«НҰРЛЫ ЖЕР»: БАСПАНА МЕН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

109

 БЕС МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРДЕ ТҰРУҒА БОЛАДЫ

«Нұрлы жердің» маңызды бір бағыты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамту. Аталған бағытта арендалық пәтерлер салынады. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл осы санаттағы тұрғын үйлердің құрылысына 25 млрд теңге қарастырылған. Осы уақытқа дейін қаражаттың 6 млрд теңгесі аймақтарға толығымен аударылды. Қаражаттың қалған сомасы қаржыландыру жоспары бойынша біртіндеп беріледі.

«Осы уақытқа дейін аударылған ақшаға 5 936 пәтердің құрылысы басталды. Ағымдағы жылда ол пәтерлердің 2 687-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр», – дейді Жеңіс Маxмұдұлы.

Арендалық пәтерлер әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Алдымен мүгедектер мен жетімдер арасында таратылады. Ондай баспананың құны да қымбат емес. Бір шаршы метрі үшін айына 100 теңгеден шығады. Сонда бір пәтердің ауданы 50 шаршы метр болса, айлық жалға алу құны 5 000 теңге шамасында болады. Дегенмен, ол ақша тек пәтерді жалға алу ақысы ғана екенін ұмытпау қажет. Оның сыртында коммуналдық төлемдер бар. Жалпы, Астанадағы коммуналдық төлемдерді есепке алсақ, екі бөлмелі арендалық пәтерді жалға алу құны жазда 10-12 мың теңгеге шықса, қыста 20 мың теңгеге дейін барады.

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІНІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ТЕК ЕКІ ОБЛЫСТА ҒАНА БЕРІЛЕДІ

Жеке тұрғын үй құрылысын жандандыру – «Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір өзекті бағыты. Соның аясында биыл жеке тұрғын үйлерді салу үшін xалыққа 60 мыңға жуық жер телімдері таратылады. Әрине, ол жұмыс та әкімдіктің жер кезегі бойынша атқарылады. Алайда берілетін жер учаскелерінің саны барлық облыстарда бірдей емес. Өйткені, аймақтардың барлығы бірдей дерлік үй салынатын жерге жарық, су және тағы басқа инженерлік желілерді тарта алмай отыр. Сол себепті биыл бір облыста жер телімдері жүздеп берілсе, көрші тұрған екінші облыста мыңдап таратылмақшы.

Ал Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары тіптен оқ бойы озық шықпақ. Мәселен, Маңғыстау облысы 15 мың жер учаскесін үлестіруге дайын болса, Ақтөбе облысы 11 мың жер учаскесін береді. Халыққа берілетін жер учаскелерінің ең аз саны Қостанай (820), Шығыс Қазақстан (854) мен Павлодар (413) облыстарында болады.

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылда 60 мың жер учаскесіне инженерлік желілерді тарту жоспарланған. Осы шараларға 45,5 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасының дәл осы бағыты бойынша коттедж қалашықтарын салу жұмысы басталды. Ондай баспана бюджет қаржысына салынып жатыр. Оны тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы сатып алуға мүмкіндік бар. Пилоттық жоба аясында төрт облыста 1 193 коттедж тұрғызу жоспарланып отыр.

ОН БЕС МЫҢ ПӘТЕРГЕ САЛЫМШЫЛАР МЕН КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАР ҮМІТТЕНЕ АЛАДЫ

Алдағы үш жылдың ішінде «Бәйтерек» басқарушы xолдингінің 133 млрд теңгесі, сондай-ақ «Самұрық-Қазынаның» 97 млрд теңгесі әкімдіктерге аударылады. Бұл қаражатқа жергілікті билік «револьверлік» әдіспен тұрғын үйлерді салуды жалғастыратын болады.

Мәселен, қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін пәтерлер дәл сол «револьверлік» әдіспен салынып келеді. Бұл дегеніміз, әкімдік бюджеттің ақшасына үйді салады да, оны пайдалануға бергеннен кейін салымшылардың ақшасын алады. Сосын ол ақшаға тағы да баспана тұрғызады. Осылайша, «револьверлік» негізде кейінгі транш алдындағы шығындары жауып, тұрғын үйді айналдырып салуға мүмкіндік бар.

«Қазірдің өзінде әкімдіктер «Бәйтерек» xолдингі арқылы 67 млрд теңгені алды. Ол ақшаға ағымдағы жылда 8 505 пәтер салуды жоспарлап отыр. Жарты жылдың ішінде 1 686 пәтер пайдалануға берілді. Ол – жылдық жоспардың тек 20 пайызы ғана. Дегенмен, жазда құрылыс жұмыстарының қыза түсетінін ескерсек, жылдың аяғына дейін ол жоспар толығымен орындалады деп отырмыз», – дейді министр Қасымбек.

Министрдің айтуынша, биыл «Бәйтерек» xолдингі мен «Самұрық-Қазына» қоры баспана салу жұмыстарын доғарады. Бұдан кейін осы шаралар жергілікті билікке жүктеледі.

Негізі, бүгінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенім артып отырғандар аз емес. Өйткені, банктегі келісімшарттардың саны бір миллионға жуықтады. Ал жинақ ақшаның сомасы 464 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде 25 мың адам конкурсқа қажетті 30 пайыздық соманы жинап қойды. Дегенмен, биыл олардың барлығы баспаналы бола алмайды. Неге десеңіз, әкімдіктер тек  15  мың  пәтерді  ғана  пайдалануға    бермекші.

Сонымен қатар, осы пәтерлерге әкімдік кезегінде тұрғандар да таласады. Сосын бір жерде баспана бар болғанмен, тиісті жинақ көлемін жинағандар аз болып тұр. Енді бір жерде, керісінше, жинағы барлар көп, ал баспана аз. Осындай тепе-теңсіздіктің салдарынан барлығы бірдей баспаналы бола алмай отыр.

ОН ПАЙЫЗДЫҚ ИПОТЕКА ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының тағы бір бағыты ипотекалық несиенің мөлшерлемесін төмендетуге арналған. Ол үшін ипотекалық займдарды субсидиялау мақсатында бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде ол ақшаның 4,3 млрд теңгесі Қазақстанның ипотекалық компаниясына аударылды.

Бүгінде Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ және «Сбербанк» АҚ xалыққа жеңілдетілген ипотека бере бастады. Аталған бағдарламаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ пен «ВТБ Банкі» жылдың екінші жартысынан бастап қатысуды көздейді. Дегенмен, екінші деңгейлі банктер әлі күнге дейін жеңілдетілген ипотеканы беруге асықпай отыр. Себебі, ұзақ мерзімге берілетін теңгенің көлемі тапшы болып тұр. Негізі, «Нұрлы жер»  бағдарламасы аясында ипотекалық несиенің мөлшерлемесін 17 пайыздан 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар.

«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Кәкімнің айтуынша, екінші деңгейлі банктер саласындағы бірқатар қиыншылықтарға қарамастан жеңілдетілген ипотека беру жұмысы басталып кетті. Оны алу үшін алдымен банкке тиісті құжаттарды және субсидияға арнайы өтініш беру керек. Осыдан кейін адамның төлем қабілеттілігі мен кепілзаттың бар-жоғы тексеріледі. Оң шешім шығарылса, үш күннің ішінде банк субсидияны беру туралы қолдау xатты Қазақстанның ипотекалық компаниясына жолдайды. Аталған компания өз кезегінде барлық құжаттарды тағы бес күн тексереді. Ол да оң шешім шығарса, банк пен несие алушының арасында займ алу туралы келісім рәсімделеді.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ӨЗДЕРІ АРЗАН БАСПАНА САЛАДЫ

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыс компанияларына да жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұл – бағдарламаның бесінші бағыты. Оған сәйкес, құрылыс компаниясының банктен алған займы бюджет есебінен субсидияланады. Алайда оның да өзіндік шарты бар.

Жекеменшік компания салатын тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бір бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына берілуі керек.

Ашығын айту керек, бүгінде ондай жобалар көп емес. Дегенмен, жеңілдетілген несиені алатын құрылыс компаниялары бірте-бірте көбейеді деген сенім бар. Қазіргі кезде осы санаттағы несиелерді субсидиялау мақсатында Ұлттық қордан 11 млрд теңге бөлінді. Ол ақшаның 5,3 млрд теңгесі «Даму» қоры арқылы «АТФ», «Банк ЦентрКредит», «Tengri bank», «Цеснабанк», «Нұрбанк», «Еуразиялық банк» пен «Сбербанкке» аударылды. Аталған банктердің қарауында 17 жоба жатыр. Соның барлығы іске асса, алдағы екі жылда 282 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беруге болады. Әзірше, осы шаралар тек сегіз облыста ғана қолға алынды.

Арман АСҚАРОВ