«НҰРЛЫ ЖОЛҒА» ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ ҚАНДАЙ?

10

Қазақстан Үкіметі ұсынған бағдарламалар көпшілік үшін түсінуге ауыр бір құжат секілді көрінеді. Сол себепті де болар, жұрт аталмыш жобалардың түбіне бойлай қоймайды. Пайдасын көрудің жолын таппай қиналады. Немесе ондай бағдарлама бар екенін білмеген күйі жүре де береді. «Нұрлы жол» бағдарламасы шыққанда да теледидар мен газеттер жарыса жария етті. Дегенмен, көпшілік бұл бағдарламаның өзіне не беретінін ұға алды ма? Біз мұның қандай жоба екенін, не нәрсеге бастап барар жол екенін, неге «нұрлы» екенін түсіндіріп көрсек.

«Нұрлы жол» – 2015-2019 жылдар аралығында іске асырылуы тиіс бағдарлама. Басты міндет – еліміздегі инфрақұрылымды дамыту. Бірақ, тек онымен шектелмейді. Өйткені, ол өте ауқымды жоба.

Қойны-қонышымыздың мұнай мен газға, уран мен көмірге толы екендігін бәрі біледі. Бірақ, біз еңсесін енді тіктеген ел болғандықтан, шикізат өндіру саласын дөңгелетіп әкететін мамандарымыз аз. Сол себепті бөтен компанияларға иек артамыз. Және бүкіл табиғи байлықты игеріп тастауға бюджеттің қаржысы жетпейтіндіктен, шетелдік инвесторлардың көмегіне жүгінеміз. Алайда, соңғы уақытта мұнай бағасы мың құбылып, шаруа шатқаяқтап кеткені рас. Бұл біз ғана емес, әлемнің өзінің көзін дөңгелектеп жіберген жағымсыз құбылысқа айналып барады. Бірақ, қарап жатқан ешкім жоқ, әйтеуір, қайтсек пайда табамыз деп тыраштанған халық.

Мәселен, Қытай жақында ғана «Бір белдеу – бір жол» деп аталатын алып экономикалық жобаны қолға алды. Бұл елдің экономикасы бұған дейін де әлсіз емес еді, енді бұрынғыдан да қайраттана түсетіндей. Әлемдік экономикалық шырмауыққа шырмалып, бостан босқа құрбанға айналып кетпес үшін бізге де бір бағдарлама керек болды. Және ол бағдарлама бір-екі шаруаны ғана шеше салумен шектелмейтін, экономиканың қай саласына салып жіберсең де «отқа жанбайтын, суға батпайтын» жоба болуы керек еді. «Нұрлы жол» сондай алып сенімді ақтауы керек жоба ретінде жарық көрді.

Сосын бұл бағдарлама үй-күйсіз жүрген ағайынның тезірек және сапалы баспанаға қол жеткізуіне де мүмкіндік сыйламақ. Осыған дейін ақшасын беріп алданып қалған үлескерлер туралы теледидардан талай рет естіген боларсыз. Газет пен сайт беттерінен де құрылысты соңына дейін жеткізбей кеткендер туралы оқығаныңызға да шүбәміз жоқ. Сондай келеңсіздіктердің алдын алу үшін былтыр елімізде «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» қоры құрылған. Бұл қор құрылысты дер уақытында аяқтай алмаған құрылыс компанияларының ісін әрі қарай жалғастырып, үлескерлердің уақытында сапалы үйге қол жеткізуі үшін барын салмақ. Бұл ерекше әрі жаңа жоба «Нұрлы жолдың» бір бөлшегі екендігін айта кеткен абзал. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, жұмыссыздық дәл қазіргі бас ауыртатын басты проблема болып тұр. Иығына қол сөмкесін іліп, бала-шағасының бір күндік нәпақасын тапсам деген тепсе темір үзетін жігіттерді кез келген өңірден кездестіруге болады. Тоқсаныншы жылдардағыдай ала дорба арқалаған әйелдер көп болмаса да баршылық. Біз айтып отырған «Нұрлы жол» жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа несібе үлестіруді басты мақсат етеді. Сонымен қатар, осыған дейінгі ашылып қызмет көрсетіп тұрған өнеркәсіп орындарын сақтап қалу үшін де күрес жүргізетін жобаға айналуы тиіс. Ал осындай ірі қадамдарды жасау үшін әлбетте экономикалық өсімге ықпал етуі тиіс. Экономикалық өсім болу үшін елдің транзиттік қабілетін, көлік-логистика саласын, индустриясы мен туризміне ақша салып, тапсырмалардың жүйелі орындалуын қадағалайды. Бұл бағдарламаның аясында үш ауысымда оқып жатқан мектептердің жәй-күйі жақсарып, ойлы-шұңқырлы жолдар тегістеліп, ауылшаруашылық саласына түрлі субсидиялар бөлініп, шаруалардың астықты аямай өндіруіне жағдай жасалып, тіпті көп ретте елеусіз қалып жататын геологиялық барлау саласы да жаңғырмақ. Ал мұның бәрін орындау үшін қыруар қаражат керек қой дерсіз. Ұлттық экономика министрлігі бұл мәселеге де жауап айтты.

Тимур Сүлейменов басқарып отырған министрліктің мәлімдеуінше, «Нұрлы жолдың» қағазда жазылғандай орындалуы үшін 2015 жылы – 796 млрд, 2016 жылы – 379 млрд теңге бөлінсе, биыл 3 млрд АҚШ доллары қарастырылған. Тек осы қаражатпен ғана шектелмейді, әрине. Ұлттық компаниялар мен даму институттарының да іргелі іске қосқанымыз деп әкелетін «тартулары» да бар. Қаржы бөліне береді ғой, біз осы жоба бойынша іске асатын шаруаларды енді нығарлай һәм нақтылай түсейік.

«Нұрлы жол» екі бағыттан тұрады. Алғашқысы – инфрақұрылымды дамыту. Оның өзін жеті кезеңге бөліп қарастырған жөн.

Бірінші бағыт – көліктік-логистика инфрақұрылымы. Бұл дегеніңіз – әуе, теміржол, автокөлік және теңіз тасымалы бойынша транспорттардың қиындықсыз зырылдап тұруы, оларды зырылдататын жолдың (әуенің, судың) мінсіз болуы. Тәуелсіздік алғалы бері 2,5 мың шақырым теміржол, 75 мың шақырым автожол салып тастаппыз. Жаман нәтиже емес. Енді авиация саласының қымбат тарифтері төмендеп, ұшақтардың жиі қайталанатын ақаулықтары азайып, әуежайлар ашылып, тым құрығанда қайта жөндеуден өтіп жатса, біраз берекелі істің басы қайырылушы еді. Бейсен Құранбек айтпақшы, «айтуға оңай, әрине». Бірақ, істегенге де қиын бола қоймайтын секілді. Өйткені, «Нұрлы жол» қандай келеңсіздік болса да жайпап өте шығу үшін жоспарланып отыр емес пе?!

Айтпақшы, әлгі жол-дарды салып немесе жөндеу кезінде 200 мыңға тарта  жұмыс орны ашылып, адамдарға жалақы төленеді екен. Мұны да сүйінші жаңалық деп айта аламыз.

Екінші бағыт – индустриялық инфрақұрылымды дамыту. Индустрия деген әдемі сөзді жатқа соққанымызбен, шын мәнінде ол сөз нендей ұғымдарды жиып алып жатқанын түйсінбеуіміз мүмкін. Бұл дегеніңіз – алыс-жақын елдермен тауар айналымын арттыруға кеңінен мүмкіндік ашу. Ол үшін жоғарыда айтылғандай, жолдарыңыз ауыр-ауыр көліктердің ішкі құрылысын солқылдатып, дөңгелектердің «жүйкесіне» тимейтіндей болу керек.

Үшінші бағыт – энергетикалық инфрақұрылым. «Электр энергиясы дегенде аяп қалатын неміз бар» деп әйгілі «KEGOC» компаниясы ақша беруге белсеніпті. Анау-мынау емес, бақандай 118,9 млрд теңге. Ақырында «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВт транзитін салу» жобасы пайда болды. Бұл жоба сәтті жүзеге асса, еліміздің төрт бұрышы да бұрынғыдан да жоғары электр энергиясына бір байып қалайын деп отыр.

Төртінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Қоғамдағы ең маңызды әрі ең нәзік саладағы жылу, сумен қамтамасыз ету, оның құбырларын тазалау, жаңалау деген қыруар шаруаны шешу үшін 150 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. «Нұрлы жол» аясында біраз мәселенің түйіні тарқатылғаннан кейін тұрғындардың «төбемізден су кетті» деп басталатын әләулайы мен «баспанаға қашан кіреміз?» деген сауалы біршама азаяды деп күтілуде.

Бесінші бағыт – тұрғын-үй инфрақұрылымын нығайту. Бұл кезең аясында қандай мемлекеттік бағдарламамен болсын үй аламын деген жандардың өтініштерін қанағаттандыру үшін жұмыс істеледі. 2015 жылдан бастап есептейтін болсақ, 2019 жылға дейін 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынып бітуі тиіс. Бұл жалға берілетін баспана ретінде ұсынылады.

Алтыншы бағыт – білім беру саласына байланысты. «Нұрлы жол» аясында бөлінген миллиардтаған қаражатқа тозығы жеткен, сапасы төмендеген, балаларды игере алмай жатқан елді мекендерге жаңа мектеп салып беру мәселесі май шаммен қаралатын болады. Қаралып та жатыр. Барлық мекенге бір сәтте сопаң еткізіп төбеден дайын мектеп түсіре салу мүмкін емес қой. Сондықтан «Нұрлы жолдың» игілігін әлі сезіне алмай жатқан аудандарға сабыр етуге тура келеді. Бірақ, бағдарламаның шапағаты ешкімге де тимей қалмайды. Бұған сенімді болыңыз.

Жетінші бағыт – кәсіпкерлерді мейлінше қолдау. Ал олар жеңілдікпен алған несиеге орта және шағын бизнестерін өркендетсін, жұмыс орындарын ашсын, жұмыссыздарға жұмыс тауып берсін және өзі де пайдаға кенелсін. Қазірдің өзінде тым құрығанда Google іздеу жүйесіне «жас кәсіпкерлер» деп терсеңіз де жеткілікті: «Нұрлы жолдың» бұл бағытының тиімді жүзеге асып жатқанына ә дегеннен көз жеткізер едіңіз.

Бұл тізбелеп өткеннің барлығы бірінші блокқа тиесілі 7 бағыт болатын. Ал екінші блокта не бар дейсіз ғой. Бұл бірінші кезекте сонау 2015 жылмен байланысып жатыр. Өйткені, сол кездегі экономикалық дағдарысқа қарсы 7 бағыт айқындалған болатын. «Дағдарысқа қарсы шаралар» деп айдар тағылғанымен де, бұл шаруалар әлі де күшінде, әлі де жалғасып жатыр.

Оларды қысқа-нұсқа айтар болсақ:

Біріншісі – көлік шығаруды дамыту. Бұған автокөліктен бастап, теміржол вагоны, тіпті тікұшаққа дейін жасап шығару көзделген.

Екіншісі – өнім шығарып, оны шетелге сатсам деген арман-тілекті орындау. Яғни, экспортқа көмектесу.

Үшіншісі – асыл тұқымды малды таңертең ерте айдап, құнарлы жем беріп, мал басын көбейткісі келетін және тұқым сеуіп, толағай өнім алсам деген шаруалардың ісіне дем беру. Осындай ауылшаруашылығын қолға алған едім деп сауын айтқан адамға мемлекет пайыздық мөлшерлемесі төмен, арқаға аяздай батпайтын түрлі несиелер мен лизингтер бермек.

Төртіншісі – үлескерлердің үмітін ақтау. Бұған, жоғарыда айтып өткеніміздей, кепілдік беру қоры жауапты болады.

Бесіншісі – әсіресе Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы индустриялық аймақтардың дамуына жол ашады.

Алтыншысы – отандық өнімдердің халықаралық базарларда өзгелерден кем түспеуі үшін тер төгу. Ол үшін сапаны арттыратын жеңіл және химия өнеркәсібіндегі, металлургиядағы, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс, сондай-ақ, ветеринария саласындағы қолданыстағы сынақ зертханаларын кеңейту дейтін қиын шаруалардың күрмеуі шешіледі.

Жетіншісі – пайдалы қазба бар-ау деген жерлерге барлау жасау. Біраздан бері күн тәртібінен түсіп, кенжелеп қалған салаға «Нұрлы жолдың» көңіл аударып отырғанының өзі қуаныш.

Тобықтай түйін: «Нұрлы жолды» қазіргі таңдағы еліміздің бірегей бағыт-бағдары, келешекке қарай асырылған даңғыл жолы деп түсінген абзал. Жолымыз айқындалса, оның үстімен жүріп лайықты қадам баса алу бізге де оңай бола түспек. Ең бастысы, билік халықтың өмір сүруін жеңілдету мақсатында осы бір бағдарламаны қабылдады. Ендеше, оған ынты-шынтымызбен атсалысу, насихаттау біздің де борышымыз.

 Ақжігіт ҚАЗБЕК