МӘНІ ЗОР ТҰЖЫРЫМДАМА

8

Қазақ халқы әлімсақтан Ислам дінін ұстанып келеді. Бабаларымыз тек қана Алланы мойындап, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) салауат айтқан. Құранның сөзін дәстүрімен, салтымен ұштастырған. Осы ақиқат болса да, бүгінгі әлемдегі діни ахуалдың күрделілігінен өзге ағымның жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың қатары аз еместігі алаңдарлық жайт еді. Алайда, біздегі мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізілуінің арқасында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргелі шараларының арқасында жат ағымдармен, бөгде пиғылдағы ұйымдармен, олардың өкілдерімен күрес бір жолға қойыла бастады. Бұл сөзімнің дәлеліне Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын атар едім.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «ҚМДБ жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашып, оған аудармашы мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және Матуриди сенімі негізіндегі еңбектерді аудару жұмыстары жоспарға енгізілді. ҚМДБ-ның жанынан баспа ашып, діни басылымдарды шығару жұмыстарын бір ізге келтіру арқылы діни ахуалды реттеу – басты назарымызда. Тұжырымдама қабылданды, енді бірқатар шараларға бел буып кірісетін боламыз. Келелі жұмыстар қолға алынып жатқанда білекті сыбанып кіріспесе болмасы анық», – дейді.
Міне, бұл ҚМДБ атқарар шаруаның бір парасы ғана. Өзге де алға қойылған мақсаттар барша мұсылмандардың көңілін қуантатыны анық.
Осыдан ширек ғасыр бұрынғы уақытты көз алдымызға әкелейікші. Қандай күндерді бастан кешіп едік. Алдымен, Алланы аузымызға алуға қорықтық. Одан кейін тәуелсіздігімізді алсақ та, Тәңірге тәу ететін, құлшылық қылатын мекендеріміздің саны аз еді, сол аздың өзіндегі жағдай мәз емес болатын. Іле-шала есін жия бастаған елдің жастары шет ел жағалап, білім іздеп кетті. Олардың қандай біліммен қаруланып келгенінен бейхабар болатынбыз. Арасында ата жолынан айнып кеткендері де баршылық-тын.
Ал қазір ше? Қазір мешіттердің саны еселеп артқан. Ондағы дін қызметкерлерінің ахуалы, әйтеуір, жақсы деуге келеді, жүйелі түрде ҚМДБ тапсырмасымен жұмыс істеп жүр. Алдағы уақытта олардың айлық жалақы мәселелері де шешімін таппақ.
Өз елімізде діни оқу орындары бар. Медреселеріміздегі білім берудің сапасын арттыру да ҚМДБ басшылығының жоспарында бар екен. Ал, әрбір мешіттерде сауат ашу курстары жүріп жатыр.
Астана қаласындағы тұңғыш мешіт – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде, басқаны былай қойғанда, 35 ақсақал жыл бойы, аптаның бес күнінде тұрақты дәріс алып келеміз. Бұның өзі көңіл қуантатын жетістік емес пе?
Ең бастысы, Қазақстан зайырлы мемлекет болса да, халқының жетпіс пайызын мұсылмандар құрайтын болғандықтан, ел Үкіметінің Ислам дініне деген көзқарасы оң. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дәстүрлі дініміздің дамуына биік мінберден қолдау көрсетіп келеді. Әне, Астананың төріндегі, айшығы көз сүйсінтетін Әзірет Сұлтан мешіті соңғы сөзімді айқындай түседі.
Алла тағала осы жолымыздан айнытпай, елімізге берекесі мен нәсібін аямасын! Әмин!

Сүйіндік қажы ЖҰМАБАЕВ,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің алқа мүшесі, зейнеткер