НОТАНЫҢ ОРНЫНА САНДЫ ҚОЛДАНАТЫН ДОМБЫРАШЫ

21

Домбырашы, сазгер Әнуар Бекжанов ондаған жылдар бойы нотаның орнына санды қолданады. Музыка тілімен айтқанда, бұл «табулатура» деп аталады. Заманауи аспаптық тәжірибеде табулатура 6 шекті гитарада ғана қолданылады. Алайда өнер иесі табулатураны қос ішекті домбырада пайдаланып, шәкірттер тәрбиелейді. Сазгердің сөзіне қарағанда, бұл әдістің нотадан ерекшелігі оның жинақылығында екен. Табулатура қажетсіз көптеген шимайлардан таза. Сондықтан табулатура арқылы кез келген адам 1,5-2 айда домбыраның құлағында ойнайтын болады. Өйткені, сандар ересектермен қатар балалар үшін де жаттауға оңай. Бұл тың әдісті сазгер домбыра үйренуге ниет еткен шәкірттеріне қолданып жүр. Ал, олардың ең кішісінің жасы – 5-те болса, ең үлкені – 77 жаста көрінеді. Күйді сан арқылы игерудің қыр-сырын Әнуар Бекжанов сахна сыртындағы сырында айтты.

«МУЗЫКА ҮШІН РАДИОДАН КЕТТІМ»

– Сіздің домбыраға, жалпы музыкаға махаббатыңыз қалай оянды?

– Домбыраға деген махаббатты ұстазым Еліқұл Досмайылов оятты. Елуінші жылдары бұл музыкалық аспапты сатып алу мүмкін емес еді. Оларды шеберлер арнайы тапсырыспен ғана жасайтын. Домбыраны өзі жасайтын ұстазым оны кейбіреулерге сатса, ал ақшасы жоқтарға сыйлайтын еді.

Негізі өнер маған ана сүті арқылы дарыған. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде өзімнің алғашқы әнім «Қайда менің махаббатымды» жаздым. Ол ауылдастар арасында танымал әнге айналды. Алайда бұл оқушының махаббат туралы ашық айтуы ерсі саналатын Кеңес Одағының кезі еді ғой. Мектептегі жиналыста енді махаббат жайында ән шығаруға, айтуға тыйым салды. Болмаған жағдайда комсомолдан шығатынымды да ескертті. Енді мұның қайталанбайтындығы туралы қолхат жазып бердім. Арада 30 жыл уақыт өткеннен кейін сазгерлікпен әуестене бастадым.

Жамбылдағы (Тараз) мәдени-ағартушылық колледжді, кейін консерваторияны бітірдім. Ұзақ жылдар Қазақ радиосына қызмет атқардым.

– Қазақ радиосы демекші, әріптестеріңіз Сіздің радиодағы қызметіңізден музыкамен қайта айналысу үшін кеткендігіңізді айтады. Бұл рас па?

– Мен он жыл бойы радиода музыкалық редактор қызметін атқардым. Көп уақытты жұмыс алғандықтан домбыра шертуді ұмыта бастағандай болдым. Бұлай болмайтынын жақсы түсінгендіктен қызметтен саналы түрде бас тартып, музыканы қолға қайта алдым. К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың директорына бүлдіршіндермен жұмыс жасауға мүмкіндік сұрадым. Кейін Абай атындағы ҚазПИ-де қызмет атқардым. Ол жерде домбырашылардың фольклорлық ансамблін ұйымдастырдым. «Қайнар» баспасының жанынан журналистер арасында «Саржайлау» ансамблін құрдық. Ресейде, Украинада өнер көрсеттік. Кейін 17 жыл бойы №137 мектепте музыкадан сабақ бердім. Одан кейін Алматы қаласындағы Р. Глиэр атындағы №2 балалар музыкалық мектебінде директор қызметінде болдым.

– Халықаралық байқауларда жеңіске жеткен шәкірттеріңіз аз емес. Және олардың арасында түрлі ұлттың өкілдері бар…

– Домбырашылар арасынан Шалқар Абдолданов пен Дәурен Тоқтарбаевты ерекше атап өткім келеді. Атақты әнші Бейбіт Қорған да менің шәкіртім. Жанар Оспанова – талантты шәкірттерімнің бірі. Мен олармен мақтанамын. Мен үшін ұлттың маңыздылығы жоқ. Менің оқушыларым түрлі ұлт өкілдері. Мысалы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Даниэль Данлади-Бвай шамамен 30-40 күй үйренді. Ал, Дияра Иламова көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Маған 4 жасында келді. Қазір 9 сыныпта оқиды.

