МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ «ЯРЫШ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ

273

Мұхтар Әуезов балаң жігіт шағынан бастап халқының болашағын айқындайтын зор мәртебелі ұлт ісі жолында өзіндік ізін қалдырды. Ол 1915 жылы қалалық училищені бітіріп, Семейдегі мұғалімдер семинариясын 1915-1919 жылдары тәмәмдайды. Сол кездегі өте жүйелі білім ордасы болып саналған аталмыш оқу орны қабырғасында қоғамдық өмірге араласа бастайды. Жас Мұхтар жаңалыққа құмарта, қызыға қарап, қала өмірінде болып жатқан жаңалықтарға белсене қатысып, барынша жігермен кірісіп, атсалысады.

Сол кезде Семей қаласына спорт түрі – футбол өнері Ресей арқылы ХХ ғасырдың басында жетті. Футбол ойынының алғашқы қарлығаштарының бірі 1912 жылы Мәскеуден Семейге келген Н.Н.Куприянов деген кісі болған.  Бұл туралы мағлұмат жазушы Ахмет Әуезовтің 1967 жылы шыққан «Бала Мұхтар» атты кітабында бар. Ол кісі естелігінде Мұхтар мұсылман балаларынан бірінші болып Николай Куприяновқа жол тапқанын жазады. Қыр баласының футбол ойынына деген шын көңілін байқаған Николай Николаевич қуана қарсы алып, сол кездегі өте қат спорт құрал-жабдығынан бір доп пен сетка беріп, әрі ойнау тәртібін, ережесін мұқият түсіндіріпті.

Сөйтіп бұған дейін жергілікті етікшіге былғарыдан тіктірген доптары көңілдеріне онша қонбай жүрген ойыншылар енді футбол ойынын қуана жалғастырыпты. 1913 жылы қаладағы ерлер гимназиясы мен мұғалімдер  семинариясында алғашқы футбол командалары ұйымдастырылады. Семейде М.Сайдашев, А.Кәрімов, Ю.Нығматулин, т.б. жергілікті қазақ және татар жастарынан тұратын «Ярыш» командасын құрып, көптеген өнерпаздар мен спортшылардың елге танылуына себепкер болды. Сол команданың құрамында ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов жартылай қорғаушы болып ойнаған. Соның айғағы 1913 жылы тамыз айында қазақ жерінде тұңғыш рет Семей қаласында «Ярыш» атты футбол командасы құрылғанда оның беделді мүшесі Мұхтар Әуезов болды. Мұхтар қазақ футболының негізін қалаушылардың бірі болған. М.Әуезовтің бірден бірінші ұйымдасқан футбол командасына алынып, негізгі ойыншысы болып кетуі, ол кісінің бұған дейін де доп ойнап, шеберлігін ұштап, футбол өнеріне деген шын ықылас танытқандығының куәсі болса керек.

М.Әуезовпен бірге оқыған, допты бірге қуған достарының айтуына қарағанда, «Ярыш» командасының ойыншылары тек футболмен ғана шектеліп қоймаған, шебер жақсы ойыншы болу үшін басқа да спорт түрлерінің  маңызы үлкен екенін түсінген олар жаз айларында жеңіл атлетика түрлерімен, қыс кезеңдерінде шаңғы теуіп, конькимен жүгіріп, жаттығулар жасауды әдетке айналдырған. Өткізілген жарыстарда М.Әуезов көбінесе жүлделілер қатарынан көрініпті. Футбол командасы негізінде кейін «Ярыш» ерікті спорт қоғамы пайда болыпты. Осы ұйымға келген жастар тек спорт ойындарына ғана қатысып қоймай, құрылған халық аспаптары оркестрінде де ойнап, «Ярыш» атты қабырға газетін шығарды. «Ярыш» газетінде футбол,  спорт мәселесі ғана емес, футболшыларға арналған әзіл-сықақ, әдеби тақырыптардағы сын-сатира, өлеңдер де жарияланды. Осы қабырға газетінде жарық көрген бірталай мақалаларды жас Мұхтар жазыпты.

«Ярыш» футбол командасы ойыншыларының (ішінде Мұхтар да бар) фотосуреті Абай мұражайының қорында сақтаулы. Бұл фотосурет – 1974 жылы 23 мамырда Г.Д.Ғабдулин деген азамат әкеліп тапсырған құнды дүниенің бірі.

Мұхтар Әуезовпен бірге өсіп, еңбек еткен, тығыз қарым-қатынаста болған адамдардың жазып қалдырған естеліктеріне қарағанда, ол өзінің әдеби қызметін қоғамдық жұмыстармен шебер үйлестіре білген. Соның ішінде халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының бір саласы дене тәрбиесі мен ұлттық спорт ойындарының дамуына белсене ат салысқанын байқауға болады.

Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға шыққан отандық футболдың қарлығаштары Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхамедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сидықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин секілді жеткіншектер біздің елде бұл спорт түрінің кең таралуына жол ашты.

Әуезовтің футбол өнеріне деген шын ықылас танытқандығы туралы Салих Хисматуллин: «Мұхтар «Ярышқа» 1913 жылы келді, екеуміз жасөспірімдер командасына кірдік. Ол 16 жаста, мен 15-те болатынмын. Мен шабуылшы, Мұхтар жартылай қорғаушы міндетін атқарды. Ол ерекше ынтамен өте жақсы ойнайтын. 1914 жылдың күзінде біздің команда гимназистердің орыс жастарынан құралған ең күшті командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Сонда қарсыластар қақпасына бірінші допты түсірген Мұхтар болатын», – деп жазыпты («Семей таңы», 29.04.1977 жыл).

Семей қаласының мұсылмандар мектебінің меңгерушісі, қалалық Думаның мүшесі болған Рахметолла Елкебаев қаржылай көмек көрсетіп, үлкен қамқорлық танытқан. Мұхтар Әуезовпен бірге ойнаған Әбдінасыр Миршанов, Әміржан Ситдықов деген балаларды бауырына салып өсірген.

Белгілі журналист Дәулет Сейсенұлы Семей қаласы қазақ футболының отаны және де оның М.Әуезов есімімен тығыз байланысты болғанын ағылшындар мойындағандығын өзінің мақалаларының бірінде атап көрсетеді.  2009 жылдың 20-21 сәуірінде Семейге Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті елшісі Пол Браммел  келді. Британдық дипломат маусым айында Алматыда футболдан өтетін Қазақстан мен Англия кездесуі аясында жоспарланған «Футбол барлығы үшін» бағдарламасындағы шараларға қатысу үшін келген-ді. Елші жас футболшылармен «Спартак» стадионында, футбол жанкүйерлерімен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде және №3 балалар үйінде кездесті. Осы  кездесулерде футболға қатысты әңгіме кеңінен қозғалып, сұрақтар қойылды. Ол өзінің Семейге қазақ футболының отаны ретінде атбасын бұрғанын, әсіресе, қазақтың ең атақты жазушысы М.Әуезовтің жас кезінде футболға қалай келіп, қалай ойнағаны қызықтырғанын да айтты.

Қазақ жеріндегі футбол ойынының қалыптасып, даму жолына түсуі 1913 жылдан басталады. Содан бері 100 жылдан аса уақыт өтті.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің туған ұлтымыздың мәдени-рухани өміріне, спорт саласына, соның ішінде халықтық спорт ойындарына кең көңіл бөлгені өскелең ұрпаққа үлгі.

Нұрсұлу Өмірбекова,

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының

жетекші ғылыми қызметкері