МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ

11

Осы жаңа жылдың алдында қызметтік бөлмемде бір автордың мақаласын кезекті нөмірге дайындап жатқанмын. Кенет есік ашылып, ішке көптен көрмегендіктен сағынып жүрген композитор Қалибек Деріпсалдин кіріп келді.
Жанында иман жүзді, әрбір сөзінен парасаттылықтың исі аңқып тұрған ел ағасы да бар. Қалекең қолтығына қос дипломды қысып алған. Соларға қарап, мен оның кезекті бір байқаудан жеңіспен оралғандығын бірден сезе қойдым.
Ол сол бұрынғы ақжарқын мінезіне салып: «Ореке, мені құттықтауыңа болады. Астанадан жүлделі оралдым. Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Елім менің» деп аталатын патриоттық әндер сайысында лауреат атандым. Министрдің Алғыс хатына да ие болдым», – деп қуанышын білдірді.
Оның жанындағы ардақты ағамыз, яғни ақындық қабілеті мол Тұрғын Досмағанбетов екеуі жоғарыда аталған байқаудың «Тәуелсіз елдің ұланы» номинациясы бойынша жүлделі орынды алған екен. «Шексіз алғыс сіздерге» деп аталатын әннің сөзін Тұрғын аға, әнін Қалекең жазыпты.
Қос шығармашылық адамының ауызбірлігінен туған туындыны патриоттық әндер байқауында Елордамыз Астанадағы музыка мектебінің «Айналайын» деп аталатын балалар хоры орындаған. Оның музыкалық жетекшісі, өзіміздің көркем қызымыз Гүлмира Жангелдіқызы.
Бұл, әрине, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің өнердегі жалғыз жетістігі емес. Оның алдында да талай ән жарысында топ жарып, маңдайы жарқырап келгені қолына қалам ұстаған менің әріптестеріме әбден таныс.
Өтіп жатқан уақытта шек жоқ. Жүрген жерін әрқашан да той-думанға бөлейтін Қалибек бауырымыздың да мерейтойы жақындап қалыпты-ау.
Түріне қарасаң елуді әрең беретін, сегіз қырлы, бір сырлы ардақты жанның алдағы ит жылының басында 65-ке келетіндігін біреу білсе, біреу білмес. Онымен ұзақ жылдардан бері араласып-құраласып, сырлас болғандықтан осы мерейтой қарсаңында ол хақындағы көрген, түйгендерімізді қадірменді оқырмандармен бөліскенді жөн санадым.
Ол Қостанай қалалық мәдениет бөлімінің жанындағы «Мирас» ұлттық аспаптар ансамблінің белді әншісі болғанымен, есімі күллі елімізге танымал.

АМАНГЕЛДІНІҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН АЗАМАТ

Әрине, ол туралы бұрын да талай жаздық. Бүгінде әнші, композитор болсам деп арман қуып жүрген кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен оның өткен өмірі жолдарына да шолу жасадық.
Қалибек Деріпсалдин 1953 жылы 10 қаңтарда кіл өзіміздің қара көз бауырларымыз ғұмыр кешіп жатқан Амангелді ауданының Байғабыл деп аталатын елдімекенінде дүниеге келді.
Оның өнер саласына біржола бет бұруына туған жеріндегі ағайын-бауырларымыздың да белгілі дәрежеде ықпалы тигені даусыз. Ол сонау жастайынан әнге шексіз ғашық болды. Тұңғыш рет 1970 жылы өзі шығарған күйімен облыстық оқушылардың фестивалінде топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды.
Әрине, бұл жеңіс оған ерекше қанат бітірді. Сөйтіп, ол тек әулетінің ғана емес, ұстаздарының да абыройын асқақтатты. Сол кезден бастап, ол шын мәнінде кішкентайынан бері көксеген әншілік өнерге де біржола ден қойды.
Әлгі бірінші орынды жеңіп алған жылы оның өнердегі жолы ашылып, сонау Алатаудың баурайындағы Алматы қаласына сапар шекті. Мұнда да республикалық байқауда лауреат атанып, дарынды жас жеткіншектің есімі баршаға белгілі болды.
Туған жеріне оралған соң ол арман биігіне көтерілу үшін үздіксіз ізденіс үстінде болу қажеттігін түсінді. Осы арада оның бойындағы тағы бір қыры – әншілікке деген қарым-қабілетінің де ерте оянғандығын айтып өткеніміз мақұл.
Қалекеңнің даусындағы өзгелерден әрдайым дараланып тұратын сыршылдық, саздылық, ұлттық бояу мен нақыш сол шақта-ақ айналасындағыларға үлкен үміт күттірді. Оның сөзіне қарағанда өзі қазақтың әсем туындыларын сонау ойын баласы кезінде, яғни, төрт-бес жасынан бастап шырқай бастаған.
Алайда өмірден көріп жүргеніміздей, қай өнер тұлғасы болсын, әу баста дарынының ұшталып, өнерінің өрге басуына жанашыр ағалардың септігі тиетіндігі айдан анық.
Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдиннің екеуміз бір оңаша сырласқан сәттерімізде: «Менің бойымдағы талант ұшқынын ерте сезген Амангелді орта мектебіндегі алғашқы ұстазым Аманбай Мұқышев», – деген-ді.
Содан кейін өзім оны музыкаға баулыған тәлімгерін бір көрсем деп жүретінмін. Оның сәті жан досымның бір кешінде келді. Ол сонда кешегі Батпаққараның қара баласынан қазақ руханиятының бір жұлдызы шыққанына шексіз қуанатындығын айналасындағыларға шынайы жеткізген еді.

