МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

74

Уақыт өте келе өзін саумын деп санайтын адамның өзі медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болады. Сондықтан мемлекет кезең-кезеңмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (бұдан әрі – МӘМС) енгізуде. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті аталған жүйенің қалай жұмыс істейтініне, қалай оның қатысушысы болуға болатынына, бұл жүйе қандай қызмет түрлерін ұсынатынына және ол қандай тәртіпте енгізілетініне тоқталады.

ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

МӘМС жүйесінің аясында медициналық көмекті көрсету Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) активтері есебінен жүзеге асырылатын болады.
Мемлекет Қорға салынатын жарналарды халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санатына, жұмыс берушілер – жалдамалы қызметкерлерге, ал қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар – өзіне салатын болады. Осылайша, жарналарды барлығы жүзеге асырады және әрбіреуі өзінің жауапты аймағына жауап береді: мемлекет – денсаулық сақтау жүйесінің дамуына және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санатына қолдау көрсетуге, жұмыс берушілер – қызметкерлердің еңбек жағдайына, азаматтар – өз денсаулық жағдайына және ауруларға қарсы алдын алу шараларына. Осыдан мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасында МӘМС жүйесінің ортақ жауапкершілік қағидаттары туады.

КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Қазақстанның барлық азаматтары, оралмандар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары және олардың отбасы мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қатысушылары болып табылады.
Жүйенің әрбір қатысушысы жарнаның сомасына қарамастан қажетті көлемдегі медициналық және дәрі-дәрмек көмегін ала алады, міндетті медициналық сақтандыру пакеті барлығына бірдей.

ҚОРҒА КІМ ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?

2017 жылғы 1 шілдеден бастап Қорға аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер мен дара кәсіпкерлер, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет және белсенді емес халық, ал 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жалдамалы қызметкерлер төлейтін болады.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге:
1. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап әр жұмыскер табысының 1%;
2. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жұмыскер табысының 1,5%;
3. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жұмыскер табысының 2%;
4. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жұмыскер табысының 3%-ын төлейтін болады.
Мысалы, егер 2018 жылы орташа еңбекақы төлемі 152 106 теңгені құраса, демек 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші Қорға осы соманың 1,5%-ын немесе жеке қаражаты есебінен 2 282 теңгені аударады.
Бұл ретте жұмыс беруші әлеуметтік тұрғыда әлсіз азаматтар санатына жататындарға, әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне төлем төлеуден босатылады.
Кәсіпкерлер өзіне және жұмыскерлерге:
1. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5%-ын төлейді.
2018 жылы ЕТЖ мөлшері – 28 284 теңге.
Жалдамалы жұмыскерлер:
1. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстың 1%;
2. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстың 2%-ын төлейді.
Мысалы, егер жұмыскердің табысы 100 000 теңгені құраса, онда 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыскердің Қорға төлейтін жарна мөлшері – 1 000 теңге. Жұмыскерлерге жарнаны жұмыс берушілер ай сайынғы негізде жүзеге асыратын болады.
Белсенді емес халық:
1. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі бір жалақы мөлшерінің (ЕТЖ) 5%-ын;
2. Шетелге кеткен азаматтар да осы мөлшерлеме бойынша төлейді.
2018 жылы ЕТЖ мөлшері 28 284 теңге, демек халықтың осы санатының аударымдары айына 1 414 теңгені құрайды.
Жарнаны банктер және «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады.
Мемлекет:
1. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттің жарналарды есептеу объектісінің 3,75%;
2. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттің жарналарды есептеу объектісінің 4%;
3. 2022 жылғы 1 қаңтардан мемлекеттің жарналарды есептеу объектісінің 4%-дан кем емес, бірақ 5%-дан аспайтын мөлшерін төлейді.
Мемлекеттің жарналарды есептеу объектісі – ағымдағы қаржы жылының алдыңғы екі жылындағы орташа айлық еңбекақы төлемі болып табылады. Мысалға, 2018 жылдан бастап мемлекет айына 5 029 теңгені немесе жылына 60 349 теңгені құрайтын соманың 3,75%-ын төлейді.

МЕМЛЕКЕТ КІМДЕРГЕ ЖӘРДЕМДЕСЕДІ?

Төмендегі 14 санаттың біреуіне жата-тындар, айталық:
1. Балалар;
2. Жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
3. Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4. Үш жасқа дейін бала тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
5. Баланың туылуына байланысты демалыста жүрген, жаңа туған баланы асырап алған, үш жасқа толғанға дейін балалардың күтімінде жүрген адамдар;
6. Мүгедек-баланың күтімінде жүрген жұмыс істемейтін адамдар;
7. Зейнетақы төлемдерін алатын, оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер;
8. Қылмыстық-атқарушы (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (төменгі қауіпсіздік мекемелерінен басқа) сот үкімі бойынша жазасын өтеуші адамдар;
9. Тергеу изоляторында ұсталған адамдар;
10. Жұмыс істемейтін оралмандар;
11. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр-ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
12. Мүгедектер;
13. Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі жоғары білім, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім мекемелерінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқып жатқан студенттер;
14. Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі жоғары білім, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік үш ай ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімді күндізгі оқу нысаны бойынша аяқтаған адамдар үшін МӘМС жүйесіне төленетін жарнаны мемлекет өз мойнына алады.

ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР

МӘМС қызметтер пакетіне амбулаториялық медициналық қызметтер, алғашқы көмек, кеңестер, стационарлық емдеу, ауруханаға жатқызу, хирургия, зертханалық қызметтер, рецептілік дәрі-дәрмектер кіреді.
МӘМС қызметтері мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету пакетінің толық тізімі кейінірек Үкімет қаулысында анықталатын болады.
2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең белгіленген, емханаға барған жағдайда және сақтандыру болмаған жағдайда Сіз тексеріліп, емханалық-амбулаториялық, стационарлық жедел жәрдем ала аласыз. Бірақ тегін жоспарлы стационарлық жәрдем Сіз үшін қолжетімсіз, ол тек МӘМС жүйесінің қатысушыларына ғана беріледі.
МӘМС қатысушы-емделушілерге әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін, көрсетілген қызметтер үшін төлемді медициналық ұйым тікелей Қордан алады. Азаматтың оған көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмаса, ол туралы тікелей Қорға хабарлай алады.
Сіз МӘМС бойынша медициналық қызметтерді Қорға салған соңғы жарнаңыздың күнінен бастап, 3 ай ішінде ала алатыныңызды білгеніңіз жөн. Бұл мерзім өткеннен кейін жүйеге қайта оралу үшін Сіз қалып қойған кезең үшін жарна төлеуіңіз қажет, бірақ 12 айдан аспауы тиіс.

ҚАЛАЙ ТЕГІН АЛУҒА БОЛАДЫ?

Біріншіден, тұратын жеріңіз бойынша ең ыңғайлы емханаға тіркеліңіз. Мұны:
1. Емханада, еркін түрде өтініш жазу және жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы;
2. Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы:
– www.egov.kz авторизациядан өтіңіз немесе тіркеліңіз;
– «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдаңыз;
– «Медициналық көмек» қосымшасында «Алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін шертіңіз;
– Бұдан әрі «қызметке онлайн түрде тапсырыс беруге» басыңыз, электрондық нысан жолдарын толтырып және сауал жолдау арқылы жүзеге асыра аласыз.
Ескерту: Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) талап етілмейді.
Қызмет көрсету мерзімі: 1 жұмыс күні.
Соңғы нәтижесі: Сауалға берілген жауап және тіркелгеніңіз туралы мәліметтер Сіздің egov.kz жеке кабинетіңізде.
Рәсімдеу кезінде МӘМС аясында Сіз қай халықтың қай санатына жататыныңызды анықтап алуыңыз қажет: жеңілдік берілген санаттар, жұмыскер, дара кәсіпкер немесе белсенді емес халық өкілі. Сақтандыру бойынша төлемдердің тәртібі мен мөлшері осыған байланысты. Өз мәртебеңізді (сақтандырылған немесе сақтандырылмағандығын) ЖСН бойынша электрондық үкімет порталында немесе емханада тексере аласыз.
Емханаға тіркеліп, МӘМС қатысушысы екеніңізге көзіңіз жеткеннен кейін, Сіз ем тағайындап, қажетті дәрі-дәрмектерді жазып беретін терапевтке қаралуыңызға болады.

Тобықтай түйін: МӘМС жүйесіне қатысу шарттары туралы қосымша ақпаратты өз
емханаңыздағы тіркеу бөлімінен немесе арнайы кабинеттегі медқызметкер-лерден алуға болады. Барлық қосымша ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығына – 1434 немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына –
+7 (7172) 647-000 хабарласып немесе www.fms.kz сайтынан біле аласыз.