде орта және шағын бизнестің үлесі 32,4%-ды ғана құрайды. Сондықтан бұл мәселелердің барлығы Жолдауда айтылған тапсырмаларды негізге ала отырып, қайта зерделеуді талап етеді. Елбасы «Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет», – деп жаңа міндеттемелерді қойған. Бұл өз кезегінде бизнеске құлшындыру шараларын жетілдіре түсері анық.

Еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылықтың маңыздылығын айта келіп, Елбасы жоғарыда айтылған экономикалық жаңғырулардың барлығы адами капиталға, халқымыздың әлеуметтік жағдайына, олардың кәсіби деңгейі мен денсаулығына, ел ішіндегі тұрақтылыққа тікелей байланысты екендігін баса көрсетті. Мысалы, Дүниежүзілік банктің 192 елдің экономикасына зерттеу жүргізген қорытындысына сүйенсек, экономикалық өсудің 16%-ы ғана өндіріс құралдарына, 20%-ы табиғи капиталға, 64%-ы адам ресурсына байланысты болады екен.

Қоғамдағы адам капиталы туралы сөз болғанда халық санының артуы мәселесі де маңызды. Бүгінде еліміздегі халық саны 18 млн адамды құрап отыр. 2000 жылдарда бұл көрсеткіш 4 млн маңайында ғана болған. 2002 жылдан бастап елімізде халықтың өсу саны үнемі артып келеді. 2050 жылға қарай 25 миллионды межелеп, экономикаға жұмыс істейтін халық саны 11 млн болуы керек деген болжам бар. Ол үшін халықтың орташа өмір сүру жасының бүгінгі 72-ден жоғары көтерілуіне жағдай жасау керек.

Президент Жолдауында «адами капитал» мәселесін тегін көтеріп отырған жоқ. Мәселен, 2014-2015 жылдары еліміз «Денсаулық және бастауыш білім беру» көрсеткіші бойынша 144 елдің ішінде 96-шы орынға, адам дамуы индексі бойынша 187 елдің ішінде 70-ші орынға жайғасқан болатын. Бұл – әлі де болса жетілдіруді талап ететін көрсеткіш.

Адами капиталдың өлшемі еліміздің дамуындағы әр адамның қосатын үлесімен анықталмақ. Мемлекетті интеграциялауда адамның білім сапасы негізгі рөл атқарады. Біз қазір қандай білім беріп жатырмыз? Ол елді интеграциялауда нәтижеге қол жеткізуге өз үлесін қоса ала ма? Міне, осы сұрақтар бүгінгі білім берудегі негізгі бағдар болуы тиіс деп ойлаймын. Жолдауда «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру» деп нақты айтылған. Яғни, экономикалық өсудегі ғылымға, білімге қажеттілік. Білім нәтиже беруі керек. Сондықтан өндірістер үшін мамандар дайындау, олардың бүгінгі индустриялық өрлеу мен технологиялық жетілу заманына лайық талаптарға сай болуы, ел дамуындағы адам капиталының рөлін арттырып, жаһандық үрдістерге лайықты қатыса алуымызды қамтамасыз етпек.

Жолдауда білім беруде ІТ технологияларға, қаржылық сауаттылыққа, шет тілін үйретуге, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу қажеттілігі аталған. Бұлардың қайсысын алсаңыз да, бүгінгі заман талабынан туындап отырған қажеттіліктер. Қазіргі ұрпақтың заманынан, жаһандық үрдістерден қалыс қалып қоймауы өзекті мәселе. Жолдаудағы адам капиталы жайындағы пікірдің негізінде жаңа заманға сай, ғаламдық құбылыстардың мәнін түсініп, оң нәтижеге қол жеткізе алатын, уақыттың бізге қойып отырған талаптарына жауап беретін білімді де білікті ұрпақ қалыптастыру жатыр. Ендеше, білім беру жүйесін осы талаптарға сай ыңғайластыра өзгерту де назардан тыс қалмауы тиіс.

Үшінші жаңғыруымыздың басты бағдарларын айқындап берген бұл Жолдау осындай маңызды, ауқымды және стратегиялық мәселелерді көтеруімен құнды. Онда аталған басымдықтар енді үшінші жаңғыру жөніндегі «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейінгі дамудың жаңа стратегиялық жоспары аясында жүзеге асырылмақ.

«Жаңашылдықтарды айтып бергеннен гөрі, оны жасаудың жөні бөлек» деген екен кезінде ағылшын көшін бастаған тұлға Уинстон Черчилль. Біз жұрт аңсайтын, армандайтын жаңашылдықты, жаңғыруларды іс жүзінде жүзеге асырып келе жатқан елміз. Кезінде бабаларымыз «алды тұманды, болашағы күмәнді» замандарды басынан өткерсе, бүгін олардың аңсаған арманын жүзеге асырып, болашағымыз жарқын, мақсатымыз айқын елге айналып отырмыз. Заманында хакім Абай да «Көк тұман – алдыңғы келер заман» деп уайым қылған еді. Бүгін біз сол келер күннің көк тұманы сейілген, қазақтың саны 11 миллионнан асып, ғаламға танылған, алдымыз ашық, жаңа заманға бет алған елге айналдық. Ұрпақтың қамын ойлап, оларға өсіп-өркендеген, бақуатты елді қалдырып кету мақсатында тынбай еңбек етіп келеміз.

Әлемдік қоғамдастықтан орнын ойып алуды мақсат етіп отырған Қазақ елінің Үшінші жаңғыру алдындағы қойған мақсат-мұраттары баянды болғай деп тілейік, Жолдаудағы айтылған басымдықтарды жүзеге асыру арқылы еліміз мыңжылдық тарихтың жаңа дәуіріне қадам баспақ. Осылайша ол заманды да өз қолымызбен жасамақпыз.

Әли БЕКТАЕВ,

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты