«НҰРЛЫ ЖОЛ» АЯСЫНДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНДЫ

12

Тұңғыш Президент күніне орай Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданындағы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйі ашылды.

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов нысан құрылысына Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаражат бөлінгенін айта келе: «Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш еді. Сәулетті нысан құрылысын жүргізген жергілікті мекеме ауыл адамдарын да жұмысқа тартты. Тәуелсіздік жылдары 10 мыңдай тұрғыны бар осы ауылдың өзінде іші-сырты бірдей келіскен мектеп пен балабақша салынса, енді оған мәдениет үйі қосылып отыр. Келесі жылы осы нысандарға жеткізетін қатқыл табанды жол тартылып, тротуар салынады. Тұңғыш Президент күніне орай облыста 20 елді мекен орталықтандырылған су көзіне қосылды. Тек осы мақсатқа 3 млрд теңге қаралды. Алдағы Тәуелсіздік мерекесіне орай Орал қаласы мен аудандарда тағы да тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, ауылдар сапалы ауызсумен қамтылатын болады. Теректіде аудан орталығы Федоров ауылында ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын Тәуелсіздік көшесіне асфальт төселді. Аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өткізілді. Бес ауылға таза су жеткізілді. Сарыөмір ауылында мектеп күрделі жөнделіп, интернат бой көтеруде. Осының бәрі Елбасы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың, бірлік пен тұрақтылықтың арқасы», – деді Алтай Көлгінов.

Қос қабатты мәдениет үйінің құрылысына  319,628 млн теңге жұмсалды.