МҰРАЖАЙ – ҚАСТЕРЛІ РУХТАР ҮЙІ

23

Мен Халық қаһарманы, қазақтың хас батыры, еліміздің мәңгілік мақтанышы, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атында қор құрылып, оның соңғы жылдар ішінде көптеген игілікті іс-шаралар ұйымдастырып, өткізіп жүргенін жақсы білемін. Сол қордың бастамашылдығымен һәм демеушілігімен «тегін білу – тектілік» деп, Қыпшақ қайраткерлерінің энциклопедиялық мың беттік қалың томы араға бірнеше жыл ғана салынып жаңартылып екі рет басылып жарық көрді. Онда сонау-сонау замандарда ғұмыр кешіп, адамзат тарихында тамаша ерлік істерімен, ел қорғаудағы асқан батырлықтарымен өшпес із қалдырған Атилла, Әбу Насыр әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс, Қобыланды, Қойлыбай сияқты тарихи тұлғалар, одан бергі тегі қыпшақ мемлекет пен қоғам және әдебиет пен өнер қайраткерлері, өндірісті өркендетіп жатқан бүгінгі нарық заманының іскер кәсіпкерлері, халық қалаулылары жазылып баяндалған. Соларды оқып отырып, тегін білу тектілік екеніне көзің жете түседі.

Қордың биылғы өте бір игілікті атқарған ісі – «Ұлт мақтанышы Сағадат Нұрмағамбетов» атты батырдың мың беттен астам қалың том кітабын көркемдеп жарыққа шығаруы. Оған оның 1975 жылы шыққан «Жауынгер жолы» және өзге де еңбектері, көптеген альбомдық суреттері, батыр тұлғасы туралы замандастарының естеліктері енгізілген. Бұл тамаша басылым жастарға патриоттық тәрбие беруде тамаша оқулық құрал деуге әбден болады. Әттең, осынау аса көркемделіп, безендіріліп шығарылған саф алтындай салмақты қалың том кітабын қайран батыр көре алмай кетті. Оған жылға жуық қана өмірі жетпей қалды.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қор 2011 жылы мамыр айында құрылған. Қордың төрғасы болып республикаға танымал кәсіпкер Махмұт Нәлібаев, ал тең төрағалығына шымкенттік ғалым, қоғам қайраткері, озат кәсіпкер Серікжан Сейітжанұлы мен торғайлық, бүгінде астаналық белгілі меценат, жиһангез, құрылысшы кәсіпкер Сапар Ысқақ сайланған. Жоғарыда аталған батыр ағаның кітабы қордың тең төрағасы Серікжан Сейтжановтың жоба жетекшілігімен шығарылған.

Мен 3-4 қараша күндері Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына арналған мерейтойға қатынасқан сапарымда аталмыш қор төрағасы Махмұт Нәлібаевтың офис мекенжайына іздеп бардым. «Қазақстан» қонақүйінің тау жақ сыртында саяжайлар сияқты мекенде орналасқан екен.

Мені еңсесі биік үш қабатты үйдің кіре берісінде «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп, Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев інілік ізетпен, «хош келіпсіз» деп жылы жүзбен қарсы алды. «Сізді білеміз, аға» –деп қолтығымнан демеп, үйдің жоғарғы қабатына қарай бастай берді. Ол үшінші қабаттағы үлкен есіктің алдына келгенде:

– Аға, халқымыздың ардақты ұлы, армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қордың аясында таяуда ғана мұражай ашылды. Сол мұражайдың киелі табалдырығынан аттағалы тұрсыз, – деп, мұражайдың есігін алдымнан айқара ашты. Мен әр жәдігерге зер салып, байыппен байқап көріп келемін, Махмұт інім тынбай жүйелі түрде құнды деректерді түсіндіріп айтып келеді.

Бірінші зал Елбасымыз – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналыпты. Сағадат Нұрмағамбетовтың мұражайы екінші залға орналастырылған. Онда Кеңес Одағының батыры және Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің суреттері мен мұрағаттық құжаттары, ол туралы естелік кітаптар рет-ретімен мұқият қойылыпты. Махмұт онан кейінгі зал Мұстафа Шоқайдың өміріне арналғанын айтып, кітаптары мен суреттерін көрсетіп аралатты. Ал мен болсам кең бөлменің ішінде ретімен қойылған Елбасының, батырлардың, кемеңгер тұлғалардың суреттері мен олар жайындағы сирек кездесетін жәдігерлерге, құнды деректерге толы құжаттар мен кітаптарға зер сала қарап, ізденіспен үлкен де маңызды жұмыс атқарылғанын айтып, ризашылық білдірдім.

– Аға, түстік дайын болып қалыпты, қалғанын түстен кейін көресіз, жүріңіз төменге түсейік, – деп Махмұт енді мені төменге бастады.

Асхана бөлмесінде бұйырған астың да буы бұрқырап, қазы-қартасы мен шұжығы тәбет ашқан табақ та алдымызға келе қалды. Соңы ыстық қызыл күрең шайға һәм әңгімеге ұласты. Мен өз тарапымнан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор аясында Қазақстандағы қыпшақ қайраткерлерінің қауымдастықтары жер жерлерде көптеген игілікті де ізгілікті іс-шараларды жүзеге асырып жүргендерін, атап айтқанда, мешіттер, тарихи тұлғаларға ескерткіштер, тіпті стадиондар салынып беріліп жатқанын айта келіп, осы елге үлгі боларлық жақсы істердің насихатталмай елеусіз қалуда екенін, сондықтан қордың өз басылымы болса, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныс тілегімді айттым.

Махмұт өзі қандай батыр тұлғалы жігіт болса, ойы да ұшқыр, мәселенің мәнін тез түсініп, тез шешім қабылдайтын шешімді азамат екенін аңғарасың. Менің ұсынысыма басқалар сияқты ойланып көрейік, бұл қалай болар екен дегендей екіұшты жауап бермей, ондай газеттің, шынында керек екенін, тіпті, «Оның атын «Патриот» деп қойсақ қайтеді, біздер құрған қордың да шын мақсаты сол емес пе» деп менің ұсыныс пікіріме толық қосылатынын айтты. Бұл ұсынысты мен Астанада қордың тең төрағасы Сапар Ысқаққа айтқанымда, ол да қарсы емес екенін, басқа басшылар қолдап жатса, басылымның біраз пайыз  қаражатын көтеретінін білдірген болатын. Демек, бұл жоба жүзеге асып кетсе, қор жұмысы насихатталып қана қоймай, оның жер-жердегі, облыстардағы жұмыстарын жандандыра түсері анық. Бір мақалада қор атқарып жатқан жұмыстарды санап шығудың өзі қиын. Болашақ газет соларды уақытында оқырмандарға, елге жеткізіп тұрған болар еді. Газетті ұйымдастырушылық та, тәрбиелік те рөлі зор екені белгілі.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың төрағасы Махмұт Нәлібаев, тең төрағалары Серікжан Сейітжанұлы мен Сапар Ысқақ та әрқайсысы – бүгінде аттары республикамызға белгілі айтулы тұлғалар, үлкен-үлкен кәсіп-шаруашылықтарды басқарып дөңгелетіп отырған өндіріс командирлері, қоғам қайраткерлері, қазіргі заманның нағыз еңбек ерлері. Олардың өздері басқарып отырған өндірістерін өркендетіп, қаншама ондаған, жүздеген адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендердің сыртында өнер мен мәдениетке қамқорлық жасап, соған тапқан табыстарынан қаржы бөліп отырған меценаттық, қайырымдылық тамаша ізгілікті істері де бір төбе.

Қаншама адамның қысқа қолын ұзартты, жетпегенін жеткізді, Ұлт өнерінің үзілер жерінде дәнекер болып қаншама өнер туындыларының еңсесін көтеріп, бағын ашты. Осы орайда пайғамбарымыздың мынандай бір хадисін мысал етсем деймін. Ілкіде екі зиялы жолы түйісіп кездесіп қалыпты. Амандық-саулық сұрасқаннан соң бірі екіншісінен: «Қалайсыз?» – деп сұрапты. Сонда зиялы ілипатпен: «Құдайдың бергеніне шүкір айтып, қанағат қылып жасаудамын. Ал өзіңіз қалайсыз?» – деп қарсы сұрақ қойыпты. Бірінші сынай тіл қатқан зиялы: «Мен де Құдайға шүкір деп, бірақ, бергенін өзгелермен бөле-жара көріп жатырмын», – деген екен жымиып. Екі зиялының бір-біріне берген жауаптарын зер салып байыптасақ, айтқан ойларының айырмашылығы аспан мен жердей. Бірі Алланы бергенін қанағат тұтып, өзі ғана ішіп-жесе, екіншісі Алланың бұйыртып бергенін өзгелермен бөліскенін көреміз. Міне, шүкірлік, міне, дарқандық! Біз сөз етіп отырған азаматтар да сондай, Алланың бергенінен өзгелерге де бөліп беріп жүргендер санатында. Сондықтан да бұлардың несібесі ешқашан да азаймайды, қара қазаны ортаймайды. Бірі он болады, оны жүз болады, жүзі мың болады.

…Мен ас қайырып, Сағадат батырдың рухы шат болсын деп құран оқып, елім-жерім деген тұлғаларымызға дұға жасап, Алланың разылығын тілеп бата бердім. Махмұт інім:

– Аға, сізге үлкен рахмет! Жүрген жеріңізде біздің мұражайымызды насихаттап жүріңіз. Осы мұражайға атап арнайы естелік ретінде қолтаңбаңызды қалдырып, кітаптарыңыздан тарту жасасаңыз қуанып қалар едік. Танымал ақын-жазушылардың кітаптарының қатарына қосып, біз де сізді насихаттайтын боламыз, – деп сөзін аяқтады. Мен өзіммен бірге ала барған, жаңа ғана «Ата мұра» баспасынан басылып шыққан  «Сарыарқа сазы» атты қос томдық жыр жинағымның алғашқы данасын мұражайға тарту еттім.

 

БАТЫР МҰРАЖАЙЫНА

 

Сағадат батыр аға мұражайын,

Жырымның кәусарымен суарайын.

Тамаша игілікті іс атқарған,

Азаматтың шырайын шығарайын.

 

Жаужүрек болған комбат асқан батыл,

Боратып жауына оқ шашқан батыр.

Ордасын фашистердің талқан еткен,

Ерлігі, өмір жолы дастанда тұр!

 

Күн сәуле – ізгілікті іс төккеніндей,

Табиғат өркен жаяр көктеміндей.

Сағадат Нұрмағамбетов мұражайы,

Патриоттық тәрбие мектебіндей!

 

Дән риза болар көрсе аралап кім,

Алғысын алар іс бұл жамағаттың.

Жанқиярлық ерлігі ұрпаққа үлгі,

Халықтың қаһарманы Сағадаттың!

 

Құйғандай Сырдың күріш, ақ тарысын,

Ерлігін жырлаған жыр ақтарылсын.

Сияқты Бауыржан мен Мәлік, Талғат,

Сағадат батыр – мәңгі мақтанышым.

 

Батырдың көрінсін деп өнегесі,

Керілген Мұражайдың керегесі.

Қастерлеп қадіріне жетсе халқы,

«Жақсының аты өлмейді» деген осы.

 

Мұражай үйі-күйі бәрі лайық,

Пәш етпей жолдан неге жаңылайық.

Атқарған азаматтық жұмысты зор,

Қор басшысы Махмұт Нәлібаев.

 

Қолтаңба осы жазған өлеңіміз,

Құрметке әрдайым да бөленіңіз.

Батырдың кие-рухы қолдап Сізді,

Мол дәулет, қуанышқа кенеліңіз!

 

Қашан да болсын дейміз бағың басым,

Келер ел хас батырын сағынғасын.

Көп тілегі көл болып күн ұзаққа,

Есігі мұражайдың жабылмасын!

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, 

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, әдебиет сыншысы

(«Үш қоңыр» газеті, 2015 жыл).