ТОҒЫЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН БҰЙЫРҒАН ОЛИМПИАДА КҮМІСІ

36

Грек-рим күресінің шебері, қазақстандық спортшы Нұрбақыт Теңізбаев Пекин-2008 Олимпиадасының күміс медалін еншіледі. Допинг тексеруінен кейін халықаралық олимпиада комитеті осындай шешімге келді. Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қытай астанасында өткен Олимпиада ойындарында Теңізбаев 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алған болатын. Алайда допинг қолданды деген күдікпен қайта тексеріс жүргізген комитет әзербайжандық спортшы Виталий Рахимовты күміс медалінен айырды. Осылайша Нұрбақыт Теңізбаев автоматты түрде Пекин-2008 Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Бұдан өзге, зілтеміршілер Бақыт Ахметов пен Сергей Истомин Пекин Олимпиадасының жаңартылған сертификатына ие болды. 105 келіге дейін өнер көрсеткен қос спортшы төртінші және алтыншы орынға жайғасты.

Сондай-ақ, конфедерация 2017 жылғы әлем чемпионатына бокс, дзюдо, таэквондо, грек-рим, еркін күрестен қатысқан спортшыларды атап өтті. Сонымен 11 спортшы мен 36 жаттықтырушы ақшалай сыйлыққа ие болды.