НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ: «ДІНДЕГІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ ӨРКЕНИЕТТІ ЖОЛҒА ТҮСІРУ КЕРЕК»

21

Таяуда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының құрылғанын жариялаған еді. Сосын Қорға байланысты қоғамда әртүрлі алып-қашпа әңгімелер пайда бола бастады. Атап айтқанда, Қордың есебінен тек имамдар жалақысы ғана төленеді деген пікір де бар. Осыған байланысты Нұрлан Байұзақұлына бірнеше сауал жолдап, «Уақып» қайырымдылық қоры қызметіне қатысты түсініктеме беруді сұраған екен.

– Министр мырза, Сіз «Уақып» қайырымдылық қорының құрылғаны жайында хабарлап, елдегі кәсіпкерлерді осы қорды қолдауға үндеу тастадыңыз. Алдымен қорға жиналған қаржыны кімнің және қалай басқаратынын айтып берсеңіз?

– Біріншіден, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының коммерциялық емес ұйым екенін атап өткен жөн. Оның тағы бір өзгешелігі – қайырымдылық қаражаттарын басқарумен қатар, табыс табумен айналыса алады. Сол себепті қаржы түріндегі активтерімен қатар, материалдық, жылжитын және жылжымайтын мүліктерді басқаруға рұқсат бар. Аталған табыстардың салықтарын төлегеннен кейін ақшаны қайырымдылыққа жұмсауға болады. Ал нақты бір мақсатқа арналған капитал (эндаумент) қомақты болса, онда ол кәсіби басқарушы инвестициялық компания басқаруына беріледі. Бұл ешқандай да жаңалық емес. Мысалы, көптеген мемлекеттерде вакфтар (уақыптар) институты осындай жағдайда жұмыс істейді.

Екіншіден, «Уақып» қорына бюджет қаржысы салынбайды. Ол тек қайырымдылық пен демеушілік қаражатына жұмыс істейтін болады. Қазақстанда сауап аламын деп, қайырымдылық жасайтын бизнесмендер баршылық. Қарапайым халық олардан қалыспайды. Барлығы тұрмысы төмен, я болмаса, кемтар жандарға жәрдем көрсетуге тырысады. «Сауапты іске» өз үлесімді қосамын деп, мешіт құрылысына қыруар ақша салатындар да жоқ емес. Алайда сауапты істер онымен шектелмейді. Мүфтияттың діни қағидалары бойынша, діни һәм имандылық істері мешіт салудан ғана тұрмайды, мектеп, аурухана, жолдар, көпірлер және тағы басқа қоғам үшін пайдалы істер сауапқа жатады. Демек, бүгінде қайырымдылықтың қарқыны жақсы, бірақ оны тиімді және өркениетті жолға түсіру керек. Меценаттарға осындай мүмкіндіктер беруіміз қажет.

– Ал қорға түскен қаржының ашықтығын кім бақылайды?

– Шын мәнінде, қайырымдылық қаражаттарының қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсету қорды құрудың негізгі мақсаты болып саналады. Ал оған деген сенімді арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қамқоршылық кеңесінің құрамына дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның басшысы (кеңес төрағасы), Парламент депутаттары, Бас мүфти, Қаржы министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілдері мен көрнекті қоғам қайраткерлері кіреді.

– Қорға жиналған қаражат қандай мақсаттарға жұмсалады? Имамдарға қолдау көрсетуден бөлек, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады деп отырсыздар. Ол қандай жобалар?

– Біз «Уақып» қоры арқылы ақшаны қоғам үшін пайдалы нақты жобаларға жұмсауды жоспарлап отырмыз. Мысалы, көп балалы отбасыларға көмектесу, балаларға арналған спорт секцияларын ұйымдастыру, балабақшалар, ауруханалар салу және басқа да әлеуметтік жобалар. Қор оқу-әдістемелік нұсқаулықтар шығаруға, діни мамандарды мемлекеттік саясат негіздеріне сай даярлауға, экономика, философия, әлеуметтік ғылымдарды оқытуға, түрлі семинарлар, конференциялар өткізуге, діни экстремизмнің және радикализмнің алдын алуға бағытталған деректі, көркем фильмдер түсіруге де атсалысады.

Бұдан бөлек, Қор қызметінің басты бағыты – имамдардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу. Аталған қызмет шалғай және шағын елді мекендерде аса маңызды. Себебі, тұрғын үй мен еңбекақы мәселесіне байланысты имамдар ондай жерлерге көп бара бермейді. Ал жергілікті жерде халықтың дінге деген қызығушылығы жоғары. Алаяқтар осыны пайдаланып, интернеттен дін туралы дүмшелердің «дәрістерін» таратады. Халық оны тыңдап жүреді.

Дінімізге жат ағымдар, я болмаса, қылмыстық топтар имамдарға «демеушілік жасап», дін қызметшілерін өз мақсаттары үшін пайдалануы әбден мүмкін. Мысалы, дәл қазір республика бойынша 150 мешітте имамдар мүлдем жоқ. Біздің ендігі мақсатымыз – имамдардың санын көбейту емес, олардың шалғай жерлерде өмір сүруі мен жұмыс істеуіне, аздап болса да, жағдай жасау. Оған Қордың қаржысы көмектеседі. Әрине, бұның барлығын мүфтият жасауы қажет. Алайда, оның да қаражаты көп емес.

Бүгінде ірі қалаларда «садақа» және «зекет» мешітті өз деңгейінде ұстап тұруға қандай да бір мүмкіндік берсе, аудандар мен ауылдарда келушілер өте аз қаражат қалдырады, ол тіпті коммуналдық шығындарды да төлеуге жетпейді. Ал мешіттердің жылуы мен электр энергиясына біраз ақша кетеді. Әкімдіктер көмектесуге тырысады, бірақ аталған мәселенің жүйелі шешімі әлі де жоқ. Мінеки, «Уақып» қоры жоғарыда айтылған әлеуметтік мәні бар жобалармен қатар діни бірлестіктердің өзі жасай алмайтын дін қызметшілеріне қажетті стипендиялық көмек те көрсететін болады.

– Кейбір сарапшылар қор арқылы мешіттер қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржыландырылуы мүмкін деген пікір айтуда. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

– Елімізде кез-келген коммерциялық емес ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттар конкурсына қатыса алады. Дегенмен, «Уақып» қоры мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды алмай-ақ, жұмыс істейді деп ойлаймыз.

Қорыта айтқанда, біздің барлық әрекеттеріміз бен шешімдеріміз кәсіби-сарапшылардың талдауы мен консультацияларына негізделген, еліміздің тыныштығы мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Арман Асқаров