ТАЛАНТТЫ ТУЫНДЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ОРТАҚ ҚАЗЫНАСЫ

Қалибек Деріпсалдинді тек Торғай, Қостанай өңірі ғана емес, кең байтақ республикамыздың барлық облыс орталығындағылардың білумен қатар, көрнекті композиторлар да ерекше құрметпен қарайды.
Оның үстіне ол ешкімді жүзге, руға бөлу дегенді мүлдем білмейді. Жүрегі тек қана қазақ елі және туған жері деп соғады. Оның ғұмырының біраз жылдары киелі Оңтүстік өңірінде өтті десек артық айтпаған болармыз. Себебі, сонау бір жылдары өзінің кіндік қаны тамған Амангелдідегі орта мектепті ойдағыдай тәмәмдаған соң Тараз шаһарындағы мәдени-ағарту училищесіне студент болып қабылданды.
Жүзі жайдары, кіммен болсын тез тіл табысып кететін бозбала өзіне бұрын бейтаныс жердегі ұстаздары мен курстастарының арасында да үлкен беделге ие болды.
Талантты адамның қарым-қабілеті қайда болсын көрінбей тұрмайды. Өзі білім алып жатқан өңірдегі Жамбыл облыстық филармониясына қарайтын «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, өзінен түбі білікті әнші әрі композитор шығатындығын аңғартты. Себебі, қараторы жігіт сахнаның сәні болды. Киімге де өте талғампаз болатын. Әніне сәні жарасып, жұртшылықтың көз айымына айналды. Сол ансамбль кезінде күллі еліміздің мақтанышы атанған еді.
Өзі еңбекқор жігітті өзге сазгерлер де айрықша қадір тұтты. Солардың қатарында ұлтымыздың лирикалық әндерімен талай жүректерді жаулаған Марат Омаров және Марат Ілиясовтар мұның жазған әндеріне ерекше тәнті болатын.
Тараздағы студенттік жылдар да өз қызығымен артта қалды. Ондағы достарымен қимай қоштасып, балалық шағының ізі қалған туған жеріне біржола оралды. Қасиетті торғайлық ағайындар да өнерпаз бауырларын құшақ жая қарсы алды.
Оны сыйлап қана қойған жоқ, үлкен сенім артып, лауазымды қызметтерді ұсынды. 1980 жылы бұрынғы Торғай облысының Қима аудандық мәдениет бөлімін басқарып, «Гүл дәурен» деп аталатын халық аспаптар ансамблін ұйымдастарды.
Іскерлік қабілеті жоғары, кез-келген музыка саласында жүрген мамандардың қарым-қабілетін жоғары бағалайтын ол жауапты жұмыста болғанда оларға қолайлы жағдай туғызды.
Оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті әр жылдарда Арқалық қаласында «Торғай толғауы», «Балауса», Амангелді ауданында «Торғай толқыны», «Көктем гүлі» секілді өнер ұжымдарын құрған кезде де айқын байқалды. Сол жылдары мұның қамқорлығына бөленіп, шапағатын көрген жергілікті бойжеткендер мен бозбалалар әлі күнге дейін көрнекті мәдениет майталманының игі қасиеттерін айтудан бір жалықпайды.

АЯУЛЫ ЖАР ӘРІ ТАНЫМАЛ ӘНДЕРДІҢ АВТОРЫ

Әрине, оның композиторлық таланты өз алдына бөлек әңгіме. Осы жолда көп еңбектенді. Әлі күнге дейін талғампаз қауым тойлар мен басқосулардың сәні мен мәні Қалекеңнің жүрегін жарып шыққан «Сағыныш сазы», «Сен мені түсінесің бе?», «Ерке құсым», «Айлы түнде», «Арман айым», «Қайдасың, қайда менің аңсағаным?» секілді жүрек қылын шертетін ерекше әндерсіз көңілді болмайтындығын жасырмайды.
Оның мәдениет саласындағы сіңірген еңбегін зерттеп жүрген бір қаламгер ретінде бірқатар кітаптарын да аса зейінділікпен оқып шықтым. Оның ішінде көпшіліктің іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналған «Көктем қыздар», «Домбыра сазы», «Айлы түнде», «Торғай әуендері» секілді жинақтары да қазақ еліне мәлім.
Кейбір мәліметтерге жүгінетін болсақ, қазірге дейін оның 100-ге жуық әні және бірнеше күйлері жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын туындылары. Оның шығармаларын қанша тыңдасаң да жалықпайсың. Жан дүние әлемің жаңғырып, түлеп қалғандай сезінесің.
Жас жігіттің бойындағы айрықша қабілет пен дарынды қазақ өнерінің нағыз шеберлеріне айналған көрнекті тұлғалар да дер кезінде көре білді.
Мәселен, Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуов бұған кезінде өнер жолында ақ батасын берумен қатар, сазгерлік қабілетінің ұшталуына да ағалық ақыл-кеңесін айтқан еді. Сондай-ақ, Торғай өңірінің ұмытылмас тарландары, яғни жергілікті сазгерлер Болат Хамзин, Қайыржан Мақанов, Айтбай Мұздахановтардың да бұған әсері ерекше.
Қалекеңнің жоғарыда тың ізденістерінен туған шығармаларының халыққа жетуіне Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, өнер жұлдыздары Жұмат Маханбетов, Ұлжан Айнақұлова, Ғазиза Жұмекенова, Балжан Жүсіпбеков, Сайлау Ордабаев, қостанайлық Ботагөз Дүбірбаева, Гүлнәр Үсенова, Арыстан Құрманов секілді күміс көмей, жезтаңдай әншілер өздерінің қомақты үлестерін қосты.
Жақсы ән жан азығы емес пе. Оны әншілер бірден өз репертуарларына енгізеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің тыңдағанда жүрегіңді елжірететін туындыларын қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, «Нұр-Мұқасан» тобы, Еркебұлан Сәрсенбеков және Есет Сәдуақасовтар нақышына келтіріп орындап келеді.
Сондай-ақ, кезінде оның сазгердік қабілетін Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Жақсыгелді Сейілов, Жоламан Тұрсынбаевтар да жоғары бағалаған болатын.
Әнші-сазгердің бақыты оның отбасында. Жастай сүйіп қосылған қазақтың ару қызы Айша композитор досымыздың алғашқы тыңдаушысы, сыншысы әрі өнердегі және өмірдегі қамқоршысы. Өйткені, ол әлі күнге дейін Қалекең гастрольдік сапармен Қазақстанның облыстарын аралап кеткен кезде сырттай тілектес болып, алаңдап отырады. Отағасының табысы оның да жетістігі. Өнер адамы да жас бала секілді. Оны да нәзік гүл секілді үнемі күтіп, баптап отырмасаң болмайды.
Әрдайым жылы сөзбен көңілін демдеп, тың шабыттарға кең жол ашады. Екеуінің Құдай берген Ербол және Бекбол есімді ұлдары да әкесін асқар тауға балайды. Үйдің тұңғышы Ербол бұл күндері полиция подполковнигі.
Ол да әке өнеріне жастай еліктеп, әншілікке өте бейім болып өсті. Өз ортасының асыға күтер құтты қонағы, руханият жанашыры. Немерелері өмірінің мәні.
Міне, қымбатты өнер сүйер қауым, әне-міне дегенше бәріміз ерекше ардақ тұтатын Қалекең де алпыстың бел ортасына келіп қалды. Оған болашақта да шығармашылықтың биік шыңында жұлдызыңыз жарқырап жана берсін деген игі тілегімізді білдіреміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қостанай қаласы