Талантты шәкірттерімнің қатарында Мар-ғұлан Наурызбаев пен Дәурен Жүнісов те бар. Олар бүгінде П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері.

«КЕЗ КЕЛГЕН КҮЙДІ САН АРҚЫЛЫ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ»

– Ноталардың орнына қарапайым сандарды қолданасыз. Өз әдістемеңіз жайында толығырақ айтсаңыз…

– Барлығы Павел есімді жас жігіт домбыра үйренуге келгенде басталды. Ноталармен шамамен 1-1,5 ай домбыра үйренді. Студияда домбыраны тәуір шертеді, ал келесі күні нотаны қайта ұмытады. Содан бәрін қайта үйренуге тура келеді. Біз біраз әбігерге түстік (күлді). Соңында ең жеңіл күйдің нотасын санға айналдыруға бел будым. Қалай ойлайсыз? Қолымнан келді! Павел нағыз домбырашылар секілді күйді орындап кетті.

Міне, домбырада 19 лад (дыбыс қатарындағы дыбыстардың өзара қарым-қатынас жиынтығы) бар. Төменгі шек «соль» дыбысын, жоғарғы шек төменгі октаваның «ре» дыбысын шығарады. «Ре-соль» – домбыраның құрылымы. Бірақ, мен 19 ладты біреуге азайтып, 18 жасадым. «Ля» нотасы менде бірінші лад. Одан кейін ашық шек – «00». Ары қарай жалғаса береді. Осылайша 60 күйге табулатура жасадым.

Адамның өз бетімен домбыра шертіп үйренуі үшін сандық әдістемемен жазылған кітап шығару жоспарымда бар. Бұл кітап домбыраны үйренуге мүмкіндігі жоқ ауылды жердің жастарына жақсы көмекші құрал болады.

– Сонда күй болсын, танымал ән болсын, барлығын сандық нотаға айналдыруға бола ма?

– Кез-келген әуеннің нотасын санға айналдыруға болады. Екі жыл бұрын маған 77 жастағы әже келіп, домбырадан сабақ алу ниетін білдірді. «Сіз анық маған келдіңіз бе? Кеш емес пе?» – деп сұрадым. Сара апай: «Жақын арада мен жолдасымнан айырылдым, естелік ретінде одан домбыра қалды. Мен осы домбырада күй шертіп үйренгім келеді», – деді. Сенесіз бе, сол апай сан арқылы домбыраны үйреніп, 1-1,5 айда 3-4 күй орындайтын жағдайға жетті.

– Фонограмма арқылы күй «орындайтын» біздің заманауи дымбырашылар жайында не айтасыз?

– Жанды дыбыстың аты жанды дыбыс қой. Мен концерттерде жасандылықты бірден байқаймын. Күйді орындап отырған кейіп танытады. Бұл дұрыс емес!

Аңыз әңгімелерде Жошы ханның ұлы аң аулауға шығып, сонда бір құланды жаралайтыны айтылады. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны өлтіреді. Баласы із-түзсіз жоғалып кеткен соң, кеудесі ашуға толған хан бір сұмдықтың болғанын сезеді. Қаралы хабарды жеткізген жанды қатал жазалайтындығын ашық айтып, тіпті, ол адамның көмейіне қорғасын құятынын жеткізеді. Хан баласының өлімін жеткізуге жүрексінген уәзірлер отбасынан айырылған домбырашыны сарайға алып келеді. Әлгі домбырашы күй тарта жөнеледі. Хан осы күй арқылы бәрін түсінеді, сөйтіп, сертін бұзбас үшін әлгі күйшінің емес, домбыраның көмейіне балқытылған қорғасын құйғызады.

Міне, домбыра – сиқырлы аспап. Ол жаныңды тазартады, жамандықтан сақтандырады. Сондай тылсым күші бар. Сондықтан бұл қасиетті аспап қашан да қазақтың төрінен орын алуға тиіс.

– Сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айтамыз!

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq»газеті