«НҰРЛЫ ЖОЛ» АЙМАҚТАРДА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР?

11

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Бағдарлама Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларын заманауи инфрақұрылымы бар ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде белгілеумен қатар, елдің макроаймақтарын қалыптастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын құру және елдік көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесіне біріктіруді қамтамасыз етуге бағытталған. 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетінің тілшісі төменде аталған бағдарламаның аймақтарда қалай жүзеге асып жатқанына тоқталады.

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Қостанай қаласының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жылдар өткен сайын өзекті мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Шаһардағы әбден тозығы жеткен су құбырлары күн сайын істен шығып, осы салаға жауапты мекемелердің де әбден мазасын алып біткен. Аталмыш мәселені шешуге «Нұрлы жол» бағдарламасы өз септігін тигізді. Оған мемлекет қазынасынан 1 млрд 42 млн теңге бөлініп отыр.

Атап айтатын болсақ, ел қазынасынан бөлінген қомақты қаражатқа су сору станциясы мен қаладағы су тораптарының желісі толығымен жаңартылады. Кей жерлерге жаңадан сумен жабдықтау жүйесі салынады.

Қазіргі таңда, қаланың басты канализациялық станциясындағы күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Облыс орталығының тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз өзен бар. Ол – Тобыл. Өзен суы Амангелді су қоймасына жинақталады. Сол жерден су сору станциясы арқылы 200 мыңнан астам қала тұрғынына таза және шаруашылыққа қажетті суды жеткізіп беріп отыр. Бұл станциядағы жөндеу жұмыстарын «НефтеТрансСтрой & К» ЖШС өз мойнына алған. Қазір ескірген құрылғыларды ауыстыру, монтаждау секілді жұмыстар жүруде. Белгіленген нысандағы жұмыстардың 80 пайызға жуығы аяқталып қалды», – деді «Қостанай – Су» МКК бас инженерінің міндетін атқарушы Виталий Панаетов.

Айта кетейік, сумен қамтамасыз ету торабы 1964 жылы салынса, ал 1992 жылы жөндеуден өткен екен.

АСТАНА – ПАВЛОДАР КҮРЕЖОЛЫ 2018 ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ

Арқадағы айшықты шаһарларды таспадай жалғаған тас жолдардың жыры алаш баласын алаңдатқалы алты жылдан асты. Әсіресе, Астана – Павлодар жолының құрылыс жұмыстары түйе боталағандай сарылтқаны сан санаға ши жүгіртіп келеді.

«Әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, бұл жолдың неге жиі тобанаяқтай беретінін жалпы халық алып-қашпа ұзынқұлақтан ғана естігендері болмаса, нақты себебін анық білмейді.

Таяуда небары 430 шақырымға созылған күрежолдың Ақмола өңіріндегі бөлігін журналистер өз көздерімен көріп қайтты. «Бақсам бақа екен» дегендей, мәселенің ашығы жолдың әлі де бірнеше жылға еркін жетер жыры бар. Себебі, 15 бөлікке бөліп, түрлі мердігердің қолынан өткен жолдың биылдыққа біткені 3-ақ бөлік. Ал осы үш бөлікті 2014 жылдан бері төсеп біткен. Иә, төсеп біткен деген аты ғана, болмаса жол жиегіндегі қалтқылар, жол белгілері, бағдар сызығы әлі толық орнатылмапты.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Орталық – Шығыс» бағдарымен Астана – Павлодар – Қалбатау – Өскемен бағытындағы 1 016 шақырым жол 2011 жылы басталған. Осы жолдың биылғы жылы 230 шақырымы ғана жөнделіп бітті. Онда да Павлодар – Семей бағытында – 171, Астана – Павлодар бағытында – 59 шақырым. Ал қалған 786 шақырым жол әлі де жөнделіп жатыр.

Елбасы тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін 7 мың шақырым жол төселіп бітуі керек. Астана – Павлодар аралығындағы 430 шақырым жол 4 жолақты, 265 шақырымы цемент-бетон, 176 шақырымы асфальт-бетонды, техникалық І категориялық жол болуы керек. Қазіргі таңда цемент-бетонды бөлігінің 59 шақырымы пайдалануға толық берілген.

«Біз қазір Астана – Павлодар жолының бірінші учаскесінде тұрмыз. 16-шы шақырымнан 36-шы шақырымға дейінгі аралықты қамтитын бұл участок қазір толық аяқталуға жақын. Осы жылдың аяғында толықтай тапсырамыз. Жолды төсеп жатқан «ҚазГерСтрой» компаниясы. Барлық талаптарға сәйкес келіп отыр. Бұл участокке 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Әр учаскеге қаржы әртүрлі бөлінеді. Осы учаскеден өтетін екі көпір, 31 турбо, үш транспорттық айналма бар. Құдай бұйырса, қараша айында участок толық аяқталады» – дейді ҚР Инвестиция және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов.

Бұл жырға айналған жолдың тоқтап қалуына әу баста қаржы жетіспеушілігі себеп болған. Әйтпегенде Павлодар облысының әкімі Болат Боқауов ЭКСПО-2017 көрмесі басталғанша бітіріп тастауға құлшынған болатын. «Жоқ жомарттың қолын байлап», Боқауовтың таудай талабын тасталқан еткен еді. Дегенмен, игіліктің ерте-кеші жоқ деп, биыл жыл соңына дейін тапсыруды жоспарлаған 240 шақырым жолға мемлекет қалтасынан 105 млрд теңге бөлінген екен.

Бетонтөсегіш машина тәулігіне 1 000-1 200 метр жерге жол төсеуге қауқарлы. 12 адам бір уақытта жұмыс істейтін бұл техниканың үшеуі қазір Астана – Павлодар жолында 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

Алты жылдан бері бітпей жатқан жол толық пайдаға берілген соң ақылы болады. Төлем жүйесі Астана – Бурабай тасжолымен бірдей. 1 шақырым жол жүрсеңіз – 1 теңге төлейсіз. Жол бойында бейне бақылау орнатылған аркалар болады, сіздің қанша шақырым жүргеніңіз сол аркалар арқылы белгілі болып отырады. Ал осы жол бойындағы елді мекен тұрғындары жылына 1 000 теңге төлесе болғаны, төлем терминалынан тегін өте берулеріне болады.

Сонымен қатар, жаңа жолдың тағы бір ерекшелігі Астана – Ерейментау арасы жақындай түскен. Өйткені, жаңа жолмен әр ауылды бір аралап, «әр төбеге бір шығып» жүрмейсіз. Тегіс жолда көздеген нысаныңызға тіке тарта бересіз. Соның арқасында Астана мен Ерейментау арасы 5 шақырымға жақындаған.

Ұзын сөздің қысқасы, Астана – Павлодар бағытындағы 430 шақырым жолдың құрылысы 2018 жылы толық аяқталады.

ШИРЕК ҒАСЫР ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН НЫСАНДАР ЖАҢАЛАНУДА

Петропавл қаласы бойынша 20 кәріз сорғы станциясы бар. Тоқсаныншы жылдары орнатылған қондырғылардың әбден тозығы жеткен. Ескі сорғылар жиі істен шығып, комунналдық қызмет өкілдерін әуре-сарсаңға салады.

Ауыз судың жиі тоқтатылуы – қала тұрғындарын да мезі еткен. Петропавлдағы ірі кәріз станцияларының бірі Нефтепроводный көшесінде орналасқан. 1992 жылы салынған нысан – қаланың Береке, Бензострой ықшам ауданы, Солтүстік-Шығыс өнеркәсіптік аймағы мен мұнай құятын бекетке қызмет етеді. 25 жыл ішінде ешбір күрделі жөндеу көрмеген ғимарат та, қондырғылар да тозған.

«Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 кәріз сорғы станциясы жаңаланады. Бұл мақсатқа 370 миллион теңге бөлінді. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа сорғылар орнатылып, қазан айына дейін іске қосылады. Тың техниканың өнімділігі де жоғары. Соның арқасында электр қуатын  үнемдей аламыз. Мәселен, Нефтепроводный көшесіндегі станция тәулігіне 3 мың текше метр кәріз суын сорады. Заманауи техника жұмыстың басым бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Петропавл қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» ЖШС-нің техникалық директоры Арман Сауытов.

Ширек ғасыр бойы жөндеу жұмыстарын көрмеген нысандарға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жаңа дем бергендей. Қазір жөндеу жұмыстарының 65 пайызы орындалған.

Петропавлда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 112 миллион теңгеге Мүсірепов көшесінің бойындағы кәріз коллекторлары ауыстырылды және 192 миллион теңге сомаға Омутки жинақтаушы бөгеті жаңартылды.

СУ, ЖЫЛУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысында тозығы жеткен жылу, су мен кәріз жүйелерін жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде сумен жабдықтау және су тарту салалары бойынша №10 өздігінен ағатын канализация коллекторын, №7 канализациялық сорғы станциясын, КНС-7-ден Аэрация станциясына дейінгі қысым коллекторын қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Қарағандының кәріз, су, жылу жүйелерін қайта құруға байланысты кешенді іс-шаралар «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 2016 жылдан бастап іске асырылуда. Соның ішіндегі ең ауқымдысы №10 өздігінен ағатын канализация коллекторын қайта құру. Жоба бойынша жөнделетін құбырдың ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Бұған бюджеттен 5 526 679 теңге бөлінген. Жобаның ауқымдылығы сондай желі қалпына келтірілгеннен кейін қаланың 70 пайыз суағары жаңартылады.

«Елбасының 2014 жылғы қараша айындағы «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы ТҮКШ инфрақұрылымдарын және су, жылумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, бюджеттік кредиттендіру механизмін қолданып, ұлттық қор қаражатының есебінен сумен жабдықтау және су бұру бойынша жұмыстар атқарылуда», – дейді Қарағанды облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ұлантай Үсенов.

Бағдарлама аясында «Стинк ТФК» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, өткен жылы жобаның 1 338 347 теңге қаржысы игеріліп, 3,58 шақырым канализациялық желі мен 13 құдық жөнделген. Жобаны аяқтау үшін биылғы жылы ұлттық қордан 4 138 432 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда мердігерлер 9,3 шақырымды құрайтын канализациялық желіні жаңалауды аяқтаған. Бұл жобаның 52 пайызын құрайды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар қаланы сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуынан туындаған проблемаларды шешеді деп күтілуде.

БИЫЛ ҚАЗАҚСТАНДА ТӨРТ МЫҢНАН АСТАМ ЖОЛ САЛЫНЫП, ЖӨНДЕЛЕДІ

Биыл «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделген. Бұл жайында Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мәлім етті.

Оның дерегінше, Орталық – Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 14 шақырым болатын Теміртау – Қарағанды учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

«Біз Дүниежүзілік және Еуропалық банктер қаржыландыратын ұзақтығы 228 шақырым болатын Күрті – Бурылбайтал учаскесінің жұмысына кірісіп кеттік. Сондай-ақ, бюджет қаржысы есебінен ІІІ тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік – Шығыс айналма жолы учаскесін қайта қалпына келтіру басталады. 2018 жылдан бастап Дүниежүзілік банк есебінен Балқаш – Бурылбайтал (297 шақырым) учаскесін және Күрті – Қапшағай (67), 2019 жылы Қарағанды – Балқаш (364) учаскелерінде жұмыстарды бастауды жоспарлап отырмыз», – деді вице-министр.

Роман Склярдың айтуынша, биыл Орталық – Шығыс жобасын іске асыруға 106 млрд теңге бөлінді. 675 шақырымда жұмыс жіргізілді және жылдың соңында Астана – Павлодар учаскесінің 230 шақырымында жолдың 4 жолақты қозғалысын ашу жоспарланған. Сонымен бірге ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаске – Семей – Қалбатау бөлігіндегі жұмыс аяқталады.

Орталық – Батыс жобасы бойынша 2020 жылға дейін Денисовка – Қостанай (114 шақырым)  учаскесін аяқтау жоспарлануда. Мұнан бөлек, министрлік ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай – Жаңаөзен, Талдықорған – Өскемен, Меркі – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Таскескен – Бақты, Осинов асуы, Щучье – Зеренді сияқты жаңа жобаларды іске асыруға кірісті.

«Іске асырылған жобалар бойынша бірінші жартыжылдықта 112 млрд теңге игерілді және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылды. Жыл қорытындысында бағдарлама аясында 1 және 2 техникалық санаттағы 600 шақырым жолды аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде Бейнеу – Ақтау және Алматы – Талдықорған автожолын қайта қалпына келтіруді толықтай аяқтау көзделген», – деді Роман Скляр.

Тобықтай түйін: «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тікелей бақылауында тұр. Өйткені, бағдарламаға бөлінген қыруар қаржының толық әрі мақсатты игерілуі күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті