НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕГЕН ҚАЙСАР ҚЫЗ НЕМЕСЕ ҮЗДІК КОМАНДАНЫҢ ҮЗДІК КӨРСЕТКІШТЕРІ

68

7-9 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы «Arlan Grip» аренасында көптен күткен «Kazakhstan National Pro 2017 Jiu-jitsu Championship» халықаралық турнирі өтті.

Турнирдің алғашқы күні 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, ал екінші күні 18 жастан асқан ересек спортшылар сынға түсті. Екі күнге созылған бұл турнирде Қазақстанның және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Бразилия, т.б. елдердің 250-ден астам джиу-джитсу палуандары бақ сынады.
Осы турнирде 10-11 жас аралығындағы 27 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жалғыз қыз – Жібек Құлымбетова ерекше көзге түсті. Қарсылас болатын қыздардың болмауына байланысты Жібек ұлдармен күресуіне тура келді. Болашағы зор қайсар қыз финалға дейінгі қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сында Тәжікстанның намысын қорғап келген Мансурджан Сабуровпен кездесті. Жібек пен Мансурджанның арасындағы бәсеке өте тартысты өтті. Ұпай саны бойынша басымдыққа ие болған Жібек кездесудің соңғы минутында тәжікстандық спортшының қолына ауырту тәсілін жасау арқылы жеңіске жетті. Осылайша халықаралық турнирде ер балалар арасында сынға түсіп, чемпион атанған жалғыз қыз көпшіліктің көзайымына айналды.

Жібектің жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров өз шәкіртінің намысты қолдан бермей, жеңіске жететініне сенімді болғанын айтты. Өйткені, Жібек Құлымбетова ұлдар арасында бірінші рет чемпион атанып тұрған жоқ. Атап айтқанда, қарсылас шақ келтірмейтін қайсар қыз джиу-джитсу бойынша халықаралық «Arlan Grip» турнирі мен грепплинг күресі бойынша «Mace» халықаралық турнирінде топты жарған еді.
Түрлі жарыстарда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып жүрген Жібек Құлымбетова туралы бұған дейін де 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман біледі. Рас, болашағынан зор үміт күттіретін қайсар қыз ел намысын абыроймен қорғауға жарап қалды. Соңғы кездері шеберлігін шыңдай түсіп, төккен терінің жемісін көрсете бастады. Егерде алдағы уақытта өз қабілеті мен мүмкіндігін толық көрсететін болса, әлі талай биік белесті бағындырары даусыз. Ендеше, Жібекке сәттілік серік болсын!

Жібек жаттығатын «Sagadat batyr» спорт клубында елдің намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас спортшылар аз емес. Бұл команда осы «Kazakhstan National Pro 2017 Jiu-jitsu Championship» халықаралық турнирінде әдеттегідей жақсы нәтиже көрсетті.
Сонымен, төменде Нұрсұлтан Орынбасаров басшылық ететін «Sagadat batyr» командасының «Kazakhstan National Pro 2017 Jiu-jitsu Championship» халықаралық турниріндегі нәтижесі:
1-орын – Жібек Құлымбетова, Бекжан Жаманбай, Алина Махамбет, Мәди Құрманғожаев, Самат Айтпанбет; 2-орын – Саят Нұрсағат, Бекзат Жаманбай, Ақерке Жомарт, Нұржан Жақыпбек; 3-орын – Думан Зарканов, Нұртуған Бекмұрат, Илхам Гуламетдинов.

Бұдан бөлек, 1-2 желтоқсан аралығында бразилиялық джиу-джитсуден өткен «Almaty open BJJ CUP 2017» халықаралық турнирінде «Sagadat batyr» командасы мынандай нәтиже көрсетті:
1-орын – Қуаныш Айсен, Бекнұр Лесбек, Данияр Темірғалиев, Бекзат Жаманбай, Рза Раджаб, Әлібек Әбенұлы, Балайым Құмар; 2-орын – Ернар Төлегенов, Әділхан Ақжолтай, Нұржан Жақыпбек, Нұртуған Бекмұрат, Мәди Құрманғожаев, Әлихан Жаманбай; 3-орын – Бекжан Жаманбай, Әли Маратұлы, Даурен Қалиев, Дәулет Мұқат, Жанәли Серік.

Тобықтай түйін: Екі жарыстың қорытындысы бойынша «Sagadat batyr» командасы 12 алтын, 10 күміс, 8 қола жүлдеге қол жеткізді. Демек, «Sagadat batyr» 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында джиу-джитсу және грепплинг күрестерінен толайым табыстарға жетіп жүрген елдегі үздік командалардың бірі болса керек.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті